ЕҢКУ, ЕҢКУ ЕСКІ ЖОЛ

Әдебиет
68 Views

Елубай жап-жаңа «Жигули» ішіне симай, тықыршып мазасы кетті. Қасындағы мұрны бетінің жартысын алып жатқан, көзі тұздай Махмуд досы рульге жабыса түсіп, әлдене әуенді ыңылдады. Ынтымақ ауылында бұл екеуі келе жатыр десе, жылаған бала жылауын қояды, ары-бергі жүргіншілер тайқып шығады. Тіпті ауылды қойып, аудан орталығына барып, төбелесіп қайтатындары бар. Міне, Махмудта қос қасқа тіс сол сойқан шатақтың бірінде қағылып қалған, Елубайдың да көзінің алдындағы үсіген картөшкедей көгерген жері жаңа-жаңа жазылып келеді.

Мол суы күркірей аққан өзен жағасына тоқтап, белдерін жазып далаға шықты. Маусым айындағы тамылжыған шақ, өзен жағасы шымқай көк, ал төңірек ақшымылдық гүлге оранып, шөп басы түрленіп пісіп тұр. Гүлден-гүлге қонған ара уілінен, өзеннің буырқана ақ көбіктене ағысынан басқа дыбыс жоқ, аңғардан салқын самал желпиді.

Өзендері көп екен, — деді қол-аяғы сидиған Махмуд серең-серең етіп.

Жетісудың жеті өзенінен өттік. Енді аз қалды, анау ауылдың арғы жағында… – деп, Елубай тау бөктерін нұсқады.

Екеуі тік тұрған қалпы капоттың үстіне газет жайып, колбаса турап, бөтелкедегі айраннан ішіп, көмбе нанды қарбыта асады.

– Сұлуың сені екі көзі төрт боп күтіп отырған шығар? – деп Махмуд кеңк-кеңк күлгенде қағылған қасқа тісінен қызыл тілі жылт-жылт ете қалды.

– Ауылға барған соң тісіңді салдырмасам ба? – деген Елубайға:

Ой, оның шекесін жарып, ұрып жықтым емес пе?!

«Махмуд жынды екенін білгенде жоламайтын едім» деп ауруханада бір жеті жатып шығыпты. Әй, өмір бойы ұмыта қоймас мені. Тек доғдырдан, уколдан өлердей қорқамын, – деп қысқа жең жейдесінен кепкен бұтақтай серейіп шығып тұрған жүн-жүн білегіне қарап, шоқпардай жұдырығын түйіп көрсете, ырс-ырс күлді.

Елубай, айтшы мына қалыңдығыңмен қалай таныстың?

Перизат мұндай сұлуды өмірі көрген жоқпын. Ұп-ұзын төгілген қап-қара шашы қандай, ботаның көзіндей жәудіреген көзі қандай, сылқ-сылқ еткен күлкісі, сызылып сөйлеген сөзі қандай?!

Аты кім дедің?

Рәш!

Менің қызым Кавказда. Биыл мектеп бітіреді. Келер жазда алып келемін. Үйленемін. Менімен бірге барасың ғой алып келуге?

Әрине, барамын.

Елубай, бұл періште қызды қалай тез айналдырып алдың?

Е-е, сол да сөз болып па? Дембілге келе жатқам ғой. Тынық Мұхит жағасында теңіз десантнигі болып, сержант атағын алып, бір вагон жауынгерлер туған жерге қайтып келе жаттық емес пе?! Поезд Владивостоктан тоғыз күн жүріп, ішіміз пысып, әбден зерігіп, таңертең Семейге жеттік-ау! Туған жердегі тұңғыш қала. Перронда түсе-түсе қалып, қазақтарды көріп, амандасып, мәре-сәре болып, ары-бері қарағыштап тұрғанмын. Қызыл плащ киген қыздың кескінін көзім шалып қалып, солай жүгіре жөнелдім. Екі шабаданы бар басында қызыл берет, үстіне қызыл плащ киген періште қыз билетін көрсетіп, поезға мінейін деп тұр екен. Қос шабаданды көтеріп ала сала вагонға кіргізіп, купесіне орналастырдым. Таң сыз беріп атып қалған шақ. Жолаушылардың бәрі қалың ұйқыда.

Қыз купесінен шығып, екеуміз әңгімелесіп кеттік. Семейдегі медучилищені бітіріпті. Үшаралдан түседі, арғы жағындағы ауылда тұрады. Есім кетіп, әлгі сұлумен шүйіркелесіп сөйлесіп, вагон-рестораннан түскі ас ішіп, әмпей-жәмпей болдым да қалдым. Адресімді жаздырып алды. Үшаралға келдік дегенде, бас-көз жоқ тамбурда құшақтап, бетінен сүйіп алдым. «Ұят қой, елден ұят емес пе?» — деп сыбырлай берді.

Вокзалда секіріп түсіп, жүгін әперісіп, қоштасарда құшақтап:

Рәш! Сені жақында іздеп барамын! Күт мені! – дедім қайта-қайта.

Қып-қызыл болып аққала тістерін көрсетіп күле берді.

Басында қызыл берет, үстінде қызыл плащ киген ай бейнелі ол сұлудың бейнесі есімнен кетпейді-ау.

Поезд жүйтки жөнелгенде купенің терезесін ашып жіберіп:

Рәш! Сені сүйемін! Іздеп келемін! – деп айқайладым. Ол әппақ білегін көтеріп, алақанын аспанға жайып, қош-қош деп қол бұлғап қалды.

Содан не, аламын деп қашан айттың?

Он шақты күннен кейін үйге хаты келді. Өзінің адресін жазып жіберіпті, ауылдағы медпунктке жұмысқа тұрыпты. Одан әлгі өлең жазғыш ініме әдемілеп хат жаздыртып, салып жібердім. «Сүйемін, жаным да жарым да сенсің» — дедім. Медпункттің телефонына заказ беріп, өзімен сөйлестім. Жақында барамын дедім.

Аламын, алып қашып кетемін, дайын отыр дедің бе?

Жоға. «Ешқайда кетпей ауылда сені күтемін» — деді ғой.

Сонда біздің келетінімізді білмей ме? – деп Махмуд алая қарады.

Барамын дегеннен түсінген шығар.

Олар Үшаралдан өтіп шаң-шаң, ойқы-шойқы жолмен белден көтерілгенде алдарынан көкпеңбек ұшы-қиыры жоқ шалқыған дария шыға келді.

Мә, мынау не деген үлкен теңіз – деді өмірі мұндай су көрмеген

Махмуд таңқала.

Бұл Алакөл деген көл. Мен морской десантник болған Тынық Мұхитты көрсең ғой. Бүкіл жер әлемді алып жатыр, ал дауылды күндері толқындары үйдей, тау жаңғырардай екпіні сұмдық.

Ауыл дегені сай-саланы қуалай салған үстін сылап тастаған тоқал тамдар болып шықты. Медпунктті тауып алып еді, жабық тұр.

Енді тастақ жолмен жоғары өрлеп көл жағалай әркімнен қыздың үйін сұрастыра бастады.

Ой, Елубай, сен әбден пісіріп, келіскен екен деп ойласам… Ол мүмкін

Алматыға кетіп қалған шығар? – деп шешен досының ұнжырғасы түсіп кетті.

Рәштің үйінің маңы тым-тырыс, екі ағашты кере салған қақпасы жабық. Елубай екі-үш рет тоқылдатты да, ары қарай секіріп түсті. Үйдің есігі ашық екен.

Рәш! Рәш! – деп дауыстады.

Қазір… – деп сасып-салбырай үстіне ескі халатын кие-мие бір қыз жүгіре басып шықты. Аяғында арты жымырайған ескі үлкен галөш.

Сізге кім керек? – деп ол еліктің лағындай кекілін артқа серпіп тастап таңдана сұрады.

Рәш керек еді.

Рәш пе? Ол көл жағасында. Сіздер кім боласыздар?

Мен Елубай деген ағаңмын. Жүр көрсетші қай жерде?

Киініп шығайын да?

Машинаға отырып барасың, кейін әкеп тастаймыз. Жүре қойшы.

Атың кім?

Мінәш.

Рәш әпкең бе?

Иә. Сіз жөнінде айтқан, сыртыңыздан білемін аға, — деген қызды қолынан ұстап сүйрегендей әкеліп машинаға мінгізді.

Алакөл тұп-тынық. Жағасы бозарыңқы да ары қарай көкпеңбек, беті болар-болмас жыбыр-жыбыр етіп толқындары жарыса ойнаған дария тым шалқар.

Елубай кел, көлге шомылайықшы, — деп Махмуд машинаның терезесін ашып, самалға сопақ басын тосты.

Тұра тұршы Рәшті тауып алайық? – деп тықыршыған жігіт жан-жағына алақ-жұлақ қарады.

Анау Манас ағаның машинасы ғой. Сонымен кетті ғой деймін, — деп Мінәш қорабына «Молоковоз» деп жазылған алқа-салқа ескі машинаны нұсқап көрсетті. Оның кабинасы бос, ар жағы биік жарқабақ. Төменге мойындарын соза қарағанда қыз бен жігіттің қол ұстасып, су жағалай қыдырып жүргенін көріп бәрі қалшиып тұрып қалды.

Елубай Рәшті жазбай таныды, жанындағы сыриған ұзын имиген жігіт жалаңаяқтанып алып, су кешіп жүр.

Әне, Рәш! – деді бәсең үнмен сіңлісі.

Мә! Мәссаған! Мынау ма қызың? – деп Махмуд санын ұрды.

Кеттік! – деп қаны басына шапқан Елубай шалт бұрылды. Мінәш бұларға ермей қалтиып тұрып қалып еді:

Қарағым, жүр үйіңе апарып тастайық! – деп жұмсақ үнмен шақырып, артқы жағына өзінің қасына отырғызды.

Айда! Айда бас! Рәш болмаса Мінәш бар! Тарт Ынтымаққа! – деп Елубай жын қаққандай долдана айқай салды. Қыз қапелімде не болғанын түсіне алмай, ауылына соқпай тіке жолға шыққандарына шошынып:

Ағатайлар, қайда барамыз? Мені түсіріп кетіңіздерші? – деп жалына шырылдады. Ауылынан ұзай бастағанда жұлқынып, есікті ашпақ болып, дауыстап жылап жіберді.

Ағатайлар-ай, ауылыма апарып тастаңыздаршы. Не істемекшісіздер? Елубай аға, Сіз де осындай ма едіңіз? Аға, ағатай үйге барайыншы?..

Қасында отырған Елубай сұрланып алып, қызды қапсыра құшақтап, өзіне тартып:

Жылағаныңды тоқтат қане? Есікке жолаушы болма! – деп зірк-зірк ете қалды, екі көзі қанталап, қызарып кетіпті.

Қыз қос алақанымен бетін басып, сыңсып, иығы бүлкілдеп жылай берді.

Махмуд пен Елубай екеуі хал-құл десіп шешенше сөйлесе бастады.

Алматы-Өскемен тас жолына шығысымен жап-жаңа «Жигули» суға салған қайықтай зымырады.

Көбігі шапши аққан өзеннің жанына тоқтағанда рульде отырған Махмуд:

Әй, қыз! Тыңда қане! Сен енді андағы Елубайдың келіншегі боласың. Ұқтың ба? Бұл Елубай морской десантта болған, бокстан спорт мастері, чемпион! Білдің бе?

Мінәш мұны естігенде тіпті өкіріп, далаға атып шығып, жолға қарай гөлөштерін тастай сала, жалаңаяқ, жалаң бас жүгіре жөнелді.

Елубай дедектей қашқан бөденедей қызды әзер қуып жетіп, қолынан қайыра ұстап, қайта машина жанына әкелді.

Аһ, оңбаған! Сен қашасың, бізді түрмеге отырғызасың? Аһа! – деп Махмуд орындығының астынан екі жүзді ұзын қанжарды суырып алды. Әбден қайралған болат қанжар күнге шағылысып жалт-жұлт етеді. – Аһ, сен қыз көнбесең тұп-тура осы жерде бауыздап, басыңды мынау өзенге лақтырып жіберемін! Мына Елубай біледі, қанша адамды өлтірдім, қаншасының қанын іштім! Маған адам бауыздау – кайф! Сені алып кеткенімізді ешкім көрген жоқ! Енді анау әпкең Рәштің орнына сен мына Елубайдың әйелі боласың. Егер қыңқ деп қарсылассаң қазір мына қанжармен бір қиғанда басың домалап түседі. Түсіндің бе? Тоқтат қане! Бар бетіңді жу!

Аға, ағажан, ертең аттестат алатын едім, мектепті жаңа бітірдім. Алматыға оқуға бармақшымын!

Мінәш! Жаным! Мен аман болсам аттестатыңды алдыртып, қалаған оқуыңа түсіремін. Уәдем уәде!

Әй, қыз! Болды! Елубай қане келіншегіңнің бетінен сүй! Махмуд екі айтпайды, айтса айтқанынан қайтпайды! Құтты болсын! – деп екеуін бір-бірімен жақындастырып, жігіт қыздың топ-томпақ бетінен сүйіп алды.

Әй, қыз! Сен енді Елубайдың әйелісің. Түсіндің бе? – деп жыландай ысылдағанда Мінәш селкілдеп өксігі басылмай, сұп-суық тау өзеніне беті-қолын жуды.

Машина артындағы алып келген минералды су, колбасаны алып, консерві ашып, нан турап су жағасында әлденіп алып жолға шыққанда қақ төбеден күн шыжғырып, дала ысып сала берді.

Талдықорғанның шетіндегі кәріс асханасынан тамақтанып алып, дәл қарсысынан нұрын төккен күнге қарай бет түзеген ақ машина зулап кеп берсін!

Иір-қиыр асудан асып түсер жердегі киіз үйлер жанындағы кәуапханалардан майы шоққа пыс-пыс тамған шашлықтарды жеп тұрып, Елубай құл-құл деп шешенше бірдеңе деп еді Махмуд бір бөтелке «Московский» деген ақ араққа заказ берді.

Екі жігіт қырлы стаканмен толтыра бір-бірден тартып алды.

Әй, Махмуд! Сен рульде машина жүргізесің. Болды, енді ішпе.

Махмуд ешуақытта мас болмайды! Оллә-биллә! – деп қызыл тілі қасқа тісінің арасынан жылтылдап, дүрдиген ернін сүртіп қойды. Амал жоқ, тағы қалғанын бөліп қағып алысты.

Иығына ақбұйра бұлттар қонақтаған зүмірет шыңдары қақтаған күмістей көкке шаншылып жарқылдаған арқар кеуделі Алатауға қарай қыз алып қашып келе жатқан «Жигули» жұлдызша ақты.

Жаңағы шашлық сататындардан тағы бір шиша сатып ала шығыпты, әр-әр жерде тоқтап екі жігіт стақандарын сыңғыр-сыңғыр еткізіп, оны да тауысты.

Елубай қайта-қайта сүйіп, бауырына басып, еркелеткенге енесінің жанындағы жаңа туған бұзаудай Мінәш жігітінің қолтығына кіре, Махмудтың түр-әлпетіне қарап, іштей күліп қояды. Бет-аузын түгел алып жатқан қолағаштай мұрны сөйлесе ызың-ызың етіп, бірге дыбыс шығарады, жүн-жүн қабақ астындағы құдықтағы жылтыраған су секілді шүңіректей көзі жылт-жылт етіп, екі қасқа тісі жоқ, тілі жылтыңдап айтқан әңгімесін адам түсінбейді. Екі сөзінің бірі:

Убить мало. Өлтіремін оны! – деп ісіп-кеуіп шығады.

Елубай қасындағы үкідей болған ақманар толықша қыздың сымбатына сүйсіне қарайды кеп: гәлөш киген түп-түзу әппақ толық балтырлары, ескі халатын керіп тұрған қаз омырауы, бүйректей алаулаған бет-жүзі көзін қарықтырады. Уылжып піскен бүлдіргендей үлбіреген қып-қызыл ернінен қадала сүйіп, қысып-құшып елжіреп өліп барады.

Аға, ағажан, ана кісіден ұяттағы! – дейді өрттей қызарған қыз алма бетін бұрып… Ып-ыстық лебі, әдемі күбір-сыбыры, биязы жібектей есілген мінезі… бәрі жігіттің есін алып, қуаныштан көкірегі таудай керілді. «Мейлі, Рәштің өз соры өзінде. Оңбаған қыз – жақсы жар болмайды. Міне мына перизатым қандай, әлі қауызын жармаған қызыл гүлдей балбырап тұр емес пе?!».

Қапшағайдан өткенде тағы тоқтады. Күн байыған шақ, батыс жақ тұтас қызыл жалқылданып, күндізгі аптаптан дала демігіп тұр. Жол шетіндегі жарбиған тораңғы, жыңғыл үлпілдек шәлісін жамылып, қызыл мия гүл жарып, балақтанған жусан иісі бұрқырайды.

Аға, ана кісі ирелеңдеп мас болып қалды. Қайтіп машина айдайды? – деп қыз таңдана сыбырлады.

Әй, Махмуд, сен кішкене демал, артына отыр. Машинаны мен жүргізейін, — деп оны қолтықтап әкелді.

Шаран әкем передовой қойшы, 190-нан қозы алып, слетте облыс бастығы осыны сыйлыққа тапсырды. Мұндай жаңа девятка машина ауданда ешкімде жоқ. Сен абайлап жүргіз, бұл жаңа тұлпарым ғой, бір ай ғана болды. Сен қатты айдама? – деп буыны кеткен ботадай былқ-сылқ етіп тұрса да әзер кілтін берді.

Машина артындағы орындыққа жантайып жата кетісімен бірден қор ете түсті. Пысылдап ауаны қылқылдата сорып алады да, өрістегі малды үркітіп, үй көшірердей қорылдайтыны-ай!

Әй, Махмуд, — деп түрткілесе де мыңқ етпейді.

Қасына қызды отырғызып алған Елубай машинаны жұлдызша ызғытты. Әппақ машина сәйгүліктей ағады, жанында айдай жарқыраған уыз періште, Елубай оң қолымен борықтай сұлуын сипап қойып, әңгімесін ғөйітті. Айтқанының қайсысы шын, қайсысы өтірік екенін өзі ажырата алмайды, елден, аннан-мұннан естіген аңызға бергісіз оқиғалардың негізгі кейіпкері өзі боп, әрі батыр, көкпаршы, төбелессе оншақтыны ұрып жығатын мықты болып есіп отыр. Тек Махмудтың тау қопарғандай ерекше қорылы әңгімесінің бірін естіртіп, бірін естіртпейді. Лепірген көңілі ме, жоқ Махмуд досымен ішкен арақтың күші ме «мен өйткенде», «мен бүйткенде» — деп бөсті дейсің. Қыз тәтті-тәтті жымиып қана тыңдап отырып-отырып:

Сіз шешенше қалай сөйлеуді үйрендіңіз? – деп сұрады.

Жаным-ау, біздің ауылдағы екі жүз түтін үйдің жүз елуі шешендер.

Олардың барлық баласы қазақша оқып, судай біледі. Біз титтейімізден олармен ойнап, шешенше сөйлесіп кеттік. Мұның әкесі аудан, облыста атағы шыққан қойшы.

Өзінің әкесі жайлы мақтанайын деді де, тоқтай қалды. Әкесі де қой бағады, бірақ қозы алудан колхозда ең соңында қалып, ылғи қарызға белшесінен батады да жүреді. Әскерден келгенде:

Балам, сен қасымда болсаң, екеуміз бірігіп қой бақсақ, Шаран секілді бәрін басып озамыз. Озат қойшы боламыз, — деп қуанғаны есінде. Бірақ қойға шықпай, ауыл іргесіндегі салынып жатқан сиыр қорасына құрылысшы болып орналасып алды. Мыж-мыжы шығып, жасына жетпей кәртейіп, ішкілікке әуестеніп кеткен ол кісіге не десін, әлі өкпелеп, торсаңдап жүр.

«Сіздерге келін әкелемін!» — дегенде ғана қабағы ашылып «Иә, Құдай, жалғызымның тілегін қабыл ете гөр, инабатты келін бере гөр!» — деп күс-күс алақанын жайып, көзі жасаурап, даусы дірілдеп бата бергенде, жүрегі шымырлап, толқып кетті.

Екі көзі төрт болып, олар күтіп отырғаны хақ. Ымырт үйіріліп, машинаның шамдарын жағып, жанындағы балшырын уыз перизатына сиқырға толы құштарлықпен үздіге емініп-емініп қарап қойып, ақыры шыдамай жол жиегіне тоқтады. Екі бетінен иман төгіліп тұрған томпақ бет албыраған қалыңдығын сыртқа алып шығып, көк жапырақтары тербетілген, қалың биік ағаштардың аясына апарып құмарлана сүйді. Қыз әнтек ернін тосқаннан артық ештеңе білмейді, мойылдай екі көзінен, бір қылау жоқ әппақ мойнынан, бір көтеріліп, бір басылып тұрған омырауынан мейірлене өбіп-өшіп өліп барады.

Ағатай, — деп қатты құшақтағынына ауырсына сыбырлаған Мінәш.

Ағажан! – Үйге барайықшы… – деді үні дірілдеп.

Жүрегі атқақтай соққан тепсе темір үзетін күздегі құтырынған бұқадай жігіт өз-өзін әзер тежеді, арықтағы суға бетін жуды.

Қыз ескі халатын қайта қаусырына киіп, жыртық жұлым-жұлымы шыққан галөшін тыпыңдата басып, машинаға келіп отырды.

Махмудтың бүкіл өзен суын сорып алар насостай ауа сорып жұтып алып, бауыздайтын өгіздей қорылдағаны әйдік жерден естіледі.

Әй, тұрсаңшы! – деп Елубай құрдасын жұлқылап еді, арақ мүңкіген ол былқ-сылқ етіп оянбады.

Аз ғана тау алқымындағы ауылға кірісімен бепілдетіп, Елубайдың жалғыз көшемен машинасының шамын жарқыратып өрлеп келе жатқанын естіп, көрген қалың қатын-қалаш үйден қопарыла шығып, абыр-сабыр басталды да кетті.

Апа, келін әкеле жатыр! Сүйінші!

Келін әкеле жатыр! — дескен дауыстарға жүгірісе шыққан балалардың қиқуы қосылып Елубайдың екі бөлмелі үйінің төңірегі у-шуға толып кетті.

Әппақ машинаны қаша маңына тоқтатып, сыртқа шыққан Елубайды көріп:

Әй, серіжігіт, келін қайда? – деп алдымен жеткен қамытаяқ жеңгесі алқына сұрады.

Әне, отыр ғой, — деп белін күтірлете керіліп, еріні жайыла күліп, бойын жазған Елубайды ұмытып, бәрі жаңа түскен келінді қаумалап әкетті.

Машинадан шығар-шықпастан шешесі байғұс бүгін киген ұзын сүйретілген көйлегінің етегіне сүріне басып:

Айналайын, жолың ақ болсын! Мынау менің қолым емес БибіФатима апамыздың қолымен ақ орамалды жабайын, — деп басына көлдей ақ жаулық жауып, еңкейтіп, маңдайынан сүйгенде әжім торлаған екі көзінен жас саулап төгіліп кеткені…

Жеңгелері қоңырсытып, алау-далау күзгі апорт алмасындай қызарған бетіне, айдай жазық маңдайына қойдың шыжғырылып, ерітілген майын аямай жағып тастады.

Үйге оң аяғыңмен кір!

Босағаны оң аяғыңмен атта! – десті екі қолтығынан жұмыла ұстаған талайды көрген жалмақай жеңгелері сыбырлай.

Арты мыжылған әбден тозған шаң-тозаң баттасқан ескі екі галөш сыртта, есік көзінде қалды.

Келін ақ балтыры жарқырап жалаңаяқ босағаны оң аяғымен аттап кіргенде:

Қара шаңырағыңа сәлем жаса! – деп екі жеңгесі әппақ сусылдап үсті басын түгел жапқан орамалымен еңкейтіп сәлем салдырды.

Баласы әскерге кеткелі бері тігіп, қайта-қайта іліп, қарап қойып жүретін ақ болатнай шымылдыққа әкеп кіргізді.

Үй іші әп сәтте ысып сала берді. Шымылдық ішіне топырлаған балалардың бірі кіріп, бірі шығып, бойжетіп қалған сыбызғыдай қыздар сызылып келіп жанына қаз-қатар тізіліп отыра қалды.

Ешкім жоқта бетіңді ашып отыр қарағым. Мен сенің жақын жеңгең боламын. Ойбуй, әлгі серіжігіт қайным қайда? – деп қамытаяқ әйел құлдыраңдай далаға жүгірді.

Алма ағаш бағының арғы жағында сайдағы өзенде шешініп тастаған Елубай суды шалпылдата рахаттана шомылып жатты.

Әй, серіжігіт, шешек-ау, қайдасың? Қалыңдығыңның жанына отырып, шәй ішіңдер. Ана Махмудты ала кел! Ойбуй көтек, мына жынды серіжігіт тыржалаңаш қой тағы! – деп бұрыла сала тыпыңдай басып үйге қарай жорғалай жөнелді.

(Жалғасы бар).

Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ,

жазушы, қоғам қайраткері,

«Әділет. Рухани жаңғыру»

газеті редакциясының алқа төрағасы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *