ЭКОЛОГИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ КӘСІПКЕРДІ ҚУДАЛАУДА МА, ӘЛДЕ ПРЕЗИДЕНТ САЯСАТЫНА ҚАРСЫ МА?!

Мәселе
144 Views

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Асқар Ұзақбайұлы МАМИНГЕ,

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Естайұлы ШӨКЕЕВКЕ

ЭКОЛОГИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ КӘСІПКЕРДІ ҚУДАЛАУДА МА, ӘЛДЕ ПРЕЗИДЕНТ САЯСАТЫНА ҚАРСЫ МА?!

Біздің редакциямызға биылғы 8 сәуір күні «Тұмар ХХІ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Меделхан Асанханович Исаховтан арыз келіп түскен болатын. Журналистік зерттеу барысында мына төмендегі жағдаяттар анықталып отыр. Аталмыш серіктестік 2008 жылы 6 мамырдан Оңтүстік Қазақстан (қазіргі Түркістан) облысының Ордабасы ауданындағы Көктөбе елді мекенінің аумағында құмды қиыршық тас қоспасын барлау және өндіру жұмыстарымен айналысып келген. Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтамасыз етіп, өзінің шаруасын дөңгелетіп жүргізген. Мемлекетке төленуге тиісті салықтары мен жұмысшылардың айлық жалақыларын уақтылы төлеп отырған.

Аталмыш серіктестікке 10.11.2011 жылы №03-2/6432 және 2014 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша Экология департаментімен 2018 жылдың соңына дейін берілген қоршаған ортаға эмиссияға рұқсатнама құжаттарының мерзімдері аяқталуына байланысты 2018 қазан айынан бастап, қоршаған ортаға эмиссияға рұқсатнама алуға өтінім берген болатын. Экология департаменті өтінімге қоса тіркелген құжаттарды қарап, төрт кемшілікті анықтап, оны жоюға ескерту жасаған. Осыған орай серіктестік көрсетілген кемшіліктерді жойып, құжаттарын қайта ұсынған болатын. Алайда, Экология департаменті алғашқы ескертулерде көрсетілмеген себептермен еліміздің қолданыстағы заң талаптарына қарамастан қызмет бабын асыра пайдаланып, рұқсатнама беруден бас тартқан. Қазіргі таңға дейін Экология департаментіне төрт-бес рет қоршаған ортаға эмиссияға рұқсатнама және мемлекеттік экологиялық сараптама қорытындысын алуға өтінім білдірген. Экология департаменті түрлі себептерді келтіріп, олар сұраған құжаттарды бермеудің амалын істеп, серіктестіктің кәсіпкерлік қызметін толыққанды жүзеге асыруға орынсыз кедергі келтірген.

Алайда Экология департаментімен 2018 жылдан бері Түркістан облысы бойынша келісімшарт бойынша жұмыс істейтін өзге серіктестіктерге сұратқан құжаттарын берген. Атап айтқанда, Кентау, Түркістан қалаларында және Арыс, Бадам, Ақсу өзендері бойында орналасқан барлық құмды-тас өндіру кендерімен тас-майдалау қондырғылары су қорғау аймағында орналасқанына қарамастан рұқсатнама құжаттарын алған. Аталмыш департаменттегілердің бұлайша ала-құлалыққа салынуларының себеп-салдары түсініксіз. Еліміздің қолданыстағы заңдарында кәсіпкерлердің бәрі бірдей тең құқыққа ие екенін біле тұра Экология департаментіндегілер адамдарды алалап, түлкібұлаңға салынуларының сыры неде екен?!

2011 жылы 10 қарашада №03-2\6432 және 2012 жылы 2 қарашада 08\3846 қоршаған ортаға эмиссияға рұқсатнама құжатын Экология департаментінің қызметкері Айжан Ажмолдаеваның өзі қарап берген болатын. Ал енді соның өзі, бірақ қызметтік лауазымы өскен А. Ажмолдаеваның өзі не себепті және қандай мақсатты көздеп серіктестіктің сұраған құжаттарын берместен, олардың кәсіпкерлік қызметін жүзеге асыруына кедергі келтіруінің сыры неде?!

Бұдан бөлек Түркістан облысы бойынша Экология департаментінің басшылығына Имангелді Қансейітұлы Түймебаевтың келген сәтінен бастап бұл серіктестік Экология департаменті тарапынан тексеруден көз ашпай отыр.

Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің Түркістан облысы бойынша Экология департаментімен ауыл тұрғындарымен (Ж.Бимат, Ж.Мусабеков, Б.Құрмантай, Г.Намазбай) қоғамдық ұйымдардың («Экология ОҚО» жеке табиғат қорғау қоры К.А.Подушкин) орынсыз арыздарын ұйымдастырып, жылда біртектес шағымдармен тексеру жүргізеді. Алайда, олардың нәтижесі бойынша арызда көрсетілген мән-жайлар өз дәлелін таппайды.

Бұдан бөлек Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің Түркістан облысы бойынша Экология департаментімен 2019 жылдың шілде айында тексеру тағайындап, мемлекеттік қадағалауды жүзеге асыратын Экология департаментінің қызметкерлері – К.Акылбеков, С.Балыбек Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінде көзделген талаптарды өрескел бұза отырып, орынсыз тексеру жүргізіп, оның барысында жер қойнауын заңсыз пайдаланды деген сылтаумен жер қойнауы алынған жердің өлшеу жұмыстарын жүргізбестен, нақты көлемін анықтамай, 200-300 текше метр көлемінде жер қайнауын заңсыз пайдаланды деп айыппұл салып, артынша, департамент тарапынан серіктестіктің қызметін тоқтатуға және қоршаған ортаға келтірілген залалдың көлемін артық есептеп өндіруге Шымкент қаласының ауданаралық мамандандырылған экономикалық сотына талап арыз берген. Мемлекеттік қадағалауды жүргізген қызметкерлердің бұл іс-әрекеті оның өз құқықтарын асыра пайдаланып отыр емес пе?! Жоқ әлде, олардың білімсіздігі ме?! Бұл жағы бізге беймәлім.

Экология департаментінің іс-әрекеттері бойынша Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Зұлфұхар Сансызбайұлы Жолдасовқа және сыбайластыққа қарсы іс-қимыл департаментіне 21.02.2020 жылы №52; 53 хаттары жолданған болатын. Алайда, комитет басшылығын міндетін атқарушы Демеу Нұрсұлтанұлы Сейтжанов мардымсыз жауап беріп, соңғысын мүлде жауапсыз қалдырған. Бұдан бөлек Комитет басшылығына және департамент басшысы И.Қ.Түймебаевтың атына серіктестікке қатысты 01-13.11.2019 жыл аралығындағы жоспардан тыс жүргізілген тексеру актісін сұрап хат жолданған болатын. Қазіргі таңға дейін жауап берілмей, комитеттің атынан департамент басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Қ.Акылбеков, орындаған С.Балыбек жай ғана сырғытпа жауап бере салған. Мұны қалай түсінеміз, жүргізілген тексеру қорытындысың актісі қайда қалған?

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың халыққа Жолдауының өзінде де шағын және орта бизнеске қатысты рейдерлік әрекеттердің көбейіп кеткендігін және шағын және орта бизнеске қолдау көрсетуге, салықтан босатуға және мемлекеттік қадағалаушы органдар тарапынан тексерулерді болдырмауға және мемлекеттік органдар тарапынан қандайда болмасын шағын және орта бизнестің дамуына қарсы жасалынған әрекеттер мемлекетке қарсы жасалынған қылмыс деп қаралатындығы жөнінде айтып өткен болатын.

Алайда, Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің Түркістан облысы бойынша Экология департаментінің рейдерлік іс-әрекеттері, тікелей «Тұмар ХХІ» ЖШС қызметін тоқтатуға және серіктестікке қарасты құм-тас карьерін алып қоюға тікелей бағытталып отырғаны жанға батады. Себебі, мемлекеттік қадағалаушы орган ретінде өздеріне берілген құқықтарын асыра пайдаланып, 2018 жылдан бері серіктестікке Экология департаменті тарапынан әртүрлі себептерге сілтеме жасап, рұқсатнама құжаттарын беруден бас тартып, серіктестікке қарасты құм-тас өндіру карьері маңайында орналасқан ауыл тұрғындарымен және қоғамдық ұйымдармен бірлесіп, серіктестік қызметіне қатысты негізсіз арыздар жаздырып, орынсыз тексерулер ұйымдастырып, БАҚ өкілдерін шақырып, бұдан бөлек серіктестік қызметіне қатысты шектеулер қоюға, уәкілетті мемлекеттік (Ішкі істер департаменті, аудан әкімдігі, прокуратура, Транспорттық инспекция, Арал-Сырдария бассейндік инспекциясы, облыстық табиғат қорғау және табиғи ресурстар басқармасы) мекемелерге хаттар жазып, кәсіпкерге орынсыз қысым көрсетуде.

Бұған дәлел ретінде Экология департаментінің 05.02.2020 жылғы №02-1/198 хатын негізінде Түркістан облысы бойынша Табиғат қорғау және табиғи ресурстар басқармасымен серіктестікке аталған басқармамен 16.03.2020 жылы №27-08-06/466 хатымен құмды-тас өндіру карьеріне берілген мемлекеттік сараптама қорытындысымен қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсатнама құжатын кері қайтару туралы Түркістан облысы бойынша мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына талап арыз беріп отыр. Бұдан бөлек Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жарлығымен Оңтүстік Қазақстан облысы атауы Түркістан облысы деп ауыстырылып, облыс орталығы – Түркістан қаласына 2018 жылдың тамыз айында көшірілген. Сол көшпен бірге Экология департаменті де көшкен болатын. Алайда, бүгінгі таңда Экология департаментінің кейбір қызметкерлері Түркістанға қаласына көшпей, өздерінің тұрақты жұмыс орнына бармай, Шымкент қаласында қалып, департамент штаты есебінен айлық жалақы алып, еліміздің қолданыстағы заңын белінен басып отырған мемлекеттік қызметкерлер мен оған көз жұмып қарап отырған департамент басшыларының іс-әрекетін қалай бағалауға болады?!

М.А.Исахов кәсіпкер ретінде жоғарыда аталып өткен қоршаған ортаға эмиссияға рұқсатнама құжаттарының мәселесі бойынша Түркістан қаласына бірнеше рет барғанында бөлім басшысы А.Ажмолдаеваны жұмыс орнынан таба алмаған. Сол жердегі қызметкерлер оның Шымкент қаласында жұмыс істейтінін айтқан. Мегаполистегі Диваев көшесі, №110 мекенжайына үш рет барғанымен бөлім басшысын бұл жерден де таба алмаған. Сонда бөлім басшысы жұмыс орнында болмай, оның қай жақта жүргені белгісіз болғаны ма?! Мемлекеттік қызметкердің Экология департаментінің бөлім басшысы А.Ажмолдаеваның бұлай жұмыс істеуіне кім, қалай, қандай уәкілеттілік бергені бізге беймағлұм.

Қазақстан Республикасы Президентінің 19.02.2018 жылғы №702 Жарлығымен Шымкент қаласындағы Оңтүстік Қазақстан облыстық Экология департаменті Түркістан қаласына 2018 жылдың тамыз айында көшкен. Шымкент қаласындағы ғимараттың бір бөлмесінде бөлім басшысы А.Ажмолдаева мен екі маман сол 2018 жылдың тамыз айынан бастап Түркістан қаласына көшпей, Шымкент қаласында қызмет етуде. Сонда департамент басшысы И.Қ.Түймебаев мырза Президенттің Жарлығына мойынсұнбағаны ма? Салалық министрлік пен Комитет басшылығы қайда қарап отыр деген сұрақ туады. Екі қалада кеңсе ұстап қаржыландырудың өзі, мемлекет қаржысын талан-таражға салып, орынсыз ысырап ету емес пе?!

Еліміздің үшінші мегаполисіне айналған Шымкент қаласы бойынша Экология басқармасы өзінің штаттық кестесімен бөлініп шыққан. Ол Қалдаяқов көшесі, №12 мекенжайында орналасқан.

Түркістан облысының Табиғи ресурстар және Табиғат пайдалануды реттеу басқармасының (бұдан әрі – Басқарма) 11.02.2019 жылғы №27-06-16/376 хатымен Қазақстан Республикасы Су кодексінің 125 бабына сәйкес су қорғау белдеулерінің шегінде пайдалы қазбаларды өндіруге тыйым салынғанына және Боралдай өзенінің су қорғау белдеуімен аймағын облыс әкімдігінің 15.09.2010 жылғы №324, 2017 жылғы 24 шілдедегі №200 қаулыларына байланысты серіктестіктің тау-кендік бөлісімінің аумағы Боралдай өзенінің су қорғау белдеуінде орналасқан деп, жоғарыда аталған шарттың 29,2 тармағына сәйкес серіктестіктің қызметін тоқтатып, тау-кен бөлісімін су қорғау белдеулері шегінен бір ай мерзімде тау-кен бөлу аумағын су қорғау белдеуінен шығару жұмыстарын бастау және атқарылудағы жұмыстар туралы ақпаратты басқармаға ұсыну қажеттігін ескерткен болатын.

Осыған байланысты Түркістан облысының Табиғи ресурстар және Табиғат пайдалануды реттеу басқармасы 27.06.2019 жылғы №27-06-16/1717 кең таралған пайдалы қазбаларды барлауға немесе өндіруге арналған жер қойнауын пайдалану мәселелері жөніндегі сарапшылық комиссия отырысының 21.06.2019 жылғы №2 хаттамасына сай «Жер қойнауын және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының 2017 жылғы 27 желтоқсандағы №125-VI Кодексіне сәйкес Түркістан облысының әкімдігі Ордабасы ауданының Боралдай өзені бойындағы Көктөбе елді мекені аумағында құмды-шағал қоспасын барлауға және өндіруге арналған 2008 жылғы 6 мамырдағы №419 келісімшарт бойынша тау-кен бөлісімінің, бұрыштама нүктелерін су қорғау белдеуінен шығару мәселесі кең таралған пайдалы қазбаларды барлауға немесе өндіруге арналған жер қойнауын пайдалану мәселелері жөніндегі сарапшылық комиссияның 2019 жылғы 21 маусымдағы комиссия мәжілісінде қаралып, оң ұсыныс берілген.

Осыған сәйкес Түркістан облысы әкімдігі тарапынан аталған мәселе бойынша сараптама комиссияның ұсынымдарын ескере отырып, жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартқа өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі келіссөздер бастау туралы шешім қабылданғанын хабарлаған.

Жоғарыда көрсетілген комиссия келісімі бойынша су қорғау белдеуінен шығару бұрыштама нүктелерінің орындалуына байланысты 16.10.2019 жылғы №27-12-03-10/2811 Оңтүстік Қазақстан өңіраралық геология департаменті «ОңтүстікҚазЖерҚойнауы» ӨД-і РММ-і Түркістан облысы Ордабасы ауданындағы Көктөбе кен орнында қиыршық тасты өндіруге Түркістан облысының жер қойнауын пайдалану мәселесі жөніндегі экспертті комиссия отырысының 2019 жылғы 21 маусымдағы №9 хаттамасы негізінде «Тұмар-ХХІ» ЖШС-не тау-кен бөлігі берілгенін хабарлайды.

Южно-Казахстанская межрегиональная комиссия по запасам полезных ископаемых (ЮК МКЗ) экспертное заключение №942 Гр-2 Турк. Месторождения горного отвода Коктобе (протокол №2743 от 03.10.2019 г.) 266,5 балансовые запасы в тыс. м3

Содан Табиғи ресурстар және Табиғат пайдалануды реттеу басқармасынан уәкілеттілігі Түркістан облыстық Инвестиция және экспорт басқармасына ауысқан.

21.10.2019 жылғы №34 Түркістан облыс әкімінің орынбасары Меиржан Иябайұлы Мырзалиевке Түркістан облысының Табиғат пайдалануды реттеу басқармасының 28.06.2019 жылғы №27-06-16/1717 санды хатымен сарапшылық комиссиясының 21.06.2019 жылғы хаттамасына сәйкес серіктестіктің бұрыштама нүктелерін су қорғау белдеулерінен шығаруға оң ұсыныс берілгені жөнінде және осыған байланысты серіктестіктің жаңа бұрыштама нүктелеріне сай алынған тау-кен бөлісіміне сәйкес келісімшартқа өзгерістер енгізуді және келісімшарт күшін қайта жаңғыртып, кәсіпкерлік қызметін жүргізуге ықпал етуді сұрап, хат жолдаған болатын. 2020 жылдың 8 сәуіріне дейін бақандай бес-алты ай өткен. Бұл уақыт аралығы кәсіпкерлік жұмысымның тоқтауына себеп болып отыр.

Аталған департамент қызметкерлерінің іс-әрекеті туралы Экологиялық реттеу және бақылау комитетіне және Түркістан облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментіне де шағым берілген болатын. Алайда қазіргі таңға дейін комитет тарапынан департамент қызметкерлері әрекеттерінің заңдылығын не болмаса жауапкершілікке тартылғаны туралы ешбір нақты жауап берілмеген. Осыған байланысты М. А. Исахов Қазақстан Республикасы Президенті Қ.К. Тоқаевтың халыққа Жолдауының орындалуын, саясатының іске асуын және заңдылықты қадағалаушы орган ретінде жеке қадағалауға алып, Түркістан облысы бойынша Экология департаменті басшылығының және мемлекеттік қадағалауды жүзеге асырған қызметкерлерінің іс-әрекетінің заңдылығын тексеріп, кәсіпкерлік қызметін қолдап, жұмысын ары қарай жүргізуіне ықпал етіп, төмендегі көрсетілген талаптарды қарап, заң шеңберіне сай жауап беруін сұранған:

— Серіктестік осы уақытқа дейін не себепті және қандай негіздерге сүйене отырып, қоршаған ортаға эмиссияға рұқсатнама құжаттарын және мемлекеттік экологиялық сараптама қорытындысын беруден бас тарту себептерінің заңдылығын анықтауды;

— 2018 жылдан бері Экология департаментімен Түркістан облысы бойынша орналасқан тас-майдалау қондырғыларына берілген рұқсатнама құжаттарының берілу заңдылығын тексеруді;

— Экология департаменті басшылығының И.Қ.Түймебаевтың қоластындағы қызметкерлері – А.Ажмолдаева, К.Акылбеков, С.Балыбектің іс-әрекетінің заңдылығын анықтап, тәртіптік шара көруді;

— Экология департаментімен 2019 жылдың қараша айында жүргізілген жоспардан тыс тексерудің қорытынды актісін алдыртуды;

— Экология департаментінің басшылығы не себепті және қандай мақсатты көздеп серіктестік қызметіне кедергі келтіруде? Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаевтың Жолдауында айтылғандай, Экология департамент басшылығы рейдерлік іс-әрекетке барып отыр емес пе?!

Серіктестік төрағасы М. А. Исахов 2019 жылы 21 қазандағы Түркістан облысы әкімінің орынбасары Меиржан Иябаевич Мырзалиевке, 2019 жылы 24 қараша және 30 желтоқсан күндері Түркістан облыстық Инвестиция және экспорт басқармасының басшысы Иса Мусаевич Кудабековке жазған хаттарына әлі күнге дейін жауап алмаған. Осылайша аталмыш шенділердің тұрғындардың арыз-шағымдарын қарау, оларға жауап беру жөніндегі еліміздің қолданыстағы заң талаптарын өрескел бұзғанын айқын көрсетіп отыр ғой.

Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың халыққа Жолдауы мен салалық министрліктер мен түрлі деңгейдегі әкімдерге берген тапсырмаларында еңбек адамдарына, орта және шағын бизнес субьектілеріне қолдау, қамқорлық көрсету жағы баса айтылған. Кез келген әкімдік, департамент, басқарма басшылары кәсіпкерлерден қағаз жүзіндегі есеп-қисап қабылдап қана қоймастан, оларға қолдан келген көмегін аямау керек. Өкінішке орай, Түркістан облысындағы жағдаят мүлде басқаша болып отырғаны бізді қатты алаңдатады. Елімізді коронавирус індеті жайлаған қазіргідей қиын-қыстау кезеңде кәсіпкерге қол ұшын берудің орнына сөзбұйдалыққа салынған мемлекеттік қызметкерлердің іс-әрекеті ешқандай ақтауға сыймайтын сыңайлы.

Біз Өмірзақ Естайұлының Түркістан облысын түрлендіріп, гүлдендіріп, еліміздегі алдыңғы қатарлы өңірлердің біріне айналдыру жолында тынымсыз еңбек етіп жүргенін жақсы білеміз. Алайда тікелей Нұр-Сұлтан қаласына бағынатын Экология департаментіндегілердің жұртқа жұмыс тауып беріп, мемлекетке тиісті салығын төлейтін кәсіпкердің жұмысына қасақана кедергі жасап отырған шенділердің облыс әкімінің жұмысына да залалы тиетінін білмес пе екен?!

Ә. ҚАҢТАРБЕК.

Шымкент қаласы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *