ДIН – БІР ҰЛТТЫҢ МЕНШIГI ЕМЕС, ОЛ АДАМ ТАҢДАМАЙДЫ

Дін
671 Views

Елімізде Тәуелсіздік жылдары Қазақ­стан үшін беймәлім, жаңа “дәс­түрлі емес” діни ұйымдар пайда болды. Атап айтар болсақ, пресвитериандық және методизм, протестанттық конфессиялар, сондай-ақ “Жаңа аспан” сияқты протестанттық шіркеулер, “Сайтан шіркеуі”, “Саен­тология шіркеуі” сияқты діни бірлестіктер көріне бастады.

Елімізде дәстүрлі емес шіркеулер қатары өсуде. Саентология шіркеуі АҚШ-та ХХ ғасырдың 50-ші жылдары пайда болды. Негізін салушы Лафайет Рон Хаббард (1911-1986). Ол өз ілімін “Динае­тика: ақылды ойдың саулығы туралы бүгінгі заманғы ілім” атты еңбегінде қорытындылаған.

Сонымен қатар, елімізде экстремистік бағыт­тағы түрлі вахабтық ағымдардың заңға қай­шы әрекеттері жұртшылықтың наразылығын тудыруда. Қазіргі таңдағы өзекті деген үлкен мәселелердің бірі жаңбырдан соң ормандағы саңырауқұлақтай қаптап кеткен түрлі діни ағымдардың өскелең ұрпаққа, жастарымыздың рухани тұрғыдан кері әсерін тигізіп келеді. Олар, өздерінің іс-әрекеттерін заңды тұрғыдан тыйым салынғандығына қарамастан жасырын әрекет етіп келе жатқан діни ағым «Хизб ут Тахрир», «Таблиғи жамағаты», «уаһабшылар немесе сәләфилер», «Исматуллашылар, зікіршілер», «Ахмадия» сияқты ұйымы.

Миссионерлік – діни ұйымдар­дың ілімдерін таратуға арналған діни және саяси қызмет. Мұндай ұйымдардың шоқындыру саясаты Африка және Азия халық­тары арасында қарқындап, мақсат­ты түрде жүргізіліп отыр. Миссио­нерлік ұйымдарға бірқатар елдердің мемлекеттік құрылымдары, қайы­рым­дылық қорлары, үкіметтік емес ұйымдар, қаржылық топтар мате­риалдық және моральдық тұрғы­дан көмектесіп, ортақтаса жұмыс жасайды. Миссионерлер баратын ел халқының дінін, тарихын, әдет-ғұрпын, ділі мен психологиясын зерттеп біліп барады.

Көптеген миссионерлер жергі­лікті халық басым елді мекендерде тұрып, сол халықтың тілін, әдет-ғұрпын, мінез-құлықтарын өз қызметтерін табысты атқару үшін жетерліктей деңгейде зерттеп, үйренеді. Елімізде протестанттық және неопротестанттық шіркеу­лердің миссионерлік қызметтері халқымыздың діни бірлігі мен ынтымақты өміріне кері әсерін тигізеді.

Жұмыссыздар, өмірден өз ор­нын таппағандар, рухани күйзелісте жүргендер, жеке басы және отбасындағы психологиялық қиын­дықтарға төзе алмағандар, Ислам дінін терең білмейтіндер, әсіресе жастар миссионерлердің үгіт-насихатына тез ілігеді.

Қазақстан қоғамының рухани тұрғыдан жаңаруында дәстүрлі діндер маңызды рөл атқарады. Ислам, христиандық (православия бағыты) және иудей діндерінің жалпы адамзаттық және гуманистік құндылықтары ұлтаралық және конфессияаралық келісім мен татулықты орнық­тырудағы маңызы ерекше. Олар қоғамымызда достықты, өзара құрмет пен түсінісушілікті ны­ғайтуға қызмет етеді. Қазақ хал­қының мәдениеті мен руханияты Ислам өркениеті мен дүниесінің ажырамас бөлшегі. Елімізге Ислам діні күшпен емес, бейбіт жолмен енді.

Ислам құндылықтары мен ислам философиясын, ислам мәдениеті мен өнерін дамыту мен жаңарту ісіне қазақ халқы маңызды және зор үлес қосты. Ортағасырлық мұсылмандық фило­софиялық ойының қалып­тасуы мен дамуына қуатты сер­піліс берген қазақ даласының ойшыл­дары Әбу Насыр әл-Фара­би, Қожа Ахмет Ясауи, Махмұт Қашқари, Мұхамед Хайдар Дулати, Жүсіп Баласағұни және басқаларының мұралары ислам өркениетінің асыл қазынасы.

Күллі адамзатқа ортақ құндылықтардың бір — дін. Дін рухани байлық пен ізгіліктің, татулықтықтың, сабырлықтың, төзімділіктің, барша жақсылық атаулының бастау жолы.

Ислам дініне 1442 жыл болса, еліміздің топырағына келгендігіне тура 1350 жыл толыпты. Осы уақытқа дейін Орта Азия мен Қазақстанның мұсылмандары Имам Ағзам мазхабы бойынша амал-әрекет жасайды. Бұл біздің ата-бабаларымыздың сандаған ғасырлардан бері ұстанаып келе жатқан жолы. Еліміздегі Ислам діні — халқымыздың ертеден келе жатқан салт — дәстүрлері мен әдеп-ғұрыптарымен бірге біте қайнасып кеткен үлкен құндылығымыз.

Осы тұста айта кететін жәйт. Тәуелсіз еліміздің ынтымағы мен бірлігі, татулығы жолында аянбай қызмет етіп келе жатқан, еліміз мұсылмандарының бірегей орталығына айналған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұстанған бағыты мен елдің ішкі бірлігіне, тұрақтылығына және түрлі ұлт өкілдерінің дініне қарамай ауызбірліктің сақталуына бірден бір себепші болып отыр.

Қазір елімізде 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдері тату-тәтті тұрып жатыр. Олардың бәрін бір мақсат пен ортақ мүдде біріктіріп, топтастырып, ауыз біршілігін күшейтіп отыр. Осыншама жасалынып жатқан бірлігімізді ыдырату мақсатында түрлі миссияларды уағыздаушы топтар пайда бола бастады.

Бір кездері үлкен проблемалардың біріне айналған ата-бабамызды жік-жікке, ру-руға бөлушілік орын алып келген болса, ендігі жерде әр қазақ отбасында үш бірдей дінді ұстану жағдайы көрініс беріп отыр. Мұның соңы, қазірдің өзінде ел арасында татулық пен бірліктің арасына сызат түсіріп келеді. Бұл бір ғана ұлттың басына түскен нәубет емес, бүкіл еліміздің тұрғындарына келген ауыртпалық деп түсінген жөн. Осы тұрғыдан алғанда, әлгіндей теріс, жат пиғылды, еліміздің ертеңіне кесірін тигізетін ағымдар мен секталарға арнайы заң қабылдауы тиіс деп санаймыз.

Осындай ынтымағы мен бірлігі жарасқан ел халқының 75 пайыздан астамы мұсылмандар. Қасиетті Құран Кәрімде: “Ей, адамдар! Шынында сендердi бiр еркек пен бiр ұрғашыдан жараттық және бiр-бiрiңмен танысуларың үшiн сендердi қауымдарға һәм қабилаларға бөлдiк. Ал, Аллаһтың хұзырында ең қымбаттыларың, Одан ең көп қорқатыңдарың! Күмән жоқ, Аллаһ бiледi, Ол әр нәрседен хабардар!” (Хұжырат, 49/13). «Негізінде Аллаһ әділеттілік пен игілік-жақсылықты және де ағайын-туысқа қарасып, жәрдем етуді әмір етуде. Және де арсыздыққа, жамандық жасауға һәм азғындыққа тиым салуда. Сөздерінде тұрар, ойланар деп Ол сендерге насихат беруде» (Нәхыл сүресі 90 аят). Хазреті Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыз өзінің хадис шәріптерінде «Мұсылман – мұсылманға бауыр» дейді. Жалпы айтқанда, асыл дінімізде өзге дін өкілдерінің ар-намысына, жеке құқығына қол сұғудан қайтарған. Тіпті, пайғамбарымыз Мұхаммед саллаллаһу алайхи уасаллам жылына бір келетін Құрбан айт күндері сойылған мал етінің бір бөлігін өз дін өкілдеріне сый етуді әмір еткен.

Бір кездері дін және мемлекет қайраткері Әбсаттар қажы Дербісәлі өз сөзінде: «Ислам өз ізбасарларын ұлтқа, нәсілге, тіліне қарап бөліп, алалап, жіктемейді. Қайта бірлікке, ынтымаққа шақырады. Олай болса, біз – Қазақстан халқы, мұсылман болсын, мұсылман емесі болсын, достық, өзара түсіністік жағдайда сыйластықпен өмір сүруіміз керек» деген болатын.

Мешіттердегі уағыздарда да халықтардың бірлігі мен ынтымағына үлкен мән беріледі. Өйткені ынтымағы мен бірлігі күшті ел ғана қандай қиындықты болса да жеңеді. Аллаға шүкір, өтпелі кезеңнің қиыншылықтары артта қалуда. Ел экономикасы аяғынан тұрып келеді. Халықтың тұрмыс жағдайы мен әл-ауқаты да біртіндеп жақсарып келе жатқанын көріп отырмыз және оған шын жүректен қуанамыз.

Дін өкілдері де жас мемлекетіміздің рухани тірегі, тәуелсіздігіміздің алтын діңгегі, этностығының үлкен белгілері – мәдениетіміздің көркейіп, тіліміздің кіріптар халден құтылып, сайын даласында еркін самғауы жолындағы мұраттардан тыс қалмауға тиіс. Қазіргі таңда әсіресе елдің рухын көтеріп, отаншылдық сезімін ояту, күшейту қажет деп санаймыз. Сөйтіп дініміз арқылы да ертеңгі күнге – қазақ елінің болашағына, ұлттық бірлігімізді нығайтуға қызмет ету әрбір ел азаматының ең үлкен міндеті деп білеміз.

Әйтсе де, біздің ұлық дінімізге соңғы кездері түрлі жағымысыз «измдерді» таңып, қара күйе жағуға тырысушылық байқалуда. Мұның астарында әлдекімдердің тасада тұрып тас атуы, көздеген белгілі бір мақсаты жатыр деуге әбден болады.

Исламда терроризм де, басқа да «измдер» жоқ. Бұлардың дінімізге он қайнаса сорпасы қосылмайды. Токиодағы метрода улы газ шашып қаншама адамның өліміне апарып соқтырған «Аум Сенрике» сектасын ешкім де «Будда терроризмі» деп атаған жоқ.

Батыс елдерінің бірі болып саналатын Испанияда бірнеше жарылыстар болды. Бірақ ешкім де оны сол елдің дінімен байланыстырған жоқ. Бұзақы топтардың аты аталып, түсі түстеліп анықталды. Ислам білім, ғылым діні. Ғылым қаншалық дамыған сайын қасиетті Құран Кәрім де дами түседі.

Біз дінімізді түрлі саяси мақсатқа пайдаланғысы келетіндерге жол бермей, әрі олардың жетегіне кетпей, біртұтас Қазақстан үшін жұмыла жұдырық болып, діндер арасындағы түсіністікке, диалогқа жол ашып, жікшілдік пен фанатизмге тосқауыл болуға тиіспіз деп санаймыз.

Ислам діні адамдарға тек руханият жағынан ғана емес, дүнияуи жағынан да мәліметтер береді, мына өмірдің ізгі жолын түсіндіреді. Ислам қағидаларының бәрі де ақылы бар адамға түсінікті һәм логикалық үндестігі сақталған. Исламда түсініксіз, зиянды, керітартпа қағидалар мен бұйрықтар жоқ.

Дiн – бір ұлттың меншiгi емес, ол адам таңдамайды. Мейлi ол қара болсын, ақ болсын, бай болсын, кедей болсын, бөлiп жармайды. Исламият бүкiл ғаламдық дiн болғандықтан, ұлтшылдықты, нәсiлшiлдiктi қоштамайды. Бiр ұлттың немесе нәсiлдiң басқаларға үстемдiгiн қабылдамайды.

Әр азамат өз қарақан басын ғана ойлап, сөз бостандығын қалқан етіп біріміздің біріміз жағамыздан алып, жазықсыз да негізсіз жала жауып, сүріндіруге тырыссақ, өзіміз де, еліміз де қасірет шегеді. Осыны ұмытпаған жөн дер едік.

Ата-бабаламыз «Ырыс алды – ынтымақ», «Бақ қайда барасың деп сұрағанда, Бақ ынтымаққа, бірлікке, сабырлыққа барымын деген». Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарудың пайдасы да, ғибраты да мол. Жаратушы Иеміз бір, кітабымыз бір, пайғамбарымыз бір, мазһабымыз бір, Отан біреу, жер біреу, тіл біреу. Ендеше базбіреулердің неге бөлінгісі келеді? Неге кейбіреулердің үй ішінен үй тіккісі келеді? Егемен ел болып, еңсесін көтерген халқымызды жерге қаратпайық. Елдің, діннің, тілдің ертеңін ойлайық.

Бүгінгі күні халық пен жер, дін, Отан тұтастығын сақтап, дербес те тәуелсіз мемлекеттігімізді одан әрі баянды етуден артық міндет жоқ.

Кемеңгер, ақын Абай атамыздың «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» дегендей, әр уақытта ауызымыздан Алланың сөзі, қолымыздан Құран Кәрім түспесін дегім келеді.

Мұхамеджан ЕСТЕМІРОВ,

ҚМДБ-ның Шымкент қаласы

бас имамының орынбасары

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *