ӨМІР ЖОЛЫ ӨНЕГЕ БОЛҒАН ТҰЛҒА ЕДІ

Тұлға
69 Views

1941-1945 жылдардағы Кеңестер Одағының тарихына Ұлы Отан соғысы деп енген соғыс, әротбасыға қайғы мен қасірет ала келді. Бір ғана қазақ халқының миллиондай еразаматтары осы сұм соғыста опат болды. Кезінде Ордабасы ауданына қарағанКөкбұлақ ауылынан жүзге жуық азаматтары осы сұм соғыстан оралмай қалды. Демекосынша отбасы қара жамылды деген сөз. Тек Есенбек ата үйінен Отан қорғаусоғысына Сандыбай, Әбу, Сазан, Андас оралмады. Әкеміз Қолдас соғыс зардабынан1961 жылы өмірден озды.

Бұрынғы Кеңестер Одағының құрамында болған бүгінгі тәуелсіз Мемлекеттердің азаматтары жыл сайын Ұлы Жеңісті тойлайтын. Әсіресе Бұл айтулы дата Соғыстан оралмаған солдаттардың ұрпақтары үшін ерекше мереке болып тойланатын. Себебі әкелері өмірін қиған Ұлы Жеңіс аса қастерлі болатын. Ұлы Жеңістің 75 жылдығын тойлауды асыға күткен жандардың бірі – Сатыбалды Сазанұлы Сазанов еді. Ұлы Жеңіс сән-салтанатсыз тойланды. Соғыстан қайтпаған солдат Есенбеков Сазанның ұлы – Сатыбалды Сазанов Ұлы Жеңістің 75 жылдығы аталан соң, 11-мамыр 2020 жылы өмірден озды. Осылай Ұлы Отан үшін от кешкендердің бірінің ұлы, ғұмырлары әкесіз, жетім өскен ұрпақтардың бірі, өмірі көпке үлгі болған ағамыз өмірден озды…

Ағаның өмір жолы жеңіл, тақтайдай түзу жолмен өтті дей алмаймыз. Әке-шешеден ерте айырылып, қамқор әрі балажан Тәжбике әжесі мен Бейсен апасының жүрек жылуларымен ер жетті. «Тұяғы бүтін тұлпар жоқ, қанаты бүтін сұңқар жоқ» жылдар жас жігіттің ерте есейуіне, қатайуына, алдына асыл мұраттар қоюына мүмкіндік жасады. «Білім – ең үлкен байлық» екенін бала түйсігімен ерте ұғынған ағамыз мектепте үздіктің үздігі болып оқиды. Табиғатынан математика пәніне бейім болды,шахмат ойнағанда жеңіліп көрмеді. Үздік оқығаны үшін мектептің педагогикалық кеңесі Сазанов Сатыбалдыны бірінші кластан екінші класқа емес, үшінші класқа көшіреді. 1948 жылы 1941 жылы туылған ұл-қыздармен бірге бірінші сыныпқа барса, 1949 жылы үшінші сыныптағы 1940, 1939, 1938 жылдардағы туылған оқушылармен бірге оқыды. Осылай Көкбұлақ ауылында ағамыздың сыныптастары көбейді. Сәкеңмен мақтанған ағайындарымыз «Сатыбалды менің сыныптасым» деп мақтанатын.

Ағаның сыныптастары ауылда көп еді. Олар Гайдан Дәнешев, Әбен Әбуов,Махамбет Қарақұлов,Ералы Махатаев, Тұрсынкүл Сүлейбекова, Шірінкүл Шорабекова және басқалар.

Ағамыз Қазақтың Химия-Технология институтын құрылыс инженері мамандығын бітірді. Студент достары көп болатын. Ерекше досы, туған бауырындай сыйласқан, жігіттің сұлтанындай Молдахан Жүзбаев еді. Өмірден ерте кетті. Сәкең Молдекеңнің отбасымен байланысын,барып-келуін, ақыл-кеңесін үзбеді. Ағамыз достыққа берік,досқа адал жан еді. Көкбұлақ ауылындағы үйге талай достары келетін. Дүйсебай Мұзаппар ағалар жақын араласты. Мұзаппар аға: «Біз Сатыбалдымен мақтанғанбыз,мақтандық және мақтанамыз» деген еді.

Ауылдағы үйге қызметтегі бастығы, облыстық атқару комитетінің күрделі құрылыс басқармасының бастығы Қоқанбай ағамен келгені бар еді. Бұл – 1967 жыл болатын. Қоқанбай аға жасы үлкен болғанымен жайдары, жарқын мінезді кісі еді. Ағаның еңбек жолы Шардара қаласы мен Шардара ауданы құрылысымен тікелей байланысты болып, 1967-1975 жылдары еңбек етті. Шардаралықтар ағаның еңбегін бағалап «Шардара ауданының «Құрметті азаматы» атағын берді.»

1965-1975 жылдары Шардара өңірі алып құрылысқа айналды. Ағамыздың жастық жылдары осы құрылыста өтті. Шардара өңіріндегі құрылыста жас мамандардың кісілік, азаматтық келбеті қалыптасты.Бүгінде елге танымал ақсақалдар: Тәңірберді Ағманов, Мұзаппар Мамадияров, Болат Ермекбаев,Қонысбек Жұмаханов,Әзімхан Ыбраев, Ыбрай Сақов, Шәкір Әбдірайымов, Өтеген Түгелбаев, Орынбек Жамантаев, Әмірбек Ерубаев, Досмағанбет Мырзахметов, Ақжолтай Шәмшиев, Абсат Науатов, Шалқар Мұсабеков және Дүйсенбай Лесов сияқты азаматтар бірге жұмыс жасады.Бұл азаматтардың біразы бүгінде о дүниелік болған. Шардара тыңын игеру мен көркейтуде қалған еңбектері осы ұрпақ туралы естелік айтып тұрғандай екен. Ағамыз Шардарада өткен жылдары және дос-жарандары жайлы жиі еске алатын. Қолы тисе араласуға дайын еді.

Сатыбалды Сазанов туралы мың бір ресми жолдарды келтіруді жөн көрдік:

С.Сазанов республика жұртшылығына танымал, Тәуелсіз Қазақстанның банк жүйесін қалыптастыруға көп еңбек сіңірген жерлесіміз. Саналы ғұмырын республика игілігі үшін жұмсады. Республикада нарық жағдайында қаржы саласын реформалап, экономиканың қалыптасуына өз қолтаңбасын қалдырды.

1977 жылдан өмірінің соңына дейін С.Сазанов банк саласында қызмет істеді. Кеңес дәуірінде КСРО-ның Промстройбанк саласында жұмыс жасап, саланың облыстық және республикалық деңгейдегі қызметтерін атқарды.

С.Сазанов 1991 жылдан тәуелсіз Қазақстан Республикасының банк ісі мен қаржы жүйесі және ипотекалық несие секілді озық іс-тәжірибесін қалыптастырушы теоретик және практик авторлардың бірі. Банкідегі менеджмент саласы бойынша ғылыми зерттеулердің, нарық жағдайындағы қаржы саясатына қатысты проблемалық мақалалардың авторы. Жас қаржыгерлер мен банк қызметкерлерін дайындау мен тәрбиелеу саласындағы Алматы экономика және статистика Академиясының профессоры міндетінде атқарды. Экономика ғылымдарының кандидаты. Қазақстан Республикасы Жаратылыстану Академиясының Академигі.

Тәуелсіздік жылдары Қазақстанның қаржы жүйесі нарыққа бейімделген экономика құрды. Бұл жылда қаржыгер ғалым, практик басшы Сатыбалды Сазанов Тұран банк, Әлем банкі, Халық банкі сияқты ірі банкілердің қалыптасуына, тұрақты жұмыс жасауына өз үлесін қосты. Мемлекеттер аралық Орталық Азия ықпалдастық және даму банкінің Председателі қызметінде болып, үш мемлекеттік экономикалық интеграцияға түсуіне жол ашты. Бүгінгі күні Қазақстанның бастамасымен басталған экономикалық интеграцияның ең дұрыс саясат болғанын алыс-жақын көрші елдер мойындап отыр. С.Сазанов барлық қаржы саласы сапта болды. 2005 жылдан өмірінің соңына дейін «Қазақстандағы Қытай Банкі» АҚ Еншілес Банк Құрамында Директорлар Кеңесінің Тәуелсіз мүшесі қызметін атқарды.

Асыл ағамыздың жақсы қасиеттері көп еді. Халқымыз: «Жақсы жігіт аз сөйлеп, көп тыңдайды» – деген. Бұл тәмсіл Сатыбалды ағамызға айтылғандай екен. Аға табиғаттан сабырлы, салмақты болатын. «Сабыр түбі – сары алтын, сарғайған жетер мұратқа» дейді. Тура біздің ағамызға айтылған теңеу сияқты. Салмақты мінезі туа бітті мінезі, қасиеті еді. Сөйлесеңіз еріксіз сыйластық қатынас орнайтын. Бойына тәрбиелік, сабырлық тән еді.

Ағаның асыл қасиеті, «өзіңді сыйлағың келсе,алдымен өзгені сыйла» деген қағиданы ұстанатын. Көңіліне тиме, артық кетпе, құрмет екі жаққа бірдей дейтін. Жылы сөйлейтін,өзімізді бауырына тарта білетін.Мінездің тіктігін асқандарға,асып-тасып бөскендерге де көрсете білетін.

…. Сол 1980 жылдардың орта тұстары еді. Көкбұлақ ауылына сонау Украинадан «қызыл ізшілер» жазған хат келеді. Хат Есембекова Әзеткүлге келген екен. Пошташы бұл кім екенін, ауылда Есенбеков не Есенбековтер жоқ екенін білетінін айтады. Хат Есенбеков Сазанның ағасы Есенбеков Әбудің ұлы Әбен ағама жіберіледі. Осылай хат Шымкенттегі маған, мен оны Алматыдағы бауырым Орынбасарға, ол кісі хат пен хабарды Көкшетаудағы Сатыбалды ағама жеткізеді.

Келесі жылдың май айында Ұлы Жеңістің тойланар шағында, Сатыбалды ағамыз Украинаның Кировоград облысының Турепов селосына шақырылады. Ағамыз ұлы Мұрат екеуі ата зиратына тағзым етіп, елден апарған бір уыс топырағын салады. Талай жылдарғы әкеге деген сағыныш, сарғая күткен жылдар ағаның қаламынан «Әкесіз өткен ғұмыр» кітабын өмірге әкелді. Осы кітаптың бірнеше жүз данасын Шымкенттегі маған беріп жіберді. Ағамен келісе отырып Шымкент қалалық Ардагерлер кеңесіне Ұлы жеңістің кезекті тойлауына орай тапсырдым.

Түрлі шаруаларды басқарып жүрсе де, қолына қалам алып, ойына ой жалғап жүретіні бар еді. Отбасы мен әулеті үшін жазып қалдырға кітаптары бар. «Әкесіз өткен ғұмыр» кітабында өзі құралпы соғыстың зардабынан жетім қалғанұрпақтардың ортақ тағдырын, өз тағдыры арқылы көрсете білді. Әкесіз өскеннен бе туыстары мен балаларына қатты сөйлемейтін. Екінші кітабы «Ата мейір» Ұрпағына арнап жазғаны. Ұл-қызына, немерелеріне және келешекте өмірге келер үрім-бұтағына аталық мейірмен сөз арнайды. Құдайдан «Елімді, ұрпағымды аман сақта» деп тілек тілейді.

Ағамыздың жақсы қасиеттері көп еді. Сырт көзге тіп-тік тұлғасы, толқынды мөлдір қара шашы, Сәкен Сейфуллин тектес сері болмысы бірден көзге шалынатын. Сырттай қарағанда сырбаз көрінетін. Ағайын-туыс, дос-жарандар арасында жұмсақ қоңыр даусына домбыраны қосып, ән салғанды ұнататын. Бойынан бекзаттық қасиеттер тумасынан берілгені байқалатын.

Аталарымыз жақсы жігіт алдымен отбасын, екінші көрші-қолаңын, үшінші халқының жағдайын ойлауы керек»– дегені бар.Сатыбалды Сазанов туған жері Көкбұлақтағы мектептің, осы ауылдағы мектептің құрылысына көмек қолын созды. Арыс ауданынан Ордабасы ауданы бөлінгенде аудандағы Халық банкінің филиалын ашуына жәрдем етті. Аудандық «Нұр Отан» партия комитетіне көлік сыйлады. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тассын деген халқымыз. Ағаның жақсы істері, жақсы қасиеттері көп еді. Бәрін айтып жеткізу мүмкін емес қой…..еске алады-ау дейтінмін. Міне өзі де Қайтпастың сапарына кетіпті… Өмір осылай жалғасады, жалғаса береді… Адамдар кетеді, балалар келеді… Бұл өмір заңы

Ауылдағы Әбен көкемнің отбасына келгенде, бағы құдықтан су ішкенді ұнататын. Шар кесеге құйған мұздай, таза құдық суын бейне бір зәм-зәм суындай тамсанып ішетін. Балалық бал дәурені ойына түсетін болар рахат сезініп тұрып, үнсіз қалатын. Жан-жүрегімен, бар болмысымен өзіне жақын аналар – әжесі Тәжбикені, Екі апасы Бейсен мен Әйткүлді, әкесіндей болған ағасы Қолдасты, қос бауыры Әпсат көке мен Әбен ағамды

Артында жары Күлпан жеңешем, екі ұлы – Мұрат пен Қуанышбек және қызы Алмагүл, немерелері қалды. Жеңгеміз Күлпанға берік болыңыз дейміз. Құдай басқа салды біз көндік. Тағдыр солай.

Қазақтың қария сөздерінде «жер бетіндегі құдай – әке шешең деген бар. Мұрат пен Қуаныш әкелерін құдайдай сыйлады. Германияға да апарып ем жасатты. Алматы мен Астананың мықты дәрігерлеріне емдеттірді. Қолдан келген бар қызметін жасады. Науқасынан айықсын деп екі ұлы жанталасты. Барын салды. Ағамыз қос ұлына риза деп ойлаймыз. Әр пендеге, әр әкеге перзенттері осындай қызмет ете берсін! Балаға берген әкелік махаббат осындай қызмет жасатады. Осындай ұл тәрбиелеген әке, осындай әкесі бар бала адалдықтың, адамдықтың үлгісі. Алдыңнан Алла жарылқасын, аға! Пейіште нұрың шалқысын.

Сазан атаның ағасы

Әбу атаның немересі Жұмаділ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *