«ЖӘРДЕМАҚЫНЫҢ МӨЛШЕРІН ЕКІ ЕСЕГЕ КӨБЕЙТКЕН ЖӨН ДЕП САНАЙМЫН»

Ақорда
555 Views

Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдықсенім кеңесінің төртінші отырысына қатысты. Мемлекет басшысы сөйлеген сөзіндеҰлттық кеңестің билік пен қоғам арасында сындарлы диалог орната алатын тиімдіинституционалды құрылымға айналғанын және оның мүшелері еліміз үшін маңыздышешімдер әзірлеп, солардың жүзеге асуына күш салып келе жатқанын атап өтті.

Президент отандастарымыздың еңбек миграциясына қатысты мәселені көтерді. Оның пікірінше, азаматтарымыз тіркелу кезінде, күнделікті тұрмыста және басқа да мәселелер бойынша әртүрлі қиындықтарға жиі ұшырайды.

– Мұның пайдалы қырлары да бар. Мысалы, бұл – біліктілікті арттыруға, жаңа іске машықтануға, өз кәсібін бастау үшін қажетті қор жинауға, жер көріп, ел тануға жақсы мүмкіндік. Сондықтан мемлекет өз азаматтарының, соның ішінде, шет елдерде жұмыс істеп жүрген адамдардың әлеуетін пайдалануға бар күшін салады. Үкімет осы мәселенің бәрін мұқият зерттеп, ұсыныс енгізуі керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Президент азаматтарымызды еліміздің оңтүстігінен солтүстігіне көшіруге қатысты ахуалды жақсартудың, көшіп келушілерге барынша қолайлы жағдай жасаудың маңызды екенін айтты. Мысал ретінде, Солтүстік Қазақстан облысын атап өтті.

– Мұнда көшіп келушілер үшін жаңа тұрғын үйлер салынуда, коммуналдық инфрақұрылым дамып, әртүрлі әлеуметтік нысандар бой көтеруде. Ынталандыратын қосымша шара ретінде оларға берілетін жәрдемақының мөлшерін екі есе, яғни, 35 айлық есептік көрсеткіштен 70-ке дейін көбейткен жөн деп санаймын, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев «Серпін» және «Дипломмен – ауылға» жобаларын саралау қажеттігіне тоқталды. Бұл бағдарламалардың тиімді жүзеге асырылуы нәтижесінде солтүстік өңір жастар үшін мейлінше тартымды аймаққа айналады.

Қазақстан Президенті білім беру жүйесіндегі мәселелерге арнайы тоқталды. Ол жоғары оқу орындарының ұйымдық құрылымын өзгерту жұмыстары бойынша тапсырма бергенін айтты.

– Көптеген жоғары оқу орны коммерциялық емес акционерлік қоғамға айналды. Бұл ел ішінде әртүрлі әңгіме туғызуда. Сондай-ақ ірі мемлекеттік жоғары оқу орындары кейін жекеменшікке сатылуы мүмкін деген де күдік бар. Осыған орай ұлттық және мемлекеттік жоғары оқу орындарының сатылмайтынын мәлімдеймін. Бұл мәселе айрықша назарда, – деді Мемлекет басшысы.

Президент мектептердегі цифрлық инфрақұрылымды дамыту, сондай-ақ, оқушыларды пандемия кезінде компьютермен қамтамасыз ету мәселелеріне тоқталып, мектептерде сапалы білім беруді қамтамасыз ету үшін мемлекет тарапынан барлық қажетті шаралардың біртіндеп қабылданып жатқанын айтты.

Осы ретте, Қасым-Жомарт Тоқаев мектепте білім берудің мазмұнына ерекше көңіл бөлді.

– Беделді халықаралық зерттеу қорытындылары біздің оқушылардың оқу сауаттылығы бойынша дағдылары жеткілікті деңгейде дамымағанын көрсетіп отыр. Сондықтан оқу мәдениетіне баулу, оқу сауаттылығын дамыту еліміздегі орта білім беру ісінің басым бағытына айналуға тиіс. Баланың оқуға деген қызығушылығы, қоршаған ортаны кітап арқылы тануы мектеп қабырғасында қалыптасу керек. Ал кітапхана оқушының сол ынтасын оятып, оны қызықты кітап әлеміне жетелеуі қажет, – деді Президент.

Мемлекет басшысы алдағы Тәуелсіздіктің 30 жылдығы саяси және экономикалық реформалар, цифрландыру, адам құқықтарын қорғау, денсаулық сақтау және білім беруді дамыту, экологияны қорғау аясында өтуі керек екенін айтты. Бұл ретте, Президент Тәуелсіздіктің 30 жылдығы – Тәуелсіздіктің мәні мен құндылығын сезінуге зор мүмкіндік беретінін атап өтті.

Akorda.kz

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *