АЙТҚЫШ АППАРАТ

Қоғам
1 165 Views

Жаңалық ашпасақ та ашсақ деп құмартып тұратын әдетіміз бар. Тым болмағанда өзге елдердің жаңалығының атын атап, түсін түстеуге әуеспіз. Осы жаңалықты өзіміз неге ашпаймыз дедім де бір аппарат ойлап табуға кірісіп кеттім. Атауын кейін айта жатармын. Қалай бастадым, міне, соны айтайын.

Күрделі боп көріну үшін «Терминал» ақша салатын, «Банкомат» ақша беретін аппараттардың сымдарын айқыш-ұйқыш жалғап, тетіктерін алмастырдым. Уатсаптың «Аудио» «Видео» бағдарламаларын енгізіп, «Айтқыш аппаратым» (осылай атағаным дұрыс) гуманитарлық-философиялық жүйеден кем болмасын деп Қытай ғұламасы Конфуций мен батыс ойшыларының пәлсәпаларын да қостым. Неге дейсіз бе? Менікі күрделі жүйелерді қосқан сайын аппаратым адам санасы жетпейтін күрделі боп шығар деген ой ғой. Жаңалығым іске асып, сондай бір аппарат ойлап таптым дейсіз, расында Сіздерге қалай айтарымды өзім де білмей отырмын.

Қызығы мынада: қызыл түймешені бассаңыз, тоқтайды, сары түймешені бассаңыз, дайындалады, ал көк түймешені басып, пәмилесін айтсаңыз болды, аппаратым сол адам туралы сайрай жөнеледі. ЦОН бөлек. Бұл басқа! Анау құжат сұрайды. Мынада керек емес. Айтпақшы, аппаратым жалақысы 40 мың теңгеден кем азаматтар туралы мәлімет бермейді. Солай жасаған өзім. Кедей-кепшіктің өмірі кімге қызық дейсіз. Ары кетсе бір сиырымен, тойға алған кредиті туралы зарлай жөнелер. Сол ма қызығы? Ал менің арманым – аппаратым жұртқа бір керемет көңіл-күй сыйласа екен деймін.

– Тілеген Сәрсенбаев! Көк түймені баса қойдым.

Тамаша деген осы шығар. Пақырыңыз қалай, кімдер арқылы көтерілді? Жүзі, руы, қай жерлік екеніне дейін шыға келді. Ру мен жүз дегенге мән бергіш жұртпыз ғой. Тап, осы арасын жаттап алдым.

– Қаппар Жаппаров!

Жаңалығыма сенімді болу үшін және бір лауазым иесінің пәмилесін атай қойып едім: сенесіз бе, аппаратым әлгінің дүние-мүлкі, ақшасы қанша, шетелге қашу жоспарында бар ма, жоқ па, әлде қызметінде тағы біраз қала тура ма, біз «комментарий» деп жүрміз ғой, соның бәрін толық айтып берді. Оның миы адам санасынан асып кетуіне философиялық тұжырымдар мен данышпандардың сөзін енгізуім себеп болған-тын.

Сіздерді зеріктіріп қайтейін. Қай саланы бассаңыз, сол салаға жауап ала қоясыз. Аппаратыма әлеумет, жастар, қазіргі айтыс-тартысқа арқау боп жүрген шоулар жайында да бағдарлама енгізгенімін. Өзім «Өнер шеберлері» деген саланы бастым. Ақындар өлең оқып, ары қарай былай екен. Қайсыбір әншілер жасы келгеніне қарамай бөксесін ырбаңдатып ән айтады. Енді бірінің ән айтқанда қиық-қиық көйлегінен денесі сонау жоғары жағына дейін көрініп тұрады, бұл дұрыс емес, – деді.

Иә! Иә! Осылай деді. Аппаратым болмаса әлгі сабаздарға осыны кім айтады? Тағы ести берер ме едім, МАИ біткеннің базар маңына үйір екені белгілі, сиренасын айғайлатып, ысқыртып, ағаштың жаңқасымен ойнағандай тарылдатып пәле болды.

Біз профессорларға бай еліміз. Бір профессор өзін қызықтыратын әншінің пәмилесін айтып түймешені баса қалып еді, әлгі әншінің не ішіп, не жейтіні, қай көйлегі қайсы ілгіште ілулі, тойға қанша долларға барады, кіммен көңіл жарастырып жүр, биыл күзге қарай тұрмысқа шығатынына дейін айтып берді. Бұл ілдебайлап жүрген қалың жұртқа моральдық соққы болып, мәз болды ма, оқымыстының өзі мөлиіп тұрып қалды. «Айтқыш аппаратым» айтты осының бәрін.

Әрине, өзге саладан хабар алып жатқандар да болды. Етегі кең, балағы бірде шалбарға, бірде юбкаға ұқсаған қыз кнопканы басып, сол жақ ілгешекті көтере қалып еді, елдегі бойдақ қыздардың саны, қаншасы қытайға күйеуге тиіп, құдалыққа Кореяға дайындалып жатқан бауырларым туралы да мәлімет ала қойды.

Қуанып отырмын. Аппаратымның қызмет ақысы 50-ақ теңге. Қалалық жолақымыздың өзі 150 теңгеден болып тұрғанда бұл аз ба, көп пе? Әрине аз! Айтайын дегенім, өзіміз жыршылар, термешілер, он алты жасқа дейінгі жасөспірімдер сайысы деп жаңалық таппай жүрген кезде аппаратымды базар, вокзал, жол қиылыстарына қойсақ қой, бюджетімізге ақша түсіп, бұл да бір жаңалық боп қалар еді.

Ералхан ЖЫЛҚЫАЙДАРҰЛЫ.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *