Жәмила мойымады, сындардан шыңдалып шықты, миллионның бірі ғана аман қалуға мүмкіндігі бар сырқат санасын сансыратып, жанын жегідей жеген ауыр дертті түбі жеңді. Бұл Жәмиланың ғұмырындағы ең, ең ұмытылмас басты жеңісі. Көздің жасын ақ параққа төгіп, қаламмен өрнектеген қандай ғанибет! Жәмила жылдар бойы кеудесіне түйген ойларын тізбектеп «Бәйшешек» атты тырнақалды туындысын жазып шықты. Бұл оның жігерінің жемісі. «Бәйшешек қара топырақты ең бірінші жарып шығады да, мықтылығы мен өжеттігін көрсетеді. Бәйшешек атырапқа нұр төгіп, артынан өшпес із – мың түрлі гүл қалдырады» дейді Жәмила не себепті алғашқы кітабын осылай атағанын түсіндіріп. Қаршадайынан қиындық көріп, ақыры тасты жарып гүл ашқан Жәмиланың осы күнге жетуіне ең алдымен асқар таудай әкесі, өміріңің бәйтерегі әкесі Бақтияр мен анасы үлкен демеу болған еді. Түркістан облысы, Төлебиде туып-өскен әкесі Бақтияр Өнербаев өсіп-өнген әулеттің текті ұрпағы.
Таяуда Түркістан облысы, Төлеби ауданы Көксәйек ауылынның Төлеби жалпы орта мектебінде кітапханашы Халима Уралбаев мен орыс тілі пән мұғалімі Жәмила Менлубаеваның ұйымдастыруымен Жәмила Бақтиярқызының «Бәйшешек» атты кітабының тұсау кесер кездесу кеші өтті. Мектеп директоры Ерлан Әділбеков жас дарынға ізгі тілегін білдірді. Жоғары сынып оқушысы Ерсәбит Нұрқанат оқыған кітап әсерінен Жәмила әпкесіне ұқсап Ана туралы екі өлең шығарып кездесуде оқып берді, ал шығармашыл ұстазымыз Қарлығаш Жанаева өз қолынан моншақтан тоқылған сыйлық жасап ұсынды, Жәмиланың кітабының оқушыларға берері мол: өмірмен күресуді, сүюді, сабырлылық пен төзімділікті, ата-анаға деген сүйіспеншілікті, ата-ананың балаға деген сүйіспеншілігін, қамқорлығын осы кітаптан алуға болады. Қазіргі кезде баланы кітап оқуға сүйіспеншілігін ояту үшін «Бәйшешек» атты кітапты оқуға шақырамыз. Осы кездесуде тебіренбеген жан болмаған шығар… Жәмила, қанатың талмасын, қаламың ұштала берсін, денің сау болсын, армандаған мақсаттарыңа жете бер!
Қ.ИСЛАМҚЫЗЫ