Тайторы Сәке болыстың туғанына – 175 жыл

Кездейсоқ жаңалықтар
1 341 Views

ЕЛІНІҢ ДАНАСЫ, ХАЛҚЫНЫҢ ПАНАСЫ БОЛҒАН

(Соңы. Басы өткен сандарда).

 

 

*   *   *

Шәбден манаптың әкесі – Жантай ханға 1912 жылы қырғыздар ұлан-асыр ас берді.

Осы асқа Жамбыл, Үмбетәлі Кәрібайұлы, Мақыш Райымбекұлы секілді ақындар, дәулеті мен сәулеті шалқыған Мырзабек Құдайберген мен Тайторы Сәке болыс барды.

Сәке болыс осы аста бастан аяқ қатысып, Қордайдан келген әнші ақын Кенен Әзірбайұлы, қырғыздың бұлбұл ақыны Тоқтағұл Сатылғанов, тағы басқа да атақтары Алатаудың күнгей-теріскейінен асып кеткен талай марқасқа адамдарының өнерін тамашалап, әңгіме-дүкен құрды.

Мақыш Райымбекұлы балуан қырғыздың Тістеуік сайыскерін жер қаптырып жеңгенде Қордайдағы Мәми болыс екеуі балуанды қолтықтап аттан түсіріп, жеке үйге күтіп, ерекше сый-сияпат жасады. Мақышпен өмірінің соңына дейін сыйласып, жақын жегжат, айырылмас дос болып кетті.

*   *   *

Ал, 1916 жылғы Ұлт-азаттық көтерілісі кезінде Тайторы Сәке Ниязбекұлы ақ сақалы желбіреп, көзінен алты тарам жасы ағып, ел-жұртының алдында тебірене, егіле сөйледі, ақсақалдық абыздық ірілік танытты:

– Біз бірде-бір жанды соғысқа бермейміз. Тірі болсам жеріміз бір, өлсек көріміз бір ел-жұртыммен қашанда біргемін, – деді ақалтеке айғырының мойнын қаздай иілтіп, үстіне ақ шапан киіп, алғашқы күннен ауыл ауылды аралап кетті.

Жан-жақтан дүрліккен, үріккен жұрт қатты сасқанда ел бастар адамдарына қарайды. Бүкіл Қараарша, Шиен, Бұғымүйіз, Бесмойнақ ақсақалдары Сәке шаңырағына жиналып, мәжіліс құрды.

«Үшқоңырда Бекболат Әшекеұлы қол жинап, өліспей беріспейміз дегендер осында жетсін» деген хабар ду ете түсті.

Сәке сайдың тасындай жігіттерді бар қару-жарақ, мініс аттарымен топтап, өзі бастап Үшқоңырға аттанды.

Үшқоңырда жиналған жұрт Бекболат Әшекеұлы ақсақалды ақ киізге отырғызып, хан көтерді.

Үшқоңырға келіп, Бекболат Әшекеұлын құшақтап тұрып Сәке былай депті:

– Беке! Ұлтарақтай болса да – ата қоныс жер қымбат. Ат төбеліндей болса да туып-өскен ел қымбат. Мұндай кезде тыныш жата алмадым. Міне, 300 жігітке кебінін кигізіп, өзімнің асыл тұқымды жылқыларымнан ұстап мінгізіп, бір сапқа тұрғызып, алып келдім. Еліміз үшін жан қисақ көріміз бір, жеңіп шықсақ шығар тауымыз бір деп қол астыңа келіп отырмыз, – дегенде Бекболат батыр тебіреніп кетіпті:

Сені Сәке – дана дейді,

Ел-жұртына пана дейді.

Жауға салса батырымсың,

Дауға салса ақылымсың.

Елі үшін жанын тіккен,

Асыл ер жақынымсың.

Сәке болыс, Сәке би, Сәке батыр деген даңқың бар. Соңында қарақұрым тыңдайтын халқың бар. Ер айтса – ел айтқаны, елдің қамын жеп айтқаны. От ішінде туғандар өрттен қорықпайды. Қайран асыл ерлерім қырандай ұшып келген екенсіңдер ғой. Жау жеңетін жігітті – жарағынан танисың. Дау жеңетін жігітті – талабынан танисың. Әне Жамбыл жырау, Үмбетәлі ақындар күндіз-түн ат үстінен түспей жырларын айтып, жігіттерді шарболаттай шыңдап, қайрады. Қордайда Әли батыр қол бастапты, Қарқара түгел көтеріліпті. Белің бүгілсе де елің бүгілмесін. Кел қасыма оң жағыма отыр. Кеңесіп-пішер ақылдасар жайттар көп, – деп жанына әкеп отырғызады.

Қастектегі Тілеу, Жарылғапты бастап, Сатай Көбегенов, Екей балаларын жинап Мақыш Райымбекұлы келіп қосылды. Сай ішінде ұсталар қылыш, найза жасауға кірісті, жігіттер соғыс өнерін үйрене бастады. Беймағлұм аласапыран қиын-қыстау күндер жылдай созылып өтіп жатты.

*   *   *

Хамза қажы Екейбаев деген шежіре көңіл, дария жыр білетін, өз ауылында зәулім мешіт салған асыл ақасақалдың жанында көп жүріп сыр сандық ағамыздың талай әңгіме жырларын жазып алған едім. Хамза аға бірде мені ауылына шақырып алып:

– Түсіме Бекболат батыр кірді. Әруақты да атақты кісі ғой, азаттық деп мына Үшқоңырға ту тіккен ақсақал жайлы зерттеп, жазып әкелші, – деп тілек айтты.

Ол кезде музей директорымын, қасыма екі ғылыми қызметкер алып, мемлекеттік архивке бардым. Архив директоры Марат Хасанаев деген Мәскеуде білім алған өте білімдар әрі кішіпейіл жан екен. Бізге 1916 жылғы Жетісудағы Ұлт-азаттық көтерілісі жайлы бүкіл құжаттарды қарап шығуға рұқсат берді. Біз бір айдай архивте болып, Бекболат Әшекеев және ол бастаған Үшқоңырдағы көтеріліс жайлы мол мағлұмат, деректер жинап алдық.

Хамза аға екеуміз 1 Мамыр ауылы тұрғындары атынан бұл ауылға Бекболат есімін беруді сұрап хат жаздық.

Бұл хатты Астанаға, сол кездегі Мемлекеттік хатшы, жазушы Әбіш Кекілбаевқа өз қолыммен апарып бердім.

«Егемен Қазақстан» газетінде Үшқоңыр көтерілісі жайлы мақалам жарияланды.

Ақыры Алматы облысы Қарасай ауданындағы 1 Мамыр ауылына Бекболат есімі берілді.

Хамза қажы Бекболат деген обелиск белгі орнатты, ауылда үлкен конференция өткізді. Он киіз үй тігіп, Бекболат Әшекеевке арнап ас берді.

Марат Хасанаев, Хамза Екейбаев, Әлімқұл Жамбыловты ертіп, Бекболат Әшекеев және оның серіктерін дарға асқан Боралдай жотасына әдейі барып, құрбан шалып, Құран оқытты.

Келер жылы Қарғалыдағы Сәт мешітін күрделі жөндеуден өткізіп, қайта ашылуына орай өткізілген салтанатта мен баяндама жасадым. Жетісудағы бұл көне мешітті жөндеткен көптеген игі істердің басы-қасында жүретін асыл азамат Қайрат Сатыбалдыұлы еді.

Жаныс Сәт Бекболат батырдың ақылшысы, кезінде болыс болған айтулы тұлға. Қарғалыдағы осы мешітті өзі салдырған дәулетті жан болған.

Міне, Бекболат Әшекеұлы мен Сәт болыспен бірге Сәке де көтеріліске бастан-аяқ қатысады.

Көтерілісшілер сатқындардың кесірінен жеңіліске ұшырайды. Біразы қырғыз асып, Қытайға жөңкіледі. Бекболат батыр мұздай қаруланған патша әскеріне жалғыз қасқайып келіп:

– Бәрін жасаған мен. Жігіттердің ешқайсысының жазығы жоқ. Мені жазалаңдар, басқаларға тимеңдер, – деген ғой.

Алдап қолға түскен батырды тоғыз серігімен Боралдайда дарға асады, тау-тасты тіміскілеп бәрін қойдай айдап, абақтыға қамайды, қаншасын атады.

Сәке де Қырғызға, Қытайға кетіп қалуына болатын еді, жоқ өз еркімен тұтқынға түседі. Шахворостың Қарғалыдағы шұға комбинатының қоймасын абақты жасап, ұсталған көтерілісшілерді сонда қамай берген. Сатқындардың айтуы бойынша басшы, белсенділерді Верныйға күзетпен жаяу айдаған.

Сәке болысты да осында қамап, сұраққа алып, Верныйға айдаймыз дегенде:

– Сәт мешітінде Құран оқып шығайын. Соған рұқсат беріңдер,– деген ғой.

Орыстың тілмашы Сәке ақсақалды бұрыннан таниды екен, казактарға айтып түсіндіріп, рұқсат алып береді.

Жетпіс бес жастағы ел абызы, Тайторы елін жинап, «Тайторының бар баласы – менің балам» деп өткен ер Сәке мешітте құбылаға қарап Құран оқи бастайды.

Бүкіл өз еліндегі о дүниелік болғандардың рухына, күні кешегі көтеріліс кезінде шейіт болған боздақтарды атай келіп, еліне болашақта бірлік, құт, жақсылық тілеп, білегін көтеріп, бетін сипап, дұғасын бітіреді.

Күзетіп тұрған патшаның екі солдатына қарап:

– Мені туған еліме жерлесін! – деген бойы қисайып, жантая кетіп, жүріп кетіпті.

Сәке болыс Сәт мешітінде – Құдайдың құттыхана үйінде осылай мәңгілікке көз жұмыпты.

Абыр-сабыр болған патша жендеттері оны өтірік өліп қалды ма деп теуіп, сілкілеп әуре-сарсаңға түсіпті. Қайран асыл азаматтың денесін ағайын-туғандары алып, қастерлеп, Суықтөбе тауының бөктеріне апарып жерлепті.

Тұрсынбай Бірімқұлов аға бұл жайлы былай дейді: «Сәке атамыз 1916 жылғы Ұлт-азаттық көтеріліске белсене қатысқан, Жетісу жерінде оны басқарған Бекболат Әшекеұлы, Сатай Көбегенұлы, Мақыш Райымбекұлы сынды ерлерге сенімді серік, берік сүйеніш болған ерлердің бірі. Соңғы екеуі оның ертеден аралас-құралас болған сыралғы достары екен. Азаттық жолындағы күрес бұларды одан сайын жақындатса керек. Көтерілісшілер көп қарумен қаруланған патша әскеріне төтеп бере алмай жеңілген соң ел үркіп, Шеттік тауына қарай қашады. Сәкені қасындағы інісі Иманқұлдың баласы Керімбек пен ағасы Сәдірмектің баласын қашырып жіберіп, өзі ұсталып қалса керек. Сәкенің қол-аяғын байлап, Қарғалыға қамап алып келеді. Сонда Тайторы елі оны жоқтап:

Тайторы жылда шығар жайлауына,

Тұрады үш жүз құлын байлауына.

Бас болған Тайторыға қайран Сәке,

Приставтың кеттің бе айдауында, – деп күңіреніпті.

Сәке атамыз патша түрмесінде жатып азапталғанда Бекболат секілді: «Көтерілісті басқарған да, ұйымдастырған да өзім» деп айтқан сөзінен қайтпай отырып алыпты. Сөйтіп көп мехнат шексе керек. Сәке атамыздың болыстық мөрі қолында екен. Соны түрме бастығына көрсетіп: «Соңғы тілегім болсын, маған жұма намазын мешітке барып оқуға рұқсат бер» деп сұрапты. Содан орыс солдаттарының айдауымен мешітке барған соң: «Жаратқан Ием, маған ақ өлім бер» деп жалбарыныпты. Сол заматта-ақ тілегі қабыл болып, намаз оқып біткенде бақилық болыпты. Мешіт имамы татар Рахматулла қасында болып, осыны өз көзімен көрген екен. Сәке осы мешітте дүние салған жетінші адам болыпты. Бұл әңгімені Сәкенің сүйегін алуға Жабдықбай інісі Мұстапаға айтқан екен деп көнекөз қариялар Мырзамәди, Тәжібай, Әбдіқайым, Олжабайлар айтып отыратын. Сәке болыстың сүйегін Жабдықбай мен Шалабай ат арбамен әкелген соң ел-жұрты оны туған жері Суықтөбе бауырына арулап қойыпты».

Еліміз егемендік алғаннан кейін ел-жұрты, ұрпақтары Сәке болысқа арнап ас беріп, күмбезін тұрғызды. Алматыдағы бір көшеге Сәке батыр есімі берілді.

Сәке болыс осы өлкеде асыл тұқымды жылқылар өсірген, жүйрік ұстаған, жақсы тұлпар көрсе сатып алмай қоймайды екен. Кеңес өкіметі орнағаннан кейін Сәке болыстың мың жарым жылқысын алып, 1918 жылы Дегерес жылқы зауытын құрған. Осы өлкедегі Қырбай сал, Құдайберген бай сол Сәке берген асыл тұқымды арғымақтарды баптап мінген. Сәке болыстың көзі тірісінде де, кейін де ол өсірген жүйріктерінің тұқымдары қырғыз-қазақта бас бәйгені бермейтін сәйгүліктер болыпты. Тайторы елінде ат десе жанын беретін атбегілер, көкпаршылар әлі күнге дейін көп. Қара сөзге ұста шешен, дауға түссе көсем, досқа берік мырзалығымен аты шыққан Сәке өзендерден тоспа жасапбел-белеске арық тартып, су шығарып, егіншілік кәсіпке елін үйреткен.

*   *   *

Көктем – гүлдің бағын ашады, көсем – елдің бағын ашады.

Сәке болыстың ерен еңбегі – жан-жаққа тарыдай шашырап кеткен елін атақонысына жинап, әл-ауқатына көмектесіп, үлкен жеке болыс еткендігі жалпақ жұртқа аңыз болып тұрады.

Сәке болыс ғұмыр бойы елім, жерім деп өткен ер. Сарыбай бимен бірге бүкіл Шапыраштының сыртқа кеткен ағайындарын жинап, Алатау бөктеріне көшіріп әкеліпті.

Әсіресе аз түтін Тайторының қанатын жаздырып, басқа аталармен теңестіріп, ел алдына шығарған осы Сәке.

Ақылман дана, еліне пана болған Сәке Ниязбекұлының артында аңыз, ғибрат болып қалған билік сөздері, шешендігі, көсемдігі, әділдігі бүгінгі ұрпаққа да үлгі, өнеге. Өршіл рухтан өлмес дана туады. Сәке былай деп айтқан екен:

Белің бүгілсе де елің бүгілмесін,

Ер-азаматтан жұртың түңілмесін.

Іргесі берікті жау да, дау да алмайды,

Ағайын араздығы ешуақ білінбесін.

*   *   *

Елге ел қосылса – құт,

Елден ел айырылса – жұт.

Өзіңнің жақын ағайыныңды,

Ақ патшадай күт!

Елді ер теңестіреді,

Осыны есіңе тұт.

*   *   *

Ұлтарақтай болса да,

Ата-қоныс жер қымбат.

Ат төбеліндей болса да,

Туып-өскен ел қымбат.

Араздассаң – кетпейтін,

Айтқанды екі етпейтін,

Артық істі сөкпейтін,

Ағайын-туған, ел қымбат,

Бауырларым, сен қымбат!

Жұмабай Тәжібаев, Талғат Кәдірұлы деген текті ұрпақтары Сәке болыс Ниязбекұлы жайлы архивке кіріп, фотосуреттерін тапты, деректер жинастырды.

Тайторы Сәке болыстың есімі мен игілікті ісін ел есінде қалдыруда әлі атқарылар істер көп-ақ.

*   *   *

«Тайторының бар баласы – менің балам» – деген ер Сәкенің ұрпақтары арасынан елге танылған атақты азаматтар көптеп саналады. ҚР Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев, республикамыздың бас прокурорының бірінші орынбасары генерал Ғизат Нұрдәулетов, Кербұлақ ауданының әкімі Бағдад Әлиев, қоғам қайраткері, Жамбыл аудандық мәслихатының депутаты Әскербек Абаев, еңбек ардагерлері – Нәркен Қалыбеков, Тұрсынбай Бірімқұлов, белгілі кәсіпкер-меценант Жұмабай Тәжібаев, тағы басқа да тұлғалы жандар Қазақстанымыздың экономикасы мен мәдениетін көтеруде елеулі істер атқаруда.

Ел тұтқасы болған Сәке Ниязбекұлының туғанына 175 жыл толып отыр. Осыған орай ел-жұрты, ұрпақтары Сәкенің ел үшін атқарған игілікті істерін бүгінгі ұрпаққа жеткізу жолында игі шаралар белгілеуде.

Елім, жерім деген ардақты тұлға Сәке Ниязбекұлы есімі ел есінде мәңгілік сақталатыны хақ.

Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ,

жазушы, Алматы облысының құрметті азаматы.

 

 

 

 

Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевтың назарына!

ӘКЕ ҚАБІРІН ІЗДЕП ТАПҚАН СӘБИРА АПАЙДЫҢ АЙТАР УӘЖІ БАР

Әкесі Керімбек Алтаев Ұлы Отан соғысының қанды майданында қайтыс болғанда бір жасқа толар-толмас нәресте болған Ленгір (қазіргі Төлеби) ауданының тумасы – Сәбира Керімбекованың есі кіргелі бері әкесін сағынышпен іздеумен келеді. Ол ұзақ уақыт бедерінде ұстаздық қызмет атқарып, зейнеткерлікке шыққан. Әділет іздеп, шындық іздеп, шарқ ұрып шаршап-шалдығып жүргеніне бес жылдың жүзі болды. Тілшілерге құлаққағыс ете жүріп аудандық «Төлеби туы», облыстық «Оңтүстік Қазақстан», сондай-ақ «Айғақ», «Рейтинг» газеттеріне әкесі туралы бірнеше мақалалар жариялатқан. Сәбира апай әкесінің елі мен жері үшін еткен еңбегі еленсе екен дейді.

Керімбек Алтаев 1904 жылы қазіргі Төлеби ауданының Қасқасу ауылдық округіне қарасты Керегетас ауылында дүниеге келген. Көзі ашық, сауатты, ел қамын ойлайтын саналы азамат болған. 1931-1933 жылдардағы ашаршылық кезінде талай жанды өлім аузынан құтқарып қалған екен. Кейіннен ауыл шаруашылықтарын ұжымдастыру жұмыстарына белсене атсалысқан. Қазіргі Төлеби және Сайрам аудандарына қарасты Кеңесарық, Керегетас, Қарабұлақ, Қарамұрт, Қасқасу, Сайрам, Сайрамсу елді мекендерін құруға қатысқан. Бес жылдай уақыт ұжымшар басқармасының төрағасы болып қызмет атқарған. Алдына келген мұқтаж жандардың көңілін жықпастан, оларға қолынан келген көмегін аямаған. Бұған Нәдір және Жақанша Түктібаевтар мен Алтын Қапанованың жазған қолжазбалары куә.

Керімбек Алтаев 1941 жылдың екінші желтоқсанында өз еркімен майданға аттанған. Екі жылдай хат-хабар келіп тұрған. Кейіннен хабар-ошарсыз кеткен. Сөйтсе снайперші жігіт Ресейдің Орлов облысының Арадоск ауданындағы Махатон деревнясында ерлікпен қаза тапқан көрінеді. Оның атына үш рет «қара қағаз» келіпті. Ең соңғысы 1947 жылы келген екен.

Қазір білім мен ғылымның, жаңа технологияның дамыған заманы. Күндердің күнінде, дәлірегі 2013 жылы Сәбира апай Интернетті ақтарып отырып әкесінің 1943 жылы 15 шілдеде Орлов облысының Залегощенский ауданының Подмаслово деревнясында қаза тапқаны жайында хабар табады. Қаржылай көмек сұрап облыс пен аудан әкімдеріне, «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалына, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұловтың атына хат жазғанмен, олардан қайран болмайды. Содан азын-аулақ қаражатпен 17 шілдеде інісі Қанат Мырзакерімов екеуі Мәскеу арқылы ұшақпен «Орел қайдасың?!» деп жолға шығады. Қонақүйге жайғасып, ертеңіне азанда токпен жүретін пойызға (электричкаға) отырып Махатон деревнясына табан тірейді. Сонда барғанда оларды «Батырдың қызы, Батырдың ұрпағы қош келдіңіздер! Біздің туған жерімізді жаудан қорғаған Сіздің жаужүрек әкеңіз бен оның жауынгер достарына басымызды иеміз!» – деп құшақ жая қарсы алады. Қонақжайлылық танытып, қошемет көрсетті. Кезінде осы бір деревняны жаудан азат ету үшін 753 жауынгер жер жастанған екен. Олардың сексенінің есімі мәрмәр тасқа қашалып жазылған. Сол есімдердің арасынан әкесінің аты-жөнін адаспай табады.Әке қабірінің басына гүл шоқтарын қояды. Туған жердің қасиетті қара топырағын салады. Өз кезегінде ондағы бір уыс топырақты елге әкеліп, анасы Гүлжанның қабірінің басына салады. Украинадан, Эстониядан әке-аталарын іздеп келушілердің қарасы көп екен. Қаза тапқан қазақ жауынгерлері ұрпақтарының ішінен бұлар бірінші болып барған. Деревня тұрғындарының арасынан Сәбира апайдың әкесінің қалай қайтыс болғанын көрген жалғыз адам табылады. Сол кезде ол он үштегі, қазіргі зейнет жасындағы әжей Керімбекке қалай жау оғы тиіп, мерт болғанын, кейіннен қалай жерленгенін бәрін тәптіштеп баяндап айтып береді. Отан үшін опат болған мыңдаған сарбаздардың арасында қазақтың қос ұлы болған екен.

Енді бірауық Сәбира Керімбекованың әкесіне арнаған өлең жолдарына назар салып көріңіздер:

 

Әкешім, ұзақ ғұмыр сүре алмадың,

Әкенің ақ тілегін бере алмадың.

Артыңда жетім болып біздер қалдық,

Көтеріп көкірегімді жүре алмадым.

 

Өмір – күрес, қиындықпен қырдан астым,

Мақсат қойып, аяғымды анық бастым.

Асыл әке жоқтығын білдірмеген,

Әрқашан да анам болды жан сырласым.

 

Анам кейде қамығып Сізді егілетін,

Жанарынан мөлдір моншақ төгілетін.

Артыңызда қалған біздер – қос құлының,

Сүйеу болып жылатпауға бекінетін.

 

Қайғы бұлты сейілмеді неше күн,

Енді елес бүгіндері кешегім.

Әке білем, «Отаным!» деп от кешіп,

Тайсалмастан кеудеңді оққа төседің.

 

Кеудемдегі қалай енді тұрар мұң?

Балғын шаққа ой-қиялмен барамын.

Артыңдағы жастай қалған ұл-қызың,

Ойладың ба жетім болып қаларын!

 

Кетер емес қара бұлты аспанның,

Жүрегіме жазған қайғы дастанын.

Қайран әке, көзіңе біз елестеп,

Ресейдің топырағын жастандың.

 

Қызыңызбын, жүрмін жырақ елден де,

Тым аз қалды өзіңізді көргендер.

Тағдыр басқа жазғанына не шара,

Шейіт болдың қырық беске келгенде.

 

Еске алумен жүрмін әлі егіліп,

Көздің жасы құрғамады төгіліп.

Жан әкемнің мейіріне бөленбей,

Сексен жастың алды қалды көрініп…

 

Керімбек Алтаевтың қызы Сәбира апай ұзақ уақыт бедерінде ұстаздық қызмет атқарып, шәкірт тәрбиелеумен айналысты. Көрген-білгендері жайында күнделік, ептеп өлең де жазады. Ағасы Мырзакерімнің ұлы Қанаттан тарайтын немересі Гүлмира Керімбекова да атасына еліктеп ержүрек болып өсті. Ол 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы (кейбіреулер көтеріліс дәрежесіне дейін көтергісі келеді) кезінде шымкенттік сегіз қызбен бірге кешегі кеңестік тоталитарлық жүйеге қарсы өзінің қарсылығын айқын білдіре алған қазақтың қайсар қызы. Оның аты-жөні Мәскеудегі Орталық газеттердің бірінде жарық көрген, қазақ тіліне аударылып басылған «Шырмауық» атты мақалада келтірілген. Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері немересін пәтерінен сүйретіп алып шыққанда қатты шошынған Гүлжан әжесінің табан астында миына қан құйылады. Жүрек талмасына ұшырап, инсульт алған әжесінің бес жыл бойы тілі байланып, сол күйіктен 69 жасында көз жұмады.

Әкесінің ерен ерлігін ескеріп, оның есімін өзі туып-өскен ауылындағы мектепке, балабақшаға, көшеге беру жөнінде талай құзырлы органдардың атына жазған өтініштері сиырқұйымшықталып аяқсыз қалып келеді. Атап айтқанда, оның Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа, кешегі Оңтүстік Қазақстан, қазіргі Түркістан облысының әкімі Жансейіт Қансейітұлы Түймебаевқа бір емес, екі рет, «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалының басшысына бірнеше рет өтініш жасаған. Ал Төлеби аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің меңгерушісі Ә. Әсілбектен 2013 жылы 4 тамызда № 117 хатында: «Сіздің 2013 жылғы 27 тамыздағы (дұрысы – 27 шілдедегі болса керек) №1057 санды хат, аудан әкіміне жазылған өтінішіңізге байланысты, берілген өтінішке сәйкес Қасқасу ауылдық округі әкіміне өтінішіңізге сәйкес қажетті құжаттарын жинақтап, заң шеңберінде ономастикалық комиссияға ұсыныс беру керектігі жөнінде хат жолданды. Құжаттары түгелденген жағдайда комиссияда қаралатынын хабарлаймыз», – деген сырғытпа жауап берген. Содан бері өткізілген бес жылдан бері ешқандай дерек жоқ.

Құрметті Жансейіт Қансейітұлы! Сізден міне, осылардың бәрін ескере келе Керімбек Алтаевтың есімін Төлеби ауданындағы мектеп, балабақша, көшелердің біріне беруге ықпал етуіңізді сұраймыз!

Ә. ҚАҢТАРБЕК.

 

 

 

САРҒАЙҒАН ДӘПТЕРДЕГІ САРБАЗ СЫРЫ

Тарих дөңгелегі тоқтаусыз алға жылжуда. Уақыт өтіп, ұрпақ өсіп келеді. Өскен ұрпақтың өткенге зер салып, тарихқа айналып бара жатқан ел ішіндегі ерлер өмірін екшеп-текшеп, олардың тағылымды да тәлімді жақтарын бүгінгі замандастарымызға дәріптеп отыруы кімнің де болса көңілін көтеріп, жанын жадырататыны сөзсіз-ау.

1941-1945 жылдар аралығында болған Екінші дүниежүзілік соғыстың кешегі Кеңестер Одағының Ұлы Жеңісімен аяқталғанын бүгінгі ұрпақтың толыққанды білмейтіні анық. Оған әсте жауқазындай өсіп келе жатқан жасөспірімдерді кінәлі дей алмаймыз. Кінәлі өзгерген заман, өткен тарихты шежіресін сыр етіп шертетін қариялардың азаюы болса керек. Айтса нанғысыз, миллиондаған жауынгер жастардың өмірін қыршынынан қиып, тағы да соншама, бәлкім одан да көп адамның жанын, тәнін жаралап, мәңгілік мүгедек етіп кеткен сол сұрапыл соғыстан бері де екі ұрпақ ауысып, үшінші буын өмірге келе бастапты. Олар үшін бұдан жетпіс үш жыл бұрын өткен алапат майдан, қаралы соғыс әлде ертегі, әлде аңыздай болып бара жатқанын жасырып та болмас.

Жолдыбай Мәнкеұлы қиыншылықпен өсті. Әкесінен жастай айырылды. Буыны қатпаған жас бала еңбекке ерте араласты. Өмірдің ащы-тұщысын бірдей татып өскен ол ерте есейді. Жомарт табиғат оған зор дене, байсалды мінез де сыйлаған екен. Күші жағынан да, ісі жағынан да ұдайы алда болды.

Қолы қалт еткен кездерінде ауыл қарттарының жанынан табылып, атамекен, туған жер, халқын қорғаған Құдайберді би, Түгелбай батыр, тікелей бабасы болып келетін Әбді туралы көп тыңдап, «Қобыланды батыр», «Алпамыс батыр» жырлары мен сан алуан аңыздарға құлақ түретін. Тыңдаған сайын сөз құдіретіне көніге түсіп, оның алмас қылыштай алымды қасиеттерін бойына сіңіре беретін. Жас кезінен жинақталған табандылық пен ерлікке деген құштарлық қанды майдан даласында кәдеге асқаны анық.

Өзі өмірде жоқ адам туралы жазу қиынның қиыны екен. Әйтсе де бір көңіл жұбатарлығы, майдангер атаның көзі, артында қалған ұл-қыздары, ағайын-туыстары бар. Сосын соғыс жылдары жазылған бірқатар жазбалары сақталыпты.

Әңгіме өзегіне айналып отырған майдангер атамыз Жолдыбай Мәнкеұлы 1924 жылы Леңгір (қазіргі Төлеби) ауданының Кеңесарық ауылында дүниеге келген. Онымен бір туған Әуесхан (1929) және Өткелбай есімді інілері бар. Бұлар да ауыл шаруашылығы мен сауда мекемелерінде елеулі еңбектерімен танылған жандар болды. Бүгінде ағайынды үшеуінен тараған ұрпақтар Қазақстанның сан тарабында сан салада еңбек етуде.

Жолдыбай атаның үлкен ұлы Жұмабек бізге ұзақ уақыт сақталғандықтан сарғайып кеткен дәптерді ұсынды. Ондағы қолтаңба майданның тұңғиық сырлар иіріміне тарта түседі.

Енді майдангер Жолдыбай Манкеевтің өзі жазған күнделігіне үңіліп көрейік.

1941 жылы 3 желтоқсан азанғы сағат 10-да армия қатарына шақырту қағазын алдым. 7 желтоқсан күні таңертең сағат 8:30-да ағайын, туған-туыспен қоштасып, ауылдың бес баласы ауданға қарай жол тартып кеттік. Ол: Жолдыбай, Қаражан, Байсейіт үшеумізді шақырып алып 11 желтоқсан күні азанда елдің ортасына жиылдық. Елдің бұрынғы айқай-жылауы көбейе бастады. Бұл қалай деп сұрастырсам, сол түні тағы 18 адамға армияға шақыру қағазы келген екен. Бұл қалай болды деп ойландым. Содан ел жылап, оған қосылып біз де көз жасымызды жасырып сүртіп елден аттандық. Осы күні ауданға келдік. 11-12 желтоқсанда бұрынғы шақырылғандарды аттандырып жатты 13 желтоқсан күні сағат 3-те менімен бірге 60 бала атқа отырып, жетегіне жетек алып Оңтүстіктің кіндігі – Шымкентке ат басын бұрдық. Сағат 11-де қалаға келдік. 14 желтоқсан күні Шымкент халқымен қоштасып, шығыс жаққа қарай пойызбен жол тарттық. Манкент, Түлкібас арқылы желтоқсанның 15-і күні Жамбыл қаласына келдік. Желтоқсанның 16-сы күні комиссияда болып, 268-полкқа жіберді. Киім бермеді. Күніне екі сағат жер тепкілетті. Содан 29 желтоқсанда «поход» дегенге шықтық. Жауынның артынан жауған қардың астында жаттық.

1942 жылы 27 шілдеде Жамбылдан ел-жұртпен қоштасып, азанда жүріп кеттік. Содан Шымкент арқылы Арысқа жеттік. Кешке Қызылордаға келдік. 2 тамызда Ногинск қаласына жеттік. Бұл жерде қазақтың аттарын орысқа тапсырдық. 7 тамыз күні пойызбен жүріп отырып 9 тамыз күні Ильинка деген жерге түстік. 14 тамыз күні қазақ дивизиясын қой бөлгендей әр полкке бөлді. Мен 179-полкке кеттім. 15 тамыздан 25 қазанға дейін Горховедскіде лагерде болдық. Жері құм, қалың қарағай екен. Онда картоп пен тауық қуырып жедік. 26 қазанда шығып, 4 қарашада бір аялдап, содан жаяу жүріп 7 қараша күні Чеботровка деген селоға келіп жеттік. 9 қараша күні окоп қаздық. 4 тәулік бойы. Жері қатты екен. Сол кезде неміс ұшақтары келіп бомбалай бастады. Ертесіне алға жылжи бастадық. 21 қарашада менің аяғым сынды, ал 23 қарашада Шубин деген жігіт қайтыс болды. 26 қарашада Горводовский деген хутордан шығып, бір селоға келдік. Осындағы болған шайқаста Машкарин, Остратов және Тойлыбаев жараланды. Бұл 30 қараша еді.

1942 жылы Попов-2 деген селода ауылдасым Қаражанмен ботадай боздап кездестік. Бұл күні екеуміз бірге жаттық. Содан алға жылжи отырып Подаблиский, Морозовский, Бешиновке, Татсинскийді басып өтіп, 1943 жылы 3 сәуірде Дяковадан шығып, Ворошиловград, Новый Айдар, Стребелинский арқылы Барбаровскіге келдік. 2 қыркүйекте Константиновка қаласын үлкен шабуылмен алдық. Немістер де барынша қарсыласып бақты. Содан жылжып отырып Большой Белазоровкада болдық. Осы арада 8 қарашада қанды қырғын орын алды. Соғыстың салдары ауыр болды. Мұндағы шайқаста Досымбеков, Қашақов, Бөлеков деген қазақтың жастары ерен ерлік жасап, қайтыс болды. Мен жарақаттанып 8-нен 21 желтоқсанға дейін госпитальда болдым.

Екі жылдық ауыр соғыстан соң бізді (3-армияны) демалысқа шығарды. Біз кері шегініп, Михайловкада тұрдық. Бұл жерде біз майор Әділгереев деген қазақпен жүздестік. Бұл кісі мұсылман жастарының солдаттарымен әңгімелесті. Ол кісі бізді рухтандырып, Жеңіске жететінімізге сендірді. Елге аман-есен қайтуымызды тіледі. Аз болса да өзінің ақыл-кеңесін берді. Содан тағы да жылжып, Нежин қаласында пойызға отырып Киев, Житомир қалаларын басып өттік. Лавров деген селода тұрдық. Мұнда вандерлер көп екен.

1944 жылы 14 маусымда барлық әскерлер көтерілді. Содан «уралап» шабуылға шықтық, алда танкілер, соңында жаяу әскерлер, артиллеристер, ұшақтар бомбалап барады. Гороховка қаласында немістер қатты қарсылық көрсетті. Ұшақтарын топ-тобымен жіберіп, бізді бомбаның астына алды. Төрт күндік ауыр соғыстан кейін немістердің қорғанысын бұзып өтіп, алтыншы күні Бух өзеніне келіп жеттік. Одан жылжып отырып Висла өзеніне келдік. Мұнда да қатты ұрыстар жүрді. Немістер барынша арпалысып бақты, бірақ одан нәтиже болмады. Біздің армия Сандомир қаласын басып алды. Бірнеше селоларды, шағын қалаларды басып, алға жылжи бердік. Остенгрос қаласына келдік. Түнде бірден немістер шабуылға көшіп, олардың үш танк дивизиясы, екі жаяу әскер дивизиясы бірігіп біздің 76-корпустың штабын жойып, біздің батареяны да талқандады. Бір тәулік қоршауда қалдық. Қақаған суықта орман ішінде жаттық. Екінші тәулікте қоршауды әрең дегенде бұзып шықтық. Одан соң Одер өзенінен өттік. Содан қиыншылықпен Грумбурх деген қаланы алдық. Түнде РАМИС-пен 7 адам барлауға бардық.Губиндегі ұрыста Ходжақұл Расулов қаза болды.

1945 жылы 24 сәуірде Шпрен өзенінен өттік. Қанды соғыс жүргізе отырып Берлиннен 18 шақырым жердегі орманың ішінде қоршау тобына кірістік. Бұл соғыста 8 күн болдық. Немістерді қырғын жасап, талқандадық. 31 сәуір күні Берлин асфальт жолын немістер кескен еді, соны азат етуге 8 танкті біздің батарея жіберді. Сұрапыл соғыспен босаттық. Осы күні старшина Палшинский қаза тапты. Менің мәшинемнің моторына снаряд тиді, содан жанып кетті. 1 мамырда немістерді тым-тырақай қудық. 2 мамыр күні Берлинді алдық. Эльба өзенінен өтіп, 5 мамыр күні Дрезденнің жанына келдік. Содан 9 мамыр күні Прага қаласында болдық.

Міне, бұл Жолдыбай қарияның күнделігінен алынған нақты мәліметтер. Онда Взводта бірге болған (Горховедскийдегі) жауынгерлердің тізімі де бар. Мен ондағы мұсылман жауынгерлердің аты-жөнін арнайы беріп отырмын. Мүмкін бұл кісілердің перзенттері, туыс-туғандары болса хабарласар деп ойлаймын.

  1. Бурханов Умар (1923 ж) – Татарстан.
  2. Искаков
  3. Тыныштағыбаев И.К
  4. Бекқұлов
  5. Қойлыбаев
  6. Тойлыбаев – жараланған
  7. Мамырбаев – марқұм
  8. Оспанов – жараланған
  9. Баймұсаев – жараланған
  10. Қуанышбаев – белгісіз
  11. Исаев – белгісіз
  12. Закиров – жараланған
  13. Досымбеков – марқұм
  14. Жұнісов – жараланған
  15. Шаймарданов
  16. Жүнісбаев – өлді
  17. Жабарқұлов – тірі
  18. Әбілдаев – тірі

Полк бойынша бір батареядан 500-адамнан қалды. Мен наводчик болдым. Бір өзім 3000-нан астам снаряд аттым. Кеңестер Одағының көптеген орден-медальдарымен наградталдым, – дейді күнделігінде Жолдыбай Манкеев. Онда соғыс кезіндегі командирлерінің фамилияларын да келтірген.

Отты жылдары ересен ерлігімен көзге түскен Жолдыбай Манкеев атамыз 1945 жылы Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылған, бірақ оның арты сиырқұйымшақтанып кеткен. Шовинизмнің салдарынан басқаға берілгенін майдангер досының бірі соғыстан кейін газетке жариялаған еді, дейді сол газетті қолға алғандар. Қандай газет, жылы, нөмірі туралы ешкім ешнәрсе айта алмайды. Егер бұл анық болса жуық арада бұл мәліметті тауып қалармыз.

Жолдыбай атамыздың қаһармандығын гвардия полковнигі М.Н.Нұрғалиевтің облыстық “Оңтүстік Қазақстан” газетінде 1949 жылы жариялаған мақаласынан-ақ аңғаруға болады:

“…Сталинград қаласы үшін тарихи ұрыстарға қазақтар белсене қатысты. Сталинградты қорғаушы Қарсыбай Сыпатаевтың ерлік ісін кеңес халқы ешқашан ұмытпайды. Ол басқа солдаттармен бірге жаудың 28 танкісіне қарсы ұрыс жүргізді. Қайтпас минометчик ақырғы минамен жау колоннасының астына түсті. Бірақ танк өте алмады. Бекініс позициясын жаудың алты танкісінен қорғаған көздеуші коммунист Жолдыбай Манкеев батырлық пен тайсалмаушылықтың үлгісін көрсетті,” – деп шындықтың бетін ашады. Міне, оған өз тұстасынан артық бағаны кім бере алады. Кейінгі жастар соғыс деген қасіретті көрмегендіктен айтылған әңгімені аңыз деп қабылдауы мүмкін. Шындығында майдангерлердің ешқайсысына да бұл соғыс жеңіл болған жоқ. Қар төсенді, мұз жастанды, бұдан басқа да көптеген ауыртпалықтарды бастан кешірді. Бұған сарғыш дәптердегі жолдар айқын дәлел бола алады.

1946 жылы елге Жеңіспен оралған Жолдыбай Манкеев ата өмірінің соңына дейін 35 жыл Ленгір (қазіргі Төлеби) ауданында түрлі қызмет сатыларында үздік танылып, жемісті еңбек етті. Зайыбы Қиякүл Райымқұлқызы екеуі 10 ұл-қыз өсіріп, тәрбиеледі. Ата жолын ұлық тұтқан перзенттері бүгінде өнегелі отбасы иелері.

Жолдыбай атаның соғыстан кейінгі дәуреніне, қызмет белестеріне сәті келгенде арнайы тоқталғанымыз абзал болар.

Суретте: Жолдыбай Мәнкеев (сол жақта).

Әбілқайырхан МҰХИТХАНҰЛЫ. 

Шымкент қаласы.

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *