ӨЗ ЕҢБЕГІН ТАЛДАЙ БІЛГЕН АДАМ ҒАНА ТӘЖІРИБЕЛІ ҰСТАЗ БОЛА АЛАДЫ

Білім
971 Views

ХХІ ғасыр – білімділер ғасыры.

Кез келген дамыған елде білім сапасы мемлекет пен қоғамның бақылауында тұратыны баршамызға аян. Сондықтанда, Қазақстанда білім сапасын бағалаудың бірыңғай ұлттық жүйесі құрылған және ол Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңында нақтыланған. Әлем тәжірибесі көрсеткеніндей, қай елдің болмасын өсіп өркендеуі, өркениетті дүниеде өзіндік орын алуы, оның ұлттық білім жүйесінің деңгейіне, дамыту бағытына байланысты.

Елбасымыз Н.Назарбаев «Бәсеке басы – білім» деген. Ендеше, ұстаздар қауымы ел басқаратын болашақ жастардың білімділігі мен біліктілігін қамтамасыз етіп, Елбасының үкілі үмітін ақтауға барлық күш-қуатын жұмсағаны жөн.

Болашақ жастардың білімділігі мен біліктілігін қамтамасыз етудің ең биік шыңы – білім сапасын арттыру. Демек, мұғалім білім берудің әртүрлі оқыту технологиясын, әдістемесін, құралдарын қолдана отырып жетеді. Заман талабына сай, мұғалімдер оқушыларға сапалы білім беру үшін, ұстаздар алдымен, білім мазмұнына нелер кіретінімен қатар, оның қандай сапалық қасиеттері болатынын және оны қалай айқындайтынын нақты білуі тиіс. Сонымен қатар, білімнің қай сапасы қандай жолмен тиімді тексерілетінін түсінуі керек.

Жалпы алғанда, білімнің мазмұны (көп жағдайда) құрамы бойынша анықталса, білім сапасы көбіне деңгейі бойынша анықталады. Орыс ғалымы В. Беспалько білім игерудің төрт деңгейін бөліп көрсетеді: оқушылық (қайта жаңғырту), алгоритмдік (жүйелеу, реттеу), эвристикалық (танымдық ізденіс) және шығармашылық (ойлап табу, құрастыру). Аталғандардың ішінде алғашқы үшеуі мектептерде қолданылатын үш бағаға салыстырмалы түрде сай келеді және білім сапасының үш деңгейін анықтайды: оқушылық-дұрыстығы мен толықтығы; алгоритмдік-түсініктілігі мен әрекеттілігі; эвристикалық-жүйелілігі мен беріктігі. Осыған сәйкес мұғалім бала біліміне «қанағаттанарлық” баға қою үшін оның дұрыстығы мен толықтығына назар аударса, «жақсы” деп айту үшін түсініктілігі мен практикалық тұрғыда қолдана алуына көңіл бөледі, ал «үздік” деп есептеу үшін жүйелілігі мен ұзақ уақыт есте сақталуын есепке алуы тиіс.

Американ ғалымы Блум жасаған (оқушы тұрғысынан алынған) оқу мақсаттарының оқыту барысындағы рөлінің маңыздығын төмендегі кестеден айқындағанымыз дұрыс болар: Білу Түсіну Қолдану Талдау (анализ) Жинақтау (синтез) Бағалау.

Осы кесте арқылы мұғалім баланың білімін дұрыс бағалауда көмегі тигізетіндігі даусыз. Өйткені, жатқа білу бар да, оның мәнін түсіну, іс жүзінде қолдану бар. Мәтінді (мәселені) сипаттау бар да, талдап, бағалау бар.

Жоғарыдағы кестеден байқағанымыздай, білім сапасы білім игеру деңгейі мен оқу мақсаттарына тәуелді болатынын, өз кезегінде, оқыту мақсаттары мен оқыту деңгейіне байланысты болмақ. Себебі, оқушының сапалы білімі оның танымдық және шығармашылық қабілеттеріне, сол арқылы белсенділігі мен дербестігіне тікелей тәуелді. Сонымен қатар, білімнің ең қажетті сапаларының бірі оның беріктігі (ұзақ уақыт есте сақталуы) десек, ол өз кезегінде оқытудың белсенділігіне тікелей қатысты. Ғалымдардың зерттеу жұмыстары көрсетіп отырғандай, тек өз тәжірибесімен байланыстырып, өзара талқылау нәтижесінде ой елегінен өткізіп барып алынған білім ғана ұзақ уақыт есте қалатыны дәлелденген.

Білімнің келесі маңызды қасиеттерінің бірі – білімнің әрекеттігі. Оқушы іс-әрекеттің орындалу барысын түсініп, алынған білім-білікті өзгеге үйрету және күнделікті практикада үнемі қолдану. Сонымен қатар, білімнің тағы бір құнды қасиетінің бірі – білімнің жүйелілігі оқушылардың дербестігіне байланысты. Себебі, себеп-салдарлық, уақыт-кеңістіктік байланысын анықтап, тәжірибе жасап, зерттеу жүргізу арқылы өздігінен игерілген білім ғана жүйелі болатыны баршамызға айқын.

Баршамызға белгілі оқытудың белсенділігі мен оқушылардың белсенділігі сияқты мәселелер репродуктивтік әдіс емес, өз бетінше ізденуге бағытталған проблемалық әдістерге тәуелді. Ендеше, оқыту деңгейінің жоғарылығы – білім сапасына ықпал ететін маңызды факторлардың бірі болып табылады.

Қазіргі таңда, сапалы білімді қамтамасыз етуде қолданылып жатқан әдіс-амалдар өте мол, оқушылардың қызығушылығын арттыруда жаңа технологиялар да артуда, тек әр ұстаз, өз оқушыларына ыңғайлысын қолдана білсе ғана ұтады. Оқушының білім сапасын арттыру – өз пәнін жетік білетін, оқушының шығармашылығы мен дарындылығының дамуына жағдай жасай алатын, сонымен қатар, тұлғалық-гумандық бағыттылығы жоғары, педагогикалық ақиқат пен ондағы өзінің іс-қимылын жүйелілікпен арттыруға қабілетті, оқытудың жаңа технологияларын меңгерген және білімдік мониторинг негізінде ақпараттарды таба, таңдай, сараптай алатын мұғалімге байланысты. Білім беру үрдісінің субъектісін дамытудың алдыңғы шарты: оқушының білім сапасын арттыру болғандықтан, мұғалім сабақ өткізудің ең тиімді, ең қызықты, ең қажетті, ең тартымды, ең өзекті үрдісін таңдап алуы қажет. Мұндай үрдіс оқушының білім сапасын арттырып қана қоймайды, оның білімге деген біліктілігін арттырып, ізденімпаздылық пен шығармашылыққа деген іскерлік пен дағдыларын қалыптастырады, білім кеңістігіне жол ашады.

Ж.Аймауытов айтқандай: «Сабақ беру – жай ғана шеберлік емес, ол жаңадан жаңаны табатын өнер» — деген. Әрине, білім негізінен пән арқылы берілгендіктен, әр пәнді заман талабына сай өз деңгейінде игерту, қай кезде болмасын, ең маңызды мәселе болып табылады. Мұғалімнің технологиясы мен әдістемесінің мақсаты – қалай оқыту мәселелерін қарастыру болса, бүгінгі оқыту жүйесінде әртүрлі жаңа технологияларды пайдалану тәжірибеге еніп, нәтижелер беруде. Бұдан мұғалім оқушының жеке қасиетін аша отырып, азамат етіп тәрбиелеумен қатар оқушының танымдық күшін қалыптастыру және білімін кеңейтуге, тереңдетуге жағдай жасайды.

Бүгінгі таңда мұғалімнің ұстаздық тұлғасын қалыптастыру күшеймесе, кеміген жоқ. Ұстаз үшін ең басты мәселе – оқыту әдісін дұрыс таңдау. Оқушының жеке тұлғалық күшін арттырып, шығармашылық ойынының дамуына жаңа педагогикалық технологиялардың рөлі зор. «Өз еңбегін талдай білген адам ғана тәжірибелі ұстаз бола алады» деген В.Сухомлинскийдің сөзін оқытушының талмай ізденген еңбегінің нәтижесінде ғана көрінетіні белгілі. Білім мен техниканың даму деңгейі әрбір оқушыға сапалы және терең білім беруіге жағдай жасалуда. Оқытушы баяндайды, әңгімелейді, түсіндіреді, ал оқушы тыңдайды, қабылдайды, ойлайды т.б, таным әрекетерін жасайды.

Қазақстанның қазіргі білім беру үрдісінде заман талабына сай түбірлі өзгерістер болып жатқаны белгілі. Соған орай қазіргі таңда, қабілетті жеке тұлғаны қалыптастыруда, педагогикалық технологияларды меңгеруде педагогтардың кәсіби мәдениетін дамытуға бағытталған оқу қажеттіліктері туындылап отыр. Біліктілік арттыру жүйесінде педагогтардың оқу қажеттіліктері нақты білімнің мәнін түсінуге, соның нәтижесінде өзіндік іс-әрекетке енуге және жеке өміріндегі тәжірибені жетілдіру мақсаттарына байланысты қалыптасады, қай қоғамда болсын жеке тұлғаның қалыптасуы ұстаздан басталады емес пе? Әрбiр мeмлeкеттің болaшағы өз мeктебінде шыңдaлады. Мeктеп өзгeруі үшiн eң әуeлі ұстaз өзгeруі тиiс. Бiз бұл өмiрде aдамның бaр ғұмыры oқуға арнaудан тұрaтынын бiлеміз.

Ертеңгі қоғамның, елдің тірегін өмірге дайындаушы – мұғалім. Мұғалім мамандығының құндылығы да осында. Білімді де білікті маман даярлаудың мақсаты – маманның бойында іргелі де жүйелі білім, кәсіби іскерлік пен дағды, шығармашылық белсенділік пен еркіндік қалыптастыру болса, білім ғасырындағы білім берудің жаңа жүйесі нені оқыту (білім мазмұны), қандай жүйеде оқыту (құрылымы), қалай оқыту (педагогикалық технология) мәселелерін шешуге бағытталуда. Демек, мұғалімнің кәсіби шеберлігі жоғары болған жағдайда – білім сапасы артады.

Сөзімді қорытындылай келе, бүгінгі мектеп қабырғасындағы бүлдіршіннің ертеңгі еліміздің тізгінін қолына ұстайтын азамат болуын қалыптастыру бәріміздің міндетіміз болып келеді және міндетіміз болып қала бермек. Қазіргі таңдағы кез-келген мұғалім өз ісінің хас шебері болуына бірден-бір себепші әдіскерлер. Кез-келген жаңалықты мезгілімен ұстаздарға жеткізіп, талқылап отырса, әрбір мұғалім өз жұмысының алдыңғы қатарлы машинисі болары анық. Ендеше, асқақ мақсат жолында бәріміз бір кісідей жұмылып, нақты іске кірісейік. Біз бірлесе қимылдап, біліктілік танытар болсақ, кез келген сыннан лайықты шығатынымыз сөзсіз. Оған біздің толық мүмкіндігіміз бар.

Мая ҚҰЛНАЗАРОВА,

Алматы қаласының

қалалық білім берудегі

жаңа технологиялардың

ғылыми-әдістемелік орталығының әдіскері

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *