Баршагүл ИСАБЕК: «МҰҒАЛІМ БОЛУҒА БІЛІМДІ ЖАСТАРДЫ ТАРТУЫМЫЗ КЕРЕК»

Білім Сұхбат
1 331 Views

Цифрлық қоғамның, экономика мен білімнің дәуірінде барлық салада тамаша жетістіктерге жете отырып, елімізді өркендетуге нақты қызмет ету баршамыздың ортақ міндет. Осы орайда Оңтүстіктің еңселі білім күмбездерінің бірі, ұстаздар ұстаханасына айналып, талай жылдық тарихымен білім кеңестігінен өз орнын ойып алған, талай-талай тау тұлғаларды тәрбиелеген Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті жайында сөз қозғаймыз. Ол үшін аталмыш білім ордасының оқу және оқу-әдістемелік істері жөніндегі проректоры Баршагүл Қашқынқызы Исабек ханыммен университеттің бүгіні мен өткені, белестері мен түйткілдері, елдегі мұғалім мәртебесі және басқа да өзекті тақырыптар аясында сұхбаттасып қайттық.

Баршагүл Қашқынқызы Исабек 1973 жылы 28-мамырда Оңтүстік Қазақстан облысы, Ордабасы ауданы (бұрынғы Шымкент облысы, Бөген ауданы) Қараспан совхозында дүниеге келген. 1990 жылы Жамбыл орта мектебін медальмен бітірген. Осы жылы Қ.А.Йассауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Шымкент бөлімшесінің Тарих мамандығына оқуға түсіп, аталған университетті 1995 жылы Тарихшы, тәрбие жұмысының методисі мамандығы бойынша үздік дипломмен аяқтаған.

Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің және Шымкент қаласының әкімдігі жанындағы Елбасының Жолдауын насихаттау жөніндегі лекторлар тобының белсенді мүшесі болып, ОҚО Ішкі саясат басқармасы ұйымдастырған байқауда 2005 жылы «Ең үздік лектор», 2014 жылдың қорытындысы бойынша «Ең үздік насихатшы» номинациясын жеңіп, дипломмен марапатталған.

100-ден аса ғылыми мақала, 1 монография, 6 оқу құралы, 6 авторлық оқу бағдарлама, 12 оқу-әдістемелік құрал жариялаған. Бірнеше Халықаралық, республикалық ғылыми конференцияларда баяндамалар жасап, Стамбул, Измир, Мәскеу, Цукуба (Жапония), Ташкент, Астана, Алматы қалаларында білімін жетілдірген, біліктілікті арттыру курстарынан өткен маман.

Баршагүл Исабектің жетекшілігімен бірнеше магистрлік диссертациялар және дипломдық жұмыстар қорғалды. Шәкірттері Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі ұйымдастырған республикалық олимпиадалардың, ғылыми жұмыстардың, «Болашақ» стипендиясының жүлдегерлері болды. Өзінің тікелей жетекшілігімен бірнеше республикалық, Халықаралық деңгейдегі ғылыми-теориялық, ғылыми-тәжірибелік конференциялар және республикалық олимпиадалар өткізілді. Бүгінде жолдасымен 2 қыз, 1 ұл тәрбиелеп отыр.

– Университеттің бүгінгі белестері мен тарихы жайлы не айтасыз. Оңтүстіктің жетекші білім ордасының бүгінгі тынысы қандай?

– Университет тарихы 1937 жылдан басталады. Сол жылдың 19 наурызында Қазақ КСР Халық Комиссарлар Кеңесінің қаулысымен Шымкентте Мұғалімдер институты болып ашылған білім ордасы 1954 жылы КСРО Министрлер кеңесінің өкімімен педагогикалық институты болып қайта құрылды. 1987 жылы институттың 50 жылдық мерейтойына орай оқу орнына М.Әуезов есімі берілді. Сол жылдары институт ұжымы жоғары білім беруде шыңға шығып, Одақ көлемінде белгілі білім ордасына айналды. 1975 жылы КСРО оқу министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталды. 1977 жылы Қазан төңкерісінің 60 жылдығына арналған социалистік жарыста Қазақстандағы педагогикалық институттар арасында бірінші орын алды. 1985 жылдың қорытындысы бойынша мұғалім кадрларын дайындаудағы жетістіктері үшін КСРО Оқу министрлігінің Ауыспалы Қызыл Туын жеңіп алды. 1988 жылы Кеңестер Одағындағы 220 педагогикалық институттың арасында өткен социалистік жарыста ІІІ орынды иеленді. 1993 жылы ҚР Үкіметінің қаулысымен Түркістан қаласында жаңадан ашылған Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті профессор-оқытушыларының ғылыми әлеуетін көтеру мақсатында М.Әуезов атындағы Шымкент педагогика институты сол оқу орнының құрамына қосылды. 1995 жылдың 9 наурызында институт өз атынан айырылып, Қ.Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Шымкент бөлімі, 2003 жылдың 7 наурызында ХҚТУ-дың Шымкент филиалы, 4 қыркүйекте ХҚТУ-дың Шымкент институты болып 2011 жылдың 28 маусымына дейін жұмыс істеді. ҚР Үкіметінің 2011 жылғы 28 маусымдағы №722 қаулысымен Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институты болып қайта ашылды. 2017 жылдың 17 қарашасында ҚР Үкіметінің №753 Қаулысымен Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтына университет мәртебесі берілді. 2018 жылдың 16 қазанында Үкіметтің №649 Қаулысымен «Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғам болды. 2019 жылдың 12 сәуір күні Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданының Әділет басқармасында заңды түрде мемлекеттік тіркеуден өтті.

Университеттің қайта өркендеу кезеңі 2011 жылдан басталады. Университеттің материалдық-техникалық базасы толығымен жаңарып, жоғары дәрежеде өсті. Бәсекелестікке ие еліміздегі жетекші педагогикалық жоғары оқу орнына айналды. Ұлыбританияның Оксфорд университеті «Аймақтар арасындағы ең үздік жоғары оқу орны» деп таныды. Халықаралық аккредиттеу ұйымынан институционалды және мамандандырылған аккредиттеуден өтті.

Студенттердің білім алуын қамтамасыз ететін 3 оқу корпусы мен 5 студенттер үйінің материалдық-техникалық базасы толық заманға сай жабдықталған. Ғаламтор қолжетімді. Оқу корпустарында арнайы демалыс бұрыштары бар. Мамандандырылған зертханалар мен лингофонды кабинеттер, ағаш, темір, тігін, қол өнер шеберханалары, арт-терапия кабинеттер, баспахана, кітапхана мен оқу залдары студенттерге тәулік бойы қызмет етуде. «Назарбаев», «Рухани жаңғыру», «100 жаңа оқулық» орталықтарында, «Рухани жаңғыру» алаңында, алты ақысыз «IT-SYNYP», «Нұр шаңырақ» студенттер театры мен «Көркем әдебиет» орталығында, «Ұлттық мұра» студенттер мұражайында, түрлі үйірмелер мен клубтарда студенттердің бос уақытын тиімді пайдалануға барлық мүмкіндіктер жасалған.

Университетте физика, информатика, химия, биология мамандықтарында оқитын студенттер үштілде және таза ағылшын тілінде білім алады.Студенттер Венгрия, Польша, Германия, Латвия, Болгария, Ұлыбритания, тағы басқа шетелдік және отандық жетекші жоғары оқу орындарында академиялық ұтқырлық бағдарламасымен білімін ұштауда. Елуге жуық шетелдік профессорлар университетке келіп дәріс оқыды. Түлектерін жыл сайын 100% жұмысқа орналастыратын университет студенттері Халықаралық, Республикалық, облыстық, қалалық байқаулардың жеңімпаздары.

«100 жаңа оқулық» бағдарламасы аясында аударылған 47 аталым бойынша кітапхана қоры бес мыңға жуық кітаппен толықты.Университетте халықаралық ынтымақтастық нәтижесінде бірлескен білім беру бағдарламалары енгізілген. Жүзге жуық Халықаралық, республикалық ғылыми-әдістемелік конференциялар мен симпозиумдар өткізіліп, шетелдерден екі жүзге жуық ғалымдар мен ұстаздар келді. Республикалық пәндік олимпиадалар мен «Ғылым шарайнасы» байқауында студенттер үнемі жүлделі орынға ие. Қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде үш ай сайын «ОҚМПУ Хабаршысы – Вестник ЮКГПУ» ғылыми журналы жарыққа шығады. 1966 жылы құрылған археологиялық студенттер жасағы тапқан ірілі-ұсақты жәдігерлерден тұратын арнайы «Ұлы дала өркениеті б.з.д.100 мың жыл – б.з. ХІІ ғ» археологиялық көрме залы тарихтан сыр шертеді. «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» Үндеуінде, «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауында айтылғандай, студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету тапсырмасын да республика бойынша бірінші болып ОҚМПУ жүзеге асырды: 2019 жылдың 6 сәуірінде 4 қабатты, 350 орындық жаңа «Студенттер үйі» пайдалануға берілді. 2019 жылдың желтоқсан айында және 240 орындық «Студенттер үйі» пайдалануға беріледі. Студент – біз үшін ең құрметті тұлға. Ұжымның тынымсыз еңбегінің нәтижесінде 2017 жылы 10 бакалавр мамандығы мен магистратура, докторантураға лицензия алдық және университет мәртебесін иелендік. Қазіргі таңда 34 бакалавр, 22 магистратура, 11 докторантура білім беру бағдарламалары бойынша маман даярлаудамыз.

«Казахстанская Правда» газетінде 15.05.2020 ж. АРТА (НААР) тәуелсіз агенттігінің “Жоғары оқу орындарының ұлттық рейтингі-2020” нәтижесі жарияланды.

“Жоғары оқу орындарының ұлттық рейтингі -2020” рейтингісіне еліміздің 89 жоғары оқу орны қатысты. Білім беру бағдарламалары сараланып, бірнеше бағыттар бойынша үздіктер анықталды.

“Жоғары оқу орындарының ұлттық рейтингі -2020” нәтижесінде Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті «Топ-20» ҚР жетекші жоғары оқу орындарының арасында 10 орынға, педагогикалық бағытта мамандар даярлайтын ҚР жоғары оқу орындарының арасында 4 орынға ие болды, яғни алғашқы бестіктен көрінді. Бұл нәтиже – ұжымның қажырлы еңбегі мен үздіксіз ізденімпаздығының жемісі!

ҚР жоғары оқу орындарының бас рейтингі «Топ 20» білім беру бағдарламаларының барлық бағыттары мен деңгейлері (бакалавриат, магистратура және докторантура) бойынша жиналған жиынтық балл бойынша анықталды.

“Жоғары оқу орындарының ұлттық рейтингі -2020” рейтингісіне ОҚМПУ-дан 61 білім беру бағдарламасы қатысты: бакалавр бойынша -33, магистратура бойынша -18, докторантура бойынша- 10.

Педагогикалық бағытта ҚР жоғары оқу орындарының арасында жүлделі орындарға ие болып, төмендегі білім беру бағдарламалары алғашқы үштіктен көрінді және сертификатқа ие болды:

Бакалавр бойынша:

1. 6В01405 Құқық және экономика негіздері мұғалімін даярлау – 1-орын (2018-2019 оқу жылында 1 орын);

2. 6В018 Әлеуметік педагогика және өзін-өзі тану маманын даярлау – 2-орын (2018-2019 оқу жылында 4 орын).

3. 6В01403 Музыка мұғалімін даярлау– 2-орын (2018-2019 оқу жылында 3 орын);

4. 6B011 Педагогика және психология – 2-орын (2018-2019 оқу жылында 4 орын);

5. 6В01404 Көркем еңбек және сызу мұғалімін даярлау – 3-орын (2018-2019 оқу жылында 1 орын);

6. 6В01501 Математика мұғалімін даярлау – 3-орын (2018-2019 оқу жылында 6 орын);

7. 6В01601 Тарих мұғалімін даярлау – 3-орын (2018-2019 оқу жылында 5 орын);

8. 6В01602 Тарих-Дінтану мұғалімін даярлау — 3-орын (2018-2019 оқу жылында 1 орын);

Магистратура бойынша:

1. 7М01406 Кәсіптік оқыту педагогін даярлау – 1-орын;

2. 7М01504 Химия педагогін даярлау– 2-орын.

Докторантура бойынша:

1. 8D01504 Химия педагогін даярлау – 1-орын;

2. 8D01406 Кәсіптік оқыту педагогін даярлау – 2-орын (2018-2019 оқу жылында 2 орын);

3. 8D01502 Физика педагогін даярлау – 2-орын (2018-2019 оқу жылында 2 орын);

4. 8D01601 Тарих педагогін даярлау – 2-орын (2018-2019 оқу жылында 1 орын);

5. 8D01702 Орыс тілі мен әдебиеті педагогін даярлау– 2-орын (2018-2019 оқу жылында 2 орын);

6. 8D01503 Информатика педагогін даярлау – 3-орын;

7. 8D01501 Математика педагогін даярлау– 3-орын, (2018-2019 оқу жылында 2 орын);

2011 жылы рейтингте 17 орында тұрған екенбіз. 4-орынға ие болу – үлкен жетістік. Бүгін бізде 344 оқытушы-профессор жұмыс істесе соның 52 пайызының ғылыми атағы бар. Білім және ғылым министрлігінің қойып отырған талабы 45 пайыз. Біздің оқу орында докторантураның ашылғанына биыл екінші жыл. Болашақта бұл бағытта да ғылыми дәреже алатын түлектер саны артып, көрсеткіш 60-70 пайызға көтереміз деген ниетіміз бар.

75 жылдықтың тұсында түлектерімізді саралаған кезімізде біздің оқу орнымызды 60 мыңға жуық түлек бітіргенін анықтадық. Білім ордасының түлектері «Республикаға еңбек сіңірген мұғалім», «КСРО халық ағарту ісінің үздігі», «Білім беру ісінің құрметті қызметкері», «Ғылымға сіңірген еңбегі үшін», «Ыбырай Алтынсарин атындағы төсбелгі», «Қазақ КСР халық ағарту ісінің үздігі» деген құрметті атақтардың иегерлері. Түлектеріміздің Қазақстан Республикасының аймақтарында ғана емес, сонымен қатар таяу және алыс шетелдерде жоғары біліктілік пен жауапкершілік, білімдарлық танытып, қызмет атқарып жүргені – үлкен мақтаныш. Соның ішінде бірнеше ғылым докторы мен кандидаттары да бар. Атап айтар болсақ, Филология ғылымының докторы, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Әбдісаттар Дербісәлі, Тарих ғылымының докторы, ҚР ҰҒА академигі Мәлікайдар Хантемірұлы Асылбеков,белгілі ақындар Мұхтар Шаханов, Ханбибі Есенқарақызы, Исраил Сапарбай, Маржан Есжанова, Анар Жаппарқұлова. Сонымен қатар Түркістан облысындағы мектеп директорының 70 пайызы біздің университеттің түлектері екен. Мұның бәрі біздің оқу орны тек сапалы білім беріп қоймай, оларды білікті басшы болуға менеджер болуға үйрете отырып жақсы өмірге жақсы жолдама береді деп ойлаймыз. Сондықтан біз ОҚМПУ ұжымы әрқашанда осы оңтүстіктің мектептерін сапалы мамандармен қамтамасыз етіп, бәсекеге қабілетті, білікті, білімді маман даярлауға ерік жігеріміз бен күшімізді салатынымызды нық сеніммен айта аламын.

Мұның бәрі ұжымның кадрлық потенциалының мықтылығы және ғылыми, материалдық-техникалық базамыздың гүлденіп, жетістікке жетуі деп ойлаймыз. Қазіргі кезеңде әсіресе физика, химия, биология бағытында лабораторияларды көбірек жабдықтауға және үш тілді біліммен қамтамасыз етуге көп күш жұмсап жатырмыз. Осы химия, биология, физика бағытында оқуды аяқтаған түлектеріміз жүз пайыз жұмыспен қамтылуда. Жалпы көбі Назарбаев зияткерлік мектептерінде мұғалім болып жұмыс істеуде. Әрине бұл дәрежеге жетуде өте көп жұмыстар жасалды. Бірақ біз мұнымен марқайып, тоқтап қалмаймыз. Әлі де орасан жұмыстар жасаймыз деп жоспарлаудамыз.

– Елдегі Төтенше жағдайға байланысты қашықтықтан оқытуға көшу қиын болды ма? Пандемия уақытындағы жауапты шаралардың бірі биылғы ҰБТ-ны қалай өткіздіңіздер?

– Төтенше жағдай жариялануына байланысты көптеген колледждер мен мектептер абдырап қалғанын білеміз. Дегенмен жоғары оқу орындары үшін бұл бағытта жұмыс істеу қиын болмады. Өйткені бізде тәжрибе бар. Осы уақытқа дейін колледжден кейінгі, жоғары оқу орнынан кейінгі қысқартылған, жеделдетілген оқу бағдарламаларын қашықтықтан оқыту бойынша оқытып келеміз. Университетте карантин кезінде «Univer 2.0» ақпараттық білім беру порталы белсенді түрде қолданылды және бүкіл білім беру жүйесін орталықтандыруды қамтамасыздандырды. Яғни қашықтықтан білім алу үшін бұл порталда әрбір студент пен оқытушының жеке веб-парағы арқылы жұмыс жүргізу мүмкіндігі болды. Сонымен қатар «Univer 2.0» порталында көктемгі семестрдің барлық пәндеріне арналған келесі оқу құралдарын ұсынылды: оқу жоспарлары, практикалық және семинар сабақтарына арналған үй тапсырмалары, өзіндік жұмыстарға арналған тапсырмалар, дәрістер конспектілері және т.б.

«Univer 2.0» білім беру порталында жоғарыда аталған оқу-әдістемелік ақпараттан басқа, ұйымдастырушылық және әкімшілік ақпарат беттері, хабарландырулар, тест тапсырмалары, сонымен қатар сабақтың барлық түрлерін тікелей эфирде көрсетуге және тақырып бойынша өзекті мәселелерді талқылауға мүмкіндік беретін Zoom, WEBEX платформалары, WhatsApp, Youtube, mail.ru, google.com қосымша қолданылды.

Сондықтан бұл ағымға ілесу біз үшін жеңіл болды. Айта берсек, барлық нәрсенің бір жақсы жағы бар екенін аңғарамыз. Яғни қашықтықтан оқыту бағдарламасының арқасында біздің мұғалімдердің де цифрлық сауаттылығы артып, студенттерге білім берудің оңтайлы жолын ұсынды. Дегенмен студенттер өздерінің сағыныштарын жасырмайды. Қашықтықтан білім алудың жақсы жақтары болғанымен, мұғалімнің өзінен аудиторияда отырып тыңдаған дәріске ештеңе жетпейді екен деп хат жазады. Біз өз кезегімізде оларға шыдаммен, түсіністікпен қарауға шақырамыз. Себебі бұл дерт елімізбен қатар бүкіл әлемді сергелдеңге салып отырғанын түсініп, онымен күресуде әрбір азаматтың жауапкершілігіне шақырамыз.

ҰБТ туралы айтар болсақ, ҚР БжҒМ ҰБТ-ның талапқа сай өтілуіне ерекше көңіл бөлді. Әр студенттің маска, қолғап киіп, мекеменің толықтай санитарлық-медициналық талаптарды сақтай отырып, бір күнде 400 баладан ҰБТ тапсыруына мүмкіндік жасалды. Осыған орай, мемлекеттік комиссия құрылды. Оның төрайымы тікелей ОҚМПУ-дың ректор міндетін атқарушы Сүгірбаева Гүлжан Дәулетбекқызы өнімді еңбек етті. Бүкіл жұмыс ғылым және білім министрлігінің тікелей қолдауымен, басшылығымен жасалды. Осы орайда тестілеу биылғы жылы өте объективті өткенін ерекше қадап айту керек. Гаджеттердің кіргізілмеуі қатты бақыланды. Назарбаев университетінің бір шәкірті тестілеу кезінде бақылайтын бағдарлама дайындаған. Осы арқылы қадағалау өте оңтайлы болды. ҚР Білім және ғылым министірлігі мен Ұлттық тестілеу орталығы нәтижелі жұмыс жасады.

– Бүгінгі мұғалім мәртебесі туралы не айтасыз?

– 2019 жылы Президент жолдауында айтылғандай «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданды. Қазір педагогтардың мәртебесін көтеру, педагогикалық жоғары оқу орындарының сапасын арттыру бағытында жұмыстар жасалып жатыр. 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама қабылданып, бұл бағытта да біздің оқу орнымыз стратегиялық жоспарын бекітіп, алға дамуды көздеп отыр.

«Мұғалім қандай болса, мектеп hәм сондай ақ болмақшы. Солай болған соң, ең әуелі мектепке керегі – білімді, педагогика-методикадан хабардар, жақсы оқыта білетін мұғалім». Ғасыр бұрын айтылған ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың бұл сөзі бүгін де өзекті. ХХI ғасыр – білімділер ғасыры. Білім сапасын арттыру, оқушылардың дарындылығын айқындап, біліміне, ойлау қабілетіне сай деңгейлеп оқыту, ғылыми ізденіс қабілеттерін қалыптастыру – әрбір мұғалімнің міндеті. Себебі, ұстаз жеке көзқарасы бар және соны қорғай білетін, педагогикалық ойлау қабілеті ғылыми түрде қалыптасқан, өз бетінше оқып, үйренуге, оқушыны баулуға қабілетті, шығармашылықпен жұмыс істей алатын, өз пәнін жетік меңгерген, кез-келген педагогикалық жағдайдан парасаттылығымен, шеберлігімен шыға алатын, педагогикалық үрдістің нәтижесін жақсартуға ұмтылатын ерекше мамандық иесі. Мұғалім миссиясы ең алдымен шәкіртті адам, тұлға ретінде қалыптастыру.

Биылғы ерекшелік – педагогикалық оқу орындарына тестілеуден тек 70 баллдан жоғары балл жинаған талапкерлер қатыса алады. Ал, былтыр 60-қа көтерген еді. Оған дейін 50 балл болатын. Есесіне педагогикалық бағыттағы студенттердің стипендиясы 22 мыңнан 42 мың теңгеге жоғарылады. Мұның себебі мұғалім ұлтты тәрбиелейтін ұстаз болғандықтан оның талаптары да жоғары болуы керек. Біз мұғалім болуға жақсы оқыған, алтын белгіге бітірген, білімді балаларды тартуымыз керек.

Мысалы 2015 жылы Жапонияға барғанымда байқағаным, ол ел үшін ең мәртебелі мамандық – ұстаздық екенін аңғардық. Біз «Цукуба» университетінде 2 апта бойы тарих бойынша білімімізді арттырып, Жапонияның педагогикалық-методикалық үлгісін үйрендік. Сол кезде Такезона мектебіне экскурсияға бардық. Оларда оқу жылы 1 сәіурден басталады екен. Сабақ сағат таңғы сегізден төртке дейін жалғасады. Осы аралықта үзілістері бар, бітіретін тірліктері бар, сабақты да оқып барлығына үлгереді екен. Өздеріне тамақ жасайды, гүлдерін суарады, тіпті кабинет тазалығына оқушылар өздері жауапты. Мен сол кезде мектеп директорынан Сіздерде екінші ауысымдағы сабақ қашан басталады деп сұрадым. Сөйтсем Директор маған күліп «Ол не?» дейді. Әріптестеріме сіздер үшінші ауысым жайлы тіс жармаңыздар деп жай ғана айттым (күлді). Өкінішке қарай біздің мектептерде бала санының көп болуы күрделі мәселе болып отыр. Кейбір мектептерде бір сыныпта тіпті 40 балаға дейін отырады. Әрине мұндай жағдай баланың білім сапасына да өз әсерін тигізері сөзсіз. Тағы бір ерекшелігі Жапонияда ұстаздың жалақысы өте жоғары екен. Біз ол туралы сұрағанда алдымен әр ұстаздың өз біліктілік деңгейіне байланысты деді. Яғни барлығына ортақ келетін цифрды атамады. Біз онда жұмысқа жаңадан кірген маманның шамамен жалақысын айтыңызшы дедік. Сол уақытта ол біздің теңгеге шаққанда 400 000 теңгеге тең келетін соманы атаған болатын. Бұл ұстаз мәртебесі күншығыс елінде жоғары екенін көрсетеді. Сол сияқты біздің елде де осы мәселе дұрыс жолға қойылып, білім берушінің мәртебесі артып келе жатқаны сөзсіз. Осы орайда бір мысал айта кетейін, ғылыми биологиядан педагогикалық биологияға ауысқан студентіміз болды. Оған ғылыми биология бойынша грант ұсынғанның өзінде ол мұғалімдік мамандықты таңдаймын деген шешім қабылдады. Себебін сұрағанда ол студент: «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданды. Демек, болашақта ұстаз болу ең маңызды мамандық ретінде тағы да беделі артады. Мен өз жолымды осымен байланыстырғым келеді», – дейді. Бір жағынан білім алушыларымыздың осындай терең ойланатынына тәнті боламыз. Ол бала тек бүгінін емес, болашағын да ойлап отыр деген сөз ғой. Мұнымен айтқым келгені, «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылдана салысымен бұл мамандықтың мәртебесі бұрынғыдан да артып келе жатқандығы. Осыған қоса колледжден кейін немесе жоғары оқу орнынан соң екінші мамандықты игергісі келгендер де ұстаздықты таңдайды. Неге деп сұрасаң? Бұл мамандықтың жақсылықтарын тілге тиек етеді. Мұғалім адам қашанда білімін арттыруға тырысады, сол білімімен бөліседі, жалақысы тұрақты және педагогтардың жыл сайын еңбекақысының артып келе жатқандығын айтады.

– Бәрімізге белгілі – ОҚМПУ-да көпбалалы және аз қамтылған отбасыдан шыққан талапкерлерге грант иеленуге көбірек мүмкіндік бар, осы орайда грант бөлу мәселесіне тоқталып өтсеңіз?

– Бізге ҚР БжҒМ қолдауымен республикалық бюджеттен грант бөлініп отырады. Ал былтырдан бері жергілікті бюджеттен, яғни Түркістан облысы мен Шымкент қаласының әкімдігінен аз қамтылған және көп балалы отбасыдан шыққан студенттер үшін арнайы грант бөлініп келеді. Бұл да мемлекетіміздің қамқорлығы деп білуіміз керек. Осы бағыт бойынша былтыр 232 отбасыдан шыққан талапкер Түркістан облысының грантын жеңіп алды. Ал 98 талапкер Шымкент қаласының грантын иеленді. Ал былтырғы жылы ОҚМПУ-ға жалпы 740 грант иегері оқуға түсті. Қарап отырсақ соның 50 пайызы жергілікті бюджеттен беріліп отыр. Ал бұл деген сөз түлектер болашақта Түркістан облысы мен Шымкент қаласының мектептерінде білікті маман болып қызмет ететін болады. Қазіргі бір мәселе орыс тілінде білім беретін мұғалім жетіспеуі. Осыған дейін жасаған талдауымыздың нәтижесінде Шымкент қаласы бойынша бастауыш сыныптардың өзіне 132 маман жетіспейді екен. Сонда Ж. Тажиева біздің түлектердің сапалығына сенетінін айтып, осы орынды толтыру үшін мамандар қажеттігін айтты. Бірақ қазіргі таңда біздің түлектер толыққанды жұмыспен қамтылуда. Дегенмен егер сұраныс беріп, арнайы гранттар бөлетін болса, біз ол мамандарды дайындап беруге қарсы емес екенімізді жеткіздік.

– Сұхбатыңызға рақмет!

Гүлнұр БАЙДУЛЛАЕВА.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *