Түркістан облысының әкімі Өмірзақ ШӨКЕЕВТІҢ,
Түркістан облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі
департаментінің басшысы, генерал Хакім КУШКАЛИЕВТІҢ назарларына
МЕМЛЕКЕТ ҚАРЖЫСЫ КІМНІҢ ЖЕМТІГІНЕ АЙНАЛДЫ НЕМЕСЕ 90 МЛН. ЖЕП, 1,5 МЛН. АЙЫППҰЛМЕН ҚҰТЫЛҒАНДАР…
Республикалық «Әділет. Рухани жаңғыру» қоғамдық-саяси газетінің редакциясына Төлеби ауданының бір топ тұрғындарынан арыз келіп түсті. Арыздағы кемшіліктер төмендегіше өрбиді:
«Қанарық және Қостөбе ауылдарына баратын жолдарға екі көпір және Алғабас ауылындағы Дарын және Мәдени ауылындағы Жаңаталап көшелері 2019 жылы халықтың пайдасына берілуі керек болған. Алайда, бюджет қаржысы негізсіз жұмсалып, мемлекеттен бөлінген қомақты сома ысырап болған. Бүгінгі күнге дейін аталған көпірлер мен жолдардың шамамен 25 пайызы ғана жасалып, бітпей қалған. Ал қос көпір мен жолдардың жағдайына алаңдаған қарапайым ауыл тұрғындары аталған құрылыстың аяқталмай қалып, мемлекет қаржысының талан-тараж болып, «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында» кеткеніне алаңдаулы.
Журналистік зерттеу жүргізіп, саралаудың нәтижесінде анықтағанымыз бұл құрылысқа жауапты Төлеби ауданы әкімінің м.у.а Лесбек Серікбаев мырза болғандықтан, өзінің бізге берген мәліметінде: «Мен бұл қызметке 2019 жылдың қазан айының қателеспесем 22-жұлдызында келдім. Жетекшілік ететін салам осы тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, құрылыс, сәулет, экономика салалары. Функционалдық міндетіме осы салалар бойынша жұмыстарды үйлестіру, заңдылығын қадағалау сынды міндеттер кіреді. Сіздердің қозғап отырған мәселеден, яғни екі көпір мен екі жолдың мәселесінен хабарым бар. Бірінші «Қостөбе» және «Қанарық» елді мекеніндегі екі көпірдің мәселесінен бастар болсам, оған қаржы 2018 жылы бөлінген. Ал ол қаржының көлемі туралы сіздердің сұраныстарыңыз бойынша өздеріңізге арнайы хатпен жолдаған болатынбыз. 2018 жылы қаржы бөлініп, 2019 жылы жұмыстар жүргізіліп басталған. Жүргізіліп келіп, құрылыс жұмыстары бітпей қалған. Мен оны қызметке тағайындалған сәттен бастап зерттей бастадым. Келісім-шарттарды көтердім. Мердігер мекеме міндеттемелерін толық орындамаған. Содан осындай даулы мәселе туындаған. Біз мердігер компаниядан жүктелген істің барлығын келісім-шартқа сәйкес толығымен аяқтап, бітіруді бір емес бірнеше рет талап еттік. Алайда, мердігер компанияның жауапсыздығы салдарынан оңды нәтижелер болған жоқ. Көпірлердің құрылысы аяқталған соң қабылдау комиссиясынан өткеннен кейін төленетін 5 пайыз қаржысы қалған. Сол қаржыны 2019 жылы желтоқсан айында бюджетті нақтылауда қысқартуға ұсыныс бердік. Себебі, мердігер компанияның істі аяқтай алмайтынына көзіміз жетті. Сонымен нысан құрылысын 2020 жылға ауыспалы етіп, мердігер мекемені сотқа бердік. Онда үш талап қойдық. Бірінші, көпір құрылысын аяқтауды міндеттеу, екінші келісім шарттың талаптарына сәйкес, құрылысты мерзімінде аяқтамағаны үшін айыппұл салу санкциялары қаралған соған сай айыппұл өндіру. Үшінші мердігер мекемені жосықсыз мердігерлер тізіміне енгізу. Сот біздің талап-арызымызды қанағаттандырып, мердігер мекемеге көпірдің құрылысын міндеттеу жөнінде соттың шешімін шығарды. 2020 жылы құрылыс аяқталмаған соң одан әрі қалған 5 пайыз қаржыны 2021 жылға қайта ауыспалы еттік. 2021 жылы талап етуді әлі тоқтатқан жоқпыз. Мердігер мекеме тарапынан көпір құрылысын аяқтаймын деген ешқандай нышан байқалмады. Өте жауапсыз мердігер болып шықты. Ары қарай біз сот орындаушымен жұмыс жасауды бастадық. Соттың шешімі сот орындаушының қолына түседі. Бізде «Тұрғын үй шаруашылық және автомобиль жолдары» бөлімі бар. Бұл іспен сол бөлім тікелей айналысты. Сот орындаушымен қандай шаралар көріп жатқандығы туралы нақтыладық. Ол кісі «Қайнар құрылыс» ЖШС есепшотының барлығы бұғатталғанын, олардың атында ешқандай мүлік жоқ екендігін мәлімдеді. Жұмыс тоқтап қалмайды, ары қарай да жалғастыратын боламыз. Одан өзге қосымша мәлімет беріп өтер болсам, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Түркістан облысы бойынша департаментінде қылмыстық іс қозғалған болатын. Мердігер мекеменің үстінен қылмыстық іс ашылды. Ары қарай құзырлы органдар бұған өзінің бағасын береді. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.
Ал енді жолдар мәселесіне тоқталсам, бұл жолдардың мердігері «АНК даму» мекемесі. Оның мемлекеттік сатып алу конкурсының қорытындысы 2019 жылдың тамыз айында шыққан. Ары қарай сәйкесінше, келісім-шартқа отырып, тиісті жұмыстарын бастаған. Бұл жұмыстар басталған соң 1-2 айдың көлемінде мен осы қызметке келген болатынмын. Жолдарды жиі-жиі тексеріп тұрдым. Бізде әр аптаның жұма күні көшпелі құрылыс штабы өткізіледі. Тиісті мамандарды жинап әр жұма сайын құрылыс нысандарын толығымен аралаймыз. Сондай кезде бірнеше рет аралап көрдік. Сонымен нәтижесінде «АНК даму» мекемесінің жолдарды бітіруге қауқарсыз екеніне көзіміз жетті. 2019 жылдың желтоқсан айында бюджетті нақтылау кезінде орта жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан жолдардың 5 пайыз қаржысын қысқарттық. Ұсыныс беріп, нысан құрылысы 2020 жылға ауыспалы болып өткізілді. 2020 жылы да мердігер мекеме құрғақ уәдемен шектеліп келді. Нәтиже болмаған соң заңды талаптарға сәйкес, алдында айтып өткендей үш талапты бұл мекемеге де қойдық. Экономикалық сотқа талап-арыз жолдадық. Біздің талап-арыз ішінара қанағаттандырылды. Ол әлгіндей жөндеу жұмыстарын аяқтауды міндеттеу және айыппұлды өндіру жөніндегі талабымыз қанағаттандырылып, мекемені жосықсыз мердігерлер қатарына кіргізу жөніндегі үшінші талабымыз қанағаттандырылмады.
Жолдың сапасына байланысты «Жолдың ұлттық сапа орталығы» жұмыс жасайды. Олар арнайы осы жолдардың сапасын бақылаумен айналысады. Сол мекемемен біз 2020 жылға 11 млн. теңге қаржыға келісім-шартқа отырғанбыз. Сол арнайы мамандандырылған мекеме тиісті жолдарға бақылау жасайды. Оған қажетті қондырғылары бар. Солай жолдың сапасын тексереді. Ол жерде бірінші жолдың қалыңдығы жобаға сәйкес келе ме, жоқ па соған қорытынды береді. Екінші асфальттің құрамы жеткілікті ма, жоқ па, яғни инертті материалдары дұрыс қолданылған ба деген сауалға жауап беріп, бізге қорытындысын ұсынады. Сол мекеменің оң қорытындысын алғаннан кейін ғана біз жолдарды қабылдауға келісім береміз. Ал енді «АНК даму» мекемесіне қатысты тексеру жүргізілген болуы керек. Онда сапасына қатысты әлі көп сұрақтарымыз бар. Қабылдаған жоқпыз, қабылдауға жол бермейміз. Сметалық құрылыс нормаларына сәйкес жолды толық жасап бергеннен кейін, сапа орталығының оң қорытындысы қолымызға тиген соң ғана қабылданады.
Негізінде мен қызметке тағайындалған кезде аталған көпірлердің тиісті қаржысы аударылып кеткен. Бұл сұрақты сол кездегі жауапты қызметкерлерге қойғаныңыз дұрыс болар еді.
Сот кінәлі адамдарды жауапқа тартатын болар, бізге ол жағы әлі анық емес. Мердігер мекеме істі аяқтауға соттың шешімімен міндетті. Бірақ ары қарай көпір құрылысына бюджеттен қайта қаржы бөлінуі қиын мәселе. Өйткені, бір рет қаржы бөлінді, ал оның нәтижесі көріп тұрғандарыңыздай. Ал енді қайта екінші рет қаржы бөліну орынсыз. Мердігер мекеме соттың шешімін орындауы қажет. Біз соның нәтижесін күтеміз. Қосымша демеушілер де қарастырудамыз. Өйткені, мердігер мекеме жазаға тартылып кетер болса, құрылыс аяқсыз қалып кетуі мүмкін», — деген мардымсыз уәжін жеткізді.
Қарап тұрсаңыз білдей бір ауданды уақытша болса да басқарып отырған, мемлекеттік қызметкердің мына сөзі «жаны ашымастың, қасында басың ауырмасынның» керін келтіріп отырған сыңайлы. «Әкім бол, халқыңа жақын бол» деген ұлағатты сөзіміз бар емес пе? Ел басқарып, қараша халықтың мұң-мұқтажын тыңдамаса, әл-ауқатын көтеруге жағдай жасамаса, мұндай әкімнің елімізге қандай пайдасы бар? Өткен жылы пайдалануға берілуге тиіс көпірге бірден-бір жауапты тұлғамыздың сөзінің сиқы осы болып отыр. Мұны бір деп қойыңыз.
Жалпы Лесбек Серікбаев мырзаның өзінің бұрынғы («Леңгір су» мекемесіндегі) қызметіне байланысты 2018 жылдың 25 маусымдағы сот үкімінде мынадай: «Серікбаев Лесбек Әуезханұлы ҚР ҚК-нің 316-бабы 1-бөлігінде көзделген қылмыстық құқықбұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып ҚР ҚК-нің 69-бабының 1-бөлігінің «А» тармағы негізінде ескіру мерзімінің өтуіне байланысты қылмыстық жауаптылықтан босатылсын» деген жолдар нақты келтірілген. Яғни, бұл Серікбаев мырзаның қызметінде жіберген немқұрайлылық пен олқылықтың алғашқысы емес секілді.
Қолымыздағы бар дерекке сүйенсек, көпірді салуға келісім-шарт бойынша мемлекеттен 98 млн. 112 мың 672 теңге бөлінген. «Қайнар» құрылыс ЖШС-не 88 млн. 850 мың 672 теңге аударылған. Ал қалған 9 млн. 262 мың аудан бюджетінде қалып отыр. Нәтижесінде 90,6 пайыз қаржы аударылған, ал атқарылған жұмыс 25 пайызды құрайды.
Аталған іс бойынша өткен жылдың наурыз айында (13.03.2020 ж. №17\3 – 1146) қозғалған қылмыстық іс (№205100041000009), әлі де сиырқұйымшақтанып, созбалаңға салынып келе жатқаны көңілге күмән ұялатқаны да жасырын емес. Халық игілігі үшін аударылған қаржыны талан-таражға салып, ел пайдасына жұмсамаған ел ағаларына халықтың берер бағасы қандай болмақ?
Қош делік, ары қарай жалғастырайық…
Түркістан облысының Төлеби ауданында былыққа батып, аяқсыз қалып жатқан жұмыстар мұнымен де тоқтамайды. Зерттеуімізді нақтылайтын болсақ, «Алғабас» ауылындағы Дарын көшесіне ағымдағы жөндеу жұмысын жүргізуге «АНК ДАМУ» ЖШС-мен келісімшарт түзілген (келісімшарт сомасы 9 778 720 теңге, аударылған қаржы 8 289 720 теңге, қалған сома 1 489 000 теңге. Нақтылап есептейтін болсақ, аударылған қаржы 85 пайызды құрап отыр). Негізгі атқарылған жұмыс 25-30 пайызды ғана құрайды.
Келесі мәселе, Мәдени ауылындағы Жаңаталап көшесі (5 667 200 теңге, аударылған қаржы 5 383 200 теңге, қалған сома 284 мың теңге, яғни 95 пайыз қаржы аударылып қойған) негізгі атқарылған жұмыс 25 пайыздан аспайды.
Бұл іске жауапты болған «келді-кетті» әкімдер мен әкім орынбасарлары және бөлім басшыларының бір-біріне сілтеп, жалтарма жауап беріп, жауапкершіліктен қашқандарына жол болсын. Ондайларды халық наласының жібермесі анық.
«Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» дегендей Лесбек Серікбаев мырзаның аудан әкімдігіндегі міндеті осындағы мемлекет қаржысының заңды игерілуіне жауапты мемлекеттік қызметкер ретінде қазыналы қазанның қақпағын қадағалаушы емес пе?! Яғни бұл істе салақтық танытып отырған өзінен басқа кім?! Мемлекеттің ауданның жол жөндеу жұмыстарына бөлген қомақты қаржысын жұмыс бітпей жатып аударып жібергендігіне тағы кім кінәлі?
Қол астындағы бөлім бастықтарына келсек, Төлеби ауданындағы «Тұрғын үй коммуналдық шаруашылық және автомобиль жолдары» бөлімінің басшысы Н.Оспанов жол жөндеуге тапсырыс беруші мекеменің басшысы ретінде бұл жұмыстарды қадағалап, атқарылған жұмыстың №2 форма актісіне сүйеніп №3 формамен қаржыны аударған. Басшы кімнің ықпалымен және неге сүйеніп аударды қаржыны? Әлде мердігер алдында дәрменсіздік танытты ма? Әлде қызметтік жалғандық жасады ма? Мұның ақ-қарасын құзырлы орындар ажыратып береді деген ойдамыз.
(Жалғасы бар).
Ерменбай МАЙЛЫБАЕВ,
Қаржы зерделеу бөлімінің меңгерушісі.
Көпірге мұқтаж Тағайна елдімекенінің тұрғындары талай жыл сандалып жүріп көпірге жарымаған соң асарлатып, демеушілердің қолдауымен ұзындығы 50-60 метр шамасындағы көпірді өздері салып жатыр. Енді бұл аудандакөпір салу бойынша кез келген жұмысты аталған ауыл тұрғындары мемлекеттіңешқандай қаржысын талан-таражға салмай, сапалы көпір салуға тапсырыс қабылдайалады.