ҚАЗАҚСТАН ҚҰРАМАСЫ – ҮЗДІК ҮШТІКТЕ!

Спорт
596 Views

Еліміздің бокс әлеміне Екінші Бекзат келгені қандай ғанибет!

7-21 қыркүйек күндері Ресейдің Екатеринбург қаласында бокстан мерейтойлық ХХ Әлем чемпионаты өтті. Оған 79 елден келген 362 былғары қолғап шебері қатысты. Ғалымбек Кенжебаетың жетекшілігіндегі Қазақстан ұлттық құрама командасы толық құрамда өнер көрсетті. Нәтижесінде боксшыларымыз бір алтын, бір күміс, төрт қола медальді жеңіп алды. Жалпыкомандалық есепте Өзбекстан мен Ресейден кейінгі үшінші орынды иеленді.

Маңғыстау бокс мектебінің түлегі, Жастар арасындағы Әлем чемпионатының қола жүлдегері 21 жасар Бекзат Нұрдәулетов (81) өзі өткізген алты кездесудің бәрінде жеңіске жетіп, Әлем чемпионы атанды. Ол алдымен оңтүстіккореялық Хонг Ингпен күш сынасты. Ол қарсыласын үшінші раундта нокдаунға жіберіп, айқын басымдықпен жеңіске жетті. Келесі кезеңде венесуэлалық Налек Корбай Баррераны 5:0 есебімен ойсырата ұтты. Бұл жолы да қарсыласын екінші раундта нокдаунға жіберді. 1/8 финалда бразилиялық Кенл Мачадоны 4:1 етіп ұтты. Ширек финалда түркиялық Байрам Малканды үшінші раундта нокдаунға жіберіп, жартылай финалға шықты. Кубалық Рио Олимпиадасының чемпионы, Әлемнің төрт дүркін чемпионы Хулио Ла Круспен кездесіп, оны да ұтып кетті. Шешуші ақтық финалдық сында өзбекстандық Дилшодбек Рузметовтен басым түсіп, жеңістің ең биік тұғырына көтерілді. Оның құрметіне Қазақстан Республикасының мемлекеттік әнұраны шырқалды. Бекзаттың ендігі мақсаты – Олимпиада шыңын бағындыру! Еліміздің бокс әлеміне Екінші Бекзат келгені қандай ғанибет! Ұзағынан сүйсіндірсін дейміз!

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев су жаңа Әлем чемпионын алғашқылардың бірі болып шынайы құттықтады. Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Өтелгенұлы Трұмов жерлестері атынан оған Ақтаудан екі бөлмелі пәтердің кілтін табыс етті. Саңлақ спортшыны алғаш баулыған жаттықтырушысы Батырбек Жайлыбаевқа 2 000 000 теңге, ал қазіргі бапкері Марат Жакиевке 5 000 000 теңге қаржылай сыйақы берілді. Туған қаласы – Жаңаөзеннің басшылығы жас батырға «темір тұлпар» мінгізді.

Қазақстан құрамасының капитаны, аса ауыр салмақтағы (+91) Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаев 1/8 финалда испаниялық Аюб Гадф Дриссиді екінші раундта техникалық нокаутқа түсірді. Ширек финалда германиялық Нелви Тиафакты ұтып, жартылай финалға шықты. Бұл жолы шаршы алаңға шығудан бас тартқан аустралиялық Джустис Хунимен жұдырықтаспастан-ақ жеңіске жетті. Шешуші ақтық финалдық сында өзбекстандық Баходир Джалоловқа жол беріп, күміс жүлдегер атанды.

52 келі салмақ дәрежесінде түркістандық Сәкен Бибосынов алдымен моңғолиялық Хархуу Энхмандахты 3:2 есебімен жеңді. 1/8 финалда колумбиялық Рио Олимпиадасының күміс, Әлем чемпионатының қола жүлдегері Юрберхен Мартинестен 5:0 етіп ұтты. Ширек финалда армениялық Артур Оганесяннан 4:1 есебімен айласын асырып, жартылай финалға шықты. Алайда, бұл жолы үндістандық Амит Панхгалдан 2:3 есебімен жеңіліп қалды. Сөйтіп, қола медальді қанағат тұтты.

Әлем чемпионатының қола, Азияның күміс жүлдегері Абылайхан Жүсіпов (69) таиландтық Әлем чемпионатының қола жүлдегері, Азияның қос дүркін чемпионы, Сары құрлық ойындарының жеңімпазы Вуттичай Масукты 5: 0 етіп айқын басымдықпен қапы қалдырды. 1/8 финалда германиялық Ник Биерден де 5:0 есебімен басымдық танытты. Ширек финалда Доминикан Республикаының өкілі Роан Поланконы ұтып, жартылай финалға шықты. Өкінішке орай, Ресей құрамасының капитаны, Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Андрей Замковойға есе жіберді. Осылайша ол қола жүлдегер атанды.

Азия чемпионы, Ислам ойындарының жеңімпазы қызылодалық боксшы Тұрсынбай Құлахмет (75) чехиялық Милош Бартлды 5:0 есебімен қапы қалдырды. Екінші раундта қарсыласын нокдаунға жіберді. 1/8 финалда американдық Хавьер Мартинесті де дәл сондай есеппен жеңді. Ширек финалда армениялық Арман Дарчинянды айқын басымдықпен (5:0) ұтып, жартылай финалға жолдама алды. Бұл жолы Филиппины елінің өкілі Эумир Марсиальдан жеңіліс тапты. Нәтижесінде Әлем чемпионатының қола жүлдесін иемденді.

Рио Олимпиадасының күміс, Әлем чемпионатының қола, Азияның күміс жүлдегері Василий Левит (91) словакиялық Давид Михалекты 5:0 есебімен таза жеңді. Келесі кезеңде испаниялық Аюб Гадфты екінші раундта нокаутқа түсірді. 1/8 финалда украиналық Марат Григорянды 5:0 етіп ұтты. Ширек финалда иорданиялық Хуссейн Яшаишті 4:1 есебімен жеңіп, жартылай финалға жолдама алды. Эквадорлық Хулио Кастильомен кездесіп, 2:3 есебімен жеңіліп қалды. Өкінішке орай, Рио Олимпиадасындағыдай, бұл жолы да оған төрешілер тарапынан әділетсіздік жасалды. Сөйтіп, туған елге қола медальмен қайтуға мәжбүр болды.

Шымкенттік Әлем чемпионы Қайрат Ералиев (57) бастапқыда Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері венесуэлалық Йоэль Финоль Сегундо Ривасты 3:2 есебімен ұтты. Келесі кезеңде таиландтық Әлем чемпионатының қола жүлдегері Чатчай Батдиден басым түсті. Ширек финалда өзбекстандық Миразизбек Мирзахалиловқа есе жіберіп қойды.

Азияның қос дүркін күміс жүлдегері шымкенттік былғары қолғап шебері Закир Сафиуллин (63) алдымен әзербайжандық Бахтияр Газибековты ұтты. Келесі кезеңде канадалық қарсыласы Томас Блуменфельд жарақатына байланысты шаршы алаңға шықпағандықтан, үшінші айналымға жекпе-жексіз өтті. Өкінішке орай, 1/8 финалда кубалық Әлем чемпионы Эдди Круз Гоместен жеңіліп қалды.

2017 жылғы Әлем чемпионатында қазақстандық былғары қолғап шеберлері бір алтын, екі күміс, үш қола медаль иеленген болатын. Сол жүлдегерлердің төртеуі Екатеринбургта күш сынасты. Биылғы меже – әлемдік рейтингте үздік үштікке ілігу болатын. Сол мақсат орындалды.

52 келі:

1. Шахобиддин Зоиров (Өзбекстан);

2. Пангал Амит (Үндістан);

3. Сәкен Бибосынов (Қазақстан);

3. Билал Беннама (Франция).

57 келі:

1.Миразизбек Мирзахалилов (Өзбекстан);

2. Ласаро Альварес (Куба);

3. Питер Макгрейл (Ұлыбритания);

3. Цэндбаатар Эрдэнэбат (Моңғолия).

63 келі:

1. Энди Круз (Куба);

2. Кейшон Дэвис (АҚШ);

3. Маниш Каушик (Үндістан);

3. Оганес Бачков(Армения).

69 келі:

1. Андрей Замковой (Ресей);

2. Пэт Маккормак (Ұлыбритания);

3. Абылайхан Жүсіпов (Қазақстан);

3. Бобо Усмон Ботуров (Өзбекстан).

75 келі:

1. Глеб Бакши (Ресей);

2. Эмир Феликс Марсьяль (Филиппины);

3. Тұрсынбай Құлахмет (Қазақстан);

3. Эберт да Консейсао (Бразилия).

81 келі:

1. Бекзат Нұрдәулетов (Қазақстан);

2. Дилшодбек Рузметов (Өзбекстан);

3. Хулио Ла Круз (Куба);

3. Бенджамин Уиттакер (Ұлыбритания).

91 келі:

1. Муслим Гаджимагомедов (Ресей);

2. Хулио Кастильо (Эквадор);

3. Василий Левит (Қазақстан);

3. Радослав Пантелеев (Болгария).

+91 келі:

1. Баходир Джалолов (Өзбекстан);

2. Қамшыбек Қоңқабаев (Қазақстан);

3. Максим Бабанин (Ресей);

3. Юстис Хуни (Аустралия).

Әбдісаттар ӘЛІП,

Спорт журналистері арасындағы республикалық шығармашылық

конкурстың лауреаты.

Шымкент қаласы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *