«ӘДІЛЕТТІҢ» ҚОҒАМҒА БЕРЕР ЖЕМІСІ МОЛЫНАН БОЛСЫН!

Қоғам
129 Views

Қымбатты республикалық «Әділет. Рухани жаңғыру» газеті редакциясының ұжымы және оқырман қауым!

Сіздерді республиканың рухани айнасына, оқырмандарының сүйікті басылымына айналған «Әділет» газетінің 10 жылдық мерейтойымен құттықтаймын!

«Әділет» газеті Қазақстанның бүгінгі толағай жетістіктерін, алдағы мақсаттарға жетудегі игі бастамалары мен кездесіп отырған қиындықтарды жеңудің жолдарын шынайы түрде жазып келеді.

Мемлекеттің кешегісі мен бүгінін жалпақ жұртқа жария ету — Сіздердің мәртебелі міндеттеріңіз. Сіздердің оны үлкен жауапкершілікпен атқарып келе жатқандарыңызға кәміл сенемін.

Еліміздің өндіріс пен мал шаруашылығында, денсаулық пен білім беру саласында, спорт пен мәдениетте қол жеткізген табыстарын «Әділет» газетінің бетінен жиі оқып келемін. Газет шежіресі — бір елдің тұтас тарихы.

Республикамыздың беделді басылымына айналып келе жатқан бұл газет қазақ елінің тарихи шежіресін, Алаш арыстарының өмір жолы мен қалдырған мұраларын публицистикалық жанрда жан-жақты зерттеп, жарыққа шығаруына өз басым дән ризамын. Газеттің негізін қалаушы, редакторы – Қуаныш Ботабектің өзін де мен жақсы танимын, қанат қаққан шәкірттерімнің бірі ретінде де еңбегін әділ деп бағалаймын. Бүгінде ғаламтордың дамыған тұсында газет шығару ісі ешкімге де оңай соқпасы анық. Алайда, көлденең кедергілерге сынбай, қазақ баспасөзіне өзіндік толағай үлесін қосып келе жатқан жақсы ұйымдастырушы, қаламы қарымды журналист Қуаныштың қайратқа толы қызметі елеусіз қалмайды деп санаймын. Газет ұжымының қаламынан шыққан мақала, очерктер заман ағымымен үндесіп, қазіргі таңдағы қазақ елінің жетістіктерін арттырып, еліміздің рухани байлығына мол үлесін қоса беруіне тілектеспін!

Осы жылғы 10 жылдық мерейтойларыңызға орай Сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін! Қазақ журналистикасын дамытуда Сіздердің қоғамға берер жемістеріңіз молынан болсын! Қазақстанның жарқын болашағы жолында атқарып келе жатқан қызметтеріңіз абыройлы да берекелі бола берсін! Жаңа жылдарыңыз жемісті де жеңісті жыл болсын! Лайым осы бағыттан айнымаңыздар, халқымызға, ұлтымызға адал қызмет етудің бұдан да биік белесіне көтеріле беріңіздер. Ұлтымыздың бағын асырар БАҚ болыңыздар!

Намазалы ОМАШЕВ,

Филология ғылымдарының докторы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Президентінің БАҚ саласындағы сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жазушылар Одағы мен Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *