ОҚМПУ ҚАШЫҚТЫҚТАН ОҚЫТУ БОЙЫНША НӘТИЖЕЛІ ЖҰМЫСТАР АТҚАРУДА

Білім
1 192 Views

Әлемдегі эпидемиялық жағдайдың салдары денсаулық саласына ғана емес, сондай-ақ білім саласына да айтарлықтай өзгерістер алып келуде. Біздің елге биылдың көктемінде жеткен індетке байланысты студенттер де, оқушылар да қашықтықтан білім алу жүйесіне көшкені белгілі. Жаңа оқу жылы да осылайша ерекше басталып отыр.

Бұл сұхбатта бастауын тарих тереңінен алып, бүгінде республика бойынша ең үздік педагогикалық университеттердің 5-не кіріп, болашақта бұдан да алып білім ордасына айналамын деп мақсат қойған оқу орны жайлы сөз болмақ. Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті ұстаздар дайындауда шебер шыңдалған, түлетіп шығарған мыңдаған шәкірттерімен өзін дәлелдеген оқу орын. Бүгінде Оңтүстіктің еңселі білім ордасының ректоры міндетін уақытша атқарушы Гүлжан Дәулетбекқызы Сүгірбаева осы сұхбатта ағымдағы жаңа оқу жылында қашықтықтан оқыту жүйесі, академиялық ұтқырлықпен ауысып оқу және студенттердің бос уақытын тиімді пайдалануға жасалған жағдайлар туралы сөз қозғады.

– ОҚМПУ-дың бүгінгі тыныс-тіршілігі, әсіресе, қашықтықтан оқытуға дайындығы жайында толыққанды тоқталып өтсеңіз?

– Өздеріңізге мәлім біздің оқу ордамыз Оңтүстіктегі тарихы тереңге жайылған, ең көне білім ордасы. Елдегі пандемиялық ахуалға байланысты, министрліктің талаптарына сай 83 жылдық жұмыс барысында қашықтан оқытуды алғаш рет бастап отырмыз. Өздеріңізге белгілі білім ордамыз қазіргі таңда 67 білім беру бағдарламасымен жұмыс жүргізеді. Оның ішінде 34-і бакалавриат бойынша, 22-і магистратура және 11 білім беру бағдарламасы докторантура бойынша. Сондықтан биыл біз мыңнан астам түлекке диплом табыстап, биыл тағы да мыңнан астам студентке есіктерімізді айқара ашып отырмыз.

Қашықтықтан оқытудың жоғары деңгейде жүзеге асыру үшін өзінің бірқатар талаптары бар. Ол ең алдымен мұғалімдердің цифрлық сауаттылығын арттыру. Сол үшін оқытушыларымызды еңбек демалысына ертерек жіберіп, тамыздың 10-нан оқыту жұмыстарын бастадық. Қалай оқытасыздар десеңіздер, бізде Univer жүйесі жұмыс істейтіні белгілі. Ол жерге силлабустар, лекциялар салынады. Білім алушылар өздеріне қажетті ақпараттың бәрін ала алады. Қашықтан оқыту ең алдымен цифрландырудың артуын талап етеді. Сол себепті биыл біз цифрландыру бойынша екі бөлім аштық. Ол бөлімдер оқытушылардың лекцияларын жазуды, контенті Univer жүйесіне еңгізуді үйретеді. Осыған орай біздің университет 200-ге жуық жаңа компьютерлер, жаңа планшеттер, бір роботатехника орталығын, сыныбын алдық. Интернет жүйесіне жұмсаған қаржыны қайтару да қолға алынған. Қашықтықтан оқыту онлайн кітапхананы талап етеді осыған орай біз 20 млн теңгеге онлайн кітапхана базасын сатып алдық. Оның ішіндегі барлық кітаптарды виртуалды түрде компьютерге жүктеп алуға болады. Сайтымызда ол кітапхана қалай жұмыс жасайды, басқа виртуалды кітапханалармен байланысқа қалай түсуге болады, сол туралы нұсқаулық бар. Ал қалада тұратын студенттерге санитарлық ережені сақтап, өзіміздің оффлайн кітапханадан алса болады. Дегенмен де біздің қашықтан оқыту бойынша тәжірибеміз болғандықтан, әсіресе, жоғары курс студенттеріне қиын болмады.

– Білім ордасындағы грант бөлу мәселесі жайында не айтасыз?

– Биылғы жылы біз 300-ге жуық грант алдық. Ол біздің білім ордамыздың деңгейін білдіреді. Өкінішке қарай, биыл әлеуметтік гранттар бөлінген жоқ, тек мемлекеттік гранттар. Бөлінген гранттардың бәрі де оңтүстікте керек мамандықтар: Қазақ тілі әдебиеті, орыс тілі әдебиеті, тарих, дінтану, педагогикалық мамандықтар. Қуантатын жағдай басқа оқу орындарымен салыстырғанда бөлінген гранттың саны бізде көбірек болды және толық игерілді.

Биылғы қабылдау жүйеміздің барлығы виртуалды түрде өтті. Тек грант иегерлерін емес, ақылы түрде қабылданғандар да болды. Дегенмен, бізге ақылы оқуға түсетіндерге қойылатын талаптар да жоғары. Яғни ҰБТ-дан 70-тен жоғары балл жинады. Оның үстіне биыл студенттердің шәкіртақысы 42000-ға көтерілді. Бұл қуантатын жағдай. Себебі педагогтың мәртебесі туралы саңға сай оң өзгерістер орын алып жатыр.

– Болашаққа қандай жоспарлар бар?

– Білім ордамыз қазіргі таңда елдегі педагогикалық университеттер арасында 4-орында. Бұл өте қуантатын жағдай. Арнайы жүргізілетін рейтингтің ішінде де топ 20 университеттің ішінде тұрмыз. Әрине бұл ұжымның жетістігі, бізде ғылым докторлары магистранттар және тағы басқа да ғалымдар жұмыс атқарады. Осының арқасында біздің оқу ордамыз білімде де, тәрбиеде де, ғылымда да жоғары дәрежеде көрсеткіштерге ие болып келеді.

Ең үлкен мақсатымыз – ашықтық саясатын ұстану, жемқорлықтан таза болу. Себебі қазіргі таңда жемқорлық ауқымды мәселе болып отыр. Онымен күрес республика бойынша қарқынды жүріп жатыр. Бұл мәселе барлық салаға қатысты, соның ішінде, әсіресе, білім саласында қордаланған. Биыл студенттер лигасы арнайы тәуелсіз рейтинг жүргізген болатын. Сол жерде студенттеріміздің 92 пайызы жемқорлық жоқ деген нәтиже көрсеткен. Бұл бүкіл республикада жоғары көрсеткіш.

– Академиялық ұтқырлық бойынша білім беру қалай жолға қойылған?

– Біздің университеттің 42 жоғары оқу орынмен келісім шарты байланысы бар. Ол біліммен де туризммен де ғылыммен де байланысты. Академиялық ұтқырлық бойынша студенттеріміз Литва, Польша, Испания сынды мемлекеттерге барып келуде. Польшада 20-ға жуық студентіміз оқыды. Дегенмен, пандемияға байланысты елге қайтарылды. Биыл академиялық ұтқырлықпен ауысып оқуға мүмкіндік жоқ.

– Студенттердің бос уақытын пайдалы ұйымдастыру үшін қандай ұйымдар жұмыс істейді?

– Біздің оқу ордамызда 20-дан астам үйірмелер бар. Олардың бәрі 3 жұлдыздық мейрамхана дәрежесінде жасалған №1 жатаханада орналасқан. Ол жерде қол өнер, вокал сынды көптеген үйірмелер бар. Бұл үйірмелер карантин уақытында сабақтарын виртуалды, онлайн өткізіп жұмыс істеуде. Қазіргі таңда жұмыстарды қайта жандандырамыз себебі шалғайдан келген студенттерімізге интернеттен қолайсыздық болғаны үшін жатақханаға орналасуға рұқсат бердік. Осыған байланысты жұмыстарын оффлайн форматта қайта бастайтын болады. Бұл тірліктер арқылы білім алушылар университеттің қолдауын сезіне білу керек. Ол студентті ойлайтынын сезіну керек. Бұл өте маңызды.

– Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан Г.ҒАНИҚЫЗЫ.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *