БҰЛ КЕЛЕШЕКТЕ ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ ТАҒДЫРЫН ШЕШЕТІН БІРДЕН-БІР МӘСЕЛЕ

Қоғам
985 Views

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың 2013 жылғы Қазақстан Республикасының халқына Жолдауында(Қазақстан 2050 стратегиясы) басқа да мәселелермен қатар 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне көшіру керектігін айтқан болатын. Бұл мәселе бұданалдын да көтеріліп, 2007 жылы Білім және ғылым министрлігінде латын әліпбиінекөшу мәселесіне байланысты арнайы комиссия құрылып, мамандар біршамаіс-шараларды амалға асырған еді. Бірнеше мәжілістер өткізіліп, тіл мамандарыұсынған әліпбилер талқылауға салынды. Латын әрібін (Кеңес Үкіметі ыдырағаннанкейін)қабылдаған Әзербайжан, Түркіменстан және Өзбекстан Республикаларынаарнайы мамандар жіберіліп, тәжірибелерімен алмасып қайтты. Бірақ, бұл комиссиякейін белгісіз себептермен өз жұмысын тоқтатты.

2018 жылдан бастап Республикамызда латын әліпбиіне көшу қайта көтеріле бастап, 2018-2019 жылдары тіл мамандарының ұсынған бірнеше нұсқалары талқыланып, соңғы нұсқасы қабылданды десе де болады. Бірақ, соңғы қабылданған нұсқа да ең ақырғысы болмай қалуы әбден мүмкін.

Иә, бұрынғы Кеңес Одағы Республикаларының ішінде латын әліпбиіне өту үш мемлекетте (республикада) амалға асырылды деуге болады. Әзербайжан,Түркіменстан Республикаларында латын әліпбиіне өту осы күнде оларда қандай нәтиже берді? (не ұтты? неден ұтылды?) деген сұраққа «келешек уақыт» өз жауабын берер.

Егер Қазақстан Республикасында 2020 жылдан латын әліпбиіне өту басталса, жоспарланған 2025 жылы және кейінгі жылдары республикада мемлекеттік латынша қазақ тілінің мәртебесі қандай дәрежеге келетінін мен болжай аламын деп ойлаймын және солай болатынына менің ешқандай күмәнім жоқ. Бұл сөзді мен көріпкелдікпен айтып отырған жоқпын, көріпкел де емеспін. Бұған тек менің Өзбекстан Республикасында институтта оқып, ұзақ жылдар тұрғандығым, қызметте болғандығым (Ташкент қаласында), дәл сол уақытта республиканың латын әліпбиіне өтуінің басталуы (1993 жыл), оның жалғасуы және аяқталуы деп білемін (жаңылыспасам, бастапқы жоспарланған мерзім бойынша 2005 жылы, яғни аяқталу 12 жылдан соң деп бекітілген болатын).

Шын мәнінде латын әліпбиіне толық өту Өзбекстан Республикасында, бүгінгі күні, аяқталды ма әлде жоқ па? Бұған анық жауап беру өте қиын.

Менің түсінігімше, латын әліпбиіне толық өту тәмамдалған уақытта үкіметте, мемлекеттің барлық министрліктерінде, мекемелерінде, әкімдіктерінде және басқа жерлерінде іс-қағаздары латын әліпбиінде жазылған болып, мемлекет аумағында үстемдікті қолға ала білуі керек деп ойлаймын. Бірақ, жоспарланған өтудің аяқталу мерзімінен 15 жыл өтсе де (2005-2020 жылдар), Өзбекстанның латын әліпбиіне толық өткендігі көрінер емес. Әрине, министрліктердің, мекемелердің, әкімдіктердің, банктердің мөрлерінің (печаттарының), бланктерінің, ілініп тұрған атауларының (көшелер, дүкендер атаулары, жарнамалар т.б.) латын әліпбиінде жазылғанын есепке алмаған жағдайда. Бұл Қазақстан үшін келешекті жоспарлағанда үлкен сабақ болуы қажет.

Мен, өкінішке орай, тіл маманы емеспін. Солай бола тұра, көрген-білгеніме, өмірлік тәжірибеме сүйене отырып, өз білімімнің деңгейінде латын әліпбиіне өтудің басталу шағында, оның жалғасуында және аяқталуында кездесетін жағдайларға, көңіл бөлетін мәселелерге (не ұтамыз?, неден ұтыламыз?) тоқталып өтуді жөн көрдім. Егер менің ойым тіл мамандарына, республикада латын әліпбиіне көшу мәселесімен айналысатын азаматтардың ойына қайшы келіп жатқан болса, мен кешірім сұрауға дайынмын.

Сонымен, бір әліпбиден екіншісіне өту, шын мәнінде өте қиын, машақатты, ұзақ уақытты, үлкен қаражатты талап ететін үлкен іс деп білу керек және де бір заң шығару арқылы немесе «ура» мен амалға асыруға болмайтынына көзім жетті.

Теледидар арқылы бір танымал үлкен кісі латын әліпбиіне өтуді Қазақстанда 5 жыл ішінде амалға асыруға болады деген пікір айтқан болатын. Өтудің басталуында, оған дейін де теледидарда, баспасөз беттерінде әлі де талай бұдан да “үлкен” әңгімелер айтылады деп ойлаймын және айтылады да. Бұл азаматтарымызға, қазірше, қазақ тілі тағдырын ойлайтын жанашырлары ретінде рақмет айтудан басқа шара жоқ. Егер «урашылар» 10 мың адам болса да (бұл Қазақстандағы барлық халықтың 0,05 пайызы, қазақ ұлт өкілінің 0,08 пайызы) республикада 18,5 млн. адам, одан 13,0 млн.-дай адам қазақ ұлты өкілдерінің, оның ішінде қазақ тілі тағдырына немқұрайлы қарайтын азаматтарымыздың бар екендігін естен шығармағанымыз жөн. Қазақстанның жалпы халқы, оның ішінде қазақ ұлт өкілдері бұған дайын ба? Әрине, тіл мәселесімен айналысатын мамандар мен қызметкерлерді қоспағанда. Әлі де, 29 жыл өтсе де, қазақша ойын жеткізе алмайтын қазақ ұлт өкілдерінің баршылық екендігі шындық, яғни жасырын емес. Бұған кім кінәлі, ешкім нақты айта алмайды. Өткен егемендік алған жылдары Қазақстанның өзге ұлт өкілдері балаларын қазақ балабақшаларына, мектептеріне, университеттеріне, институттарына көптеп бере бастауы, олардың қазақ тіліне деген сенімділігін арттыра бастады, келешекте бұл сенімділікке не болмақ?

Теориялық тұрғыдан қарасақ латын әліпбиіне өту оңай болып көрінері анық. Мемлекет бюджетінен ақша бөлініп, қазақ тілі мамандары бірнеше институттардың еңбегінің арқасында (академиктердің, профессорлардың және басқа да тіл мамандарының қатысуымен) жаңа латын қазақ әліпбиі өмірге алып келінеді. Әліпби арнайы құрылған мемлекеттік комиссияда қаралып бекітіледі, оқу құралдары шығарылады (кітап және электронды түрде), бастауыш мектептерге жаңа қазақ әліпбиінде (латынша) сабақ беретін мұғалімдер қайта дайындықтан өтеді, жаңа әліппе, оқулықтар, қолданбалар шығарылады.

Бұл латын әліпбиіне өтудің басталуы болып, жоспарланған теориялық жағдайға толық сай келеді. Бөлінген мемлекеттік қаржы игерілген, оқулықтар, қолдамалар шығарылған, бастауыш мектептерге сабақ беретін мұғалімдер дайындықтан өткен, нәтиже бар.

Бірінші сыныпқа 2020 жылы келген жас бала 2032 жылы латынша қазақ мектебін бітірді делік, егер ол сол жылы институтқа түскен жағдайда төрт жылдан соң 2036 жылы бакалавр дәрежесіндегі жас маман болып шығады. Тек егер 2032 жылы университеттердің, институттардың оқытушылары латын тіліндегі оқулықтарды, қолданбаларды пайдалана алатын дәрежеде болса ғана. Ал, жоғарғы оқу орнындағы оқытушыларды дайындау, дүниежүзілік оқу талабына сай оқулықтар, қолданбалар шығару бұл үлкен жағдай. Университетті, институтты бітірген жас мамандар қажетсіз болып қалуы әбден мүмкін. Бұдан бөлек күтілмеген бір мәселе – жұмыс беруші сені түсінбейді, ал сен оны түсінбейсің (жұмыстағы жазылған мәтіндерді оқып, түсіну, жазу мәселесіне келгенде). Бұл қазақ тілі мәртебесін Қазақстанда төмендете бастайды.

Жоғарыда айтылған латыншаға өту дәуірінің басталуындағы нәтижелі істер бастауыш сыныптар үшін ғана болуы мүмкін. Ал 5-11 (5-12) сыныптарға келетін болсақ, оқулықтар, қолданбалар, оқытушыларды жоғарғы деңгейде дайындау және бар. Қазақстанда жоғары сыныптағы мектеп оқушыларына химия, биология, физика, математика сабақтарын ағылшын тілінде оқыту бағдарламасының іске аспай қалуы, жоспарланғандай нәтиже бермеуі мұның күрделі іс екендігінің, ұзақ уақытты талап ететіндігінің бір дәлелі (мұғалімдер арнайы курстарда оқып дайындалды, сертификаттар таратылды, оқулықтар, қолданбалар шығарылды, программалар түзілді, мақсат аз уақыт ішінде нәтижеге жету болды, бірақ мемлекеттің бұл іске жұмсаған қыруар қаражаттары құмға сіңіп жоқ болды).

Латыншаға өтудің жалғасу дәуірінде басқа да толып жатқан күтілмеген көлденең мәселелер шыға берді, оларды шешу қажет:

– жоғарғы оқу орындары үшін латынша барлық халық шаруашылығы салалары бойынша оқулықтар, қолданбалар шығару, оқытушыларды дайындау. Қазіргі 35-40 жастағы университеттердің, институттардың оқытушылары 12 жылдан соң латынша қазақ тілінде студенттерге сабақ беруге дайын бола алады ма? Бұл күмәнді. Себебі, Қазақстанда 29 жыл өтсе де жоғары оқу орындарында кириллица қазақ тілінде дүниежүзілік дәрежеге жауап бере алатын оқулықтардың, қолданбалардың, оқытушылардың саны саусақпен санарлық, ал бізде қанша университеттер мен институттар бар. Олардың мамандарды дайындау сапасы белгілі (әрине, жалпы алғанда, бәріне құм шашудан аулақпын);

– қазіргі күндегі қазақ тілінде кириллицамен жазылған барлық саладағы фундаментальдық еңбектерді латыншаға аудару керек (техникалық тұрғыдан аудару мәселесі қиын емес, әрине қаражат жеткілікті болса). Бірақ олардың латынша аудармасы деңгейінің дәрежесіне кім кепіл бере алады? Бұл фундаментальдық еңбектерді білмей-ақ келешекте барлық салада үлкен жетістіктерге жету мүмкін еместігін естен шығармаған абзал;

– барлық қызметкерлерді (үкіметтегі, министрліктердегі, мекемелердегі, фирмалардағы т.б.) қазақ тілінде латынша әліпбиде жұмыс алып бара алатындай дәрежеде оқыту қажет. Бұл өте күрделі мәселе, ұзақ уақытты талап етеді, қаражатты қайдан аламыз? Бұл айтуға оңай, нұсқау ғана, арада қанша жылдар өтсе де іс-қағаздарын қазақ тілінде толық игеріп кете алмаған азаматтарымыздан 10-15 жыл ішінде латынша нұсқаны меңгеріп кетеді деуге сену қиын;

– қолданудағы кириллица қазақ тілінде жазылған жазушылардың романдары, өлеңдері және басқа да көптеген құнды еңбектерінің тағдыры не болмақ? Оларды болашақ ұрпақтар үшін кім латыншаға аударуы қажет? Қаражат қайдан алынады? Аударылған күнде де қазіргі жас және орта буын өкілдерінің жылдан-жылға кітап оқуға деген ынталарының бәсеңдеуі дәрежесін ескерсек, үлкен буын өкілдерінің бізге қалдырған еңбектерінің болашақ үшін құны қандай болмақ?

– жас, орта және үлкен буын өкілдерінің (қазіргі 20-25 жастан жоғары) өз беттерінше латынша оқып, жазып білуді үйренуге қаншалықты дайын. Тәжірибем бойынша олар бұған дайын емес (әрине 2-3 мың немесе одан да көп қолы бос зейнеткерлерді, қазақ тілі жанашырларын есепке алмағанда). Көбісінің уақыттары жоқ, жұмыс істеуі керек, күнкөріс мәселесі тағы басқа себептері жетіп артылады. Бұл кириллица және латыншаның Қазақстанда қолданылуының кемінде 25-30 жыл, қатар жүруіне алып келеді. Қазақ тілі мәртебесі мемлекетімізде және төмендей түседі.

Баспасөздерде, теледидарда қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру, келешекте тілімізді дүниежүзілік деңгейге көтеруге септігін тигізеді, түркітілдес халықтармен ақпараттық қарым-қатынас жақсарып, жалпы алғанда, техниканың және технологияның тез дамуына үлкен жол ашады деген пікірлерді айтатындар көптеп табылып жатыр.

Бұл мәселе бойынша, Жапония, Қытай және Оңтүстік Корея мемлекеттері қазіргі уақыттағы өздерінің қолданылатын әліпбиімен барлық саладағы техниканы және технологияны дүниежүзілік деңгейде жүргізіп отырғандары бәрімізге белгілі. Ал сонда олардың ұлттық тілдерінің деңгейі төмен бе? Бұл жерде әліпбидің қандай түрде болғанының үлкен маңызы жоқ деген пікірді сенімділікпен айтуға болады. Қазақстанда техниканы және технологияны одан әрі дамыту, қазақ тілі мәртебесін көтеру үшін кейінгі жылдары дүниежүзіндегі 100 таңдап алынған, кириллицадан қазақ тіліне аударылған, барлық саланы қамтыған еңбектердің түп мағынасына жету, терең үйрену керек және ондағы терминдердің, жаңа сөздердің пайдалану аясын кең қолдану, одан әрі қолдану аясын кеңейте білу қажет. Түркітілдес халықтармен қарым-қатынас мәселесіне келсек, кез-келген басқа ұлт өкілімен қарым-қатынаста (егер сен сол ұлттың тілінде келіссөз алып барғыш болсаң) сол ұлттың тілін, әліпбиін толық меңгермей ойлаған мақсатыңа жету мүмкін емес. Мысалы, Өзбек тілі латын әліпбиінде болса да өзбек тілін, әліпбиін білмей толыққанды ақпарат алмасу оңайлана түседі деген бос сөз болары хақ. Себебі, әр халықтың өз әліпбиінде өзгешіліктері бар. Бір әріп ол жақта басқа дыбысты берсе, бұл жақта басқа дыбыс беруі әбден мүмкін және қазақ тілінде 42 әріп болса, өзбек тілінде одан аз. Түркітілдес халық өкілдерімен қарым-қатынасты екі адамның базардан картоп немесе жуа сатып алу үшін ғана жолығу деңгейінде қарауымыз қажет пе?

Заңды түрде, Өзбекстан Республикасы әлі толық латын әліпбиіне өте қойған жоқ мемлекетте кириллица мен латынша, қазірше, қатар жүріп келеді десек, неге өзбек халқы кириллицаға қайта көшпейді деген сұрақ тууы әбден мүмкін. Олардың арқаға қайтуына жол жоқ. Себебі, Өзбекстан Республикасының бұл мәселеде «локомативі» 27 жылда (1993-2020 жылдар) жарты жолдан асып кеткендігін, үлкен қаражаттар жұмсалғандығын, көп жұмыстар іске асырылғандығын ескерген жөн және де бір әліпбиден екіншісіне өту машақатты іс екендігінің, бұған ұзақ уақыт қажет болатындығының тағы бір айқын дәлелі.

Егер Қазақстанда 2007 жылғы құрылған комиссия жұмысын жалғастыра түскенде біздің де «локомативіміз», кім біледі, қазір бірер нәтижеге жетіп қалар ма еді?

Енді жоғарыда айтылған болжам-пікірлердің жүзеге асатындығының дәлелі ретінде, олардың толық мағынасына терең түсіну үшін төменгі мәселелерге көңіл бөлген жөн.

Біріншіден, «Сауаттылық» деген сөздің мағынасына терең мән бере білу қажет. Бұл жай көзге көріне бермейтін көп адамдар аңғармайтын нәрсе. Латын әліпбиіне өткен жағдайда қазақ тілді азаматтардың «сауаттылық» дәрежесін білдіретін көрсеткіштерді бөлек-бөлек алайық.

– Сөйлей білу (мысалы А дәрежесі деп алсақ). Адам өз ойын басқа адамға (адамдарға) сөзбен жеткізе білуі. Бұл жерде қазақ тілінің қай әліпбиде болуының маңызы жоқ. «Сауаттылықтың» ең оңай дәрежесі.

– Оқи білу (Б дәрежесі деп алсақ). Адам кез келген мәтінді (тексті) оқып, оның толық мағынасын түсіне білуі. Бұл жерде мәтіннің қай әліпбиде жазылғандығының маңызы бар, «сауаттылықтың» орташа дәрежесі.

– Жаза білу (С дәрежесі деп алсақ). Адам өз ойын жазба түрінде баяндағанда, оны оқыған басқа адам (адамдар) жазылған мәтіннің толық мағынасына түсінуі. Мұнда да «сауаттылықтың» Б дәрежесіндегідей әліпби маңызға ие, «сауаттылықтың» ең қиын дәрежесі.

Тек осы «сауатталықтың» үш дәрежесін толық меңгерген азаматты ғана (қазақ ұлтының немесе басқа ұлт өкілі болсын) келешекте қазақ тілінің латынша нұсқасындағы жалпы сауатты адам десе болады, солай болуы да керек. Қазақ тілінің мәртебесін дүниежүзілік дәрежеге көтеруге келетін болсақ, толыққанды сауаттылық дәрежесі және бар. Ал қазақша толыққанды сауаттылыққа жету деген бұл үлкен еңбекті қажет етеді. Мұнда халық шаруашылығындағы әр тармақтағы мамандықтың (экономика, ауыл шаруашылығы, көлік және байланыс, медицина, өнеркәсіп және басқа да тармақтар бойынша) өздеріне тән терминдерін қазақша латын әліпбиінде А,Б,С дәрежесінде білу. Жалпы сауатты адам мұның бәрін білуі шарт емес (біле алмаса да керек). Бірақ, толыққанды сауатты Қазақстандық әр маман немесе аудармашы өз саласы бойынша өзіне тән, күнделікті сирек қолданылатын атауларды, терминдерді білгені абзал. Сонда ғана келешекте латынша қазақ тілінің мәртебесін дүниежүзілік деңгейге көтеруге мүмкіндік болады.

Екіншіден, айтылған болжам-пікірлердің негізі Өзбекстан Республикасының латын әліпбиіне өтуінің басталуы, оның жалғасу дәуірі және аяқталуының тәжірибесіне сүйенгендіктен осы екі республиканың латынға өтудегі басты жағдайларын (стартовое положение) салыстырмалы түрде келтіріп көрейік.

Кестеде көрсетілген басымдылық көрсеткіштерді ӨзбекстанРеспубликасының 1993 жылы латын әліпбиіне көшу мәселесін көтерудегі себептердіңбірі болды деуге негіз болады. Өзбек халқы қазақ халқымен салыстырғанда, жалпыалғанда, Кеңес дәуірінде де өз тіліне, салтына қатаң қарайтын, оны сақтайбілген халық. Барлық мекемелерде іс-қағаздары орыс тілімен қатар өзбек тіліндеде алып барылған. Барлық жоғарғы оқу орындарында (мұғалімдер дайындайтынинституттардан басқа) өзбек тілінде сабақ алатын бөлімшелер болған.Профессорлар, доценттер және басқа оқытушылар әркім өз саласы бойынша өзбектілінде толыққанды сауаттылық дәрежесінде болып, студенттерге сабақ берген.

Қазіргі таңда, Өзбекстанда латынша мен кириллица, мемлекеттік іс-қағаздарында қатар қолданылуда. Жылдан-жылға кириллицаның қолданылуы кеміп барады. Латын әліпбиіне өткен мемлекетте бұл заңдылық деп қараған жөн.

Осы келтірілген мәліметтер, Өзбекстанның жеткен жетістіктері, жіберген кемшіліктері Қазақстанның латын әліпбиіне өту дәуірінің басталуындағы, жалғастыруларындағы және аяқталуындағы мемлекеттік дәрежеде шешілетін кейбір сұрақтарға жауап табуға, керекті шешімдерді қабылдауға аз да болса көмегін беруі мүмкін деген үміттемін. Сонымен қатар, Әзербайжан мен Түркіменстан мемлекеттерінде латын әліпбиіне көшудің соңғы нәтижелеріне де қарап, осы мәселе бойынша жеткен жетістіктеріне, ұтылған жағдайларына сараптама жасаған жөн.

Сөз соңында көргеніме, өмірлік тәжірибеме сүйене отырып, латын әліпбиіне көшу төменгі және жоғарғы эшалондағы азаматтар үшін бірге қатар алып жүруі нәтижеге аз уақыттың ішінде жетуге мүмкіндік берді. Өзбекстанда латыншаға өтудің басталуында төменгі эшалон азаматтарына басымдылық берумен қатар, жоғарғы эшалон азаматтары үшін, министрліктерде, мекемелерде және басқа сала мамандарына арнайы оқу курстары ұйымдастырылған болатын. Соңғысының нәтижесі ойлағандай дәрежеде амалға аспай қалды деуге болады. Бірақ, Кеңес дәуірінің кезінде-ақ жоғарғы эшалон азаматтары өзбек тілін 3 деңгейде (сөйлеу, оқу, жазу) толық меңгерген болатын деп сеніммен айтуға болады. Ал бізде ше? (Кеңес дәуірін айтпай-ақ қояйық) қанша жылдар өтсе де әлі латын қарпіндегі қазақ тілінде жұмыс алып бара алмайтын жоғарғы эшалондағы азаматтарымыздың баршылық екені рас.

Бұл жағдайда республикада жақын арада латын әліпбиіне толық өту ойлағандай нәтиже бере қояды деуге сену қиын. Бұл келешекте қазақ тілінің тағдырын шешетін бірден-бір мәселе болып қалуы да мүмкін.

Құрметті оқырман азаматтар, жоғарыда айтылған болжамдар, тұжырымдар жеке өз ойым, ал оларды қабыл алу немесе қабыл алмау, қолдау,қолдамау сіздердің еншілеріңізде.

Омар КЕНЖЕБАЕВ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *