ӘДЕБИ МҰРА – ОРТАҚ ҚАЗЫНА

Қоғам Әдебиет
15 Views

ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының Бас хатшысы Сұлтан Раев академиялық кітапханада қонақта болды 

 ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы қабырғасында ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының Бас хатшысы, көрнекті қаламгер Сұлтан Раевтың қатысуымен мәдени-ағартушылық іс-шара өтті. Кездесу аясында Сұлтан Әкімұлы кітапхана жұмысымен танысып, түркі халықтарының ортақ әдеби мұрасын насихаттау, бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелері сөз болды. Тараптар мәдени-гуманитарлық байланыстарды жаңа деңгейге көтеру, ортақ рухани құндылықтарды жүйелі түрде дәріптеу бағытындағы ықпалдастық перспективаларын талқылады.

Кездесу аясында Сұлтан Раевтың кітапхана қорына тарту еткен кітаптары негізінде «Түркі әлемі: Ортақ тамыр, ортақ мұра» атты көрме ұйымдастырылды. Көрмеге түркі халықтарының әдебиеті мен тарихын, рухани сабақтастығын айқындайтын еңбектер қойылып, оқырмандар назарына ұсынылды.

Сонымен қатар Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының қолдауымен Қазақстан Жазушылар одағы Астана филиалы және ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының ұйымдастыруымен “Қаламгер ұстаханасы” жобасы аясында Сұлтан Раев «Әдеби процесс және әдеби интеграция» тақырыбында дәріс оқыды.

Іс-шараны ақын, Қазақстан Жазушылар одағы Астана қалалық филиалының директоры Бауыржан Бабажанұлы жүргізді.

Шара барысында қонаққа тосын сый ретінде жыршы, манасшы Баянғали Әлімжанов қырғыздың ұлы эпосы – Манас жырынан үзінді орындап берді. Іс-шараны жүргізген ақын, Қазақстан Жазушылар одағы Астана қалалық филиалының директоры Бауыржан Бабажанұлы жазушы Сұлтан Раевтың шығармашылығынан хабардар ете отырды.

Кездесуге зиялы қауым өкілдері, белгілі жазушылар мен ғалымдар, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттері, мәдениет және білім саласының мамандары қатысты.

Аслан ГАФУРОВ,

ЕҰУ-нің магистранты