«2020 СТОП».ЖАС СУРЕТШІЛЕР КОНКУРСЫ

Жастар Қоғам
2 546 Views

Жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылық пен қадағалаусыздықтың алдын алумақсатында бірқатар материалдар легін жариялай бастағанбыз. Осы орайда Шымкентқаласында орналасқан мекемелердің жұмысына шолу жасап келеміз. Президент тапсырмасы бойынша жарияланған 2020 – Еріктілер жылы құрылған ұйымдардың бірі –Шымкент қалалық Волонтерлар корпусының «Жастар қуаты» ерікті көшбасшылар клубы.

Қаладағы ерікті жастардың басын қосып, олардың жалын беріп, қуатын арттыруға әрекеттесіп келе жатқан бұл ұйым әсіресе елдегі карантин уақытында тындырымды тірліктер атқарып келеді. Бүгін солардың бірі қала карантинге жабылғаннан кейін, жастар арасында өткізіп отырған «2020 стоп» атты онлайн іс-шараның жеңімпазымен сұхбаттасып қайттық. Іс-шара мақсаты да бос қалған жандардың уақытын тиімді өткізу болғандай, аталмыш сайыс жеңімпазы атанған Оразбай Еркінұлы Наурызбай мырзамен сайыс туралы, сурет салу өнері, жастар арасындағы күрделі мәселелер мен уақытты тиімді пайдаланудың қыр-сыры жайлы әңгіме-дүкен құрдық.

Наурызбай Еркінұлы Оразбай – 1999 жылы 24 наурызда Түркістан облысының Отырар ауданындағы Шәуілдір ауылында дүниеге келген. Қазіргі таңда Шымкент қаласындағы SILKWAY Халықаралық университетінің Бейнелеу өнері және сызу мамандығының ІІІ курс студенті.

– 2020 жылды бейнелеу шарт болған сайыстың үздігі атануыңызбен құттықтаймыз! Ең алдымен осы жоба туралы жалпы айтып өтсеңіз, алған әсеріңіз қандай болды?

– Әлеуметтік желіден бұл байқаудың хабарландыруын көрдім. Неге қатыспасқа деген ой келді… Байқаудың ережелерімен толық танысқасын іске бірден кірістім. Көп ізденіп, түрлі эскиздер сызып, ішінен соның біріне тоқталдым. Көп ізденіс пен еңбектің арқасында мінекей, Бас жүлдеге ие болдым. Бұл байқауды ұйымдастырған «Жастар қуатына» айтар алғысым шексіз. Байқау арқылы әлемде болып жатқан көп жағдайлармен, біраз мағұлматтармен таныстым басқа да суретшілердің жұмыстарын қарастырып, тәжірибе алмастым. Осы секілді байқаулар көп ұйымдастырса екен деймін. «Жастар қуатына» алдағы уақытта жұмыстарына сәттілік өркендеп дами берсін деп тілек білдіргім келеді. Жасаған жұмысымды суретімді кішкене таныстырып кетейін.

Жыл басталғалы қаншама келеңсіз оқиғаларды көрдік, бұл да Алланың бізге берген сынағы шығар. Алла сабыр берсін, алдағы күндеріміз тек қуанышқа толы болсын. «Ақынға қара сөзден өлең оңай» дегендей, ойымды шағын өлең шумақтарымен түйіндегенді жөн көрдім.

«Біссіміллә» — деп бастайын сөздің басын,

Толғасам ақындарша жыр арналсын.

Елімізге жайылған індеттерден

Бір Алла қорған болып аман қалсын.

Бұл күнде басымыздан не өтпеді,

Шыдам керек, өмір ғой — бұл өтпелі.

«Елім-айлап» кезінде қанша қандас

Аңсады ғой, күн туар кең үзеңгі.

Тік ұшақтар қалықтап құламасын,

Жаман індет біздерге жоламасын.

Көгершіннің қанаты кеңге жайып,

Шартарапқа шапағатын аямасын.

Бейбіт елдің жас ұрпағы жыламасын,

Қара бұлты көк аспанды торламасын.

Жиырма, жиырма қасиетті сан секілді

Енді аң-құс жалынға оранбасын.

– Сурет салуға қалай қызықтыңыз? Бұл өнер саласының өзіңіздің өміріңізде алар орны туралы айтып өтсеңіз.

– Суретшімін деп айтуға әлі ерте. Әлі білгенімнен білмегенім көп. Ұлы суретші Врубельдің: «Роялда ойнайтын әрбір адам өзін музыкантпын деп ойлайтыны бар, ол бекер… сурет салатын әрбір адам суретшімін деп ойлайтыны тағы бар, олда бекер…» – деген сөздерін үнемі жадымда ұстаймын. Өзімді суретші деп ешқашан айтқан емеспін, өнеріме баға берушілерден ғана естимін. Сурет өнері өзіммен егіз секілді. Жан-тәніммен бояудың әр түрін сезіммен сезіне бояймын. Өнер мәңгі-бақи өмір сүреді.

Қазақ жері кең-байтақ, ұлаң-ғайыр. Оның ең бір ғажайып мекені – Отырар өңірі. Отырар – ақындар мен аңызға айналған тұлғалардың ордасы. Осындай киелі мекенде шыр етіп ана құрсағынан түскен сәттен бастап-ақ ана қанынан маған да бір өнер қасиеті дарығандай. Әкем марқұм көзі тірісінде керемет ағаш ұстасы болатын. Ал, анам туа біткен суретші, қолөнерші, парасатты адам болса, осындай дарынды ата-анадан жаралғандықтан олардан алысқа бармайтыным белгілі емес пе?! Әйгілі суретші Әбілхан Қастеев атамыз: «Сурет салуды таудың бұлағынан, қойдың құлағынан, ешкінің мүйізінен, анамның оюынан үйрендім», – деген екен. Ал мен: «Арыстың жағасынан, шөбі жайсаң елдің сағасынан, анамның құрағынан, жылқыдай малдың патшасынан, сол ауданның тынысымен шабыттадым», – деймін. Бұл Алланың берген дарыны іспетті. Бір-бірімізден алысқа ұзаған емеспіз. Қуансам да, қайғырсам да ақ қағазға бар шерімді түсіре кеткенді жаным қалайды.

– Қарап отырсақ осыған дейін де жеткен жетістіктеріңіз аз емес екен, жас болсаңыз да өз қатарының алды болып жүрген Наурызбайдың бұдан басқа қандай өнері бар? Осыған дейін жеткен жетістіктеріңіз жайлы айтып өтсеңіз.

– Мектеп табалдырығын аттаған сәттен бастап ұстаздарым қарым-қабілетімді байқаса керек, сабақтан кейін қосымша үйірмелерге қатыстырғысы келетіндерін айтты. Осылайша тұңғиық, шексіз әлемге кіріп, сурет салуды әдетке айналдырдым. Жас та болсам ауданымызда, облысымызда өткен небір байқауларға қатысып, жүлделі орындардан көрініп жүрдім. Атап айтар болсам, 2014 жылы «Табиғат әлемі – балалар көзімен» атты облыстық байқау конкурсында бірінші орынмен, оқушылардың кіші ғылым академиясының облыстық сырттай байқауында «Этномәдениеттану» секциясы бойынша қатысып, жүлделі үшінші орынды иелендім. 2016 жылы аудандық V «Отырар таланттары –2016» халық өнер фестивалінде үшінші орын, 2016 жылы аудандық қолөнер және қылқалам шеберлерінің жәрмеңкесінде «Үздік суретші» аталымымен марапатталдым.

Мектеп бітіргеннен кейін Шымкент қаласындағы, SILKWAY Халықаралық университетінің Бейнелеу өнері және сызу мамандығының студенті болып жүріп Халықаралық, республикалық көптеген байқауларға қатысып, қаламыздың, оқу орнымыздың мақтанышына айналдым. VII «Отырар таланттары-2018» халық өнер фестивалінде «Сурет» жанры бойынша екінші орын иегері болдым. Астананың (қазіргі Нұр-сұлтан) 20 жылдығына орай Ақын Құрал Көмектің «Қазақ елі – Астана» туындысы желісі бойынша өткізілген «Бір өлең – бір сурет» жас суретшілер байқау көрмесіне қатысып, Дипломмен марапатталдым. SILKWAY Халықаралық университетінің «Үздік жастар премиясы» жастар сыйлығының «Үздік суретші» аталымының иегері болдым. Сол жылы Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындары студенттерінің Х республикалық пәндік олимпиадасында 5В010700-Бейнелеу өнері және сызу мамандығы бойынша үшінші орын және үздік презентация аталымымен мараптталдым. Сол жылы Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған облыстық «Ontustik ART FEST» байқауының «Үздік суретші» аталымының екінші орын иегері болдым. 2019 жылы VIII «Отырар таланттары-2019» халық өнер фестивалінде «Сурет» жанры бойынша екінші орын иегері және Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындары студенттерінің ХІ республикалық пәндік олимпиадасында 5В010700-Бейнелеу өнері және сызу мамандығы бойынша үшінші орынды және «Композиция» шығармашылық тапсырмасы мен үй тапсырмасы бойынша үшінші дәрежелі дипломының иегері атандым. Жастар жылы аясында «Жастық шақ бояуы» атты республикалық жас суретшілер байқауының дипломантты аталып, қаржылай сыйақымен марапатталдым. «Ынтымақ» өнер-білім орталығының ұйымдастыруымен өткен І Республикалық «Ынтымағы жарасқан туған өлкем» атты онлайн-байқау фестивалінің Бас жүлде иегері және «Көрермен көзайымы» аталымы бойынша жеңіске жеттім. «Шабыт» жас суретшілер фестивалінде «Үздік суретші» аталымымен барапатталып, 100 мың теңге көлемінде қаржылай сыйақы алдым. Аз ғана уақыттың ішінде «Үздік студенттер академиясының мүшесі» төсбелгісімен марапатталсам, 2019 жылдың Шымкент қаласындағы «Үздік жастар» премиясында, «Жылдың үздік суретшісі» аталымын иеленуіммен құттықтаған сол кездегі қала әкімі Ерлан Айтаханов өз ризашылығын жеткізді. 2020 жылы 26-27 ақпанда «Болашаққа жол өзіңнен басталады» семинар-тренингіне қатысып, оқу курсынан өткенім үшін сертификатпен марапатталып, Абай Құнанбайұлының 175 жыл мерейтойына орай ұлы ақынның портретін 5 минут ішінде салып, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасына естелікке қалдырдым. Аталмыш кітапхананың директоры Ә.Рахымжанов мырза және сол мекеменің ұжымдары өз алғыстарын білдірді.

– Өкінішке қарай, қазіргі таңда жастарымыз уақыты тиімсіз пайдаланады. Күн ұзаққа мағынасыз бейнеойындарды серік етеді. Мұның ақыры кейде орны толмас өкінішке әкеліп жатады. Осы орайда өз қатарластарыңыз бен жас жеткіншектерге айтар қандай кеңесіңіз, ұсынысыңыз бар? Өзін, өмірлік серік болар өнерін табу үшін 12-13 жасар бала не істеу керек деп ойлайсыз.

– Иә, қазіргі таңда жастарымыз уақыттың қадірін дұрыс бағаламауда. Бұл жағдай туралы да картина жазған едім.

Ондағы картинаның мағынасын ашып түсіндірер болсам, бала ойлануы мүмкін бе? Компьютерден бір сәт босап, жайлауға атасына барғанда ойлануы мүмкін екен. Табиғат, айнала, қоршаған орта селт еткізері сөзсіз. Ашып айтар болсақ қазір қалада зәулім-зәулім тұрғын үйлер өте көп, ұзақ кеңістіктер аз және де қазіргі жастар үйге қамалып, бір бөлмеден шықпай көп уақытын телефонмен, компьютерлік ойындармен өткізуде. Ол адам баласының терең ойланып, нақты шешім қабылдауына кері әсерін тигізеді екен. Адам көзін небарынша ұзаққа тастап, қараса есте сақтау, ойлау қабілеттері жақсы дамиды екен. Сол себепті көптеп табиғат аясына, тіпті ауылдарға да жиі барып тұрса бұл жағдайлардың алдын алуға болады деп ойлаймын. Қоса айтар болсам, негізі адам әр күніне жоспар құрып, күнтізбе жасаса уақытты тиімді пайдалануға болады. Бір күннің әр сағатына жасайтын жұмыстарын бөліп, соны жүзеге асырса уақытты тиімді пайдалана алады. Өзін, өмірлік серік болар өнерін табу үшін 12-13 жасар бала не істеу керек деп ойлайсыз деген сұраққа келсек, адам баласы дүниеге келгеннен бастап әр адамға Алла өз несібесін беріп қояды. Дүниеге келгеннен кейін әр бала өзінің бойындағы қызығушылығын арттырып әр салада икемі көріне бастайды. Сол кезде ата-ана оны байқап, сәл демеу беріп жіберсе ол адам өмірден өз орнын табады. Адамның бойында бір пайыз ғана өнер болса, 99 пайызы еңбекпен келеді екен. Бастапқыда бәрі қиын көрініп, қорқыныш болуы мүмкін, сол кезде сынбай тек алға қойған мақсатын ойлаған адам бәріне жетеді. Сондықтан, әр салаға басын бір сұқпай бір саланың басын ұстап, соның түбіне дейін жетуі керек деп ойлаймын.

– Өзіңізді, қатарластарыңызды 10 жылдан соң қалай елестетесіз? Елдің ертеңіне нық сенімді болу үшін, қазір жастардың жағдайын қалай жасау керек? Күні ертең ел үмітін ақтар азамат болу үшін бүгін бар мүмкіндік жасалған ба?

– Өз қатарластарымды келешегі үлкен орындардан көретініме нық сенімдімін. Әрқайсысы өз саласын жіті меңгеріп, көптеген жұмыстар жасап жүр. Ортамызда бос жүретіндері жоқ деп ойлаймын. Барлығы дерлік еліңнің ертеңі, өзінің болашағы үшін биік белестерді бағындыру үшін талмай еңбек етуде. Әрине, қазіргі жастар үшін барлық жағдай қарастырылған. Былтыр Жастар жылы деп жарияланып, көптеген ауқымды жоспарлар жүзеге асты. Биылғы Еріктілер жылында жастардың қазіргі болып жатқан табиғи апаттарға көптеп көмегі тиюде. Сондықтан, бірлігімізді жарастырып, бір жұдырықтай жұмылсақ біздің бағындырмайтын асуымыз болмайды. Қазіргі жастарға, яғни үзеңгілес достарыма сенімім мол !

– Сұхбатыңызға рақмет! Өзіңізге толағай шығармашылық табыстар тілейміз!

Гүлнұр БАЙДУЛЛАЕВА.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *