МЕМЛЕКЕТТІК РӘМІЗДЕР – БІРЕГЕЙЛІК БЕЛГІСІ

Қоғам
1 809 Views

Мемлекеттік рәміз – әрбір мемлекеттің егемендігі мен біртұтастығын бейнелейтін, ажырамас абыройлы атрибуттарының бірі. Біздің республикамызда Ту, Елтаңбажәне Әнұран Мемлекеттік рәміздер болып табылады. «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық заң 2007 жылы 4 маусымда қабылданғаны мәлім. Осы заңға сәйкес жыл сайын 4 маусым – Қазақстан Республикасында Мемлекеттік рәміздер күні ретінде атап өтіледі.

Мемлекеттік рәміздерге құрмет әрбір азамат үшін оны қалай құрметтеп, қалай пайдалануды білуден бастау алуы қажет. Ұлттық нышандарымызға әрдайым құрмет пен ұқыптылық нормалары сақталуы қажет. Әлемдік деңгейдегі ірі жарыстарда кей кезде жеңіске жеткен спортшы қуа­ныш үстінде қолындағы мемлекеттік туымызды тастай салып, жанкүйерлерімен шүйіркелесіп жатқаны қынжылтады. Сырт көз сынай қарап отыр­ғанда қолыңдағы туға жай бір зат ретінде қарауға болмайды. Тәрбие табалдырықтан басталатыны хақ. Дәл осы табалдырықтың бастауы, мектеп қабырғасында бұл түйіткілді шешуде қандай шаралар қолға алынған? Осы сұрақтың жауабын білу мақсатында қаладағы Өзбекәлі Жәнібеков атындағы №19 жалпы орта білім беру мектебінің орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлнар БАЙБАГЫСОВАМЕН (суретте көрсетілген) сұхбаттасып қайтқан болатынбыз.

«Рәміздерді жатқа білген – жөн кісі»,– дегендей, рәміздердің бейнелік мағыналары туралы мағұлматтарды білу әрбір азаматтың асыл парызы. Қазақстан Республикасының мемлекеттік туы – ортасында сәулелі күн, астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген тік бұрышты көгілдір түсті сипатқа ие. Тудың сабының тұсында ұлттық өрнек тік жолақ түрінде нақышталған. Күн, оның шұғыласы, қыран және ұлттық өрнек бейнесі алтын түстес. Бүгінде бұл жазу «Qazaqstan» деп өзгертілген. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасы – дөңгелек пішімді және көгілдір түс аясындағы шаңырақ түрінде бейнеленген, шаңырақты айнала күн сәулесіндей тарап уықтар шаншылған. Шаңырақтың оң жағы мен сол жағында аңыздардағы қанатты пырақтар бейнесі орналастырылған. Жоғарғы бөлігінде – бес бұрышты көлемді жұлдыз, ал төменгі бөлігінде «Қазақстан» деген жазу бар. Жұлдыздың, шаңырақтың, уықтардың, аңыздардағы қанатты пырақтардың бейнесі, сондай-ақ «Қазақстан» деген жазу – алтын түстес. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік елтаңбасының авторлары – белгілі сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлиханов.

Алғашында «Менің Қазақстаным» әні ретінде танымал болған Қазақстанның мемлекеттік әнұраны Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасы бойынша 2006 жылы 6 қаңтарда еліміздің Парламентінде бекітілген. Бірінші рет сол жылы 11 қаңтарда Мемлекет басшысының салтанатты ұлықтау рәсімінде орындалды. Әннің авторы Шәмші Қалдаяқов, сөзін жазғандар: Жұмекен Нәжімеденов, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев.

– Мектепте окушылар арасында Мемлекеттік рәміздерге деген құрметті қалыптастыру және оны дәріптеу жұмыстары қалай жолға қойылған?

– ҚР Ата Заңының 9-бабында ҚР Мемлекеттік рәміздер – Ту, Елтаңба, Әнұран конституциялық заңмен бекітілген, ал 34-бапта әрбір азамат республиканың Мемлекеттік рәміздерін құрметтеуге міндетті екенін айтылады. Рәміз – белгілі бір идеяны білдіретін белгі, бейне. Сондықтан, білім беру ордамызда рәміздерді құрметтеуге өте көп көңіл бөлінеді. Бұл белгілер тәрбиенің бастауы екенін білеміз. Біршама шаралар өтіп те жүр. Оқушылар арасында дәріптеу мақсатында мектебіміздің фойесінде арнайы бұрыш жасалған. Бұрышта рәміздердің барлығы өз орнын тапқан. Аптаның оқу күндері сабағымыз Әнұраннан басталады. Еліміздің қасиетті құндылығы саналатын, айшықты белгілерімізді насихаттау мақсатында тәрбие сағаттары мен сынып сағаттары өткізіліп отырады. Жай күндері де дәріптеп отыру әдетке айналған. Рәміздер күніне орай тәрбиелік бағытта арнайы іс-шаралар түзіледі. Әдетте жыл бойына кездесулер, қалалық кітапханаларға саяхаттар ұйымдастырылады. Рәміздер күнінде өткізілетін нышандарымыздың абыройын асқақтатуға арналған шерулерге дәстүрлі түрде қатысып отырамыз. Мектеп көлемінде оқушылар арасында «Менің туым» эстафетасы, «Ел рәміздері – ер рухы» атты кітап көрмесі өтті. Сынып жетекшілері «Қазақстанның Мемлекеттік рәміздері» тақырыбында «дөңгелек үстел» мәжілістерін, ашық сабақтар, интеллектуалдық сайыстар ұйымдастырылды. Мектеп тәлімгерінің ұйымдастыруымен «Елдіктің ерен белгісі – рәміздер» тақырыбында бейнероликтер көрсетілді. 5-11 сынып оқушылары «Елімнің рәміздері еркіндік нышаны» тақырыбында қабырға газеттерін шығарды. Оқушылардың қызығушылығын оятып, санасына рәмізге деген құрмет сіңдіру үшін мереке қарсаңында мектеп деңгейінде эссе мен өлең жазып, қабырға газетін шығарудан, сурет салудан байқаулар өткізіледі. Жеңімпаздар сыйлықтарға ие болады. Марапттау рәсімі сынды үлкенді-кішілі іс-шара, байқау, жиын өткізілсе де Әнұранмен басталады. Мекепте оқитын әрбір шәкірт өз елінің рәмізін жоғары деңгейде сыйлай білетінін нық сеніммен айта аламын. Біз тәуелсіз ел ұланымыз. Сондықтан, ата-баба аманат еткен туған жердің топырағын сүйіп, ұлы даланың тәуелсіздігін дәлелдейтін рәміздерімізді биік ұстауға міндетті екенімізді оқушыларға ұғындырып келеміз.

– Әнұран авторы Шәмші Қалдаяқовтың 90 жылдық мерейтойына қандай дайындық шаралары жоспарланған?

– Шәмші Қалдаяқовтын мерейтойы республикалық деңгейде тойланатын мереке. Ауқымды дайындық шаралары жүргізілуде. Біздің мектеп маңызды күнді атап өтуде шет қалмайды. Оңтүстіктің киелі топырағында туған жерлесімізбен мақтанамыз. Маңызды мерекеге арнайы қалалық білім басқармасынан іс-шара жоспары беріледі. Жоспар бойынша жобалар іске асады. Қосымша сынып сағаттарын өткізу күн тәртібінде қарастырылған. Ұстаздар мен оқушылар арасында рәміздерге қатысты челлендж, өнерлі өрендер арасында онлайн түрде ән байқауын өткізу жоспарда бар. Болашақ ұрпақтың бойына Отанға деген адалдықтың бір белгісі саналатын – Мемлекеттік рәміздерімізді қадір тұту қасиетін дарыту біздің басты міндетіміз деп білеміз.

– Әсерлі сұхбатыңыз үшін рақмет!

Әлия ТҮГЕЛБАЙ.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *