Дәулет МҰСАЕВ, Түркістан облыстық жедел медициналық жәрдем станциясының бас дәрігері, Төлеби аудандық мәслихатының депутаты: «САПА БАР ЖЕРДЕ ХАЛЫҚТЫҢ СЕНІМІ БАР»
Ауылға не керек екенін сол жердің суын ішіп, тау-тасын кезген, бала кезден қыр төбеде шыбықты ат ғып ойнап өскен ер-азаматтан артық дөп басып кім біле алар? «Болар баланың бетін қақпа, белін бу» демей ме қазекең… Жанары жалынға, көкейі таудай асқақ армандарға толы Дәулет те асық атып, асыр салып жүрген жеткіншек шағынан «ержеткенде туған жердің топырағына ту тігіп, елімнің абыройын аспандататын айбынды ер боламын» деп өсті.
«Тау баласы тауға қарап өседі». Алатаудың соңғы сілемдерімен ұштасып жатқан Сайрам тауының саясында, киелі де көрікті, әулиелі мекенде дүниеге келген Дәулеттің осы риясыз биік-биік талпынысы оны үлкен өмір ағысына алып келді.
Өмір – даңғыл жол, адамзат біткен сол даңғыл жолдың жолаушысы. Шіркін, жолаушы өмір жолында адасып кетпеу үшін – оның темірқазықтай мызғымас мақсаты болуы керек-ақ. Тау баласы Дәкеңді де өмірдің сан тарау жолдарынан анық та, айқын алдаспандай қақ жарып, жетелеп алып шыққан өзінің берік те, мығым ұстанымдары еді.
Түркістан облысы, Төлеби ауданының тумасы, алтын қолды білікті дәрігер, аудандық мәслихат депутаты Дәулет Аманжолұлының мақсаты – елге қалтқысыз қызмет ету.
Міне, кешегі көкейі таудай биік армандарға толы балаң жігіт Дәулет Мұсаев бұл күнде ел мәселесіне араласатын, туып өскен топырағының түлеуіне үлес қосатын айтулы азаматқа айналған.
Дәулет Аманжолұлы Мұсаевтың есімі аймақ жұртшылығына етене таныс. Дәкең жас та болса, бас болып, қоғамдық өмірге белсене білек сыбана кірісіп, өтімді сөзін іспен дәлелдеп келе жатқан іскер тұлға. Қамал алар қырық жасында халық қалаулысы атанып, ел ішіндегі қордаланған мәселелерді көтеріп, оның шешімін табуына атсалысып келеді.
Дәкеңнің бойындағы ерекше қасиеті – бастаған ісін аяғына дейін жеткізу, уағдаласқан сөзінің ләмін жұтпау. Бұл болмысы жігітті жетер жеріне жеткізері хақ.
Бүгіндері ел назарына ілігіп жүрген, медицина саласының дамуына өлшеусіз тер төгіп келе жатқан Дәулет Мұсаевтың атқарған жұмыстары жайлы әңгіме-дүкен құрып, сұхбат барысында елге деген қызметін жазуды жөн көрдік.
– Дәулет Аманжолұлы, биылғы жыл ел үшін маңызды даталарға толы. Ел тәуелсіздігіне 30 жыл толып отыр. Саяси партиялар тізіміндегі көшбасшы «Nur Otan» партиясы «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты бес жылдық бағдарламасын түзді. Осы мақсатта халық арасындағы қоғамдық мәселелерге көңіл бөліп, шапшаң шешім шығарып жүрген белсенді де беделді азаматтардың бірісіз. Былтырғы праймеризде көрсеткен жоспарлы бағыт-бағдар бойынша қандай жұмыстар қолға алынды?
– Иә, естеріңізде болса, халыққа медициналық қызметтің сапасын жақсарту, соның ішінде ауылдық жерлерге қосымша медициналық бекеттер салу, медициналық жедел жәрдем қызметінің уақытылы көмек көрсету жылдамдығын арттырамын деп уәде берген болатынмын.
Ең алдымен қай сала болмасын, қызмет сапасы арқылы сол саланың деңгейі көтеріледі. Сапа бар жерде халықтың сенімі нығая түседі. Сол себепті, сайлауалды бағдарламама сәйкес биыл Төлеби ауданында барлығы 7 фельдшерлік-акушерлік пункт салуды қолға алдық. Дәл қазір Екпінді мен Алғабас ауылдарында пунктің құрылыс жұмыстары басталып та кетті. Жылдың аяғына дейін қалған бесеуін салып бітірсек, халыққа деген зор көмегіміз сол болар еді.
Ауыл халқы он-он бес шақырым жырақтағы көрші ауылдың медпункттеріне барып қаралып, ем қабылдауға мәжбүр. Сондықтан медициналық көмекке аса мұқтаж ауылдардың тізімін жасап, міне, алғашқы кірпішін қалап та қойдық.
Осылай біз бірте-бірте дәрігерлердің халыққа деген қызметінің сапасын арттыра аламыз.
– Иә, сөзіңіз аузыңызда, Алғабастағы ФАП құрылысын көріп қайттық. Ауыл тұрғындары енді алысқа шапқылап жүгірмейтін болдық деп ризашылықтарын білдірді. Ел алғысына бөлену ол да бір мәртебе. Медициналық қызмет сапасын арттыру үшін сала қызметкерлерінің біліктілігін арттыру да қоса атқарылу керек болар?
– Бұл да өзекті мәселе. Бірінші мәселе – ауыл-аймақты медицина нысандарымен қамтамасыз ету болса, екінші мәселе – дәрігерлердің, барша медқызметкерлердің кәсіби біліктілігін арттыру және медицина мамандарының беделін өсіру. Сонау тоқсаныншы жылдары қоғамдық формациялар ауысқан шақта қоғамда дәрігердің статусы төмен түсіп кетті. Адам жанына араша болатын дәрігерлерге деген кері көзқарас та тумай қойған жоқ. Мұның барлығы өткінші, уақыт өте келе медицина саласы да, осы саланың қызметкерлері де белді, беделді, халық арасында сыйлы да сенімді болатынына, білім мен біліктілік деңгейінің дәрежесі көтерілетіне сенімім мол.
Сондықтан біз медицина саласы мамандарының білімі мен тәжірибесін жетілдіруді жіті қолға алу керекпіз. Заманауи технологиялар күннен-күнге алға қарыштап дамып бара жатыр, әсіресе медицинада озық құрал-жабдықтар мен әдіс-тәсілдер қолданысқа енді. Білім мен тәжірибе бар жерде, сапалы медициналық қызмет бар, сапалы қызмет бар жерде, медицина мамандарының беделі мен құрметі артады.
Сондықтан Түркістан облысы бойынша биыл он шақты азаматымызды Түркияға тәжірибеден өтуге, біліктілігін арттыру курстарына жіберіп алдық. Олардың медициналық даму деңгейін көріп келсін дедік. Білім алуға кеткен дәрігерлер бір аптаға жуық оқып, барып келді. Әрине, түрік ағайындардың медицинасын саралап, сараптап жақсы жетістіктерін алып келді.
Яғни 5 дәрігер және 5 фельдшер Түркия мемлекетінің Стамбул қаласына біліктілігін арттыруға жіберілді. Топ Түркістан, Кентау, Ордабасы ауданы медициналық қызметкерлерінен жасақталды. Бұл тәжірибе халқымызға жедел медициналық жәрдемнің сапасын арттыруға мүмкіншілік береді. Биыл жыл соңына дейін тағы 3-4 топты оқыту жоспарланып отыр.
Сонымен қатар дәрігерлерді Ресей мемлекетіне де жіберіп, ол жақтың да тәжірибесін ендіру ойымызда бар. Қызмет аясын кеңейтіп, әрі көтеру үшін менің ойымша, жер көріп, басқа елдермен тәжірибе алмасу керек. Сонда ғана қызмет сапасы артады. Себебі, бір ауданның төңірегінен шықпаған азамат сол ауылдағы деңгейден артық ештеңе көре де алмайды. Қазір медицина барған сайын заманауи технологияға жаңа ақпаратқа толы, дамып кеткенін жақсы білесіз.
Міне, қазіргі жоспарым – мамандарды осылай максимал түрде оқыту.
– Негізгі мамандығыңыз – хирург. Бұл да бір табиғаттың берген дарыны ғой. Дәрігер болуды бала кезден армандадыңыз ба?
– Дәрігерлік жаныма жақын. Өзім анам балалар дәрігері болып өмір бойы елге қызмет етті. Дәрігерліктің қандай ауыр, жауапты жұмыс екенін жақсы білемін. Анам әрбір ауырып қалған баланы уайымдап, түнімен ұйықтамай шығатын. Мұғалімдер мен дәрігер қашанда халықпен бірге, аралас-құралас жүретін, баршылық та, жоқшылықта да, жан айқайында да бірге жүретін маман ғой. Баяғыда алыстан ауылға дәрігер келетін болса, алдынан шығып қарсы алатын, бар құрметін жасап, қадірлеп төрге отырғызатын болған. Осылай халық алдында сыйымыз жоғалмасын.
– Депутат ретінде өзіңізді көптен толғандырып жүрген мәселелерді ортаға салсаңыз… Канвассинг форматында кездесулер өткізіп жүрсіз, жүздесулер қандай нәтиже берді?
– Толғандырып жүрген мәселе жеткілікті. Медициналық базаны талапқа сай жасақтау, мамандар тапшылығын жою деген секілді… Жаңа медициналық аппараттар мен жабдықтармен қамтамасыз ету бүгінгі күннің талабы. Жақында денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен аудандарға су жаңа жедел-жәрдем көлігін алып бердік. Жаңа көліктің сапасы жоғары, әрі жолға өте қолайлы. Сонымен қатар өкпені жасанды тыныс алу аппараттарымен қамту жағы көш ілгеріледі. Енді отырған жеріміз мұнтаздай таза, кең, жарық болса, мінген көлігі тәуір болса, алыс-жақын шетелдерге барып, білімін жетілдірсе, одан артық не жайлылық керек?
– Маман тапшылығын жойсақ деп қалдыңыз…
– Маман тапшылығы бүкіл Қазақстанда бар. Кешегі пандемия кезінде де вирусологтар, иммунологтар тапшылығын көрсетті. Біз қазір маман даярлау ісімен айналысуымыз керек. Медицинаның ішінде арнайы мамандары бар екенін білесіз, онкология, нейрохирург, невропотолог… Міне, жоғары деңгейде осындай маман дайындау үшін кем дегенде он жыл уақыт керек. Ол мамандарды дайындау үшін соған сай база болу керек. Біз базаны жасақтайтын боламыз.
– Сұхбатыңыз үшін рахмет! Жұмыстарыңызға жеміс тілейміз!
Гүлманат ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ