АБАЙ ЖӘНЕ ЗАР ЗАМАН АҚЫНДАРЫ

Әдебиет
3 785 Views

ӨМІР МЕН ӨЛЕҢ

Өлең сөздің құдіреті оның өміршеңдігінде. Ескі заманнан бүгінге дейін жеткен рухани мұралар құны кемімей, сыны бұзылмай сақталса – шын шебердің өлмейтін өнер, өшпейтін із қалдырғанының белгісі. Қанша ғасыр өтсе де мән-мағынасын жоймайтын, аумалы-төкпелі заманға тап келсе де қадірі кемімейтін, өктемдіктің қылышына туралса, кейіннен бүтінделетін, қара күйе жағылса, соңыра сәулесін шашып, жарқырай түсетін, қын түбінде жатпас алтын кездік секілді рухани құндылықтар болады. Елдің мұңын, халықтың қайғысын ойлап, ұлтын ұлықтап, жұртын жоқтаған арыстардың жәдігерлік дүниелері күрмеуі көп күрделі кезеңде қапасқа қамалып, табанға тапталғанымен, түптің түбінде тарихтың шөгіндіні батырып, шын асылды қалқытып шығаратын толқындарына ілесіп, жағалауына жол тартады. Қара өлеңнің, сиқырлы сөздің тұтқынға тұтылып, шырғалаңға шырмалып, кәдімгідей қасірет шегетіні арқаға аяздай бататын ащы шерді ақтарғандығынан. Ал ащы ақиқат қайғы-мұңның зілмауыр салмағы түскенде ғана айтылады. Ұлы Абайға жүгінсек, «Көкірек толған қайғы кісінің өзіне де билетпей, бойды шымырлатып, буынды құртып, я көзден жас болып ағады, я тілден сөз болып ағады».

Өз ұлтының төл тарихымен тамырлас қазақ әдебиеті де қайта оралған қазыналардан кенде емес. Соның көпшілігі құлашты кең жаздырмаған құрсаулы жүйенің, озбырлық пен ойранға толы отарлау дәуірінің ақиқатын айтқан шығармалар екені даусыз. Бодандық бұғауына түскен ұлт пен ұлыстардың қайғы-шері мен зар-мұңы, азаттықты аңсаған ұлы арманы жыр болып ақтарылып, запыран болып төгіліп, халық жадынамасындағы рухани мұралармен бірге жасасып келеді. Отаршылдықтан қысымшылық көрген қалың жұрттың қайғысын ақтарған төлтума дүниелерді М.Әуезов: «Бұл дәуірдің әдебиеті сол кездегі жұмбақ күнге жеткен елдің алдында тұрған құздан, алдында тұрған қайғылы күнінен қорқып, қобалжып тұрып, ыңыранып, күрсінген күйін білдіреді. Не болса да артқа қайтар күн жоқ. Өлімге кетсе де алға кететін болған соң артқы бостандық, бірлік күніне қоштасқан мезгілі», – деп сипаттайды.

Әдебиет тарихының қай кезеңіне үңілсек те, тума таланттың қолынан шыққан шоқтығы биік дүниелер дараланып тұрады. Сол әдебиет тарихының өзін қоғамдық ойдың тарихы ретінде қарастыратын А.Н.Веселовский мұның философиялық, діни және поэтикалық даму үстінде көрінетінін, сондай-ақ оның сөзбен тиянақталатынын айтады. Әдебиет көшіне ілескен жампоз бен жабыны, жүйрік пен шабанды айқындайтын қасиетті өлшемнің бірі – сөз өнері. «Сөз өнеріне жұмсалатын зат – сөз… Ақын тілі айрықша беріліп айтылған сөз; әншейін тіл ондай өң берілмей, жай айтылған сөз. Ақын тілімен сөйлегенде, сөзге айрықша өң берілгендіктен лебіз көрнекті болып шығады», – деп А.Байтұрсынов айтқандай, көңілдегі көрікті ойды өлеңмен өріп, көркем кестелеудің орны бөлек.

М.Әуезов «зар заман ақындары» деп атаған, еліміздің әр қиырында ғұмыр кешкен жыр жүйріктерінің ой ортақтығы, тақырып мазмұндастығы, бейнелеу тәсілдерінің, көркемдік өрнектерінің бір-бірімен үндестік табуы олардың шығармашылығын тұтас бір ағым ауқымында қарастыруға жол ашады. «Өнердің кәусар туындысы халық өмірінің терең және мөлдір қайнарынан шымырлап шығады да, сол халықтың өзінің рухани сусынына айналады», – деп З.Қабдолов айтқандай, зар заман әдебиеті – қазақ тағдырының ащы шындығы әрі баға жетпес құнды мұрасы.

Зар заман жырлары – халықтың мақсат-мүддесімен, арман-мұратымен өзектес асыл қазынамыз ғана емес, дәуірдің дидарын, уақыттың ақиқатын, қазақтың шерлі шежіресін көркем кестелеген, бейнелі бедерленген озық әдебиет үлгілері. Р.Нұрғалиевтің пікіріне сүйенсек, «Өнер атаулының тамырына қан жүгіртіп, жүрегін соқтырар қуатты күш – өмір, халық өмірі, жеке адамдардың өмірі. Дәуірлік маңызы бар дүрбелең, аты-шулы оқиғалар өнерден көрініс таппай тұра алмайды». Демек, отаршылдық кезеңдегі ел қайғысын айтқан зар заман өлеңдері – нағыз өнердің, шын шеберліктің жемісі.

Осы тұрғыдан алғанда қазақ әдебиетінің тарихында өзіндік орны бар айтулы ақындар – Дулат Бабатайұлы, Шортанбай Қанайұлы, Мұрат Мөңкеұлы, Әбубәкір Боранқұлұлы (Кердері), Асан Барманбекұлы (Албан Асан) шығармаларын қоғамның қайғысы мен зарын ақтарған әрі жырмен жазылған ұлт жылнамасы ғана емес, халық поэзиясының қайталанбас құндылықтары деп білеміз. Күні бүгінге дейін зар заман жыршыларының ел тағдырына арналған өлең-толғауларының шоқтығы биік тұрады.

А.Байтұрсынов сөз өнерінің әр түрін талдап-таразылау барысында зар заман поэзиясының үлгілерін мысал ретінде пайдаланды. Ғалым көркейте айқындауды – Мұрат Мөңкеұлы, насихат өлеңді Әбубәкір Кердері, діндар әдебиет термесін Шортанбай Қанайұлы шығармаларынан алынған үзінді жыр тармақтарымен дәйектеп көрсетеді. Қазақ өлеңінің жанрлық ерекшеліктерін ажыратып, бірнеше түрге бөліп қарастырған А.Байтұрсыновтың жіктеуінде зар заман жырларының табиғатына лайық сипаттамалар да кездеседі. Мәселен: «Діндар дәуір мұңды, зарлы сөздеріне мінәжат деп ат қойған. Әуелінде мінәжат деп ғұламалардың құдайға айтқан зары, арызы, налысы айтылған. Бара-бара зарлық, мұңдық мағынасына айналып, зарлық өлең сияқты сөздер де мінәжат деп аталады», – деген анықтама зар заман ағымының негізгі сарындарының мазмұнын танытып тұрғаны анық. Жан күйзелісіне түсіп, қиналғанда хақтан жәрдем тілеу, жаратқанға шағыну, дінді таяныш ету, алдымен, Шортанбайға тән. Басқа ақындар да қыспаққа түскен елді құтқарар жол таппай, Алладан медет тілейді. А.Байтұрсынов мысалындағы мінәжаттың басты белгісі – «Құдай-ау, мен не жаздым бұл заманға?» тұжырымы елдің құты қашып, азаматтың қадірі кеткенін айтқан зар замандық түсініктерден алыс кете қоймаса керек. Оның үстіне ғұлама ғалымның: «Мінәжат түріндегі сөз әман құдайға айтылатын сөз емес, басын ғана құдайға қаратып айтып, ар жағы әншейін мұң сөз болатыны, мінәжаттың басын алып тастаса, басқасы мұң толғау, зарлау болды», – деп нақтылай түсуі өлеңнің бұл үлгісін аталған ақындардың шығармаларынан көптеп табуға мүмкіндік береді. Зар заман жыршыларының бәрі дерлік діни ілімнен мол хабардар болған. Сондай-ақ А.Байтұрсынов еңбегіндегі жеке ақынның көңіл-күйі тұрғысынан анықтама берілген толғаудың налыс деп аталатын түрі замананың зарын айтып, мұңын мұңдаған өлеңдерге мағыналас болып келеді. Сонымен, бұл еңбектегі атаулардың ішінен терме, налыс толғау және мінәжат зар заман жырларының жанрлық сипатын айқындайды. Ал Х.Досмұхамедұлы мұндай өлеңдерді «зар заман және толғау» деп атағаны мәлім. Ол жіктеген қазақ халық әдебиеті түрлерінен бұдан басқа болжал өлең, патша мен қоқан үкіметіне қарсы және чиновниктердің бассыздығына қарсы қыздырушы, намыстандырушы өлең, қоштасу өлеңдері зар заман поэзиясының негізгі сарындарына үйлес келеді.

Зар заман ақындарының өлең өрнегін сөз еткенде оны Абай Құнанбайұлы поэзиясымен салыстыра қарамау мүмкін емес. Ұлы ақынның шығармаларында да зар заман ағымының кейбір нышандары кездесіп қалады. Бұл, әсіресе, Дулат пен Абайдың өлең өрнектеріндегі өзара сабақтастық арқылы көрінеді. Абайдың қалыптасуына қазақ жырында өзіндік орны бар алдыңғы ақындардың ықпалы болғаны даусыз.

АҚЫН МЕН АҚИҚАТ

Абайдың 1888 жылы жазылған «Біреудің кісісі өлсе, қаралы ол» деп басталатын өлеңіндегі ақын-жыраулар шығармашылығына қатысты бір шумақ әлі күнге дейін зерттеу нысанасына айналып келеді. Абайтанушы ғалымдардың қай-қайсысы да бұған бір тоқталмай кеткен емес. Өйткені мұнда ақындардың есімін көп ауызға ала бермейтін ұлы Абайдың өзінен бұрынғы ақындық дәстүрге, жыр мектебінің ірі өкілдеріне көзқарасы көрініс тапқан. Әртүрлі кітаптарда, ғылыми басылымдарда ондаған жылдар бойы біресе, «Абайдың үкімі», біресе «ақынның таптық көзқарасы», енді бірде жыр алыбының «идеясыздықты мансұқтануы» немесе «көркемдіктің құнсыздануын көрсетуі» түрінде бағаланып жүрген бір шумақ мынау еді:

Шортанбай, Дулат пенен Бұқар жырау,

Өлеңі бірі – жамау, бірі – құрау.

Әттең, дүние-ай, сөз таныр кісі болса,

Кемшілігі әр жерде-ақ көрінеу тұр-ау!

Өлеңнің екінші жолы әр басылымда әр түрлі жарияланып келеді. Мәселен, «Мүрсейіттің 1907, 1910 жылғы қолжазбаларына, 1909, 1922 жылғы жинақтарға сәйкес 1954, 1957, 1977 жылғы басылымдарда «Өлеңі бәрі – жамау, бәрі – құрау» деп алынған. 1933, 1939, 1945 жылғы жинақтарда «Өлеңі бірі жамау, бірі құрау» деп басылған. Тек Мүрсейіттің 1905 жылғы қолжазбасында бұл жол «Өлеңі бәрі жамау, көбі құрау» делінген. Ал кейінгі басылымдарда «бірі – жамау, бірі – құрау» деп жазу үрдіске енді.

Абайдың өзінің алдындағы жыр жампоздарына берген бұл бағасы М.Әуезовтің барлық зерттеулеріне өзек болды. Ол студенттерге оқыған абайтануға байланысты лекцияларында да бұған арнайы тоқталды. Әрине, идеологиялық өктемдік Әуезовке аудиторияда ағынан жарылып, кеңінен қөсілуге мүмкіндік бере қойған жоқ: «Өлең қадірін кетірушілерді танып, тауып түйрейді. «Шортанбай, Дулат, Бұқар жырауларға» Абай қарсы жолда. Сондықтан Абайға бұлардың өлеңінің мәнінде еш жаңалық жоқ, ескі пікірді қайталау ғана екенін, ескіліктің тозығын жамап, құрау екенін ашуға керек болады». Өйткені онсыз да «ескілікті көксеген, жаңаны жатсынған, діни сарынның шырмауынан шыға алмаған» ақындар туралы түсінігі қалыптасқан студенттерге ұлы ұстаздың сонау жиырмасыншы жылдарда жазған «Әдебиет тарихындағы» көзқарасын білдіруге мүмкіндігі жоқ-ты. Дегенмен «Абайға …жамап, құрау екенін ашуға керек болады» деген жолдардың бүккен сыры бар сияқты көрінеді. «Лаж жоқ, солай түсіндіру керек боп тұр» деген тәрізденеді.

Тағы бір лекциясынан үзінді келтірелік: «Өлең – сөздің патшасынан кейін бұл өлеңде бұрынғы өткен қазақ ақындарымен қағысады. Мұнда Шортанбай, Дулат, Бұқар жырауларды сынайды. Әдебиеттің өсуінде белгілі бір ағым болады. Ол ағым ірілеп барғаннан кейін, сол сөзден заман, қоғамдық тіршіліктің… шындығы көрініп, өзіне дейінгілерге сын айтылады, кемшін жағы мысқыл етіледі». Бұл дәрісінде Әуезов Абайдың ақындарға сынының жұмбағын шешуге кіріседі. Шортанбайлардың шығармаларына шүйілудің сыры өлеңдегі ескіліктің етекке шырмалуынан гөрі, әдеби өсіп-өрлеудің жаңа биігіне қол артуға көбірек байланысты екенін түсініп-түйсінуге жетелейді. Өзі кезінде бірде бағыттың, бірде сарынның мысалы ретінде бағалап, ақыры тоқтамға келгендей болып, «зар заман» деп атаған ағымның кейінге жалғасар тұсынан жаңалық іздейді. Сол жаңа өрістің қалыптастырған деңгей-межесі тұрғысынан өткенге сын көзбен қарау дегеннің не екенін ұғындырады. «Міне, осы сияқты бір дәуір мен бір дәуірдің жаңғыруы, стильдің бірінің орнына екіншісінің келуімен жаңғырады. Енді қазақ ақындары ешуақытта Шортанбайша боздай жырлау күйінде болмауы керек. Сондықтан осы үш ақынның өлең мазмұнын сынға алып отыр. Ендігі тіршілікке олардың өлеңінің пайдасы аз, өйткені кемшілік олардың сыртында да, ішінде де тұр. Сондықтан барға қанағат етпей, алға ұмтылуды айтады. Ол ғасырдың жыры бітті, енді жаңа ғасыр келді деп, келешектің мақсатын көрсетеді», – дейді М.Әуезов. Осындағы дәуірдің жаңғыруы, ғасырдың ауысуы дегендерге саяси реңк бермей қоя тұрып, қазақ өлеңінің түрленуі, өлең сапасының өзгерісі тұрғысынан зер салсақ, Шортанбай, Дулат, Бұқарлардың айтулы ақындар екенін жақсы білетін Әуезовтің ой тереңдігінің қырық қатпарлы астарларын түйсінуге бір табан жақындар едік.

М.Әуезов Абайдың аталған ақындарға қөзқарасын түсіндіргенде, ептеп идеологияның иірімді әдістерін қолданғанымен, жыр жүйріктерінің шығармаларын, өздерінің абырой-беделін биіктете көрсетуді жөн санайды. Абайдың бұларды сынауға бел буғанын ол ақындардың өлең сөздің тұлғалы өкілдері болғандығынан деп ұғындырды. Бұларды ауызға алғанда ақындық өлең ортасы жөнінде азды-көпті мәлімет бере кетуді ұмытпайды: «Бүкіл XIX ғасырдың атақты ақындарының ішінен Абайдың осы үшеуін іріктеп алуында да тарихтық себеп бар. Абай өскен ел – Арқа қазақтарының ортасында, әсіресе, беделді болған осы адамдар. Абайдың алдындағы әдебиеттік мол ағымның, әсіресе, Орта жүз ішіндегі қайраткерлері осылар. Бала шағынан, жас күнінен өзі өскен феодалдардың, үстем тап өкілдерінің ортасында анық абыройлы ақындар да осылар боп саналған. Осы үшін де Абай бұл ақындармен қатты қағысады. Олардың бәрінен қалған мұраны жиып-теріп, бір-ақ мығым сын береді. Өлеңдері «бәрі – жамау, бәрі – құрау» дегенде, олардың өлең ұйқастырып, сөз қиыстырып жүрген ақындығын олқысынып отырған жоқ. Үшеуінің бірдей идеясын, бәріне ортақ ой кедейлігін әшкерелейді».

М.Әуезов Абайдың зар заман ақындарына көзқарасын талдаған кезде, дәстүрлі өлшемдерге соқпай өтпейді. Аталған ақын-жыраулардың шығармаларындағы пессимизм, оған қарсы Абай оптимизмі хақында ой өрбітеді. Абайға тән қасиеттерді даралаған сайын солардың поэзиясының ерекшеліктеріне қайта-қайта үңіледі. Бұл тұрғыдан алғанда, зар заман жырлары Абайдың танымы мен көзқарасын, ақындық тұлғасын салыстыру арқылы биіктете түсетін белгілі бір өлшем іспетті. «Өз заманынан түңілген ақындардың 2 түрлі шығатын жолы бар: «Зар заман» ақындары артты ойлап кеюші еді. Сондықтан тарихтың беймезгіл тығырығына ұшырағанда діншілдік, үмітсіздік сарыны шығатын. Ал Абайдың бұл ақындардан өзгешілігі – келешектен үміт етуі. Ел тағдырының бұл қалыпта тұрмайтындығын айтады», – деген М.Әуезов тұжырымы идеялық терістеуден гөрі өлең табиғатының өзгешелігін білдіру мақсатымен айтылғаны анық.

Дулат, Шортанбай шығармаларындағы күйзеліс пен шарасыздық, көнбістік пен тығырыққа тірелгендік олардың ізгі мұраттарды келешектен емес, өткен өмірден іздеуіне бет бұрғызды. Әдебиеттану ғылымында бұлардың ұстанымдарын әрекетсіздіктің белгісі ретінде Абайға қарсы қоюға, ескі мен жаңаның арпалысы деп бағалауға осы кереғарлық себеп болды. Зар заман поэзиясындағы қоғамның тежелуін, адамның азып-тозуын көрсететін ортақ сарындар, әрине, Абайдың ілгеріге жол нұсқаған әрекетшіл поэзиясынан алшақ жатыр.

Әркімді заман сүйремек,

Заманды қай жан билемек,

Заманға жаман күйлемек,

Замана оны илемек.

Бұл – ұлы Абайдың ақындық биігінен айтылған шешім. Зар заман поэзиясында дәуір ахуалына алуан түрлі баға берілгенімен мұндай сипаттағы ой-тұжырымдар байқала бермейді. Тек Мұрат Мөңкеұлының бір өлеңіндегі «Заманға қарай саз керек» деген тіркес назар аудартады. Х.Досмұхамедұлы осыған орай былай дейді: «Заманға қарай саз керек – бұрын халыққа көрсетілмеген жол. Осылай айта тұрса да, осы жолдан айырылма деп Мұрат тағы анық айтпайды».

М.Әуезов Абайдың «Біреудің кісісі өлсе, қаралы ол» өлеңіне қатысты зерттеулерінің бәрінде Бұқар, Дулат, Шортанбайлардың ірі ақындар, үлкен тұлғалар екенін атап көрсетті. Қазақ өлеңіне жаңа түр-сипат беріп, теңдесі жоқ өзгеріс енгізген Абайдың биігінен қарағанда ғана сынға ілік болған олардың өлең-толғаулары М.Әуезов үшін әркез қастерлі саналғаны дәлелдеуді қажет етпейді. Ол Абайдың өзінен бұрынғы ақындарға бағышталған бір ауыз сөзіне байланысты пікірлерін қорыта келіп, ақындық терістеу, жаңа поэтикалық өлшем ыңғайында бағалау тұрғысынан ұғынуға үндейді: «Мәдениетті, жаңа бағытты ақын Абай қазақ тіршілігінің қай тақырыбын жырласа да, өз алдындағы қазақ поэзиясының атақты саналған Бұқар, Дулат, Шортанбайларынша жазбайды. Тұтас өлең түгіл, соларды қайталап, не солар үлгісіне түсіп жазған бір шумақ өлеңінің өзі де жоқ деуге болады». Алайда М.Әуезов бұл жыр жүйріктері мен Абай поэзиясында «тіл, теңеу, тақырып, көңіл-сезім сарыны жағынан ұқсастық бар сияқтанатынын» жоққа шығармайды. Әйтсе де, ұлы Абай қай қырынан алғанда да қара үздірген даралығымен, шынайы шеберлігімен ерекшеленеді.

Өзінен бұрынғы ақындардың сөзбен салған суретін, жоғары деңгейдегі таным-түсінігінің өлеңдегі өрнегін ой елегінен өткізген Абай поэзиясының мүлде бөлек тұрпаттағы мүмкіндіктері ашылады. Содан соң өз бағамдауы бойынша «бірі – құрау, бірі – жамау» өлең өлшемдеріне абайлық биіктен қарайды. Бұған қатысты Әуезов зерттеулерін сол тұрғыдан түсінген ләзім. Осылайша ұлы Мұхаң Абайдың жүрегіндегі ақиқатын қалың жұртшылыққа таныта білді.

СЫНАУ МЕН САРАЛАУ

Абайдың Дулат, Шортанбай, Бұқарларға көзқарасына орай С.Мұқанов салмақты пікір білдірген. Ғалым-жазушы аталған ақын-жыраулар шығармашылығы қалай болғанда да Абай мектебіне бастайтын алтын көпір, аралық жол екенін баса айтады. С.Мұқановтың тұжырымдауынша, «…қазақтың халық әдебиетінсіз, Бұқар жыраусыз, Махамбетсіз, Шортанбайсыз Абай да болмас еді. Қазақ әдебиетінің қайнар бұлағы – Абай емес, Абайды туғызған халық». Салғаннан көзге ұрып тұрған нәрсе – жазушының Бұқарлардың шығармашылығын қызғыштай қорып, олардың өлеңдерін халық мұрасының құнды дүниелері ретінде қарастыруы. Тіпті жіті қараған адамға Мұқанов Абайдың аталған ақындарға берген бағасын аса қабылдай қоймаған секілді әсер қалдырады. Ол Абайдың да, басқалардың да өз қоғамында тәрбиеленіп, өнердің өріне көтерілген ел перзенттері екенін дәлелдеуді мақсат тұтады. Мәселен, оның «Халық өзінің өмірінде талай ақынды туғызған, ол ақындар халықтың қуанышы мен қайғысын өздерінің шығармаларында тамаша етіп сипаттаған. Абай – солардың бірі. Әрине, «бірі» болғанда, қатардағы емес, бірегейі. Сөйте тұра, Абайды туғызған халық жалғыз оның ғана шығармаларымен рухани азықтанбайды, басқа ақындардың шығармаларымен де азықтанады», – деп тұжырымдауы осыны аңғартады. С.Мұқанов Абай сынына тап болған тұлғалардың қазақ өлеңінің хас шеберлері екенін өз зерттеулерінде қадап-қадап айтудан жалыққан емес. Абай тұсындағы ақындарды қабілет-қарымына, талант-танымына қарай, «екпіндеген жүйріктер», «шоқақтан артығы жоқ жортақтар», «кібіртіктеген аяңшылар» деп жіктеген С.Мұқанов Бұқар, Дулат, Шортанбайларды осылардың алғашқысына жатқызады. Абайдың эстетикалық талабы мен биік талғамын алға тартады. Ұлы ақынның сыны тек қана «жамаулы», «құраулы» өлеңді ғана нысанаға алмайтынын, мән-мақсатты да талдау таразысынан өткізетінін айтады. «Өлеңі бірі жамау, бірі құрау» деген уақытта Абай Бұқар, Шортанбай, Дулаттардың «сөз сатқандығы» үшін емес, өлеңдерінің сыртқы құрылысының «теп-тегіс жұмыр, іші алтын, сырты күміс» болмағандығы үшін, бұрынғы сарыннан сытылып шыға алмағандары үшін мінейді», – деген С.Мұқанов пікірі тағылымы терең бағалаудың үлгісі екені анық. Сондай-ақ ол өз зерттеуінде ауыз әдебиетінде бұрыннан қалыптасқан төрт жолдық шумақтың алғашқы екі жолына даяр тіркестерді қолдану дәстүрін Абайдың аталған ақындарға таңған кемшілігі деп көрсетеді.

С.Мұқановтың Абай Құнанбайұлының 100 жылдығына орай шығарылған монографиясындағы осындай талдауларына М.Әуезов қарсы уәж айтты: «Абайдың Бұқар, Дулаттарды сынағанын да дұрыс түсінбеген. Қайым өлеңдері көп болғандықтан деуі дұрыс емес. Бұлардың ақын жолын қабылдамауында Абайлықтың терең сыры жатыр. Оны ғылымдық, тарихи дәлелдермен басқаша шешіп, ұғыну қажет».

Қазақ тілі білімінің негізін салушы Қ.Жұбанов 1934 жарияланған «Абай – қазақ әдебиетінің классигі» атты мақаласында ұлы ақынның тілімізге тиек болып отырған өлең жолдарына соқпай өтпейді. Ол мұны «классик алып әдеби дөңіне шығып, артына қарағанда» байқаған кемшіліктері, «қазақтың өнерінің өзіне сын көзімен қарап, ескі әдебиет мұрасының ескірген жерін көзі шала бастағаны», – деп түсіндіреді. Ал Абайдың шығармашылық өмірбаяны жөнінде монография жазған М.Сильченко бұл терістеуді таптық тұрғыдан бағалады.

Абайдың аталған ақындарға айтқан сынын жүйрікке жүйріктің көзімен берілген баға деп ұғыну академик З.Ахметовтің зерттеулеріне де тән. Ол Абай көзқарасы өзгелерді кемсітіп, тұқыртуға негізделмегенін, өлең сөздің құдіретін жаңаша тану тұрғысынан талап қойғанын айтады: «Абайдың өзі кейбір ақындарды сынайтыны басқалармен өнер өлшеу, өзінің поэзиядағы ұстаған бағытын, әкелген жаңалығын терең түсіну мақсатынан туғаны хақ. «Сөз түзелді, тыңдаушы сен де түзел», – деген сөзінен біз Абай өз творчествосының жаңашылдық сипатына айрықша мән бергенін аңғарамыз». Академик З.Қабдолов Абайдың алдыңғы ақындарға берген бағасын оның поэзиясындағы жаңа үлгі-өрнегімен, әдеби тілі тазалығымен, «жаңа сөз тіркестерін түзіп, сол арқылы өлең сөздің образдылығын байытуымен» байланыстырады. Белгілі ғалым Р.Бердібай терең білімді, талғамы мол Абайдың бұл ақындарды көне заманның ескішіл жыршылары ретінде бағалағанын айта келіп, «Бірақ ол Бұқар, Шортанбай, Дулат сынды ақындардың сөз кестесінен, бейнелеу құралдарынан мүлде тағылым көрмеген деген үзілді-кесілді қорытынды тумайды», – дейді. Академик С.Қирабаевтың осыған орай айтқан пікірінен Абайдың өзі жақсы білген, рухани азық санаған ақындардың мұрасына қайырылып соғып, сыни көзбен қайта үңілуді мақсат тұтқанын аңғарамыз. Ғалымның ұғындыруы бойынша, «ақынның өзі туып-өскен ортаның әдебиеттік үлгілерінен, қазақтың шешендік өнерінен, …аты белгілі (өзі атайтын Бұқар, Дулат, Шортанбай ) ақындар өнегесінен тыс тууы мүмкін емес».

Абайдың көзқарасына өзіндік сипат берген белгілі ғалым Т.Кәкішев бұл мәселеге өзгеше қырынан келеді. Ол осы терістеудің сырын ақын талантының табиғатымен байланыстырады. Өнер бәсекесіндегі бірін-бірі мойындамайтын даралықтың көрінісі деп ұқтырады. Сондай-ақ бұл мойындамау – менменсу, астамсу емес, өз бағасын білгеннің көңіл тоғайтуы, шыққан биігінен айналасына зер салуы. «Дарынды дарынның танып, мойындауы әшейінді процесс емес. Л.Н.Толстойдың И.С.Тургенев пен У.Шекспирді, Ф.М.Достоевскийдің Толстойды жазушы деп танымауы сияқты жайлар әдебиет тарихында жиі кездеседі. Оның шет жағасы Абайдың Бұқар, Дулат, Шортанбайлар, Сәкеннің Мағжан жөніндегі лебіздерінен қылаң беретіні осыдан», – деп ғалым атап көрсеткендей, мұндай құбылыс басқа халықтардың әдебиетінде де, өз әдебиетіміз дамуының әр тұсында да байқалғаны анық. Одан сынға іліккен ақындардың бағасы еш төмендеген емес. Әрине, Абайдың ақындыққа айтқан сынының жөні бөлек. Бұл – оның өз тұстастарына бағытталған бәсекелестік ескертпесі емес, ақындық шеберлігіне бастау-бұлақ болған қазақ өлеңінің әйгілі тұлғалары туралы ой-пікірі. Абайдың талғам таразысының өлшеуінен өткен салмақты түйіннің мән-мағынасын ұғыну қалай қабылдап, қалай түсінгенімізге байланысты.

(Жалғасы бар).

Бауыржан ОМАРҰЛЫ,

ҚР ҰҒА академигі,

филология ғылымдарының

докторы, профессор.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *