КЕРЕКУГЕ КӨШПЕН КЕТКЕН ҰЛ

Саясат Қоғам
387 Views

Оңтүстіктен Солтүстікке жол тартқан көш керуеннің ішіндегі әр жанның өз оқиғасы бар. Олардың бүгінгі жай күйлерінің жағдайын, кәсібі мен одан көріп отырған берекелі нәсібінің жай-жапсарын тек өздерінің ауызынан естіп, баяндауға болады.

«Көзден кеткен көңілден де кетеді» деген қазақ пәлсапасының бар екені рас, алайда Солтүстік өңірге қазақ отбасыларын шоғырландыру мәселесіне келгенде «әр қазақ менің жалғызым» деген өзгермейтін қағидаға қанат бітері сөзсіз. Себебі біз қаңсып қалған қайранға бір тамшы үлес қосуға бел буғандай сиреп қалған қазақ ауылдарының қатарын толықтырып, жылы орынын һәм жылы ұясын суытқан әр қазақ отбасының бүгінгі күнінен, тыныс-тіршілігінен хабардар болғанда ғана жұртта қалған ағайының көңілі орынында болатынын білеміз. Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту мен насихаттаудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы арқылы Қызылорда, Түркістан, Жамбыл, Алматы, Маңғыстау облыстарынан және Шымкент қаласынан 7076 адам, 2180 отбасы көшіп барған. Қызылжар мен салыстырғанда Солтүстік Қазақстан облысына қоныс аударған отбасылар ішінде Оңтүстікке қайта оралу оқиғалары да кездеседі. Мұның түпкі себебі не болуы мүмкін, кемшілік қайда, кінә кімнен деп ойланасың…

Солтүстікке азаматтарды көшіріп әкелу, жұмыс берушілердің еңбек ресурстарына деген сұраныстары мен қажеттіліктеріне қарай жүзеге асып келеді. Еңбекке қабілетті жастардың деніне ұсынылатын жұмыс орындары – ауыл шаруашылығы, білім мен денсаулық сақтау саласына қатысты болып отыр. Жұмыс күші басым өңірлерден, жұмыс күші тапшы өңірлерге ерікті қоныс аударудың нәтижелерін алдағы 10 жылдықта көріп қалумыз бек мүмкін, бірақ барған жерге толық сіңіп, жергілікті елге айналғанша қолдау көрсету жалғаса берсе дейсің. Себебі шекара маңындағы өңірлерді дамыту жөніндегі дербес бағдарлама жасап шығу да тиімді емес. Ал көшуге ниетті жұрттың көбеюіне ықпал ету үшін ақпараттық қолдау көрсету әзірге біздің, журналисттердің еншісінде болып тұрғаны тайға таңба басқандай айқын болып тұр.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Қазақстан Республикасының 2022-2026 жылдарға арналған Көші-қон саясаты тұжырымдамасының жобасында көрсетілгендей, оңтүстіктен келген азаматтарды жылдам жұмысқа орналастыру мақсатында, жұмыс күшін оңтүстіктен тартқаны үшін кәсіпорындардың шығыстарын өтеп беру қолға алынбақ.

Мемлекетіміз 2026 жылға дейін оңтүстіктен солтүстікке 35 мың адамды көшіруді жоспарлаған болатын. Әрі жыл сайын қоныс аударушылар квотасын бекітеді. Үстіміздегі жылға 6587 квота бөлінді.

Бірақ майданның жайын алыстан көргеннен емес, сонда жүргеннен сұра дедік те, Керекуге кеткен шалқар көштен кім бар деп сұрау салдық.

Көшпен кеткен көптің ішінен дараланып, топтан озып Оңтүстіктегі шуақты күндерін, Солтүстіктегі шырайлы шақтарға алмастырған біздің бүгінгі кейіпкеріміз – Әділбек Туғанбаев. Әділбек бүгінде байырғы қазақ ғұрпымен өлшегенде орда бұзар жаста. Ердің еңбек пен істе дер сыналар шағы. «Қалың қалай, бауырым деп?»– деп қоңырау шалған бізді ашық-жарқын, жайдары – жұмсақ дауысымен қарсы алып, осы шақтағы жай күйін ұялы байланыс арқылы жеткізді.

Әділбек 2021 жылы Шалқыған Шәуілдірден Солтүстік Қазақстанға көшуге шешім қабылдайды. Әрі қарайғы оқиғасын өз ауынан жеткізіп көрелік. Мен 2021 жылы Қыркүйек айында Солтүстік Қазақстан облысының Ғабит Мүсірепов ауданы, Новоишим (Жаңа Есіл) ауылына отбасыммен көшіп келдім. Менің шаңырағымның жүрегі болып отырған ол – жарым мен 3 жасар ұлым. Жақында бұл кішкентай мемлекетіміз тағы бір жанға толығады. Ал әзірге қызу еңбек майданында шынығып, болашақ сәбиімізді жайлы тұрмыспен қарсы алу үшін тер төгіп жүрміз. Жарым декреттік демалыста. Негізгі мамандығы бастауыш сынып мұғалімі, алайда мектепте бос орын болмағандықтан мемлекет орыс тілді балаларға арналған балабақшадан жұмыс орынын ұсынды. Оқу орынын қазақ тобында тәмамдаған келіншегіме орыс тілді балаларға қарау қиын соғатындықтан, ол жерге қызметке орналаспаймын деп шешім қабылдады, ал мен жарымының шешімін қолдадым.

Біздің шаңырақ 3 бөлмелі жер үй, жағдайын өзіміздің тұрмысқа бейімдеп алғанбыз. Барған кезде бағдарламада айтылған жан басына берілетін 204 мың теңгені уақытылы қолымызға берді. Маған мамандығым бойынша, яғни ветеринар – мал дәрігерінің қызметін ұсынды. Алайда еліміздегі мал дәрігерінің жалақысын өздеріңізде білесіздер, тым аз. Азсынғандықтан амалын да өзім табайын деп, жұмыс іздеп таптым. Қазіргі уақытта «БилдингСтрой» атты құрылыс фирмасында, көпшілік арасында «китайский погрузчик» атанып кеткен жүк көлігін айдаймын. Жалақым бұрынғыдан жақсырақ, бұл жақтың жайлы әрі әсем табиғатына да әбден бой үйренді. Туған жермен де қарым-қатынасты үзбедік. Мүмкіндік болса жиі барып қайтуға тырысып жүрмін. Жаңа Есіл ауылындағы 100 түтін шаңырақтың 30-40 шақтысы осы біздің жылы аймақтардан келген қазақ отбасылары. Керекуден 260 шақырым жерде орналасқан бұл ауылға әбден сіңгенше, елдегі ағайын-туысқа келіңдер демей жүрмін. Бірақ насихаттаудан қашпаймын. Мемлекет қолдап, жұмыс орындарын көптеп ашса «орынында бар оңалар» дегендей құлазып қалған ауылдардың бойына қан жүгіріп жан мен малмен толығар деп сенемін.

Шәуілдірдің Шәмші ауылындағы менің үлкен отбасым – қара шаңырақтағы ағаларым, әкем мен анам жеке кәсіппен, мал шаруашылығымен айналысып отыр. Солтүстікке көшудегі негізгі мақсатым жұмыссыздықтан не жалақы аздықтан құтылу болған жоқ, шешім қабылдауым да аяқ астынан, бір қызық болды. Достарымнан, таныстарымнан осы бағдарлама жөнінде көп естідім. Солтүстіктегі қазақ санын молайтып, қазақтың шұрайлы өлкелерін өз көзіммен көріп, қалыпты, жаңаша нұсқасында айтсақ зона комфортымнан шығып көргім келді. Өзім айтып отырғандай, ол шешім мен жасалған қадамым сәтті болған тәрізді, қарап отырсам осы шақта тәтті жалғастықтарға ұласып келеді. Келер күннен үміт көп, күдік жоқ. Шалқар көшіміз молайып, көрікті көшке айнала берсін.

Керекуге көшпен кеткен ұлдың баяны осылай. Солтүстіктегі қазақтың жарасымды, баянды ғұмыры туралы сәлем, сүйінші хабарлар әліде жалғасатын болады, оқи жүріңіз оқырман.

Қымбат-ай ОРАЗАЛЫҚЫЗЫ.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *