КЕЛІМБЕТОВ КЕҢІСТІГІ (Портрет-эссе)

Тұлға
1 062 Views

ОЗЫҚ ОЙЛЫ ОППОНЕНТ

«Ол қызыл империяның қаны шығып тұрғанда Шәді төре Жәңгіров мұрасы туралы кандидаттық диссертация қорғап, бәрімізді таңғалдырып еді, өйткені ол заманда Абылайдың тікелей ұрпағының шығармашылығы жабық тақырып болатын».

Сейіт ҚАСҚАБАСОВ

Сонау студент кезден-ақ Немат Келімбетовтің есіміне қанық болатынбыз. Сабақ барысында ежелгі әдебиет мәселесі сөз болғанда, ол кісінің еңбектері аталмай қалмайтын. Содан соң КазПИ-де оқитын достарымыз ұстаздары туралы әңгімелегенде бұл ағамыз туралы да мол мәлімет алатынбыз. Неге екенін білмейміз, «мінезі қатал, аса талапшыл» деген секілді сипаттамалар миымызда көбірек қалып қойыпты.

Мен 1993 жылы «Мұрат Мөңкеұлының әдеби мұрасы» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғайтын болдым. Жұмысымның орындалған жері – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті. Бірақ түрлі себептермен Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетіне (бұрынғы КазПИ) қорғауға жіберілдім. Диссертациялық кеңестің ғалым хатшысы Серік Мақпыров ағам бірден жанашырлық көрсетіп, құжаттарымды қабылдап алды. Менің ғылыми еңбегімді талқылауға және қорғатып шығаруға тиісті кеңес мүшелерін сырттай таныстырды. Бәрін де былай жақсы білемін. Біразының кітаптарын, кейбірінің мақалаларын оқығам. Сондықтан бұл кеңестің құрамы көзіме салғаннан жылы ұшырады. Кеңес төрағасы, белгілі ғалым Нығмет Ғабдуллиннен бастап, Серік Қирабаев, Рахманқұл Бердібай, Мұхтар Мағауин, Теңізбай Рахымжанов, Тұрсын Сыдықов, Балтабай Әбдіғазиевтер жаныма жақын жандар еді. Бұл тұста республикалық «Жас алаш» газетінің бөлім меңгерушісі болып қызмет істейтінмін. Осы кісілердің біразымен өзара аралас-құраластығым бар еді. Соған сеніп, қамсыз отырғаным да рас-ты.

«Кеңес құрамында профессор Немат Келімбетов бар. Бетің бар, жүзің бар демей, сойып салады. Жақсылап дайындал», – деді Серік ағам. «Е, жарайды, не дайындалатыны бар, тақырыбымызды онсыз да жақсы білеміз ғой», – дедік іштей күпініп. Еркін сөйлеп, едіреңдеп жүретін жас кезіміз. Бірақ өзімді жақсы көретін Серік ағам арнайы ескерткен соң, біраз ойланып қалдым. Демек, өте қатал кісі болғаны ғой. Шынында да, абайлау керек екен.

Сонымен талқылау басталды. Қазақ әдебиеті кафедрасы мүшелерінің алдында ғылыми жұмысымның мазмұнын баяндап шықтым. Жұрт шетінен пікір айтуда. Сөйлеушілерді қас қақпай тыңдап отырмын. Негізінен тілеулес һәм ниеттес пікірлер. Олардың бұлайша сөйлеуіне өзімнің жеке қарым-қатынастарым да аз септігін тигізіп жатқан жоқ. Кафедра мүшелерін де түгелге дерлік білемін. Тек мына оң жағымда үнсіз түнеріп отырған қарасұрлау кісі кім болды екен?! Маған анда-санда көзінің астымен қарап қояды. Ол қараған сайын мен қояндай қорғалақтап, ыңғайсыздана түсемін. Себебі, түсі суық, көзі өткір. Бірақ дереу бар батылдығымды бойыма жиып алып, ол назар салған кезде мен де көзіне тура қарап, өзімше сес көрсеткен боламын. Бірақ сынай зер салған суық көзқарас өңменімнен өтіп барады. Құдай-ау, бұл кім еді, өзі? Не қылған адам? Е, мейлі, кім болса, ол болсын, жай әуестікпен қатысып отырған біреу шығар. Әлде, өзге кафедраның оқытушысы ма екен, а? Ойым сан-саққа жүгіреді.

Әзірге бәрі өз жөнімен келе жатқан секілді еді. Бір сәтте оң жағымда отырған жаңағы кісі сөз сұрағаны. «Осылай да осылай. Мен мына жұмысты қарап шықтым. Диссертант қарапайым ғылыми талаптардың өзін сақтамаған. Оның пайдаланған әдебиеттерінің тізіміне қараңыздаршы. 146-шы бетте 8-класқа арналған қазақ әдебиеті оқулығына сүйенеді. Бұл не, сонда? О заман да, бұ заман, мектеп оқулығы қашаннан бері диссертациялық еңбекке тиянақ болып еді?».

Бұл күнде орта жасқа келген менің қазіргі көзқарасыммен қарасақ, әлгі кісінің айтып тұрғаны өте дұрыс. Осы күнгі жастардың бірі солай десе, өзім де жерден алып, жерге салар едім. Жалпы, біреу-міреу ескертпе айтса, «сіздікі дұрыс» деп келісе салғаннан оңай нәрсе жоқ. Өгіз де өлмейді, арба да сынбайды. Бірақ ол кезде біз тым қызба жас жігітпіз. Отызға жаңа ғана аяқ басқан тұсымыз. Жалын атып тұрған «Жас алаштың» абырой-беделіне сеніп, ойымызды ашық айта береміз. Оның үстіне, көрші қазақ тілі кафедрасынан ба, тарих факультетінен бе, әйтеуір өзге ұжымнан келіп килігіп, біздің жұмысымызды «аяқтап шалып» отырған мына кісіге деген өкпеміз қара қазандай еді.

Жауап беру үшін мінберге шықтық. Әбден ширығып алғанбыз. Сөзіміз шамамен былай болды:

– Негізі, сіздің айтып тұрғаныңыз былай… дұрыс. 8-кластың оқулығына сүйенгеніміз рас. Бірақ ол кімнің оқулығы? Академик, қазақ әдебиеттануының асқан білгірі Қажым Жұмалиев жазған дүние емес пе?! Ол жылдарда (1943 жылы) Мұрат Мөңкеұлының шығармашылық өмірбаяны жазылған оқулық тек сол кітап қана болса, мен материалды қайдан алмақпын? Бұл тарауда бұрын айтылмаған мол мәлімет жинақталған. Сондықтан, мен мұны сөлекет деп санамаймын. Пайдаланылған әдебиеттер тізімінен шығарып тастай алмаймын.

Осыны айтып болып, масайрап жұртқа қараймын. Бәрі де мақұлдап отырған сияқты. Әсіресе, мына «өзге кафедраның оқытушысының» пікірін тойтарып тастағаным қандай абырой болды! Ана кісі үндемеді. Сол томсырайған қалпы үнсіз отыра берді. «Жеңістің буымен» орныма келіп жайғаса бергенімде жанымдағы Серік Мақпыров ағам бүйірімнен түртіп қалды.

– Бүлдірдің бала, атақты Келімбетовтің өзіне соқтықтың ғой! Дұрыс емес! Жайлап қана айтуға болатын еді.., – деп сыбыр етті.

Тұла бойым мұздап кетті. Маңдайымнан шып-шып етіп, суық тер шықты. Талқылаудың бұдан әрі берекесі болмады. Өлтіретін болды енді мені Келімбетов. Шошаңдап, мінберге шығып, екіленіп сөйлеп нем бар еді? Алдын ала кім екенін не ғып сұрап алмадым екен? Не болса да, қара басты енді. Болды, қорғатпайды… Мә, саған өзге кафедраның адамы!

Өзіміздің кафедрадағы талқылау аяқталды. Менің жұмысым қорғауға жіберілетін болды. Дегенмен, сынақтың көкесі әлі алда. Жұрт тарасты. Келімбетов те үнсіз түнерген күйі шығып кетті. Серік ағам екеуміз ұзын дәлізде әңгімелесіп келеміз. Көпті көрген ол қамығып тұрған мені жұбата бастады.

– Бұл тығырықтан шығатын бір-ақ жол бар, бала. Немат ағаңды сенің ғылыми еңбегіңе оппонент етіп белгілейміз. Ресми оппонент ой-пікірін ашық айтқанымен, ізденушіні көп сүріндіре бермейді. Сөйтіп бір көрейік. Егер ол кісі келіссе…

Мен одан әрі мазасыздана бастадым. Ойбай, жай жүргенде қатал көрінетін ол кісі оппонент болса, әбден саудамды бітірмей ме? Қап нем бар еді? Келіспей қойса, жүдә жақсы болар еді.

Қайдан, келісім беріпті Келімбетов! «Ал енді өз обалың өзіңе!» деймін іштей. Сонымен, қорғайтын күнге де келіп жеттік. Бір ғажабы, осы қорғау барысында менің Немат Келімбетов жөніндегі пікірімнің оңы сол, солы оң болып түбегейлі өзгерді. Өзім ойлағандай қатал емес, жүрегі жұмсақ адам екен. Мені қырына алғаны былай тұрсын, жанұшыра қорғап шықты. «Оған ғылыми жұмысты оқу барысында қаншама ескертпе айттым. Бұл жігіт соның бәрінен қорытынды шығарды», – деп сүйсінді. «Тақырыбы жақсы екен, сол тақырыпты игере білген», – деп ниеттестік танытты. «Қазір осылардың заманы ғой, енді жаңа мәліметтерді көптеп табатын болады», – деп сенім артты.

Жоқ, қатал деп қарадай сескеніп жүрген Келімбетовім мейірбан кісі көрінеді. Әсіресе, езу тартқанда түрінде сол баяғы түнергендіктің ізі де қалмайды. Түнерген демекші, ол кісі бекерден-бекер қабағын шытпайды екен. Сірә, ұзақ жылдан бері жанына батып келе жатқан аурудың әсері болса керек. Сол жылдарда диссертация қорғаған ізденушілер қазіргідей мейрамханада тойлағаннан гөрі өз шаңырағында атап өткенді қолай көретін еді. Біз де сөйттік. Айтпағымыз, Немат аға «Сырқаттанып жүр едім, бара алмаймын», – деген жоқ, бізге ілесіп, қуанышымызға ортақтасты. Шаңырағымыздан дәм татқан алматылық зиялылардың қатарына қосылды. Дастархан басында өте көңілді отырды. Біз аға-дос Мақсат Тәжімұратов екеуміз бір күнде (1993 жылғы 28 желтоқсан) бір кеңесте диссертация қорғаған болатынбыз. Соған орай Немат ағаның қалжыңдап: «Бүгін Бауыржанның үйінде, ертең Мақсаттың үйінде боламыз, сосын Жаңа жылға дейін тойлаймыз», – дегені есімізде.

ТҰҒЫРЫ БЕРІК ТҮРКОЛОГ

«Жас кезімнен әкемнің қазақ тілінде жазылған кітаптарын оқыр­мандар орыс тілінде де оқыса ғой деп армандаған едім. Меніңше, оның ой-тұжырымдары осындай зор аудиторияға, күллі эпикалық орыс тілді әлемге танымал болуға лайық».

Қайрат КЕЛІМБЕТОВ

Арада жылжып жылдар өтті. Біраз уақыт бойы Немат ағамен тығыз араласудың сәті түсе қойған жоқ. Елге барып екі-үш жыл қызмет істеп, ару Алматыға қайта оралдық. Одан докторантураға келіп, ғылыми еңбегімізді қорғап шықтық. Содан бері де екі-үш жыл өткен. М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Ежелгі әдебиет бөлімінің меңгерушісімін. Бір күні кешкілік үйге Немат аға телефон шалды. Сөзінен аңғарғаным, аты-жөнімді атап, жай-күйімді жақсы біліп тұрғанымен, жыға тани қоймайды. Қысқасы, бір кезде өзі оппонент болып, қорғатып шығарған баяғы бала екенімді мүлде білмейді. Қайран ағам маған жас доктор ретінде өтініш айтқысы келгенге ұқсайды. Өйткені, «Сіз» деп сыпайы сөйлейді. Тағы бір ұққаным, жақында докторлық диссертациясын қорғамақ. Соған жетекші ұйым етіп, Әдебиет және өнер институтының мен басқаратын Ежелгі әдебиет бөлімін бекіткен. Осыған орай хабарласып тұрған беті.

– Ой, аға-ау, мен баяғы кандидаттық диссертация қорғайтын кезде өзіңіз бата берген («өлердей қорқытқан» дей жаздадым) жігітпін ғой. Әрине, қағаздарыңыздың бәрін әзірлеп береміз. Өзім жазамын. Ешқандай қам жемеңіз, – деп бастырмалатып жатырмын.

Немат аға соны естігенде қатты қуанды. «Ой айналайын, мынау өзі дұрыс болды ғой», – деп, ризашылығын білдірді. Көп ұзамай диссертациясының қолжазбасын, оған қоса соңғы жылдарда шыққан кітаптарын беріп жіберіпті. Келесі аптада Немат Келімбетовтің «Ежелгі түркі поэзиясы және қазақ әдебиетіндегі көркемдік дәстүр жалғастығы» деп аталатын докторлық диссертациясын бөлімде талқылап, қорғауға ұсыну туралы шешім шығарып, осыған орай жазылған хаттамаға қол қойдым. Сөйтіп, ардақты ағамыздың ғылыми еңбегінің ресми мәртебе алуына осылайша тілекші болдық. Ол кісінің қолтаңба жазып тарту еткен кітаптары шаңырағымыздағы қастерлі дүниелер ретінде сақтаулы тұр.

Немат Келімбетовтің өмір жолы өзгелер үшін тағылымды дер едік. Оның өскен өрісі мен жеткен жеңісін саралап, Келімбетов кеңістігі ретінде қарайтын болсақ, біраз нәрсеге куә боламыз. Ол ұзақ жыл тауқымет тартты. Көп уақыт төсекке таңылды. Өмірге деген құштарлық, ертеңге деген сенім оны аяғынан тік тұрғызды. Сыннан өткен Келімбетов кеңістігі осылайша қалыптасты. Тумысынан еңбекқор ол денсаулығы сәл жөнделген сәттің өзін тиімді пайдаланды. Қуатына қуат қосып, күш жинап, тапжылмай шығармаларын жазуға отырды. Отырудан шаршаса, жантайып жатып жазды. Қалың оқырманның назарын аударған «Шәді ақын», «Қазақ әдебиеті бастаулары», «Көркемдік дәстүрі жалғастығы», «Ежелгі дәуір әдебиеті» атты ғылыми еңбектері, «Үміт үзгім келмейді» хикаяты, «Ұлыма хат» эссесі, тағы басқа шығармалары осындай жанкешті еңбектің арқасында өмірге келді. Сөйтіп, ол ең алдымен, Келімбетов кеңістігіне қайсарлық дарытты.

Немат Келімбетов төсекке таңылдым деп күйреуіктікке бой алдырған жоқ. Жата-жастана тынымсыз кітап оқып, көл-көсір білім жинады. Қолына түскен әдебиетті оқи да, тоқи да білді. Сондықтан ғылыми еңбектерінің құндылығы артты. Жазған монографиялары мен мақалаларының сапасына жете көңіл болды. Ғылыми жұмыстарына пайдалану үшін түркі халықтары тілдерінің бірқатарын түсініп-түйсінуге кірісті. Мұнысы оның зерттеу еңбектерінен анық байқалады. Кейіпкеріміздің табандылығы арқасында Келімбет кеңістігі ілім-біліммен толықтырылды.

Оның ежелгі әдебиет туралы еңбектері тек ғылыми зерттеу түрінде қалып қойған жоқ. Бұл туындылар жоғары оқу орындарының студенттеріне оқулық немесе оқу құралы ретінде ұсынылды. Өмір бойы педагогикалық оқу орнында қызмет атқарған ұлағатты ұстаздың монографиялық еңбектері шәкірттерінің кәдесіне жарады. Тіпті, одан дәріс алмаған өзге университеттердің ұл-қыздары да ежелгі дәуір әдебиетінен сусындады. Сөйтіп, жас ұрпақты білімге тәрбиелеуге өзі де, оқулығы да барынша үлес қосты. Оның бұл қыры да Немат Келімбетов әлемін айшықтайды.

Келімбетов кеңістігін кернеп тұрған тағы бір адами қасиет бар. Ол – ізгілік. Бұл қасиет шаңырағындағы шуақ пен шапағат, мейірім мен махаббат арқылы сіңірілді. Жан-жары Қуаныш Тазабекқызының адалдығы, перзенттерінің тәрбиелілігі Немат Келімбетовтің болмыс-бітімін тұлғалай түсті. Отбасындағы береке-бірлік кейіпкерімізді ауыр науқастан арашалап қалды. Қиындықтың қыспағында шыңдалған шаңырақтың шаттығы өмірде ғана үлгі болған жоқ, ұрпақтар өнеге тұтатын жарасымды тіршіліктің мысалы ретінде көркем шығарма арқылы жұртшылыққа кеңінен таныстырылды. «Үміт үзгім келмейді» – тағдырдың теперішін көрген азаматтың жан сыры. «Әке – ана – бала» үштағанының үйлесімділігі әлі де жалғасып жатыр. Ата-анасының рухын әлдилеген парасатты перзенттер бүкіл елге үлгі болды.

Немат аға түрколог ғалым ретінде еліміздің ауқымында қалмай, шет жұрт арасына да кең танылды. Тәуелсіздік дәуірі оның шығармаларының кең таралуына мол мүмкіндік берді. Кітаптары шет мемлекеттерде жарық көріп, әлемдік орталықтарда таныстырылды. Алпауыт елдердегі беделді ғалымдар оның шығармашылығы туралы бағалы пікір айтты. Еңбектері бірнеше тілдерге аударылды. Ол – қазақ топырағында туып, мұндай игілікке жеткен санаулы ғалым-қаламгерлердің бірі. Бақ пен баптың тоғысқан тұсы толайым табыстарға, жоғары жетістіктерге жол ашты. Ендеше, Келімбетов кеңістігіндегі ерекшеліктің бірі – осы.

Жаратушы оған ауыр сынақ берді. Соның бәріне төзген соң тіршілігін түзу, бақытын баянды етті. Еңбегі салалы, перзенті саналы болып шықты. Көзінің тірісінде біраз игілік көрді. Өмірден өткен соң да ғалым-ұстазды ұлықтау жалғасып жатыр. Ол қазақ зиялылары мұрасын қадірлейтін зерделі зерттеушіге, қарымды қаламгерге айналды. Мұны да Келімбетов әлемінің жаңа бір қыры дер едік.

Тағы да әңгімеміздің басында айтылған ресми оппонент мәселесіне қайтып оралайық. Кандидаттық диссертацияның әдетте екі оппоненті болады. Ол кезде Немат ағамыздың өзі кандидат болғандықтан, екінші оппоненттікке бекітілген-ді. Біріші оппонентім, филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Негимов әсерлі сөйлеп, ғылыми жұмыстың жетістіктері мен кемшіліктерін талдап айтып шықты. Екінші оппонент Немат аға сөз алғанда жұрт сілтідей тынды. Маған тек жалғыз өзім ғана емес, сол жерге жиналғандардың бәрі ол кісіден ығып отырғандай көрінді. Содан көсіліп кетті дейсің. Дауысы әлі күнге саңқылдап құлақ түбінде тұрғандай. Өте бейнелі сөйледі. Әсіресе, «Мұрат Мөңкеұлы өзі өмір сүрген қоғамның клавиатурасын дөп басты», – деген сөзі жұртшылыққа қатты ұнады.

Сұлу сөзімен, түрленген тіркесімен қалың жұртшылықты сәт сайын таңғалдырудан жалықпайтын менің ғылыми жетекшім, академик Зейнолла Қабдоловтың өзі ағамызға қатты сүйсініп:

– Шіркін, мына Нематты оппонент етіп, бір қорғар ма еді? – деп қалды.

Сондықтан, осыдан ширек ғасыр бұрын әзірленген авторефератымдағы «Ресми оппонент – Немат Келімбетов, филология ғылымдарының кандидаты, профессор» деген жазу мен үшін соншалықты қымбат! Ғылымға қадам басқан сәтте тілеулестік танытқан ағаның ғибратты ғұмыры бүгінгі буынға да тағылым бола бермек.

Бауыржан ОМАРҰЛЫ,

әдебиеттанушы, публицист

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *