ҰЛТ ҰСТАЗЫ ҺӘМ АЛАШТЫҢ АХМЕТІ

Таным Тұлға
1 520 Views

Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толуына орай

ҰЛТ ҰСТАЗЫ ҺӘМ АЛАШТЫҢ АХМЕТІ

Биылғы жыл халқымыздың көрнекті қоғам қайраткері, кешегі Абай, Ыбырай, Шоқан салған ағартушылық, демократтық бағытты ілгері жалғастырушы ірі ғалым, көсемсөз шебері, әдебиет зерттеуші, дарынды ақын-аудармашы Ахмет Байтұрсынұлының туғанына мерейлі 150 жыл толып отыр.

Ахмет Байтұрсынұлы – еңбегі жанған жанның бірі. Оның ақын, публицист, ғалым, қоғам қайраткері санатында жасаған барлық еңбегі, тартқан қорлық, көрген азабы, болашаққа сенген үміт-арманы түгел туған халқына қызмет етуге арналған. Ұлтым деп еміреніп, қазақ деп қызмет еткен біртуар тұлғаның мерейтойына орай мен Ахаңның әруағының алдында арымызға міндет санап, осы мақаланы жазуды ұйғардым.

Ахмет Байтұрсынұлының дүниеге келген жылы нақты белгілі болғанмен, шыққан тегі туралы түрлі деректер кездеседі. Соның ең сенімдісі М.Әуезовтың дерегі. Замандас інісі, үзеңгілес әріптесі, әрі қаламдасы Мұхтар Әуезов 1923 жылы Ахаңа арнап жазған мақаласында, оның тегі жөнінде былай деген:

«…Сүйегі – Арғын, оның ішінде Үмбетей болады. Бергі аталары Үмбетейден шыққан Шошақ, Түбек. Ақаң Шошақтың немересі. Өз әкесінің аты – Байтұрсын».

Алаштың Ахметі 1872 жылы 5 қыркүйектe қазіргі Қостанай облысы, Жангелді ауданы, Сарытүбек ауылында дүниеге келген. Бала кезде ауыл молдасынан арабша хат таныған Ахмет орыс тілін де, батыс мәдениетін де жетік меңгерді. Болашақ білімді жастардың қолына ауысатынын дер кезінде бағамдай білген атасы Шошақ ағасы Ерғазы кішкентай Ахметті Торғайдағы екі сыныптық орыс-қазақ мектебіне оқуға берген. Білімге құштар, оқуға зейін бала Ахмет аталған мектепті тоғыз жасында тәмәмдап, Орынбар қаласына аттанады. Онда төрт жылдық мұғалімдер мектебіне түсіп, оны 1895 жылы «бастауыш училищенің оқытушысы» деген атақпен аяқтайды.

Ахметтің оқытушылық қызметі 1895 жылы басталады. 1909 жылға дейін ол Ақтөбе, Қостанай мен Қарқаралы уездеріндегі орыс-қазақ мектептерінде сабақ беріп, Қарқаралы қалалық училищесінде меңгеруші мен оқытушы қызметін қоса атқарып жүрді. Омбыда екі жыл бойы Торғай облысы Халықтық училище директорының іс жүргізуші лауазымында жұмыс істеді. Осы жылдар аралығында ол болашақ ұлтжанды тұлғалардың жүрегіне жол табушы, білім нәрін себуші бола білді. «Ұстаз болу – өз уақытыңды аямау, өзгенің уақытын аялау» — деген қатаң қағиданы жанына серік еткен Ахмет Байтұрсынұлы талай қазақтың жастарына темірқазық болды. Аристотельді – Ескендір Зұлқарнайын, Төле биді – Абылай хан, Абайды – Шәкәрім, Сүйінбайды – Жамбыл өзіне ақылшы әрі ұстаз тұтқаны секілді, талай қазақ жастарының ішінен Мағжан мен Мұхтар, Міржақып пен Сәкендер – Ахметті ұстаз санаған.

1905 жылы Қоянды жәрмеңкесінде жазылған Қарқаралы құзырхатының (петициясын) авторларының бірі осы Ахмет Байтұрсынұлы болатын. Осы құзырхатқа 14500 адам қол қойған деген дерек бар. Қарқаралы петициясы мазмұнында жергілікті басқару, сот, халыққа білім беру істеріне қазақ елінің мүддесіне сәйкес өзгерістер енгізу, ар-ождан бостандығы, дін ұстану еркіндігі, цензурасыз газет шығару және баспахана ашуға рұқсат беру, күні өткен Дала ережесін қазақ елінің мүддесіне сай заңмен ауыстыру мәселелері көтерілді. Онда қазақ даласына орыс шаруаларын қоныс аударуды үзілді-кесілді тоқтату талап етілген болатын. Сол кезеңнен бастап Байтұрсынұлы жандармдық бақылауға алынды. 1908 жылы саяси көзқарасы үшін әуелі Қарқаралы абақтысына қамалып, кейіннен екі жылға Орынборға жер аударылады. Семей түрмесіне де жабылды.

Жалпы, 1915 жылға дейін әлеуметтік ахуалды баяндаған цензура көтермейтін мақалалар жариялағаны үшін Ахмет Байтұрсынұлына бірнеше рет айыппұл салынды. Абақтыға үш рет қамалды.

Ахаңның ауыр тағдыры, тар жол тайғақ кешуі, барлық қиыншылықтарға қарамай ұлт үшін күресуіне Сәкен Сейфуллин былай деп баға береді: «…Өзге оқыған мырзалар шен іздеп жүргенде, қорлыққа шыдап, құлдыққа көніп, ұйқы басқан қалың қазақтың ұлт намысын жыртып, ұлттық арын жоқтаған патша заманында жалғыз-ақ Ахмет еді. Қазақтың ол уақыттағы кейбір оқығандары уез, губерния соттарына күш салып, тілмәш болып, кейбірі арын сатып ұлықтық іздеп жүргенде, Ахмет қазақ ұлтына жанын аямай қызмет қылды… халықтың арын іздеп, өзінің ойға алған ісі үшін бір басын бәйгеге тікті».

Байтұрсынұлының өмірінде кездесетін қиыншылықтар патшалық Ресей үкіметінің өктемдігімен шектелген жоқ. Кеңестік билік кезінде де қудалауға ұшырады. Орынбордағы кезеңі оның қоғамдық-саяси қызметінің аса құнарлы шағы болды. Ол осы қалада өзінің ең жақын сенімді достары – Әлихан Бөкейханов және Міржақып Дулатовпен бірігіп, қалың қазақ зиялыларының қолдауына сүйеніп, тұңғыш жалпыұлттық «Қазақ» газетін шығарып тұрды.

1913 жылдың 2 ақпанынан бастап халыққа жол тартқан «Қазақ» газеті 1918 жылға дейін 266 саны шығып үлгеріпті. Халықтың көзі, құлағы һәм тіліне айналған «Қазақ» газеті Ұлы Даламыздың әрбір облысына тарап жатты.

Басылымның «Қазақ» аталуында екі түрлі мағына барлығы аңғарылады. Біріншіден, газет жалпыұлттық газет болғандықтан, мақсаты жері бөлшектеніп, елі бытырап жүрген қазақ халқын топтастырып, бір ортаға біріктіру болғандықтан да ұлт атын иемденіп «Қазақ» аталды.

Екіншіден, кітәби, әдеби, ғылыми айналымда қазақ атының өз аты аталмай, қырғыз аталып келгендігі белгілі, сондықтан, туған халқының төл атын қайта оралту мақсатында, қазақ зиялылары өз баспасөзін осылай атауды мақұл көрген. Ахмет Байтұрсыновтың бұл жайында: «Аталы жұртымыздың, ауданды ұлтымыздың аруақты аты деп, газетамыздың есімін «Қазақ» қойдық» — дейді.

Сонымен қатар «Қазақ» газетінің осы №1 санында Ахаң «Құрметті оқушылар» атты кіріспе мақаласындағы қазақ үшін баспасөздің айрықша қажеттілігін жеткізген: «Газетті жұрт керек қылмаса, миллиондап капитал ол үшін жұмсамас еді. Осылардың бәрі де газет керек нәрсе екендігін көрсетеді. 1907 жылғы санаққа қарасақ, Россияда сол жылы 2173 есімді газет һәм журнал шыққан екен. Оның 1396 орыс тілінде, 867 басқа тілде басылыпты. Сол 867 ішінде қазақтың бір басылымы да болмады. Одан бері 5 жыл өтті. Бұл 5 жыл ішінде газет журналдардың саны бұрынғыдан да өсті. Біз де құр қалғанымыз жоқ. «Айқап» журналы шықты. Бұл бұрынғыдан гөрі, бір адым болса да ілгері басқанымыздың белгісі. Бірақ бір адым ілгері басып, сол күйімен тұрып қалсақ, онымен алысқа ұзай алмаймыз. Ілгері басқанның үстіне ілгері басуымыз керек. Озғандарға жету керек, жеткендерден озу керек. Есікте қалмай, төрге тырмысалық, басқалар төрге қарай бара жатқанына қарап, біз де солардың істегенін істейік. Басқалардың заманға қарай өтіп жатқан амалын көруімізге газет-журнал керек».

Басылымның таралымы қазақ мекендеген барлық аймаққа жетіп жатты. Тіпті Ресей, Қытай, Өзбекстан мен Түркия қазақтары да тапсырыс беріп, алдыртып оқыған.

Сын сағатта Алаш автономиясының үніне айналған «Қазақ» газеті халық алдындағы өз мисссиясын орындады. Атап айтқанда:

· Сол кездегі қазақ халқының ұлттық мұң-мүддесінің, теңдік пен бостандыққа ұмтылған күресінің, тарихы мен мәдениетінің, күнделікті тұрмыс-тіршілігінің айнасы болды;

· ХХ ғасырдың басында қазақ қоғамының шамшырағына айналған, еуропалық үлгідегі ұлттық-демократиялық мемлекеттік құрылымның үлгісін көрсеткен Алашорда үкіметінің саяси үнқағазына айналды;

· Халықты оқуға, көшпелі шаруаларды отырықшылыққа шақыруда, шаруашылықты жүргізудің прогерссивті формаларын, әйел теңдігін насихаттауда, патша үкіметі тарапынан жүргізіліп отырған отаршылдық саясатқа қарсы қоғамдық пікір қалыптастыруда айтарлықтай оңды істер тыңдырды;

· Ұлттық, әлеуметтік-экономикалық, құқықтық, мәдени мәселелер жарияланып тұрды. Алаш қайраткерлері «Қазақ» газетін қазақ ұлтының тағдырына қатысты барлық істерге пайдаланды;

· Ең бастысы қазақ тіліндегі кәсіби газет стилін қалыптастырып кетті.

«Қазақ» газеті Ахмет Байтұрсынұлының өміріндегі ең бір мазмұнды еңбегі, маңдай тері, халықты азаттық пен білімге бастаған жемісті жұмысы еді. 1917 жылдың І жалпықазақтық съезінде дүниеге келген «Алаш» партиясының қазақ мүддесіне жасалған 10 тармақтан тұратын бағдарламасының жобасы «Қазақ» газетінің 1917 жылғы 21 қарашадағы санында басылып, халыққа жол тартты.

Қазақ халқы үшін ХХ ғасыр басындағы басты жаңалық – Алаш автономиясының құрылуы. 1917 жылдың 5-13 желтоқсанында Орынборда өткен ІІ жалпықазақтық съезінде қазақтың оқығандары мен атқамінерлері жиылып, саяси тұрақсыздық заманда қазаққа пана болар мемлекеті болуы керек деп шешті. Қазақ зиялылары үшін ең ұтымды іс – «Алаш» партиясын құрғандығы.

1919 жылы наурызда Алашорда үкіметі атынан Мәскеуге Кеңес үкіметімен келіссөзге барды. Сол жылы сәуірде Байтұрсыновтың ықпалымен Алашорда басшылары мен мүшелеріне Кеңес үкіметінің кешірімі жарияланды. 1920 жылы қазревком мүшесі ретінде Қазақстанның Ресеймен шекарасының қалыптасу ісіне белсенді түрде араласты.

Ахмет Байтұрсынұлы саясатқа бел шешіп кіріскенімен, өзінің ұстаздық қызметінен алыс кеткен жоқ. Қазақстан Халық ағарту комиссариаты жанындағы ғылыми-әдеби комиссияның төрағасы, Халық ағарту комиссары, Бүкілресейлік ОАК-ның, ҚР ОАК-нің мүшесі, Түркістан Компартиясы ОК-нің органы «Ақ жол» газетінде қызметкер (1922-25жж.), Қазақ халық ағарту институтында (Ташкент) және ҚазПИ-де (Алматы) оқытушы (1925-29жж.) болды. Халық ағарту комиссиариаты жанынан құрылған Академиялық орталықтың тұңғыш төрағасы ретінде Қазақ елінің ғылымын академиялық жолмен басқаруды ұйымдастырудың негізін қалады. Қазақ өлкесін зерттеу қоғамының құрметті төрағасы болады. Ол 1928 жылы қыркүйекте Алматы Қазақ мемлекеттік университетіне профессор лауазымымен қызметке кіреді.

Ахмет Байтұрсынұлы ұстаздық қызмет жолы басталған шақта ол қазақ әліппесі мен қазақ тілі оқулықтарын жазып шыққан. Онымен қоса қазақ графикасын жасауға кіріседі. Жоғарыда аталған оқу орындарының қабырғасында да бұл жұмыстарын жан-жақты жетілдіріп, дамытып отырды: араб таңбаларын қазақ фонетикасына икемдейді, ол үшін қазақ дыбыстары жоқ таңбаларды алфавиттен шығарады, арабша таңбасы жоқ дыбыстарына таңба қосады, қазақ тілінің жуанды-жіңішкелі үндестік заңына сай жазуға ыңғайлы дәйекші белгі жасайды. Сөйтіп, 24 таңбадан тұратын өзі «қазақ жазуы» деп, өзгелер «Байтұрсынов жазуы» деп атаған қазақтың ұлттық графикасын түзеді. Одан осы жазуды үйрететін әліппе жазды. Сөйтіп, оқу-ағарту идеясына сол кездегі интелегенция жаппай мойын бұрды.

1911-1912 жылдары Уфа мен Орынбор қалаларының баспаханаларында жарық көрген Ахмет Байтұрсынұлының әліппесі «Оқу құралы» деген атпен 7 рет қайта басылып, оқыту ісінде ұзақ әрі кең пайдаланылды. 1926 жылы ғалым «Әліп-бидің» жаңа түрін жазды. Сол кезде оның атақты «Тіл – құрал» атты үш бөлімнен тұратын, үш шағын кітап болып жарияланған оқулықтар жазылды.

Ахметтің тағы бір зор еңбегі – терминдерді жасау. Бұдан бөлек, ғалым қазақ тілі грамматикасына қатысты категориялардың әрқайсысына қазақша атау ұсынды. Осы күні қолданылып жүрген зат есім, сын есім, етістік, есімдік, одағай, үстеу, шылау, бастауыш, баяндауыш, жай сөйлем, құрмалас сөйлем, қаратпа сөз деген сияқты сан алуан лингвистикалық атаулардың баршасы – ғалымның жазып кеткен мұрасы.

Жоғарыда атқарылған еңбектері туралы ғалымның өзі «…қазақ тілінің дыбыстық жүйесі мен грамматикалық құрылысын зерттеуге кірістім, одан кейін қазақ әліпбиі мен емлесін ретке салып, жеңілдету жолында жұмыс істедім, үшіншіден, қазақтың жазба тілін бөтен тілдерден келген қажетсіз сөздерден арылтуға, синтаксистік құрылысын өзге тілдердің жат әсерінен тазартуға әрекеттендім; төртіншіден, қазақ прозасын жасанды кітаби сипаттан арылтып, халықтық сөйлеу тәжірибесіне ыңғайластыру үшін ғылыми терминдерді қалыптастырумен айналыстым», — деп жазды.

А. Байтұрсынұлы қазақ балаларының ана тілінде сауатын ашуына көп күш жұмсады. Қазақ грамматикасына қатысты категориялардың әрқайсысына қазақша ғылыми термин жасап, морфологиялық тұлға-тәсілдерді жаңаша талдау жасап анықтамалар берді. Қазақ фонетикасы мен грамматикасын талдауда тілдің типологиялық ерекшеліктері мен өзіндік даму барысын ескеру принципін ұстады.

Ахмет Байтұрсынұлының көпшілік біле бермейтін тағы бір қыры – қазақ балаларының кедергісіз білім мен өнер үйренуі үшін құрылған «Азамат» қайырымдылық қорын құруы. Үзеңгілес әріптесі М.Дулатовпен бірігіп құрған қор жұмысына Ә.Бөкейханов, Ш.Құдайбердіұлы, Х.Досмұхамедов және т.б. қазақ зиялылары үлес қосқан. «Азамат» серіктігі – қайырымдылық шараларын ұйымдастырумен айналысқан мәдени ұйым. 1913 жылы желтоқсан айында Орынборда құрылған. Негізгі мақсаты – мүшелік жарна есебінен қазақ тіліндегі газет-журналдарды үзіліссіз шығып тұруына жәрдемдесу. Сондай-ақ, қазақ қоғамындағы оқу-ағарту жұмыстарын өрістетіп, оқу құралдары мен әдебиеттерді баспадан шығару, мектеп-медреселердегі мұқтаж шәкірттерге қаржылай көмек беру т.б. қайырымдылық шараларын ұйымдастыру.

Ақынның алғашқы өлеңдері «Қырық мысал» атты аударма жинағында 1909 жылы Санкт-Петербургте жарық көрді. Бұл кітабы арқылы қалың ұйқыда жатқан қараңғы елге жар салып, олардың ой-санасын оятуға бар жігер-қайратын, білімін жұмсайды.

Ахмет Байтұрсынұлының 1911 жылы жинақталып, жарық көрген маңдайалды еңбектерінің бірі – «Маса». Бұл кітапқа енген өлеңдерінде ақын қараңғылық, надандық, шаруаға енжарлық, кәсіпке марғаулық сияқты кемшіліктерді сынады. Шығармаларының негізгі идеялық қазығы – жұртшылықты оқуға, өнер-білімге шақыру, мәдениетті уағыздау, еңбек етуге үндеу. Абайдың ағартушылық, сыншылдық дәстүрін жаңарта отырып, Байтұрсынұлы ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетін төңкерісшіл-демократтық дәрежеге көтерді.

Ол Шоқан, Абай, Ыбырай қалыптастырған дәстүрлерді, гуманистік, демократиялық бағыттағы өрісті ойларды өзінше жалғастырушы ретінде көрінді. «Қазақ салты», «Қазақ, қалпы», «Досыма хат», «Жиған-терген», «Тілек батам», «Жауға түскен жан сөзі», «Бақ» және тағы басқа өлеңдерінің мазмұны осыны танытады.

Сондай-ақ ол – әдебиет тарихының мұрасын, ауыз әдебиеті үлгілерін жинаған зерттеуші ғалым. Қазақтың «Ер Сайын» атты эпостық жырына алғы сөз бен түсініктемелер жазып, оны 1923 жылы Мәскеуде шығарды. Қазақ ауыз әдебиетінде молынан сақталған жоқтау-жырларын жүйелеп, 1926 жылы «23 жоқтау» деген атпен жеке кітап етіп жариялады.

Ахаңның «Қазақтың бас ақыны» деген көлемді мақаласы – әдебиеттану ғылымындағы алғашқы зерттеу еңбектердің бірі. Осы арқылы ол Абай өлеңдерінің даралығын, «сөзі аз, мағынасы көп, тереңдігін», сыншылдығын ұғындырды.

Байтұрсынұлының қазақ әдебиеттану ғылымы мен әдебиет тарихы жөніндегі тұңғыш көлемді еңбегі – «Әдебиет танытқыш» (1926). Автор әдебиет тарихына, теориясы мен сынына, методологиясына тұңғыш рет тиянақты анықтама беріп, қазақ әдебиеттану ғылымының жүйесін жасады. Халық тілінің бай қорынан мағынасы терең, ұғымдық аясы кең сөздерді термин етіп алып, соның негізінде қазақ әдебиетінің барлық жанрлық формаларын топтап, жіктеп берді.

Байтұрсынұлы қалдырған бай мұраның тағы бір саласы – көркем аударма. Ол орыс классиктерінің шығармаларын қазақ тіліне аударып, көркем қазынаның бұл саласын байытуға мол үлес қосты. И.А. Крылов мысалдарының бір тобын қазақ тіліне аударып, «Қырық мысал» деген атпен жеке жинақ қылып бастырды. И.И.Хемницердің «Ат пен есек», А.Пушкиннің «Балықшы мен балық», «Алтын әтеш», «Ат», «Данышпан Аликтің ажалы» шығармаларын, орыстың белгілі лирик ақыны С.Я.Надсонның өлеңін қазақ тіліне аударды.

Тіршілік бастау алған дәуірден қазіргі кезеңге дейін қаншама адам дүние керуенінен көшті. Алайда, жеке азаматтың есіне алар, ұлт жадында қалған тұлға аз. Ұлтымыздың тарихында өзіндік орыны бар тұлғаның бірі һәм бірегейі – Ахмет Байтұрсынұлы. Ұлт үшін жасаған еңбегі ұмытылмақ емес.

Биылғы жылы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы кең көлемде аталып өтілмек. Қазақтың дарынды ұлы, ұлтжанды азаматы – Ахмет Байтұрсынұлының бір жарым ғасырлық ғұмыры әлемнің 193 мемлекеті мүше БҰҰ-ның ғылым-білім және мәдениет бойынша мәселелерімен айна­лысатын саласы ЮНЕСКО көлемінде кең ауқыммен тойланбақ.

Мақсат – әрине, ең бірінші, ғалымның еңбектерін әлемнің танымал тілдерінде басып шығарып, халыққа тарату. Екіншісі, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы ғылым саласындағы мемлекеттік сыйлық тағайындау. Үшіншісі, ғылыми конференцияларды халықаралық деңгейде ұйымдастыру. Төртіншісі, ТҮРКСОЙ аясында отандық және шетелдік зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен Станбұл қаласында дөңгелек үстел мен фотокөрме ұйымдастыру.

Шараның діңгегі – ЮНЕСКО ұйымының штаб пәтері орналасқан Париж қаласында өткізілмек. Сонымен қатар, Әзербайжан астанасында «Баку конгресі және Ахмет Байтұрсынұлы» атты конференция өткізу жоспарланған.

Мен осы мақаланы жазу барысында Ахаңның құрған «Азамат» қайырымдылық қорын тілге тиек еткен едім. Тарихшы, жазушы, зерттеуші ретінде ұлт перзентінің осы бір игі бастамасын қайта жаңғыртып, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы қор халықаралық дәрежеде құрылса екен деген тілегімді жеткізгім келеді. Сонымен қатар қазіргі таңда Ахаңның атына көшелер беріліп, ескерткіштер орнатылу да белсенді қолға алынуда.

Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ,

ЮНЕСКО қамқорлығындағы

Мәдениеттерді жақындастыру

Орталығының бас ғылыми

қызметкері, жазушы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *