ТЕРІСКЕЙДЕ ТІРШІЛІГІҢДІ ТҮЗЕУ ҚИЫН ЕМЕС

Қоғам
318 Views

Газетіміздің өткен сандарында оңтүстіктен солтүстікке көш түзеген отбасылардың қазіргітыныс-тіршілігі мен мемлекеттік бағдарламаның пайдасы жөнінде жазғанболатынбыз.Теріскейді қазақыландыру саясатының қарқынды түрде жүзеге асыпжатқаны көпті қуантады.Солтүстік өңірде де ерен еңбегімен көзге түсіп, елқатарлы өмір сүріп жатқан отбасылардың қатары артып келеді. Бүгінгікейіпкеріміз жас күнінен діни сауаттылығын арттырып, осы салада талай жыл тертөккен жан.

Т алғат Диқансиев – оңтүстік өңірдің тумасы. Алматы қаласында бірнеше жыл бойы тұрақтап, үй кезегі келмеген соң теріскейге көшуді ойлайды. Әлеуметтік желі арқылы түрлі ақпараттар жинақтап, бағдарламаның шарттарымен танысады. Бастапқыда солтүстік өңірдің Шөптікөл ауылына қоныс теуіп, 2021 жылдың соңында Ғ.Мүсірепов ауданының Червонное аймағына көшіп келеді. Кейбір келеңсіздіктердің басын ашып алуды қалаған ол тікелей аудан әкімінің көмегіне жүгініп, қолайлы баспана алады. Сонымен қатар, қаражат пен жылу отындарын тасып беріп, тегін көмек көрсетеді. Құрылыс саласында біршама тәжірибе жинаған Талғаттың басты мақсаты – халқы аз өңірді қазақыландырып, ұлттық дәстүрлерімізді дәріптеу болыпты. Алдынан шыққан сынақтарға қарамастан сынбай, діттеген мақсатына жеткен кейіпкеріміз мемлекеттік бағдарламаға өз ризашылығын білдірді.

– Көпбалалы ата-анамыз. Аталған саясаттың арқасында жайлы баспана мен жақсы жалақыға қол жеткіздім. Бізге берілген үйдің сапасы өте керемет. Әрине, қоныс аудармас бұрын ішкі қорқынышқа бой алдырдық. Өміріміздің қай арнаға жалғасатынымен де хабарсыз едік. Бірақ, жүйелі жоспар құрып, ниетіңді туралап келсең, тіршілігіңді түзеп кету қиын емес.

Жаз мезгілінде үй ауласындағы он соттық жерге көкөністер мен жеміс-жидек ектім. Солтүстік өңірдің құнарлы жері мен ылғалды мезгілінен болар, түсім жақсы болды. Бұл жақтың халқы егін мен мал шаруашылығымен айналысуға машықтанып қалған. Тіпті, қара суықтың өзінде кішігірім жылыжайдан керекті азығын алады. Жылы шырайлы жандар көп, – дейді ол.

Қоныс аударып келген жылы Талғат «Бизнес бастау» бағдарламасының талаптарымен танысып шығады. Мемлекеттің шексіз мүмкіндіктерін пайдалануды қалаған ол керекті құжаттарды жинауға кіріседі.

– Шынында, бұл бағдарлама жайлы естігенде ерекше қуандым. Бірінші жылы біраз сәтсіздіктерге ұрынып, конкурстан құлап қалдым. Осы жылы мал шаруашылығымен айналысу үшін қайтадан грантқа өтініш бердім. Қора салып, әрекет ете бастадым. Ендігі жоспарым – бағдарламадан сәтті өтіп, мал басын көбейту.

Кейіпкердің айтуынша, әкімшілік қашан да есігін айқара ашып, тұрғындармен жеке кеңес өткізіп тұратын көрінеді. Талғат әкімнің қабылдауында болып, 30 соттық жер сұрайды. Аудан басшысы да еш ойланбастан, қарамағаныдағы қызметкерлерге тапсырма беріп, өтінішін орындайды.

– Ағымдағы жылы мал шаруашылығымен айналысуды бастадым. Қазіргі таңда үйрек пен тауық, қой асырап отырмын. Жұмыстан тыс уақытта құрылыс жұмыстарымен айналысып, көмек сұрай келген жандарға қол ұшын созамын.

Солтүстікке көш түзеп келмес бұрын іштей алдын-ала дайындық жасаған жөн. Екі қолға бір күрек табылады. Жұмыссыздықтан қорқып, бір орында үркіп отыра берудің қажеті жоқ. Мемлекет бәрін де даярлап берді. Жайлы баспана, жақсы жұмыс, қолайлы өңір. Осындай шексіз мүмкіндіктерді үйсіз-күйсіз жүрген қандастарым пайдаланса деп ойлаймын.

Әр уақытта жалқаулыққа бой алдыруға болады. Жергілікті тұрғындардың құнарлы жері мен малы да бар. Тек әрекет етуден көбісі қашады. Дайын өнімдері бола тұра, дүкеннен қымбат бағаға сатып алуға құмар. Егінмен айналысуды бастаған жылы ауыл тұрғындары келіп, таңданыстарын айтып жатты.

Көшіп келген жылы «Оңтүстікте бәрі жақсы еді ғой. Неге көшіп келесіңдер?» – деп айтушылар көп болды. Біз бұл сөздерге мән берген жоқпыз. Теріскейге келушілер «ақша алып, жағдайымды жақсартамын» деп емес, «осы жердің иесі боламын, түлетемін» деген ұғыммен келуі керек. Шекаралық өңірге қоныс аудару үшін үлкен жүрек керек. «Бос жатқан жер жау шақырады» деген нақыл бар.

Халық «бұл бағдарлама жұмыссыз жүрген адамдардың бәрін оңтүстіктен солтүстікке көшіруге арналған» деп ойлайды. Олай емес. Бұл бағдарлама – оңтүстіктегі бос жұмыс күшін мамандықтарына сәйкес солтүстіктегі бос орындарда пайдалануға бағытталған, – дейді Талғат.

Солтүстікте қазақ мектептері көбейіп, саясат біртіндеп жүзеге асып келеді. Мемлекеттің басты мақсаты – күштеп көшіру емес, қаңырап қалған теріскейді мал-жанға толтыру, салтын ұмыт қалдырған халықты қазақыландыру. Ендеше, аталған саясатты жүзеге асыру – біз бен сіздің қолымызда, құрметті оқырман!

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *