Қазақ қаңтар трагедиясынан әлі толық ес жиған жоқ. Бірнеше күнге созылған қақтығысты қаралы күндердің зардабы бірнеше жылдарға созылатын түрі бар. Істің ақ-қарасын айырып, әділ баға беру үшін күте тұруға тура келеді.
…Қазақ үшін тап қазір күттіруге болмайтын, жедел шешуді талап ететін, өте маңызды басқа бір мәселе бар. Ол – Қазақстан ұстанған бағыт. Жаңа Қазақстанның желкені қалай қарай бұрылады? Отыз жыл бойы іштен іріп-шіріп, жемқорлыққа батқан жүйені аз уақытта қарапайым халық армандап, көксеген бағыт пен мақсатқа жеткізетін жолды таптық па? Ел «етегінен ұстаған» Мемлекет басшысы үмітпен көз тігіп, құлақ түрген халқын қандай жолмен алып жүрмек?
Бір апта бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Qazaqstan» ұлттық телеарнасына тікелей эфирде сұхбат берді. Президент сұхбат барысында қасіретті қаңтар оқиғасының себеп-салдары мен алдағы уақытта жүзеге асырылатын саяси және әлеуметтік реформалар, Қазақстанның сыртқы саясаттағы стратегиялық серіктестерімен қарым-қатынастарына, қабылдаған шешімдеріне қатысты сауалдарға жауап берді. Қандай мәселелер айтылды, сараптап көрелік.
Қаңтар трагедиясы туралы: «Бастапқыда бейбіт шерулер болды. Мұны бәріміз көрдік. Еліміздің әр аймағында азаматтар алаңға жиналып, өз талаптарын айтты, тіпті, наразылықтарын білдірді. Әуелде ешқандай қирату, қылмыстық әрекеттер болған жоқ. Бірақ, жағдай кейін мүлдем басқа арнаға бұрылып кетті. Арандатушылар мен қарақшылар пайда болды. Олардың мақсаты билікке шабуыл жасау болды.
Халықтың бейбіт шеруін өз мақсатына тиімді пайдалану үшін алаңға кейіннен нағыз лаңкестер шықты. Бүлікшілер мыңдаған қару-жарақты ұрлап кетті. Полиция оларды іздеп жатыр. Бұзақылар сол қарудан тағы да адам атуы әбден мүмкін. Мұны кім істеді деген сұрақ туады? Кім жасады? Бұл – кәсіби қарақшылардың ісі».
Мемлекеттік төңкеріс туралы: «Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде көптеген сынаққа тап болдық, бірақ, дәл осындай қарақшылардың қатігез әрекетін көрген жоқпыз. Еліне, жеріне адал қызмет ететін, нағыз отаншыл азаматтар мұндай опасыздыққа бармайды. Бұл – анық нәрсе.
Жағдайды өздерінің жеке мүддесіне пайдаланғысы келген адамдар төңкеріс жасауға талпынды. Елдігімізге, мемлекеттік тұтастығымызға, халқымыздың қауіпсіздігіне қарсы жасалған әрекет болды. Қарақшылар, лаңкестер Алматыға сырттан келді. Мақсат белгілі: кісі өлтіру, қорқыту, дүкендерді тонау, әйелдерді зорлау, ақыр соңында билікті құлату».
Бұзақыларды жазалау туралы: «Кейбір адамдар жазықсыз азаматтарды еш себепсіз қамауға алды деп ойлайды. Мынаны ұмытпауымыз керек – солардың ішінде лаңкестер мен қылмыскерлер бар. Лаңкестерді, қарақшыларды халық қаһармандары, батырлары деп айтуға болмайды. Бұл — ешқандай шындыққа келмейтін жалған уәж. Егер біз ақиқатына көз жеткізбей, олардың айтқанына сенетін болсақ, елімізге тағы бір үлкен қауіп төндіреміз. Бұл қарақшыларды Қазақстанға шақыру деген сөз. Сондықтан аталған мәселеде өте сақ болуымыз керек. Әрбір іс бойынша мұқият тергеу жүргізуіміз қажет».
Қоғамдық комиссия туралы: «Қаңтар оқиғасына қатысқандарды тергеу ісіне қатысты кейбір азаматтарымыз менің атыма бейне үндеу жазып, әлеуметтік желілерде таратып жатыр. Мұны біліп отырмын. Осыған байланысты мен Ішкі істер министрлігі мен Бас прокуратураға арнайы тапсырма бердім. «Шаш ал десе, бас алатын» әрекеттерге жол беруге болмайды. Қоғамдық комиссиялар өз жұмысына кірісіп кетті. Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімова, белгілі құқық қорғаушылар Айман Омарова, Жеміс Тұрмағамбетова, Абзал Құспан және басқа да заңгерлер жиналып, арнайы комиссиялар құрды. Олар әр істің заңдылығын қарап жатыр. Қоғамдық комиссияларға сенімсіздік көрсетуге ешқандай себеп те, хақымыз да жоқ. Билік те, құқық қорғау органдары да олардың жұмыстарына араласпайды. Мен де араласпаймын».
ҰҚШҰ әскерін шақыру туралы: «Бұл ешқандай да өкінетін шешім емес. Дұрыс шешім. Өйткені, қарулы қарақшылар Алматыны қиратып, өзге қалаларға қауіп төндірді. Осы қарулы контингент болмаса, лаңкестер басқа да қалаларды басып алар еді. Қарулы шайқастар Талдықорғанда, Таразда, Шымкентте, Қызылордада орын алды. Елордада лаңкестердің дайындық жұмыстары байқалды, олар, тіпті, Ақордаға шабуыл жасауға дайын болды. Осындай жағдайда оның бізге көмекке келуі айтпаса да түсінікті. Мұны құтқару емес, ортақ мүддемізді қорғау үшін жасалған іс-әрекет деп түсінуге болады. Бұл – бір. Екіншіден, аталған мәселеге геосаяси ахуал тұрғысынан да қарау керек. Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы – бәрімізге ортақ құрылым. Ресей және Ұйымға мүше мемлекеттер Қазақстанның ғана емес, өздерінің де қауіпсіздігін ойлады. Сол үшін көмек қолын созды».
Ресеймен қарым-қатынас туралы: «Мәскеу біздің жерімізге көз алартып жүр, солтүстік облыстарды тартып алады» деген пікірге айтар болсам, Қазақстан мен Ресей арасында мәңгі тату көршілік туралы келісім бар. Ресей – ғасырлар бойы қатар өмір сүріп келе жатқан құдайы көршіміз. Қазақтың тағдырына осылай жазылған. Мұны біз өзгерте алмаймыз. Саяси, сауда-экономикалық және мәдени байланыстарды нығайта беруіміз керек. Бұл, ең алдымен, Қазақстанның стратегиялық мүддесіне сай келеді. Кейбір ресейлік саясаткерлер тарапынан «Қазақстанның солтүстік облыстарындағы жерлер біздікі» деген сөздер айтылды. Бірден кесіп айтайын, бұл – ақылға сыймайтын, орынсыз пікір. Ресми билік – Кремль бұл уәжді қолдамайды. Маған В.Путиннің өзі «жерге қатысты ешқашан мәселе көтермейміз» деп айтқан. Сондықтан алаңдайтын ешнәрсе жоқ».
Президент Елбасы туралы: «Нұрсұлтан Назарбаев – мемлекетіміздің іргесін қалаған, мемлекеттігімізді нығайтуға зор үлес қосқан тұлға. Оның қызметіне әділ баға беруге міндеттіміз. Тарихқа қиянат жасамау керек. Тұңғыш Президенттің кемшіліктері болса, одан жас басшылар сабақ алуы қажет. Қаңтар оқиғасы елімізге де, менің өзіме де үлкен сабақ болғаны сөзсіз. Тиісті қорытынды жасалды. Қазір елімізде болып жатқан саяси шешімдер − соның нәтижесі. Алдымызда өте көп жұмыс бар. Мұны барлығы көріп, біліп отыр деп ойлаймын».
Шетелге кеткен қаражатты қайтару туралы: «Үкіметке тиісті тапсырма бердім. Бұл мәселе бойынша Үкімет екі айдан кейін маған нақты ұсыныстарын айтады. Содан кейін жұмыс басталады. Бұл мәселе бойынша ауқымды сараптама жасау керек. Онсыз болмайды. Содан кейін шетелдегі тиісті мекемелермен келіссөздер жүргізуге кірісеміз. Бұл өте күрделі әрі ұзақ уақытқа созылатын жұмыс болатын сияқты. Оны ашық айтқан жөн. Бірақ әділдікке жету үшін осы жұмысты бастау керек. Шетелге заңсыз шығарылған қаражатты елге қайтаруға тиіспіз».
Президенттің ұстанымы туралы: «Менің ұстанымым – қоғамда заң мен тәртіп болса ғана ел ішінде үйлесім, бейбіт өмір болады. Заң – кез-келген өркениетті қоғамның басты өлшемі. Заң үстемдік құрғанда ғана әділетті қоғам қалыптасады. Біз міндетті түрде бұған қол жеткізуіміз керек. Бұл менің нақты ұстанымым. Қоғамдағы ең маңызды мәселе – заң үстемдігін қамтамасыз ету. Халық даналары «Тәртіпсіз ел болмайды» деп баяғыда айтқан».
…Мемлекет басшысының айтары мұнымен біткен жоқ. Жоғарыда біз Жаңа Қазақстан қандай бағыт ұстанады деген сауал қойғанбыз. Текке емес: мұның жауабы алдағы наурыз айының ортасында белгілі болмақ. Өйткені осы уақытта Қ. Тоқаев халыққа Үндеу жариялайды. Онда алдағы уақытта орын алатын реформалардың негізгі бағыттары айтылады. Сонымен бірге қоғамды саяси трансформациялауға бағытталған аса маңызды шаралар белгілі болмақ. Лайым, халқымыз тағатсыздана күткен оң өзгерістер болғай!
Ж. ҚАСЫМ.