ИМАНДЫЛЫҚҚА ҰЙЫҒАН ҒАЛЫМДАР

Тұлға
961 Views

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы бұқара санасынажаңа серпін беріп, болашақ бағытымызды анықтап бергені баршаға белгілі. Елбасының «Рухани жаңғыру тек бүгін басталатын жұмыс емес. Біз Тәуелсіздіккезеңінде бұл бағытта бірнеше ауқымды іс атқардық. Еліміз мықты әріжауапкершілігі жоғары біртұтас ұлт болу үшін болашаққа қа­лай қадам басатынымызжәне бұқаралық сана­­ны қалай өзгертетініміз туралы көзқарас­тарым­ды ортағасалуды жөн көріп отырмыз. Білімді, көзі ашық, көкірегі ояу болуға ұмтылу – біздің қанымызда бар қасиет», – деп анықтап көрсетуінің өзі біздің осымақаламызды жазуымызға себеп болды.

Дархан даналығымен, қоғамшыл қайраткерлігімен өзіндік жеке де ерекше даралығымен егемен елімізге, халқымызға рухани жаңғыру тұрғысынан пайдасын тигізіп жүрген абзал азаматтар баршылық. Олар өздерінің арындылығымен, сұңғыла ұстаздығымен, ойлылығымен еліміздің мақтанышына айналып, имандылық пен парасаттылық нұрын төгіп, өнегелі тірліктерімен жаңалыққа бастап, туған жерінің абыройын асқақтатқан жайсаң жандар дер едік. Міне, осылардың бірі емес, бірегейі, 81-дің сеңгіріне шығып, өмір деген теңізге қос аққудай қатар жүзіп, ұл-қыз өсіріп, немерелерінің қызығын көріп, халқымызға, жастарға имандылық тәрбие беруде есепсіз тер төккен қос қажы – химия ғылымының кандидаты, профессор, академик, Қазақстан Республикасы білім беру саласының Құрметті қызметкері Төрежан Айдарұлы Жүнісов мырза мен «Құрмет белгісі» орденінің, Қазақстан Республикасының білім беру саласы бойынша сіңірген еңбегі үшін Ыбырай Алтынсарин атындағы төсбелгісінің иегері, республикаға белгілі дінтанушы ғалым, доцент Оразкүл Көбеева тұғын.

Төрежан Айдарұлы Жүнісов 1938 жылы Оңтүстік Қазақстан (қазіргі Түркістан) облысының Келес ауданындағы Алтынтөбе елді мекенінде дүниеге келген. 1960 жылы Ташкенттегі Орта Азия политехникалық институтын бітіріп, химия өнеркәсібі бойынша инженер-технолог мамандығын иеленген.1960-1968 жылдары Шымкент қорғасын, фосфор зауытарында зертханашы, шебер, ауысым бастығы қызметін атқарған. 1963 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясы химия-металлургия институтының аспирантурасына түсіп, оны 1974 жылы ойдағыдай тәмамдаған. Химия ғылымының кандидаты атағын иеленген. 1974-1992 жылдары Қазақ химия-технологиялық институтында оқытушы, аға оқытушы, доцент қызметін атқарды.

Оразкүл Көбеева 1938 жылы 15 қарашада Оңтүстік Қазақстан (қазіргі Түркістан) облысының Бостандық ауданындағы Фридрих Энгельс атындағы ұжымдық шаруашылықта дүниеге келген. 1945-1955 жылдары Сергей Миронович Киров атындағы орта мектепте оқыған.1955 жылы Ташкент политехникалық институтына түсіп, ет-сүт өңдеу өнеркәсібінің инженер-технологы мамандығын алып шыққан. Соғыс кезінің қиыншылығымен қоса-қабат үш баламен жесір қалған анасы Гүлхан Нұрбайқызы қыздары – Оразкүл мен Күләшқа жоғары білім алуға жағдай жасады. Еңбек жолын 1960 жылы Шымкент ет комбинатында бригадирліктен бастаған Оразкүл Көбеева комбинатта шебер, аға шебер, цех бастығы қызметін атқарған. Комбинат партия ұжымының хатшысы болып сайланған. Облыстық кәсіподақ комитетіне мүше болған. Бұл – сол кезде жас маманға, жас коммунистке көрсетілген үлкен сенім еді. 1972 жылы Оразкүл Көбеева Шымкент қаласындағы жаңадан құрылған халық депутаттары Еңбекші аудандық кеңесі атқару комитеті төрағасының орынбасары болып сайланған. 1980-1989 жылдары халық депутаттары Шымкент (кейінгі Оңтүстік Қазақстан, қазіргі Түркістан) облыстық кеңесі атқару комитетінің хатшысы қызметін атқарған. 1978-1981 жылдары Алматы жоғары партия мектебін үздік дипломмен бітірген. Оразкүл Көбеева қай жұмыста да өзінің ерен іскерлігімен табандылығымен, білімділігімен, досқа деген адалдығымен, ортасына деген кішіпейілділігімен, халық арасында үлкен абыройға ие болған. Бірнеше мемлекеттік наградалармен, соның ішінде «Құрмет белгісі» орденімен марапатталған.

Сонау 1959 жылы институт қабырғасында бас қосып, отау тіккен өмір жолының бел-белестерін бірге бастаған Төрежан Айдарұлы мен Оразкүл Көбейқызы еліміз егемендікке қол жеткізіп, тәуелсіздік алғаннан кейін көптеген жаңа қазақтар секілді өздерінің іскерліктерін шыңдап, таланттарын тасыта түскендей болды. 1989 жылы 22 қыркүйекте Қазақ КСР-нің «Тілдер туралы» заңының қабылдауына байланысты. «Қазақ баспасы» фирмасын ашып, орыс тіліндегі баспа машиналарына қазақ шрифтерін қосып, қазақша басуға ыңғайлаған. Украинаның Киров қаласындағы «Письмаш» зауытымен келісіп, 2500 дана қазақша басатын «Ятрань» машинкасын жасатты. Оны Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау, Атырау, Жезқазған, Шымкент облыстарына таратты. Сөйтіп, қазақ тілінің дамуына өз үлестерін қосты.

Қоғамның рухани жаңғыруы мен имандылық жолындағы қолға алған шарапатты істерінің бірі – туған елге, жастарға рухани тәрбие беру, кеңес өкіметі кезінде дінсіздікке тәрбиеленген халқымыздың дінін қайтару болған. Осы мақсатта 1991 жылы бір жылдық араб тілін үйрету курсын ашқан. Осының негізінде 1993 жылы ол екі жылдық медресе, 1994 жылы Оңтүстік Қазақстан араб тілі институт болып қайта құрылған. Институттың алғашқы проректоры болып доцент Сәбит Жолдасов, оқу бөлімінің бастығы болып Ә.Әбуов тағайындалған.

Жоғары оқу орнында араб тілін тереңдетіп оқытуға жете мән берілген. Осы мақсатта арабша білетін сауатты мамандар шақырылған. Олар – Қазақ мемлекеттік университетінің түлектері— С.Рүстемов, С.Кәрібаев, А.Раджанов, Е.Оразалиев, араб тілінің мамандары – М.Айтөреев, А.Жолдасов, Кувейттен келген Абдуллах Абу Тауаб, Мұхаммед Хафажа, тағы басқалар еді. Сондай-ақ, институтта доценттер С.Бершімбаев, Қ.Оразов, ф.ғ.к., доцент Қ.Монтаев, Ж.Байзақов, Е.Құлынбетов, Т.Байжанов, п.ғ.к., доцент Ж.Садыков сынды оқытушылар қызмет еткен. Бес кафедра ашылып, олардың меңгерушілері бекітілген. Араб тілі кафедрасының меңгерушілігіне А.Нәлібаев, қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасына Т.Байжанов, тарих кафедрасына О.Пірімқұлов, дінтану кафедрасына А.Жолдасов, педагогика және психология кафедрасына Ж.Садыков тағайындалған. Институттың алғашқы ғылыми кеңесі өтіп, оның құрамы сайланған. Ғылыми кеңеске О.Көбеева (төрайым), М.Байтұров, Т.Байжанов, Ж.Садыков, Т.Жүнісов, А.Нәлібаев, М.Айтөреев, Е.Құлымбетов, Ж.Ысқақов, А.Әлімжанов, Т.Досжанов мүше болған.

Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында, яғни 1994 жылы институтта барлығы 431 студент оқыған. Сол жылы Валентина Терешкова көшесіндегі №14 жаңа ғимаратқа көшкен. Ал 1996 жылы институтта студенттердің саны 770-ке, оларға дәріс берушілердің саны 78-ге жеткен. Соның ішінде үш ғылым докторы, профессор, 22 ғылым кандидаты, доценттер болған. Институттың алғашқы түлектері ретінде 50 студент бітіріп шыққан. Осы жылдары институттың ректорлығына доцент Н.Мүтәлиев тағайындалған.

1998 жылы жоғары оқу орны ғимаратының саны онға жеткен. Институтқа Халықаралық қазақ-араб атауы берілген. Бес факультет ашылып, 14 кафедра жұмыс істеген. Студенттердің саны 1725-ке жеткен. Жоғары оқу орнының университет болып ұлғаюына байланысты басқа оқу орындарынан жоғары дәрежелі, тәжірибелі, білікті профессор-оқытушылар қызметке шақырылған. Олар – университеттің оқу ісі жөніндегі проректоры, профессор Ә.Байбөлеков, математика кафедрасының меңгерушісі, профессор А.Көпешов, Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі, профессор Ә.Жанысбеков, философия кафедрасының меңгерушісі, профессор Д.Нығыметов, М.Мамытов, қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, профессор Ы.Балхыбекова, педагогика және психология кафедрасының меңгерушісі, профессор Ж.Ысқақов, Қ.Қарақұлов, әлем тарихы кафедрасының меңгерушісі, профессор М.Ауанасов, музыка кафедрасының меңгерушісі, профессор Ө.Губайдуллин, сырттай оқыту бөлімінің деканы Ә.Ақбердиев, профессор Ж.Құлтырсынов, М.Мырзахметов, Б.Исмаилов сынды ғалымдар болатын. Ондаған ғылым докторлары, профессорлар, ғылым кандидаттары мен доценттер университеттің ұлғаюы мен көркеюіне, білім сапасының жоғарылауына өз үлестерін қосқан.

2001-2002 оқу жылында институт Халықаралық қазақ-араб университеті болып қайта құрылған. Білім берудің озық үлгілерін енгізу және достық қатынасты Халықаралық деңгейде ұйымдастыру нәтижесінде Түркия, Египет, Ливия, Кувейт, Иран секілді елдермен байланыс орнатқан. Ал 2005 жылы Халықаралық қазақ-араб университеті ғылыми кеңесінің қаулысымен «Отырар» университеті болып өзгертілген.

Әрине, Халықаралық қазақ-араб университеті бірден аяққа тұрып кетті дей алмаймыз. Жоғары оқу орнының атауына араб сөзінің қосылуы, ондағы имандылық, рухани тәрбие, Ислам дініне бастапқыда ортақ түсіністік таба алмағаны белгілі. Баспасөз беттерінде, тағы басқа да қоғамдық, үкіметтік орындарда университетке, оның білім беру бағытына қарсы тұрушылар көп болған. Соның салдарынан да университет атын ауыстыруға тура келді.

«Отырар» университетінің өсу жолында үлес қосқандардың бірі Төрежан ағай мен Оразкүл апайдың ұлы, қысқа ғұмырында жай отындай жалындап өткен, қоғамды өркендетуге қосқан интеллектуалды жеке еңбегі үшін Халықаралық Сократ атындағы орденнің, Еуропаның стандарт бойынша білім беру саласының жоғары көрсеткішіне жеткені үшін берілген «Еуропалық сапа» орденінің иегері Убайдулла Төрежанұлы Айдар мырза болды. Ол басқарып тұрған кезде Отырар университеті – Еуропалық интеграцияға қосқан үлесі үшін «Біріккен Еуропа» орденімен; үздік технологияны игерудегі және кәсіби деңгейді тиімді пайдаланғаны үшін «Мыңжылдық» орденімен марапатталып, 2008 жылы Еуропадағы көшбасшы университеттердің басын біріктіретін «Еуропа ректорларының клубына» мүше болып қабылданған.

2005-2006 оқу жылы алты факультет, 17 кафедра жұмыс істеді. 19 мамандық бойынша 5000-нан астам студент оқыған. 300-ден астам профессор-оқытушы дәріс берген. Олардың ғылыми дәрежесі барлығы 37 пайызды құраған. Екі лингофон кабинеті, сегіз компьютерлік сынып жұмыс істеген. Кітапхана қорында 300 мыңнан аса кәсіби, ғылыми-әдістемелік, әдеби көркем кітаптар және электронды оқулықтар жинақталған. Әр оқу ғимаратының өз кітапханасы мен оқу залы болған. Арнайы жабдықталған спорт кешені 200 орындық асхана, 50 орындық буфет жұмыс істеген.

2007-2008 оқу жылында 500 орындық мәжіліс залы мен, қазіргі өскелең талапқа сай оқу залы іске қосылған. Сонымен қатар жалпы ауданы 768 шаршы метрді құрайтын спорт залы пайдалануға берілген. Құрылғанына 25 жыл толған университеттің басшылары мен профессор-оқытушылар құрамының тындырған тірлігі де орасан. Терең де сапалы білім алып, түлеп ұшқан мыңдаған студенттер еліміздің түкпір-түкпірінде еселі еңбек етуде.

Қызметін аталмыш университетте бастап, осында кандидаттық, докторлық диссертация қорғаған оқытушылар аға ұрпақ жолын жалғастырып, студенттерге сапалы тәрбие, сапалы білім беріп, имандылыққа бастап, ғылым жолына түсіріп, ерең еңбек етіп жүрген оқытушылар көп. Олар – профессор Р.Досжан, ф.ғ.к., доцент А.Смайлов, доцент Ә.Пәзіл, аға оқытушы Ж.Жүнісбекова, аға оқытушы Г.Орынбасарова, PhD докторы Б.А.Касимбекова. п.ғ.к., аға оқытушы К.Қазыбаева және тағы басқалар.

Қазіргі таңда Аймақтық әлеуметтік-инновациялық университетінің құрамындағы Ақпараттандыру-жаратылыстану институтында 230-дан астам профессор-оқытушы қызмет істейді. Оның алтауы ғылым докторлары мен профессорлар, 69-ы ғылым кандидаттары мен доценттер және 4 PНd. Ұжымды басқарып отырған құрылтайшы – Ф.Т.Жунусов, ректор – филология ғылымының докторы, профессор С.Р.Боранбаев, директор – тарих ғылымының магистрі, аға оқытушы М.Т.Арынбеков.

Төрежан ағай мен Оразкүл апай университет құрып қана қоймай, рухани жаңғыру бағытында, имандылық жолында өздерінің ғылыми-танымдық еңбектерімен де баршаға белгілі. Төрежан Жүнісовтың аударған «Мың хадис», Оразкүл қажы Көбееваның «Дінтану негіздері», «Шындыққа жол» атты оқу құралдары дінтану ғылымына қосқан сүбелі үлес деуге болады.

Ардақты да абзал Төрежан ағай мен Оразкүл апай еліміздің оқу орындары мен ғылымына, жоғары мектеп саласының дамуына айтарлықтай үлес қосқан жандар. Егемен еліміздің ерте көктемінде қос қарлығаштай ұқыппен тұрғызған университет ұясынан ұшырған мыңдаған түлектері республикамыздың түкпір-түкпірінде қызмет істеуде.

Баяғының тау көтерген Толағайындай, қарттыққа қарай жантайып, еңбектеріне қарай марқайып, өздерінің үш ұл, бір қызын өз жолдарына түсіріп, бірін проректор, бірін колледж директоры етсе, олардан тараған 17 немере де жетіліп, алды аталмыш университеттің президенті болып, ағарту саласында өз орнын тауып отырса, ұрпақтары 26 шөберенің бірін, арқалап, бірін жетелеп, шүкіршілік деп жүрген тағы да іштей қанағаттанушылықтары бар.

Ұрпақтарына өшпес із қалдырған Төрежан Айдарұлы мен Оразкүл Көбейқызы өткен жолы — ізденіс жолы, адамгершілік пен парасаттылық жолы, рухани жаңғыру жолы болды. Ақиық ақын Мұқағали Мақатаев айтқандай, «Уақыттың үнімен тілдесіп, уақыттың көшіменен бір көшкен» олар қашанда қарапайымдылық пен қайсарлықты, адалдық пен адамгершілікті ту еткен, кішілігі мен кісілігін бір-бірінен айырмай тең ұстаған жандар еді. Кезінде замандастары құрметіне бөленген, осы дәуренмен бірге өскен, уақыттың үніменен тілдесіп, уақыттың көшімен бір көшкен қимас жандар тұғын. Олардың адамзаттық асыл мінездерін айтып, өскелең жастарымызға үлгі-өнеге етеріміз сөзсіз.

Ә.ЖАНЫСБЕКОВ,

тарих ғылымының кандидаты, профессор.

Г.ОРЫНБАСАРОВА,

тарих ғылымының кандидаты, аға оқытушы.

Шымкент қаласы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *