Осы аптадағы үкімет отырысында президент Қ.Тоқаев елдегі бірқатар кем-кетікті жіпке тізбектеп, шындықты министрлердің бетіне шыжғырып басты. Министрлер сын астында қалды.
Қаңтар оқиғасынан бері қарай бақандай он бір ай өтті. Естеріңізде болса, наурыз айында мемлекет басшысы жаңа үкімет жасақтап, таудай міндеттер жүктеді.
Ел әлеуетін ілгерілетуге қатысты Смайыловтың шынайы шешімін күтіп жүрген президент келесі жыл мұнан да қиын, күрделі болуы мүмкін екенін айтты. Үкіметті келесі жылы осы құрамда жұмысын жалғастыру жайты алаңдатып отырған секілді.
Елдің еңсесін тіктейді деп үміт етіп отырған премьеріміз түк бітірмегені ме? Қолындағы билікті тиімді пайдалана алмауы Смайловқа сын емес па? Елімізде экономика құлдырады. Инфляция деңгейі соңғы он төрт жылда болмаған деңгейге шарықтап шыға келді. Жалақысының жартысынан көбін ішіп жеміне жұмсайтын халыққа жиырма пайыз көрсеткішті көрсеткен инфляция елдің итін шығарды-ау.
Айлығы шайлығынан артылмайтын бұқараның күні алда не болмақ? Инфляцияның өсуін тоқтатпаса Африканың бір қатар елдеріне ұқсап өмір сүруімізде ғажап емес.
Қолымыздағы соңғы мәліметтерге сүйенсек. Халқымыз тапқан табысының елу үш пайызын азық түлікке жұмсайды екен. Киім кешек тұрмысқа қажетті заттарды былай қоя тұрғанда ел азаматтарының табысы ішіп жемнен артылмай отыр.
Әрбір азамат — ұлттық байлықтың иесі деген президенттің сайлау алды бағдарламасын үкімет жүзеге асыра ала ма? Үкімет іштен және сырттан болатын экономикалық қауіптерге төтеп бере ала ма? Бұл сұрақтардың жауабын келесі жылдың еншісіне қалдырайық.