ЕЛ АЗАМАТЫ

Тұлға
123 Views

Жер жаннаты – Түлкібастан қияға қанат қаққан түлектербүгінде кең байтақ Қазақстанның түкпір-түкпірінде әр салада жемісті еңбек етіп,еліміздің тәуелсіздігін нығайтуға үлкен үлес қосып жүр. Солардың бірі – Құрманбек Тайбергенов бауырымыз. Құрманбек 1976 жылы қазіргі Шақпақбабаауылындағы орта мектепті бітіргенде, алдында толған таңдау, толған мақсаттұрды. Мектепті жақсы бітірген бозбала Шымкент қаласындағы Қазақхимия-технологиялық институтына түсіп, жоғарғы оқу орнын 1981 жылы ойдағыдайүздік аяқтап, инженер-механик мамандығын алды. Жас маманның шырайлы Шымкенттеқалуға мүмкіндігі үлкен еді. Алайда, Құрманбек жолдама бойынша алыстағыПавлодар қаласына аттанып, еңбек жолын Ресеймен шекаралас жатқан үлкеншаһардағы «Казпромтехмонтаж» басқармасында қатардағы шебер болып бастады.

Павлодарды жер ұйығы Шымкентпен салыстыруға болмайды. Қазақстанның солтүстігінде жатқан бұл өлкенің табиғаты қатал, әсіресе қысы – қаһарлы, суық болып келеді. Оның үстіне сол жылдары Павлодар қаласында небәрі 9% ғана қазақ ағайындар тұрды. Жасыратыны жоқ, облыстың бүкіл экономикалық және әлеуметтік тұтқасын орыс ұлтының өкілдері ұстайтын. Әрине, көпке топырақ шашуға болмайды, дегенмен шовинистік пиғылдағы орыс ағайындар аз болған жоқ. Олардың жоғарғы оқу орындарын бітіріп келген қазақ мамандарына менсінбей шекесінен қарағандары жасырын емес. Еңбек жолын үлкен ұжымында бастаған инженер-механик Құрманбек Тайбергенов те алғашқыда көптеген қиындықтармен кездесті. Бірақ жас маман мойыған жоқ, шыдамдылық танытты, ағысқа қарсы жүзе білді. Өзінің еңбек сүйгіштігін, маман ретінде біліктілігін көрсетті, әріптестерін мойындатты. Жігерлі ісімен, үлкен адамгершілігімен, тиянақты ісімен көзге түскен жас қазақ 3 жылдың ішінде қатардағы шеберден учаскі бастығына дейін көтерілді. Құрманбек басқаратын еңбек ұжымы бір «Казпроммонтаж» басқармасы ғана емес, бүкіл Павлодар қаласы және облыс бойынша социалистік жарыстың көшін бастап, үздік атанды. Ол басқаратын учаскі сол жылдары бүкіл Кеңестер Одағы бойынша аса маңызды ірі кәсіпорын болып саналатын Павлодар трактор және алюминий зауыттарын техникалық жабдықтаудан өткізді, жұмыс сапасына жоғары баға берілді.

Екібастұз қаласының маңындағы «Богатырь» кенішінде көмірді роторлы экскаватормен ашық өндіретін бірегей қондырғыны құрастыруда Құрманбек білікті маман ретінде неміс инженерлерімен бірлесе еңбек етті. Бұл игі іс өндірілген «қара алтынның» көлемі мен сапасын бірнеше рет арттырып, дүние жүзілік Гиннесс кітабына жазылды.

Құрманбек және оның командасының еңбектегі қол жеткен жетістіктері, ынтымағы мен бірлігі туралы облыстық, республикалық газеттер жарыса жазып жатты, бүкіл республикаға озат тәжірибелерін таратты. 1000-ға жуық адам жұмыс істейтін үлкен еңбек ұжымының партия комитеті білікті инженер, іскер басшы Құрманбек Тайбергеновке үлкен сенім артып, КПСС қатарына қабылданды. Сол кезеңде инженер-техник қызметкерлерін партия қатарына қабылдау– үлкен абырой, мәртебе болатын.

Солтүстік өңірде ысылып, мол тәжірибе жинақтап, білікті маман атанған азамат арада үш жыл өткен соң Шымкент қаласындағы «Казахмонтаж» басқармасына учаскі бастығы болып ауысып келіп, еңбек жолын жалғастырды.

1984-1992 жылдар аралығында Кеңес және мемлекеттік қызметтерде болды. Облыстық атқару комитетінде аға референт, халық депутаттары облыстық кеңесі төрағасы бірінші орынбасарының көмекшісі, облыстық әкімшілікте топ жетекшісі болып қызметтер атқарды.

1992 жылы Шымкент қалалық әкімшілігі аппаратында істердің басқарушысы болып тағайындалды. 1994 жылдан бастап коммерциялық құрылымдарға өтіп, Шымкент қаласындағы «Түркістан» фирмасы бас директорының орынбасары болып қызмет етті. 1996 жылдан «Полиграфия» өндірістік бірлестігінде бас директорының орынбасары болып қызмет атқарды.

Қай салада болмасын өзінің іскерлігімен, үлкен ұйымдастырушылық қабілетімен көзге түскен Құрманбек Тайбергенов 2000 жылдың басында Тәуелсіз Қазақстанның бас қаласы – Астанаға қызметке шақырылып, Қазақстан Республикасы Парламентінің тұрғын үй және коммуналдық шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары болып тағайындалып, айтулы жауапты қызметті үлкен абыроймен атқарды. Өткен жылы ғана өзінің 60 жылдығын атап өткен Құрекең қазіргі таңда Нұр-Сұлтан қаласында жауапты қызметте.

– Менің әкем тәлім-тәрбиесі төмендеу ауылдастарына қарап отырып, «Мына бауырларым жақсылардың сарықтығын ішпеген жандар ғой» – деп отырады екен. Менің ең үлкен бақытым – есімін бүкіл қазақ білетін тұлғалы азаматтармен жұмыс барысында бірге жүрдім, дәмдес болдым, тәлім-тәрбие алдым. Белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері – Санжар Жандосов, Қаратай Тұрысов, Сергей Терещенко, Қалық Абдуллаев, Фазыл Үркімбаев, Болат Жылқышиев, Амалбек Тшанов, Бердібек Сапарбаев және басқаларымен қоян-қолтық араласып, еңбек еткенімді, сол ағалармен бірге соңымда ізгілік іздерін қалдырғанымды мақтаныш тұтамын, – дейді Құрманбек өз әңгімесінде.

Жастайынан әдебиетті сүйіп, көп оқығандықтан болар, сегіз қырлы, бір сырлы бауырымыз жазушылар мен ақындарға, өнер қайраткерлеріне бір табан жақын жүреді. Мына жалған өмірден күні кеше ғана өткен қазақтың нарқасқа жазушысы Шерхан Мұртазаның Құрманбек інісіне деген ілтипаты ерекше болатын. Қазақтың белгілі қаламгерлері – Сәбит Дүйсенбиев, Әкім Ысқақ, сазгер Қалдыбек Құрманәлі, қайсар да жаны нәзік, адам баласына жақсылық жасауға үнемі асығып жүретін Құрманбектің қасиеттерін үнемі жыр етіп айтып отырады.

Құрманбектің бір ерекшелігі – қазақ халқының өткен тарихы десе ішкен асын жерге қояды. Белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, техника ғылымдарының докторы, академик, профессор Бақтыбай Қасымбеков ағасымен бірлесе отырып, жоңғар шапқыншылығында ерен батырлығымен ерекше көзге түскен, Абылай ханның оң қолына айналған Бердіқожа батыр бабалары туралы көптеген тың деректер жинап жүр. Сөз орайы келгенде айта кететін бір жай – Бердіқожа батырдың тарихи деректерін іздестіруде, зерттеуде және батырдың Қарқаралыдағы кесененің бой көтеруіне профессор Бақтыбай Қасымбековтің сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Бақтыбай мен Құрманбектің басты мақсаттары – бүкіл қазақ мойындаған Бердіқожа батыр туралы шынайы деректі фильм түсіруге, батырдың бойындағы ерен ерлігін, өр мінезін жан-жақты сомдайтын роман жазуға мұрындық болу үшін үлкен ізденіспен еңбек етуде.

Қара шаңырақтағы бақыт пен қуаныш үлкен түсіністіктен басталады. Құрманбек пен оның құдай қосқан қосағы – Гүлнар ұлдарын – ұяға, қыздарын – қияға ұшырған бақытты жандар. Ұлы – Данияр, қыздары – Индира мен Әсел өмірден өз орындарын тауып, әр салада жемісті еңбек етуде.

Айта берсек, Түлкібастан түлеп ұшып, биікке самғаған зиялы жан – Құрманбек Тайбергенов туралы айтар сыр көп. Ол алыста жүрсе де туған жері – Түлкібасты шексіз сүйетін, ардақтайтын, қолынан келсе атамекенінің өркендеп өсуіне, дамуына үлес қосатын айтулы ел азаматының бірі.

Доқтырхан ТҰРЛЫБЕК,

жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты.

Алматы қаласы.

Суретте Құрманбек Тайбергенов мемлекет және
қоғам қайраткері, профессор Бақтыбай Қасымбековпен бірге.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *