(Жалғасы. Басы өткен сандарда).
– Ә, Адырбай, Орал, дұрыс айтасыңдар. Қашанғы тыныштық болса болды деп, қарашекпенділердің басымызға салған ылаңына, озбыршыл зұлматына шыдап жүре береміз?
– Патша ұлықтары қара қазақты адам санауды қойды. Өздері сайлаған болыстарын да иттен бетер төмен ұстайды. Тек қазаққа салатын алым-салық үшін, соны жинату, орындату үшін ғана керек етеді.
– Қара қазақты өздері тонауымен, зомбылық көрсетумен қоймай, сол болыс-старшындары арқылы одан бетер шығынға батырып, азаптап жатқан жоқ па?
– Елге қиянат көрсеткен болыс-старшындарды да жазалауымыз керек! – десті түн жамылып отырғандар бірінен кейін бірі сөйлеп.
– Иә, жігіттер, көрген қысастығымыздың қайсыбірін айтамыз. Ұлық пен болыс халыққа жайлы болса, біз сықылды қаратабан жұрт бекерге қаруға жармаса ма? Баста айтқанымдай, енді біз шынжыр балақ, шұбар төс дейтін жуандармен еш ымыраға келмейтін, жақсысымен достасатын, жаманымен қастасатын, ел кегін қуушы топ болайық. Мейлі, бұдан былай мекеніміз – тау-тас, төсеніш-жастығымыз – жалаңаш қара жер, ауқатымыз – жабайы аң болса да, момынды жылатқан, жуас елді күйзелткен кез келген жуан жұдырықпен күресуден талмайық. Менің шешімім – осы! – деді Омарбек.
Бәрі онымен келісті. Омарбек тобы сол түні бұлақ басында түнеп, ертесіне Суықтөбе тауының ең шыңының тура етегінде құдайдың қалауымен жаратылған үлкен үңгірге келді. Үңгір іші кең әрі жаздың аптап ыстығында бұл жер салқын. Әрі тура осы үңгірдің түбінен бұлақ шығып жатыр. Ал айналада еті арам борсық, суыр, қабан шошқаларды былай қойғанда таутеке мен тау ешкі, елік пен бұғы сынды аңдар өріп жүр. Тіпті мұнда жыртқыштардан аю, қасқыр мен қоса түлкіні айтпағанда тау барысы да кездеседі. Аңдардың еті адалы бұл топтың ырысы, былайша айтқанда, тегін азығы. Тек ат-көлік, жылқыларын жыртқыш аңдардан сақтаса болды.
Үңгірдің жан-жағын шың-құздар қоршаған. Тек солтүстік беті ғана жайпаң қия. Үңгірге келетін адам да, одан кететін адам да тек осы қиямен жүреді. Қиямен ылдилап жүрген жолаушы сонау жазықтағы ен жайлаған жазыққа жеткенше, бірде жартас іспетті тұтас созылған шоқалардан, бірде үлкен-үлкен қойтастардан асып, кейде табан тілер істік жаңқа құзарды басып, кейде ойдым-ойдым сайлы бұталы жерлермен жүреді. Қияның кей тұсы ат тұяғын мүжілдіртіп, кетілдіретін жарықшақ қиыршық тастарға толы. Әйтсе де, тау жылқылары мұндай жерде жүруге үйренген.
Бұл үңгірде паналаған адам соның аузында отырып-ақ, осы тарапқа етектен кімнің келе жатқанын анық көріп отырады. Мұнда бекінген он адам төменнен келген мың жауды бірнеше күн оп-оңай бір қадам да алға бастырмай, бөгеп отыра алады. Осындай бекініске және қарулары мен біраз артық оқ-дәрілеріне сенген Омарбек тобы мұнда төрт күн бойы алаңсыз жатты.
Алдыңғы күні топтағы екі жігіт етектегі Қастек ауылына барып, май-шай, бауырсақ, шелпек пісіртіп алып келеміз деп кеткен. Бірақ олар әлі оралмады… Бауырсақ деген келіге түйгізіп алсаң жыл бойы бұзылмай нан-талқан болуға жарайтын жақсы азық. Қалғандары алдағы уақытта не істейтіндерін, әбден ойласты. Бесінші күні әрқайсысы әр ауылға аттанбақ болған. Омарбек пен Адырбай да Шиен жаққа түсіп, әнеукүнгі оқиғадан кейін ел ішінде қандай жағдай болып жатқанын жасырын түрде білмекке бармақ болған.
Топтағы жігіттердің ең үлкені – отыз сегіз жастағы Адырбай. Ал отыз алтыдағы Омарбек пен Толымбайдан басқаларының бәрі отызға да жетпеген. Таңертең ұйқыдан ерте тұратын да – Адырбай. Әдеттегідей ол бүгін де ерте тұрып, шай қайнату үшін жан-жақтан кепкен таңқурай сабағы, қураған тобылғы мен таушиенің шырпы бұтақтарын жинап жүрген. Бір кезде төмен жақтағы қиядан үстеріне әппақ форма киген салт атты қаптаған солдаттарды көрді. Олар қаздай тізіліп тура осылай қарай беттеп келе жатыр.
Адырбай қолындағы бір құшақ отынын тастай салды да, жанындағы жартастың түбіне отыра қап, әлгілерге анықтап көз салды. Солдаттар қатты айқай анық естілетін тұсқа дейін жақындап қалыпты. Тіпті жауырын, жоталарына асынған мылтықтарының ұштарына дейін көзге шалынады. Енді бір жарты сағатта тура үңгір аузына тақап келмек.
Адырбай үңгірге тұра жүгірді. Омарбек пен Толымбайдан басқаларының бәрі таза ауада сілейіп ұйықтап жатыр. Адырбай келе сала айқайға басты:
– Қане, тұрыңдар, солдаттар келіп қалды!
– Не дейді?! – деп алдымен Омарбек пен Толымбай өре түрегелді. Қалғандары да көздерін уқалай, атып-атып тұрды: – Қане, қай жақтан келіп қалды?! Қай тұстан көрдің оларды?!
Бәрі үңгір жиегіне жетіп, төменге көз салды. Адырбай көргенде солдаттар екі қатар боп тізіліп келе жатқан. Қазір қанаттарын жайыпты, бес-алты қатармен алға ентелеп келеді.
– Ойбай, енді не істейміз? – деп айқайлады топ ішінен біреу, – шетімізден қырып тастайды ғой, мыналар.
– Өшір үніңді! – деп ақырды оған Омарбек. – Одан да мылтықтарыңды, оқ-дәрілеріңді тез дайындап, шеп құрыңдар! Бір жерде үймелемей, жан-жаққа тарқаса жатайық! Асықпай, аптықпай солдаттарды дәлдеп атыңдар! Жартысын қырсақ, өтрәдінің өзі-ақ қашады.
Үңгірдің алды жүз қадамдай келетін тік қия-тын. Қияның батыс жақ бетіндегі шатқалдың етегінде салт атты мен жаяу адам оңай көтерілетін текпішекті соқпақ сүрлеу жол бар. Ол жолды мұнда бұрын келіп жүрген адам болмаса, бөгделер біле бермейді. Солдаттардың жартысы жаңағы тік қияның етегінде ең алыстау оқ жетер жерде қалды да, жарты тобы сол жерден бері қарай текпішекті жолмен жоғары көтеріле бастады. Мұны көрген Омарбек асып-сасып тіл қатып:
– Бұл жолды солдаттар қайдан біледі? – деп Адырбайға қарады.
– Қайдан білмесін, солдаттарды Еламан бастап келе жатыр ғой. Оны әлі байқамадың ба?
Еламан – алдыңғы күні Қастекке кеткен жігіттердің бірі. Бұл қалай солдаттардың қолына түсті ме, әлде, ол өзі араға кірген сатқын жігіт пе? Ол жағы үңгір бекінісінде отырғандардың ешқайсысына беймағлұм.
Текпішекті жолдың жан-жағы шоқы-шоқы және қатпар-қатпар тас. Ол жолдағы жау әлгі тастардың панасында тұрып, шаңқ-шұңқ атысып бастады. Бірақ ол жолдың үңгірге таяр жері жиырма қадамдай ашық. Төменнен келген жау бұл ашық алаңға шықса, үңгірдегілерге әдемі нысана болады. Мұндағылардың құлауына тас далдасынан соза айқайлаған қатты дауыс жетті. Өздеріне таныс Еламанның үні:
– Омарбее-ек-а-ай! Адырба-ай! Орал-а-ал! және басқаларың, естіңдер! – Мен, Еламаа-ан, сендерді құтқаруға келдім! Егер мені тыңдап, мына солдаттармен атыспай, өз еріктеріңмен берілсеңдер, патша ағзамның ұлықтары сендердің барлық күнәларыңды кешіріп, қамауға алмайды, абақтыға жаппайды. Бұлар маған да еркіндік беруге уәде етті. Тірі қалуларын – өздеріңе байланысты. Қане, бір оқ атпай, мылтықтарыңды төменге лақтырып, алдымызға қол көтеріп шығыңдар!
– Мына нәлет не дейді?! – деп кіжінді Омарбек. Сосын оған айқайлады: – Е-ей-ей, әруақ атқыр! Жетесіз! Не сандалып тұрсың?! Солдатқа беріліп, ағайыныңды сатқаның аздай, бізді азғырып, өзің тәрізді сатқын, опасыз етпекпісің?! Кәпір ұлықтары бізді де, сені де, бәрібір, кешпейді. Солардың алдауына түсіп, бізді ұстап беруге қалай намысың жіберді. Тап қазір солдаттардан бұрын өзіңді атып түсірем!
– Мықтысынба, Омарбек! Құралайды көзге атқан мергенмін деп мақтансаң да, тап қазір қолыңнан ештеңе келмейді. Сендер – сегіз, солдаттар – елу төрт. Әрі бұл өтрәдтың қаруы күшті, оқ-дәрісі мол. Бекерге ажал тапқанша, тірі қалуды ойлаңдар! Атыспай, шабыспай беріліңдер!
(Жалғасы бар).
Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ,
жазушы, қоғам қайраткері,
«Әділет. Рухани жаңғыру» газеті редакциясының алқа төрағасы