ҚОС АЗАМАТТЫҚҚА ӘЙТЕНОВ КЕЛІСЕ МЕ, ӘЛДЕ ПРЕЗИДЕНТТІҢ ТАПСЫРМАСЫНА ҚАРСЫ МА?

Билік
768 Views

Республикалық «Әділет. Рухани жаңғыру» газеті көтерген мәселеге бүгін Шымкент қаласы Әл-Фараби аудандық сотының судьясы Нұрғали Исмайлов нүкте қойды. Сөйтіп,Шымкент қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Олег Почиваловтың Ресей азаматы екені толық дәлелденді. Оның үстіне бұл деректі Шымкент қаласы бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитетінің хаты мен РФ ІІМ жауабы растап отыр. Сот отырысында Почивалов пен оның өкілі ешқандай уәж айтып, қарсыдәлел келтіре алмады.

Бір қызығы, білдей бір басқарма басшысы болып табылатын Почиваловтың Ресей азаматы екендігі жүз пайыз мәлім болса да, Шымкент қаласы әкімдігі күні бүгінге дейін бұл ақпаратты жоққа шығарып келген болатын. Ал біз бұл мәселені екі айдан бері көтеріп келе жатырмыз. Соған қарағанда бұл жерде біз білмейтін бір гәп бар-ау… Басшы етіп тағайындарда «неужели» қала әкімі Мұрат Әйтенов пен оның спортқа жауапты орынбасары Мақсұт Исахов О.Почиваловтың Ресей азаматы екендігінен бейхабар болды?..

Спортта легионер деген ұғым бар. Сырттан спортшы шақырып, үздік саңлақты аттай қалап, сапқа тұрғызады, додаға қосады. Әрине, ол үшін мақтаулы спортсменге бір етек ақша төлейсің. Әлде Әйтенов пен Исахов Почиваловты легионер басшы еткісі келді ме екен? Әлде басқарма тізгіндеуге лайықты азамат Шымкенттен табылмады ма?

Қалай болғанда да, О.Почиваловты басқармаға басшы етіп тағайындаған Мұрат Әйтенов пен салаға жауапты орынбасары Мақсұт Исахов заң алдында қатаң түрде жауап беруі тиіс. Мұны Ата Заңға қайшы әрекет деп санаймыз!

Біз бұл мәселе бойынша Шымкент қаласының әкіміне арнайы сұраныс хатты ресми түрде тапсырдық. Өкінішке қарай, бүгінгі күнге дейін ресми жауап жоқ. Бірақ Бекен Қоныс «Егемен Қазақстан» газетінің сайтына сот процесінің жүргізілуіне байланысты ақпарат береді. Алайда ресми сұраныс жасаған БАҚ-қа немқұрайлы қарайды. Осы әрекетімен Әйтеновтің «прессегі» БАҚ туралы заң талаптарын бұзып, алалаушылық танытуда. Ол туралы материал алдағы сандарда бөлек болмақ. Бірақ сот шешімі әділдік жағына жарияланды.

(Жалғасы бар).

Қуанышбек БОТАБЕК

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *