ТАУ ТҰЛҒАНЫҢ ТҰҒЫРЫ

Тұлға Өмір-өзен
62 Views

Қамшының сабындай қысқа ғұмырда сыйласқанға не жетсін. Ертеңгі күнінің не боларын ешкімболжап білмейтіні айдан анық. Бәрі Алланың қолында. Өмір атты асау толқындабіреу жеңілдікпен, біреу ауырлықпен жүзіп, жанына жайлылық іздейді. Әр заманныңөзіне лайық белгілі азаматтары болады. Бірақ уақыт өте көрегенділігі мен көсемдігінесай білімді адамдар ғана өзгерістер мен қиыншылықтарға қайыспай, заман талабынанқалыспай тарихи жолдағы ұлы көштің үнемі алғы легінде қалады. «Әттеген-ай» депөзекті өртейтіні – «өмір-өзен» заңына тау тұлғалардың да бағынатынын мойындау.Ешкім де тіршілікте мәңгі қалмайды. Замана ауысып, келесі ұрпақтың өзінкөрсетуіне уақыт келеді. Бірақ тірісінде еткен еңбегі, ізінде қалған ғибраттығұмыр адамның да, уақыттың да есінен шықпақ емес.

«Бақыттың мәні – парасаттылықта, әркімнің өз алдына игілікті мақсат қоя білуінде, ол мақсат тек кездейсоқ рахат үшін емес, шынайы игілік үшін бағытталуында, адамның өз мінез-құлқын, іс-әрекетін ерікті түрде өзгертіп, ізгілікке бағыттап отыруында», – дейді дана Әл-Фараби. Алдына осындай игілікті мақсат қоя білген, көзі тірісінде бақыттың мәнін таба білген азаматтардың бірі, еліміздің Оңтүстік өңіріне танымал тұлға Мамыт Құрманбеков десек әсте қателеспейміз. Газетіміздің осы шығарылымында Мамыт Дауренбекұлы Құрманбековтің ғұмырдариясы жайлы сөз қозғаймыз.

Адамзат өз тұғырын ізгі ниетпен, анасынан дарыған ақ сүтінің қасиетіне жету арқылы анықтайды. Осы орайда Мамыт ағамыз да өз тұғырын тау тұлға ретінде айқындады деуге әбден болады. Мамыт Дауренбекұлы Құрманбеков 1927 жылдың 25 наурызында бұрынғы Шәуілдір, қазіргі Отырар ауданында, Сырдария жағасы, Қарасу бойында, Талапты ауыл советінде дүниеге келген.

Түркістан қаласындағы №19 Некрасов атындағы қазақ мектебінде оқып, оны 1942 жылы күзде тәмәмдаған. Сосын тұрмыс жағдайына байланысты Шәуілдір ауданы, Отырар ауылдық советіне, Қызыл-ту колхозына көшіп барған. 1942-1947 жылдары колхоз жұмысына араласып, түрлі шаруашылықта қызмет атқарған. Соғыс жылдары елге түскен ауыртпашылық Құрманбековтер отбасына да ауыр қасіретін әкелді деп еске алатын Мамыт Дауренбекұлы.

Әкесі Дәуренбек Құрманбекұлы қазақтың басына түскен қиын-қыстау кезеңдерде, 1920 жылдары елін-жұртын аман сақтап қалуда аянбай еңбек сіңірген азамат. Бұл жөні бөлек, ерекше тарих.

1923-1937 жылдар аралығында Түркістан атқару комитетінің қаулысымен «Шілік Волостной» атқару комитетінің төрағасы, Жоғары советтің депутаты ТурЦИК, кейін КазЦИК орталық атқару комитетінің мүшесі, сондай-ақ, Совет атқарушы органдарында әртүрлі қызмет атқарған.

1937 жылы «халық жауы» деген жаламен (сол кездегі үштіктің үкімімен) атылады. 1956 жылы 16 тамызда Оңтүстік Қазақстан облыстық соты президиумының қаулысымен жазықсыздығы дәлелденіп, ақталған.

2000 жылдың 30 тамызында Құрманбеков Дауренбекті Жоғары Үкімет министрлер кабинетінің қаулысымен мемлекеттік қоғам қайраткері деп танып, Отырар ауданының № 20 СПТУ мектебіне, Шымкент қаласында және Шәуілдір ауылында Дәуренбек Құрманбекұлы атындағы көшелер бар. Анасы Серғазықызы Қалы үй шаруасындағы, екі ұл, екі қыз, тәрбиелеп өсірген ардақты ана. 1960-1975 жылдары мемлекетіміздің дербес пенсиясын алып келген.

Өзі колхозда сіңірген еңбегі үшін Сталин қол қойған (за доблестый труд в Великой отечественной Войне 1941-1945) медалімен наградталған.

1 қаңтар 1947-1950 жылдары Шәуілдір мемлекет банкісінің есепшісінен, бас есепшісінің орынбасары қызметіне дейін жұмыс атқарған. 1950 жылы қаңтар айының басында Совет армиясы қатарына шақырылып, 1953 жылы 14 желтоқсанда елге қайта оралған. Совет Армия қатарында қызмет еткен кезінде взвод командирінің көмекшісінен финанс бөлімінің қазынашысы, старшина шенін де атқарған. Осылайша совет әскері қатарындағы ерең еңбегі үшін бірнеше алғыстар алған.

1954 жылдан 1990 жылдарға дейін банк саласының есепшісінен басқарма басшысы болып 40 жылдай атқарған қызметі де бар. Оған қоса, осы банк саласында істей жүріп, жоғарғы банк саласынан, партия комитетіне, облыстық атқару комитетінен Мақтау грамоталарымен марапатталған.

Қызылқұм аудандық Партия комитетінің мүшесі, бірнеше рет Қызылқұм аудандық советінің депутаты және Бюджет комиссиясының төрағасы ал 1957 жылдан КПСС мүшесі. Осы өткен өмірінде «Ұлы Отан Соғысы медалі (за доблестный труд в Великой отечественной Войне 1941-1945)»; Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «Ерен Еңбегі үшін»; «Қазақстан Республикасы Егемендігінің 25 жылдығы» медальдарымен және көптеген орден – медальдармен марапатталға.

Өмірлік жолдасы Күлсара Баянбаева 1933 жылы туылған, он баланы дүниеге әкелген ақ жаулықты Батыр ана. Оқу-ағарту қызметінде 40 жыл ұстаздық қызмет еткен. Мамыт ағаның балаларының бәрі де жоғары білімді, Қазақстан Республикасының әр саласында қызмет етуде. Мамыт аға мен Күлсара жеңгеміз ұлды ұяға, қызды қияға қондырып, ата-ана парызын адал орындап, бүгінде ұл-қыздарынан 46 немере, 40 шөбересі бар бақытты әже мен ата да.

Республикалық қоғамдық-саяси, тарихи-танымдық «Әділет. Рухани жаңғыру» газеті Мамыт Дауренбекұлы Құрманбековтің қайтыс болуына қайғырып, марқұмның отбасы мен жақындарына көңіл айтады.

Солай ботам,

Күзде гүлдер солады,

Киіп жүрген киімдер де – оңады.

Бұл жалғанға өкпелеуің бекер ғой,

Біз – уақытша,

Қара жердің қонағы, —

деген екен Бек Жылқыбаев. Ажалдың бәрімізге жетері анық. Дегенмен адам баласы артында қалдырған игі істерімен, өзі тәрбиелген, өніп-өсірген ұрпағымен бірге мәңгі тірі болмақ.

Мамыт ағаның қазыналы ғұмырын баяндау мұнымен бітпейді. Ол туралы ұзақ айтуға, талай құнды еңбек жазуға болады. Ол алдағы уақыт пен қаламгерлер еншісінде, әрине. Өйткені, оның ғұмыры өнегеге толы.

Шуақ НҰР.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *