АРЫСТА«МҰҢЛЫҚ-ЗАРЛЫҚ» КЕСЕНЕЛЕРІНЕ КӨҢІЛ БӨЛІНЕ БАСТАДЫ

Рухани жаңғыру Қоғам
333 Views

Аңызы мен ақиқаты аралас қазақтың жыр-дастаны «Мұңлық-Зарлықты» ел арасында қиссашыл ақын Жүсіпбек Шайхысламұлы жазып алып, ауыздан-ауызға таратқан екен. Бертін келе Дулат Исабеков жазып шыққан пьеса театрда сахналанып жүр. Ол жөнінде жазушы Мархабат Байғұт та өз толғанысын «Егемен Қазақстан» газетінде бөліскен еді. «Мұңлық-Зарлық» Шығыс жұртына ортақ дастан саналғанымен, қазақтың төл туындысы екенін ешкім жоққа шығара алмайтынын айтқан ол «Ағалы-қарындасты егіздер Зарлық пен Мұңлықтың көнеден келе жатқан кесене-күмбездері – осы Түркістан облысына қарасты Арыс қаласының маңында орын тепкен. Арыстың маңайындағы Ақдала мен Жиделі ауылдарының аралығында орналасқан жырдың кейіпкерлері Мұңлық пен Зарлықтың кесенелеріне соңғы кезде саяхаттап келушілердің қарасы көбейген.

Арыс қаласының әкімі Г.Құрманбекова мен экспедиция мүшелері

Осы тұрғыда Арыс қаласының әкімі Гүлжан Құрманбекова 2021 жылдың тамызында Арыс қаласының төңірегінде орналасқан археологиялық ескерткіштер мен киелі орындарды аралап, «Киелі мұрамызға тағзым» атты мәдени танымдық сапар ұйымдастырды.

Бір күндік сапар-шараға Арыс қалалық мәслихатының хатшысы А.Байтанаев пен Арыс қаласының бас прокуроры Т.Сейдуалиев те болды. Сондай-ақ, қала әкімнің орынбасары Р.Айтбаев пен қала әкімінің кеңесшісі Г.Сапарымбет, әкім аппараты басшысының м.у.а А.Манапов, қала әкімінің көмекшісі Ж.Жұманов та қатысты.

Мұңлық кесенесі
Зарлық кесенесі
Арыс қаласы Сырдария өзені Қожатоғай ауылы 2021 жыл
Шөгірлі қала жұртының рабат бөлігінде орналасқан мешіт-медресе орны

Бір қызығы, бұл сапарға алдағы уақытта тарихи орындарда жасалуы тиіс жұмыстар мен іске асырылуы керек тапсырмалардың (тарихи орындардың құжаттарын заңдастыру, жер көлемін айқындау мен қорық аймағын нақтылау, қазіргі заманауи талапқа сай жол салып, жарықтандыру, тағы басқа да инфрақұрылымдық жоспарлар) орындалуын сол мезетте шешу үшін қала әкімдігіндегі барлық бөлім басшылары түгел қатысты. Атап айтқанда, Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Г.Садықова, Кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Қ.Шойханов, Жер қатынастары бөлімінің басшысы Е.Қуандық, ТҮКШКжАЖ бөлімінің басшысы А.Тұрханов, Жер кадастры бөлімінің басшысы Ә.Апбазов, Ішкі саясат бөлімі басшысының м.у.а Ш.Нұртазаева, Сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Н.Жанбатыр, «Рәтәй қажы» мешітінің имамы П.Ізбасханов, «Қолғабыс» қайырымдылық қорының төрағасы С.Мұсабеков болды.

Тәуелсіздігіміздің тұңғыш президенті Н.Назарбаевтың «Қазақстан жерінде ел аузында жүрген мәнді аңыз, әпсана мен әңгіме көп, көненің көзі, асылдың сынығы – құнды жәдігерлер мол. Біз осының бәрін елеп-екшеп, қажетімізге жаратуымыз керек…», – деп айтуы барша қазақ халқына мәнді-мағыналы сөз деп ойлаймыз.

Гүлжан Мамытқызының әлеуметтік, экономикалық атқарар істердің көптігіне қарамай, әкімдік қызметкерлерімен бірге өңірдегі тарихи ескерткіштер мен киелі орындарды аралауын болашақта атқарылатын игі істердің бастауы деуге болады.

Сапар аясында алғаш қадам басқан жер Сыр өңірінде көне аңыздың бірі «Мұңлық–Зарлық» дастанындағы негізгі кейіпкерлер саналатын Мұңлық пен Зарлықтың жерленген орны болды. Бұл жерде құрбандыққа арнайы мал шалынып, сапар құрамында болған Арыс қаласындағы «Рәтәй қажы» мешітінің имамы П.Ізбасқанов дұға бағыштап, құран оқыды.

Зарлық зираты «Шымкент–Шардара» тас жолының бойында тұрғанымен, оның күтімсіз күйі бірден байқалады. Сондықтан да қала әкімі Гүлжан Мамытқызы зираттың жай-күйімен мұқият танысып, сол жерде тиісті сала мамандарына шұғыл тапсырмалар жүктеді. Ал Мұңлық зиратында біршама жұмыстардың жүзеге асып жатқанының куәсі болдық.

«Шымкент–Шардара» тас жолының бойына Мұңлыққа арнап ескерткіш белгі қойылып, айналасы қоршалып абаттандырылыпты. Зиратқа 300-400 жер жетпей зиярат етіп келушілерге арнайы үй тұрғызылып, оның бір-екі бөлмесі Арыс өңірінің тарихы мен «Мұңлық–Зарлық» дастанына арналған. Кішігірім музей жұмысы да қолға алынып жатыр екен. Зарлық зираты мен Қаншайым мүрдесі деген жер төрт бұрышты етіп күйдірілген қыштан қаланып қоршалған. Ашық төбесіне қаңылтырдан жасалған екі күмбез орнатылыпты, олардың да тұрғанына 40-50 жылдай болған.

Бұл жерді өз қамқорлығына алып, тұрғын үйлер мен жол салып жатқан «Мұңлық» қайрымдылық қорының басшысы Ескермес Сариев сапар құрамындағы азаматтарға атқарылып жатқан жұмыстар туралы әңгімелеп берді. Қалалық әкімшілік тарапынан қосымша атқарылатын көмектер мәселесі сол жерде талқыланып әр сала бойынша бөлінді.

МҰРЫНҚАРАҚТАҒЫ ЖЕТІ ОБА

Сапар барысында үшінші нысан аудандағы ең қашықта орналасқан Мұрынқарақ тау жотасы үстіндегі ескерткіштер болды. Мұрынқарақ тау жотасының үстінде тастан үйілген жеті оба археологиялық ескерткіштер қатарына енгізілген. Кейіннен ол жерге Алатау батыр мен Қара тәуіп зиратының орны деп кесене мен белгі тас қойылған. Бүгінде бұл жерді қазіргі кезде «Алатау батыр» қайрымдылық қоры өз қамқорлығына алып көптеген жұмыстар атқарып жатыр.

Табақ бұлақ тұсынан Мұрынқарақ тауына дейін Әлтен Есмұрзаев бастаған ағайындылар өз күштерімен тас жол төсепті. Бұл жұмыстардың басы-қасында жүрген Нұрмахан мен Оразхан Жанысбековтер көптеген игі шаралар атқаруда. Алдағы уақытта Мұрынқарақ тауының үстіндегі мәдени ескерткіштер маңында республикалық дәрежедегі түрлі танымдық шаралар ұйымдастыруға зор мүмкіндіктер болады деген сенім бар.

2021 жылдың 10 сәуірінде осы жобалардың бастауы ретінде Мұрынқарақ ғылыми халықаралық конференциясы ұйымдастырылыпты. Бұл туралы осы жұмыстардың басында жүрген Ғалымжан Бейтұрсын таныстырып өтті. Г.Мамытқызы әкімдік тарапынан тиісті көмек көрсететіндігін айтып, оның бәрі заң талаптарына сай болатынын атап өтті.

Сапардың келесі бағыты Ақын-Жақып әулие зираты болды. Екі әулие екі жерде болғандықтан басына сағана тұрғызылған Ақын зиратына тоқталдық. Әулие мен сол жерде жатқандарға арнап Құран бағышталды. Кесене шырақшысы Өмірбек Дүйсенбекұлы сапар мүшелеріне әулие тарихы мен сол жерге қажетті мәселелер жөнінде айта келе, Жақып әулиенің қараусыз қалып бара жатқанына назар аударды. Бұл жерде де әкімдік тарапынан жүзеге асуы тиіс жұмыстарды нақтылаған бөлім басшылары өз салалары бойынша тиісті шараларды жазып алды.

МАЙЛЫҚОЖА АҚЫННЫҢ МЕКЕНІ

Келесі тоқталған тарихи-мұра орта ғасырлық Шөгірлі қала жұрты. Іс-сапар мүшелерін ауыл әкімі Зәкірқожа Елшібаев пен жеке кәсіпкер Яхия Кәукешов сынды аптал азаматтар күтіп алды. Гүлжан Мамытқызы бұл жерде ортағасырлық қала жұрттың сақталу жайымен танысқан соң, қалашықтан 60-70 шақырым қашықтағы рабат бөлігінде орналасқан мешіт-медресенің жай-күйін көріп, кейбір мәселелерді тез арада шешу үшін мамандарға тиісті тапсырмалар берді.

Ерекше атап өтерлігі, жергілікті белсенді азаматтар Қожатоғай ауылының оңтүстік-батысындағы қыр үстінде орналасқан Майлықожа ақынның тұрған үй-жайының айналасын темір қоршауымен қоршатыпты.Алдағы уақытта сол маңнан арнайы үй-жай тұрғызу жоспары бар екендігі белгілі болды.

Танымдық сапар аясындағы ең ұзақ тарихи ескерткіштер шоғыры және бірегейі Дастарбасы, Айғырұшқан, Тасқотан, Кереге тас, Аққойлық аласа тау жоталарындағы көне дәуір және ортағасырлық ескерткіштер тізбегі еді.

Дастарбасы ескерткіштерінің санатына түрлі көлемдегі үңгірлер мен алып адамның оң аяғының ізі, тасқа ойып түсірілген тоғызқұмалақ ойын тақтасының орны, крест белгісі, ат байлар ойықтар, тас бетіне ұзын етіп түсірілген сызықтар, үңгір қабырғасына жазылған жазулар жатады. Сондай-ақ, Айғырұшқан тау жотасындағы көне заман қорымдарының да өзіндік ерекшеліктері бар. Ал Тасқотандағы алғашқы адамдар қонысы мен осы өңірдегі 100-ден аса оба қорғандары көпшіліктің зор қызығушылығын тудырды.

Дастарбасы, Айғырұшқан ескерткіштерін байтоғайлық кәсіпкер Әбдіғани Спаев көпшілікке таныстырып, бұл өңірдің көне тарихы әлі де терең зерттеуді қажет ететінін, тұнып тұрған жәдігерлер екендігін айтты. Оған қоса кейбір қорымдар ауыр техникалармен бұзылып, тоналып жатқанын атап өтіп дабыл қақты.

Қала әкімі Гүлжан Мамытқызы сапар барысын түйіндей келе, Арыс өңірінің көне шежіресін парақтасақ, есте жоқ ескі замандардан бері бұл өңір адам баласының тіршілік етуіне қолайлы жазиралы алқап болғандығын тілге тиек етті.

«Біздің жерімізде қазақ баласының арғы бабалары Ғұндар, Қаңлылар, Түркілер, Оғыздар, Қыпшақтар, Қарақандықтар тарих сахнасында кезең-кезеңімен өмір сүріп өз мәдениеті мен ғылым-білімін, өнерін, салт-дәстүрін бізге мәңгілік мұра етіп қалдырғанның куәсі болып тұрмыз. Сонымен қатар, қазақ елінің қалыптасуы бастау алатын Алтын Орда мемлекетінің құрамына да Арыс өлкесінің енгені баршамызға аян. Қазіргі кезде көне тарихтың көзі ретінде менмұндалап асқақтап тұрған 70-тен астам бабаларымыздың ақ адал маңдай терімен тұрғызылған қала жұрттары, елді мекендер, таңбалы тастар, адам баласы тіршілік етіп паналаған үңгірлер, тас бетіне түскен іздер мен белгілер, қасиетті де киелі жерлер тарихи-мәдени мұралар болып, біздің жауһар асыл қазынамыз ретінде мемлекеттің қамқорлығына алынған», – деді қала әкімі.

Өз ойын осылайша сабақтай түскен Г.Құрманбекова біздің ендігі міндетіміз, Арыс өңіріндегі тарихи-мәдени ескерткіштердің тарихи мән-маңызы мен рухани өміріміздегі орнын кеңінен насихаттап, ерекше қорғау жолдарын жетілдіріп, ескерткіштерге қажетті құжаттарды толықтырып, көне мұраларды сақтап қалу екендігін еске салды.

«Сондықтан да біз өз жеріміздегі ескерткіш, жәдігерлерді сақтап, насихаттай білсек өлкеміз ашық аспан астындағы табиғи-тарихи музей боларына сенімдімін. Ал бұл жолдағы негізгі мақсатымыз – Арыс ескерткіштерін дәріптей отырып, өлкеміздің туристік бағыт-бағдарын одан әрі жетілдіру болып табылады. Сөйтіп, әлемдік туризм бағытына қосылуға ұмтылуымыз керек», – деп сөзін түйіндеді ол.

Қала әкімінің айтуына қарағанда, осы мақсаттағы жұмыс-жоспарлар мұнымен шектелмек емес. Тарихи құндылықтар орналасқан жерлерді танып білу мен оның проблемаларын шешуде, инфрақұрылымын жүргізіп, Арыс қаласының тарихи туристік маршрутын кеңейтуге бағытталған жұмыстар әлі де жалғасын табатын болады. Сол үшін де алдағы аптада Жекен Шайық пен Монтай әулие, Төрт құлақ әулие сынды тарихи кешендерге сапар жасау жоспарланған.

Серік АХМЕТОВ,

өлкетанушы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *