ОТАНДЫҚ ТЕЛЕВИЗИЯНЫҢ КӨШБАСШЫСЫ

Руханият Қоғам
290 Views

ЕҰУ-да қазақ телевизиясының 65 жылдығына арналған халықаралық ғылыми конференция өтті

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қазақ телевизиясының 65 жылдық мерейтойы аясында «Жаһандану кезеңіндегі заманауи тележурналистиканың даму үрдістері» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясын өткізді. Іс-шараға отандық және шетелдік ғалымдар, белгілі журналистер мен студенттер қатысты. Конференция аясында Отандық телевизияның тарихы сарапталып, біреу білсе, енді біреулер білмеген фактілер жиналғандар назарына ұсынылды.

Конференцияға қатысушылар ұлттық телеарнаның даму тарихы мен кезеңдерін, тележурналистиканың өзекті мәселелерін, медиа коммуникацияларды зерттеу парадигмаларын, журналистика және әлеуметтану саласындағы жоғары білімнің өзекті мәселелерін талқылады. Сонымен қатар, студенттерді қызықтырған түрлі сұрақтардың талқылау үдерісі жүрді. Жалпы конференция телевизияның назардан тыс қалған жаңалықтарын еске алумен және ескіні еске алумен жалғасты.

«1958 жылы 8 наурызда отандық телерадиокешеннің дәуірі басталды. Бұл күні Алматы студиясында алғашқы эфир шықты. Бүгінде телевизия тек ақпарат тарату құралы ғана емес, тәрбие көзіне айналды. Сондықтан жаһандану заманында жан-жақтан ағылған ақпаратты сұрыптап, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуде қазақ телеарналарының орны зор. Көз көру мүшесі және ол арқылы адам 90% ақпаратты ұға алады екен, сол себепті телевизияның адам санасына әсері зор. Кез келген ақпаратты дұрыс әрі нақты жеткізу осы саланың жауапкершілігінде. Осы абыройлы міндеттерді жүзеге асыруда ізденімпаздық пен шығармашылық табыс тілеймін», — деп атап өтті Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры, академик Ерлан Сыдықов.

ҚР Президентінің кеңесшісі, профессор Бауыржан Омаров жаһандану дәуіріндегі отандық телевизия журналистикасындағы бәсекеге қабілеттіліктің негізгі белгілеріне тоқталды. Себебі, телеарнаның аудиторияны мейлінше көбірек тартуы оның супержобаларды өмірге әкелуіне ғана емес, көрерменге сапалы өнімдер ұсынуына, жаңалықтарды шұғыл да жан-жақты, креативті түрде жеткізуіне, тіпті арнаның бетке ұстар талантты жүргізушілерінің шеберлігіне де байланысты. Қазақстандық телеарна қызметкерлерінің заманауи технологияларды игеруі, артықшылыққа айналған бірнеше тілді меңгеруі және шетелде тәжірибеден өтіп, кәсіби шеберлікті шыңдау мүмкіндігінің көптігі – оның бір парасы.

«Qazaqstan» РТРК АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Еркін Мұхамеджанов қазақ телевизиясы қалыптасудың алғашқы жылдарында ғарышты зерттеуге арналған бағдарламалар көрсетілгенін, сондай-ақ ғылым мен білімге көп көңіл бөлінгенін айтты. Ал, бүгінгі күннің айдарлары ше?. Байқап отырсаңыз, түрлі бағдарламаларға қарағанда, сериалдар топтамасының саны артқан, соған сәйкес уақытын босқа өткізіп, ортада айтатын әңгімесін өзгертіп алған көрермендер саны көбеюде. Оған қоса өнер саласына арналған шоу бағдарламалар да аз емес, ал білім мен ғылым саласы өзекті мәселенің орын алғанын күтіп отыратын іспеттес.

«Теледидар әрқашан ұжымдық жұмыс. Бағдарламаның және жеке автордың артында көптеген мамандар бар. Біздің теледидар сапасы жағынан әлемдік телеарналардан кем түспейді», — деп қорытындылады сөзін спикер.

Журналистика және саясаттану факультетінің деканы, профессор Қайрат Сақ «Qazaqstan» телерадиокешенімен ынтымақтастыққа кеңінен тоқталды. Оның айтуынша, ЕҰУ мен ұлттық арна арасында жасалған меморандум негізінде факультетте студенттер практикалық дәрістер өтетін арнайы аудитория ашылған және онда телерадиокешеннің жетекші қызметкерлері студенттерге дәріс береді. Бұл студенттер үшін, өз тәжірибесін шыңдауға, теориялық білімін арттыруға арналған үлкен мүмкіндік.

Конференция барысында шетелдік сарапшылар да сөз алды. Қырғыз ұлттық университетінің доценті Зарыл Алымбаева қырғыз және қазақ телевизиясының ынтымақтастығы туралы айтып берсе, журналистика және қоғамдық коммуникациялар университетінің доценті Перхан Алламбергенова өз сөзінде Қарақалпақстан телевизиясының тарихына тоқталды. Түркітілдес қандастарымызбен біздің ұқсастықтарымыз көп болмаса, аз емес. Дегенмен, бір-бірінен сабақ аларлық, өзара бөлісе аларлық тәжірибе алмасатын ақпараттарымыз бар екендігі айқындалды.

Конференция жұмысы «Заманауи тележурналистика мәселелері», «Журналистика және әлеуметтік ғылымдар бағытындағы жоғары білімнің өзекті мәселелері» тақырыбында секциялық мәжілісте жалғасты. Конференция барысында аталып үлгермеген өзекті мәселелер атап өтілді және олардың шешу жолдары ұсынылып, кей мәселелер келесі отырысқа жүктелді. Елдің болашағы әр қызметкердің мойнында, сол себепті әр маманның біліктілігі де қозғалып өтті.

Сондай-ақ аталмыш конференция аясында Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Журналистика және саясаттану факультетінің студенттері үшін журналистика саласындағы танымал сарапшылардың шеберлік сыныптары ұйымдастырылды. Студенттер үшін қызықты тақырыптардың қозғалғаны анықталып, дебаттық талқылаулар жүзеге асырылды. Конференция арқасында Отандық телевизияның өзекті тақырыптары қозғалып, мәселелерін шешу жолдары ұсынылып, студенттердің журналистика саласына деген қызығушылығы оянып, конференцияға қатысушылар тың идеяларымен бөлісті.

Дильназ ТОЛҚЫНБЕКОВА,

ЕҰУ-нің журналистика және саясаттану факультетінің 2-курс студенті.

Астана қаласы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *