МЕНІҢ СҮЙІКТІ ҚАЛАМГЕРІМ

Әдебиет
1 417 Views

Біз Тәуелсіздік ұрпақтарымыз! Нарықтық өмірімізде білім алу мен еңбектену – өмір саясатымыз!

Менің міндетім – еліміздің мұрасы мен өнегесінің негізінде қалыптасып, жаңа ғасырдағы Қазақстанның азаматы атану. Мен осы жылы мектепті тәмәмдап жатырмын. Жарқын болашағымның және келешектің керегесін кеңейтіп, шаңырағын тіктей түсуге қадам басып, ақын-жазушылардың еңбектерімен таныс бола бастадым.

Шығармашылық шеберлігімен жұртты тәнті еткен сүйікті қаламгерім Нағашыбек Қапалбекұлының қаламынан туған сан қырлы шығармаларын оқыған сайын жанымды толқытып, баурап, жүрегіме нұр құйды. Жазушы шығармаларын көбіне туған жерге, кең байтақ даласына, тау-тасына, өзен-көліне арнаған. Өз елінің тарихы жөнінде жазған еңбектері жастарды өзі туып өскен елді білуге, ағалар жолын ізгілікпен жалғастыруға тәрбиелейді.

Ел сүйіп оқитын жазушыларды өз басым халқымыздың ар-ожданы деп ойлаймын. Олар ұлттың ең жақсы қасиеттерін сұрыптап, ерекше ұсынады. Ал, кеселді істерден сақтандырады. Олардың шығармаларынан өздерінің бейнесі көрініп тұрады. Мен Нағашыбек Қапалбекұлын осындай жазушы дегім келеді. Оның кейіпкерлері қарапайым қазақ баласының өне бойын танытады. Дана, сабырлы, төзімді, ұстамды, сөйлейтін сөзі мен істейтін ісін жақсы біледі. Меніңше, Нағашыбек ағаның өзі де сондай ма деймін, бәлки өз кейіпкерлерінен де жоғары, биік сияқты. Әйтпесе олардың жақсы-жаманын саралай алмас та еді.

Жазушы кейіпкерлерімен бірге Жерде, Жер Анада, қасиетті қара топырақтан алыстамайды, өзімен бірге көрінеді. Сенімен сырласуға қарапайым жандарды жұмсайды. Олардың берер танымы да, тәлімі де, сондықтан болар, ойға ұялап, бойға жұғымды, жүрек жылытады.

Міне, тәуекел етіп қаламгердің өзім көрмеген алыс бейнесімен тілдесіп отырмын. «Суықтөбенің ұлары» атты әңгімелер жинағын оқып, есеп бергім келді. Бірақ өзіме өзім емес, жазушының кейіпкерлері алдында. Өзім болып сұрақ қоям да, олар болып жауап іздеймін.

Онда қарапайым халықтың тыныс-тіршілігі мен өмірге деген құштарлығы жайлы айтылған. Адамдардың басынан өткен ауыр тағдырын, аянышты жағдайларын суреттеу арқылы оқырмандарын таң қалдырады. Ауыл өмірі, соғыстан кейінгі кезең шындықтары, қарапайым еңбек адамдарының өмірімен таныс болу арқылы ар-ұят, намыс, адамгершілік ұғымдарын жиі кездестіреміз.

Жазушының «Үрей», «Құт пен жұт», «Дос жүрегі», «Бір тілім нан», «Аспанқора алтыны» деген әңгімелеріндегі қазыналы оқиғалар біздің санамызға сіңіп және талаптанып білім іздеп, адал еңбекпен мұратқа жетуімізге жол көрсетеді.

Жазушының шығармаларында көңіліңді арбап алатын жібектей нәзік суреттеу, сипаттау, теңеу және баяндау бар. Өмірді әдемі ұштастыра білген жазушының «Суықтөбенің ұлары» әңгімесіндегі мына үзіндіден көруге болады:

Мен тауларға қарап, қанаттанамын, қайраттанамын. Біздің жақтың биік-биік шалқақтаған таулары-ай! Солардың ішінде қасқайып, құлжадай алдыңнан асқақтай алыстан көрінген Суықтөбенің айбыны бөлек-ау, шіркін!

Суықтөбе! Арғы бетіндегі қырғыздар сені Мұзтөбе дейді.

Басыңнан қар-мұзы арылмайтын сен ақ жалды арғымақ секілдісің! Әлде…ақ шәлілі әзіз әжемізсің бе?!.

Қайран, Рысқұл көкем жатқан қасиетті Суықтөбе!..

Суықтөбенің киелі құсы – ұларды көру арман болды ғой маған!»

Белгілі жазушы Нағашыбек Қапалбекұлының шығармаларын оқыған адам өмірін босқа өткізбесі анық. Себебі, олардың әрбір жолдары парасаттылық пен ақылдылыққа үйретеді.

Жөн сұрасаң, жол көрсетер жазушы ағамыздың қаламы оқырмандарын әлі де қуанта береді деген сеніміміз зор.

Жантолы Тлеумбек,

Ы.Алтынсарин атындағы

№159 гимназияның

11-сынып оқушысы.

Алматы қаласы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *