САПАРБАЕВ САБАҚТАРЫ (Тек, таным, тағылым)

Тұлға
11 Views

Мейірбан, дос-туысқа кең жүрегі,

Еңбегін ұшан теңіз ел біледі.

Өшпестей өнегелі із қалдырды,

Қазақтың қайсар мінез Бердібегі!

(Мирас Асан)

 

Әлеуетті әкім

Бір кезде білікті басшы Бердібек Сапарбаевтың қарамағында қызмет істейміз деп ойламаппыз. Шынында да, бұйырайын десе, реті келе қалатын көрінеді ғой. Ауылдан аттанып, ару Алматыда оқыдық. Оқу бітірген соң жастар басылымында он жылға жуық тер төгіп, оқу орнына ауыстық. Бір күні өзіміз туып-өскен Сыр өңіріндегі университеттің проректоры қызметіне шақырылдық. Бұдан бір жылдай бұрын Бердібек Сапарбаев Қызылорда облысының әкімі болып тағайындалған-ды…

Бердібек ағаны бұрын білім саласының қарымды қайраткері ретінде білетін едік. Үкімет аппаратында қызмет атқарғанынан да хабарымыз бар-ды. Бірақ жақын араласа қойғанымыз жоқ. Ал Қызылордаға келген соң түрлі жиындарда жиі көріп тұрдық. Оның біздің университетімізге деген ықылас-пейілі бөлек еді. Сыр бойында қызмет істеген жылдарында ол білім саласына барынша көңіл бөлді. Әкімдік мұрындық болған кейбір іс-шараларды көбіне осы оқу орнында өткізетін.

Сонымен Сыр бойында жұмыс істеп жүрген кезіміз. Университеттің жап-жас проректорымыз. Алматыдан бірге келген тағы бір проректор Амантай Шәріп менен де жас. Екі шикіөкпеге қолақпандай қызметті сеніп тапсырған ректорымыз Бақберген Досманбетов не деген кең адам десеңізші?! Қызылорда облысының жігерлі әкімі Бердібек Сапарбаев келген бетте-ақ университет басшысына үнемі қолдау көрсетіп, оны барлық шарадан қалдырмайтын еді. Жаңаша ойлауға бейім бұл кісілердің ой-пікірі өте үйлесетін. Ілгеріде елдің білім саласы басшыларының бірі болған Бердібек Мәшбекұлы Бақберген ағамызды көптен білетінге ұқсайды. Әйтеуір Бердібек аға біздің ректорымызды қызғыштай қоритын да жүретін.

Бірде облыс әкімі қатысқан бір жиында қаланың бір тұрғыны қисық сұрақ қойды. Сұрақтың ұзын-ырғасы «Алматыдан университетке екі жас жігіт келіпті деп естиміз, сол тәжірибесіз немелер оқу жүйесін қарқ қылатындай жаңалық енгізе ала ма?», – дегенге саяды. Сөйтіп, Амантай екеуміз бар ынтамызбен іске кірісіп жатсақ та біразға дейін өстіп жер-көкке сыймадық. Шұғыл өзгерістерді онша көңілі қаламайтын ағайын ара-тұра шабуылдың осындай бір түрін ұйымдастырып қоятын еді. Бірақ бізді сол жиында басқа емес, облыс әкімінің өзі қорғап шықты. «Маған жеткен мәліметтерге сүйенсек, ол екеуі жақсы жұмыс істеп жатыр. Сондықтан кедергі келтірмеген дұрыс», – деді Бердібек Мәшбекұлы. Анығында, Сапарбаев бізді қайдан білсін, бұл тек қана Бақберген ағамызға деген құрметінің көрінісі еді. Мұны бірден-ақ ұқтық.

Бердібек Сапарбаев билікке келісімен жоқшылықтан жұтаған Қызылорданы арнайы экономикалық аймаққа айналдыруға барынша күш салды. Алматы мен екі ортаны жол қылып жүріп ақыры мақсатына жетті. Сөйтіп, еліміздің төрт мүйісінде – Ақмола, Лисаковск, Қызылорда, Жәйрем-Атасу арнайы экономикалық аймақтары құрылды. Сол арқылы бұл қалалардың да, осы төңіректегі елді мекендердің де еңселерін көтеруіне жол ашылды. Облыс әкімі жаңа арнайы экономикалық аймаққа экономика ғылымдарының докторын басшы етіп қоюды жөн көрген сияқты. Мәскеу инженерлік-экономикалық институтының қала шаруашылығымен айналысатын мамандар дайындайтын бөлімін бітірген Бақберген Досманбетов сол талапқа толық сай келген деседі.

 

Тегеурінді тұлға

Хош, сөйтіп, жаңа әкімнің қалауымен университеттен қаланың басшылығына ауыстық. Мұның бәрі аймақ басшысы Бердібек Сапарбаевтың келісімен болғаны анық, әрине… Содан мемлекеттік қызметтегі қарбалас күндер басталды. Үй көрмейсің. Шала ұйықтайсың. Зыр жүгіресің. Бердібек ағаны жиындарда көбірек кездестіреміз. Жігерлі. Талапшыл. Әр сөзі тіліп түседі. Енді қырықтан жаңа ғана асқан кезі ғой. Сөйтіп, жүргенде қыс қақап тұрған күндердің бірінде ТЭЦ құлады. Жауап беретін саламыз идеология болса да, бәріміз шұбырып Бекеңнің маңайында жүреміз. Ақыры, Қызылордада ТЭЦ құлаған қыс та өтіп, көктем келді…

Бірақ сол жылу-энергетика орталығының опырылып түсуі қай-қайсымыздың да жүрегімізге де салмақ салды. Бұл туралы өзімізді Сыр бойына қызметке шақырған Бақберген Досманбетов туралы «Қос қолтаңба» атты шағын кітапшамызда жан-жақты жазғанбыз. Сол жазбамыздан үзінді келтіре кетейік:

«Қаладағы жылу беру орталығында аяқ астынан болған апат бәрімізге қиын тиді. Сол күннен бастап облыс әкімі мен қала әкімі осы жерге үй тікті десе де болады. Қабақтары қатыңқы. Оларды жоғары жақтан күн сайын тоқпақтап жатқанын сеземіз. Айқай-ұйқайға толы мазасыз күндер басталды. Құлаған қазандықтың жыры ұзаққа созылды. Сырттан шақырылған мамандардың қатысуымен шұғыл штаб мәжілісі өтеді де жатады. Күн сайын сонда барамыз. Түнімен жүреміз. Өзімізге тікелей қатысты сала болмаса да ортақ іске ниеттес екенімізді аңғартамыз. Өстіп жүргенімізде облыстық әкімшілікте жылу орталығындағы апат мәселесіне байланысты жиын өтеді деген хабар келді. Бұл мәселеге жауапты бірқатар шенеунік жазаланатын көрінеді. Соны естіп, тілеулес жігіттерге іштей аяушылық білдірдік».

Бірақ сол жазаға тартылатындардың бірі өзім екенмін деген ой басыма мүлде келмепті. Идеологияға жауап беретін адамның жылу мәселесіне қандай қатысы бар деп жүрмін ғой. Сөйтсем, маған қарасты мекемелердің жылу беру кезеңіне қаншалықты дайын екендігі тұрғысынан да қарауға болатын көрінеді. Қалалық білім бөлімінің басшысы Мұсахан Басшыбаев жеткізген құжаттарды дамылсыз ақтарып, қарап отырмын. Аталған мекемелердің жылу мерзіміне дайын еместігі байқала қоймайды. Дегенмен, кім біледі… Бір жағынан «Әй, қайдам, Бердібек ағамыз ондайға бара қоймас. Осы уақытқа дейін бауырына тартып келіп еді ғой…» деп іштей үміттеніп қоямыз.

Тағы да «Қос қолтаңбаға» зер салайық: «Ертең жиын болады деген күні қала әкімшілігінің шамы түнімен жанып тұрды. Бәріміз бір кісідей жұмылып, тиісті құжаттарды дайындадық. Кешке жақын қала әкімі аппаратының басшысы Кенжебек Әбдіхалықов мені оңашалап алып шықты. Онсыз да сыбырлап сөйлейтін Кенжекеңнің дауысы бұл жолы тіпті құмығып естілді.

– Өзіңіз ештеңе естіген жоқпыз ба? Мен айтты демеңіз… Сізді ертең қызметіңізден босатқалы жатыр…

– Сіз не айтып тұрсыз өзі? – деп күлдім де, жайбарақат кете беріп едім, Кенжекең тағы да құмыға үн қатып, қолындағы қағаздың әлдебір тұсын саусағымен нұсқап көрсетті.

Не дейді мына кісі? Қағазға үңілсем, ертеңгі жиналыста қабылданатын «Қызылорда қаласының атқарушы органдарының әлеуметтік мәдениет, тұрмыс және тұрғын үй нысандарын 1997-1998 жылғы күзгі және қысқы кезеңге дайындау жөніндегі қызметі туралы» шешімнің жобасы екен. Құжаттың аппарат басшысы көрсеткен жерінде «Қала әкімінің орынбасары С.Наметшаны жолдарды, транспортты және базарларды қысқы жағдайға өз уақтысында дайындауды қамтамасыз етпегені үшін, қала әкімінің орынбасары Б.Омаровты білім беру, мәдениет, денсаулық сақтау мекемелерін жылу бері мерзіміне өз уақтысында дайындауды қамтамасыз етпегені үшін қызметінен босату мәселесі қарастырылсын» деп жазылған екен. Жанашырлық танытып, алдын-ала ескерткені үшін Кенжекеңе рахмет айттым да, әкімге тарттым».

Бақберген ағаммен сол жолы шешіліп сөйлестім. Ол таңертең Бердібек ағаға мән-жайды түсіндіретін болды. Осы уақытқа дейін ешқайсымызды жауға да, дауға да беріп көрмеген Бақберген ағам сол жолы өте сенімді отырды. Ал біздің сол түнгі ұйқымыз шалалау болғаны рас, әрине…

Сонымен, облыс әкімдігінің мәжіліс залында жиынның басталуын күтіп отырмыз. Міне, Бақберген аға да келді. Түрінен аса абыржу байқалмайды. Бердібек ағамен сөйлескен сияқты. Іле-шала маған бір жапырақ қағаз жөнелтті. Ашып қарасам, «Айтып шықтым, формулировкасын көрейін деді» деп жазылыпты. Сонымен қыстың қақаған суығындай ызғарлы жиналыс басталды. Бізді орнымыздан тұрғызды. Алдымен Сержан ағам сөйледі. Күнде қоян-қолтық жұмыс істеп жүргенде оның сөзге мұнша шешен екенін байқамаппын. Мәселені жік-жігімен қойып, өзінің кінәсіз екенін тайға таңба басқандай етіп анық айтып шықты. Осы үлгімен мен де өзімді ақтап алғандай болдым. Бәлкім, өзімізді қорғай білгенімізге ризалық танытты ма, әлде басқалай себеп болды ма, білмеймін, қатал кейіппен жиынды басқарып отырған Бердібек аға сәл езу тартты. Осы жылулық залдың ішіне сәуле түсіргендей әсер етті. Мұны да жақсылыққа жорыдық.

Шынында да солай болды. Әйтеуір қызметімізден босағанымыз жоқ. Бәрібір жазадан құтылмадық. Сол жиыннан бір-бірі сөгіс арқалап шықтық. Бұған да шүкіршілік…».

Бердібек ағамыздың бізді осылай жақсылап бір қайрап әрі ширатып алғаны бар. Кейіннен ардақты ағамен талай рет жақынырақ сұхбаттастық. Бірақ бұл мәселеге оралып соққанымыз жоқ. Оған оралудың қажеті де жоқ еді. Асыл ағаның өзіме деген ықылас-пейілінің дұрыс екеніне баяғыда-ақ көзім жеткен-ді.

 

Ардақты азамат

Сол жылдарда Қызылордадағы басшылар тікелей сөйлесетін, номері төрт цифрдан тұратын телефон бар еді. Осы төрт таңбалы аппарат шыр еткенде тұтқаны көз ілеспес жылдамдықпен жұлып аласың. Өйткені ешкім бұл телефонмен жайдан-жай хабарласпайды. Бірде мазасыз қондырғы тағы да безілдеп қоя берді. Көтердім. Өктем дауыс. Сәлемдесіп үлгермедім. «Бұл Сапарбаев қой!». Демім шықпай қалды. Іле-шала жүрегім атқақтай жөнелді. Ғасырға бергісіз паузадан соң әлгі кісі тағы да тіл қатты. «Олжабай», – деді сосын ақыры ғана. Уһ! Жүрегім орнына түсті. Олжабай Сапарбаев. Облыстық кәсіптік білім комитетінің төрағасы. Қалжыңы емес, бар болмысы. Бірақ оның осы бір қоңырауы есеңгіретіп жібергенін қалай ұмытайық.

Кейін Бердібек ағамен Астанада жолымыз тағы да түйісті. Жиырма бірінші ғасырдың басында мен әуелі Мәдениет министрлігінің Тілдерді дамыту департаментінің директоры, содан соң Тіл комитетінің төрағасы болып қызмет істедім. Сол Тіл комитеті Бейбітшілік көшесіндегі Сыртқы істер министрлігінің ғимаратында орналасқан-ды. Жылға жуық сымдай тартылған сырбаз дипломаттармен тізе қосып, қатар қызмет істедік. Бір жылдан соң Сыртқы саясат ведомствосы қаланың сол жағалауындағы жаңа ғимаратқа көшіп кетті де оның орнына Қаржы министрлігінің Кедендік бақылау комитеті келіп қоныстанды. Сол Қаржы министрінің орынбасары әрі аталған комитеттің төрағасы Бердібек Сапарбаев еді. Бір ғимаратта екі-ақ комитет. Бірақ ол басқаратын Кеден комитеті министрліктің бар қабатын жайлап жатыр да, мен жетекшілік ететін Тіл комитеті оншақты бөлмеге еркін сыйып кетеді. Яғни, екеуін салыстыруға да келмейді. Бір кездегі менің жалы күдірейген жас әкімім – бұл тұста елуді еңсерген жігіт ағасы. Көбіне-көп ағама сәлем беру үшін өзім іздеп барамын. Ағамыз қамкөңіл… Бір перзентінен қапылыста көз жазып қалып, басына қиындық түскен кезі. Сол қайғыны бір сәт серпілткісі келгендей, кешке дейін өзін-өзі жұмысқа жегеді. Қолы қалт еткенде біраз әңгімелесеміз.

Сыр бойында қатар қызмет істегенімізде және елордадағы жұмыс орнымыз көрші болған жылдарда аяулы ағамыздың тәжірибесін үйрендік. Ақыл-кеңесін тыңдадық. Мектебінде шыңдалдық. Шаңырағынан дәм таттық. Сондықтан Бердібек ағаның бір кездегі сарбазы әрі биліктегі жастық шағының куәсі ретінде үнемі тілеулес болдық. Баяғыда бір әріптесім бір басылымға «Бердібектен басқасына бәрібір» деген мақала жазды. Шынында да, ол өзіне сеніп тапсырылған міндетке ешқашан селқос қараған емес.

Ол халықтық үлгідегі басшы болды. Барған жеріне береке ұялады. Басқарған өңірінде беделі аспандап тұрды. Істің көзін білді. Жоқтан бар құрай алды. Жұрттың тілін тапты. Небір қыңыр-қырсықтарды жөнге салып, ортақ шаруаға жекті. Ел басқару өнерін қапысыз игерді. Бұл салада өз мектебін қалыптастырды. Бердібек Сапарбаевтың шекпенінен шыққан шенеуніктер ұстаздың ұлағатты үрдісін абыроймен жалғастырып келеді. Қазақстанның қай аймағы да оны орынды мақтан тұтады. Көзі тірісінде оны бүкіл ұлт ұлықтады, өмірден өткенде барлық жұрт жоқтады.

Ұлы Абайдың «Елден бір асқан ерек-ті», «Туысы жаннан бөлек-ті», «Кірлетпей кетті жүректі…» деген таңғажайып тіркестері кейде Бердібек ағамыз сияқты арда азаматтарға да арналған сияқты көрінеді. Қай кезде де ұлттың сөзін айтты. Жұрттың жоғын іздеді. Жас мемлекеттің шаңырағын тіктеп, керегесін кеңейтуге жанын салып, аянбай атсалысты. Тұлға дәрежесіне көтерілді. Халықтың ұғымында жақсы адам боп қалды. Бас әріппен жазылатын Жақсы адам… Сондықтан тағы да Абай айтқандай, «Тағдырға тәбділ бола ма, Сабырлық қылсақ керек-ті…»

 

Мемлекетшіл менеджер

Былтыр көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Бердібек Сапарбаев туралы жаңа кітап жарық көрді. Осы жинақтың тұсаукесер рәсімі Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының қабырғасында өтті. Мұның символдық мәні бар. Қалай десеңіз де, бұл – үйлесімді үрдіс, жарасымды жаңалық. Себебі, баршаға танымал Бердібек аға мемлекеттік қызметшінің үздік үлгісіндей еді. Ол бүкіл болмыс-бітімімен мәртебелі мемлекеттік менеджер болды.

Жалпы, мемлекеттік қызметші дегенде ойымызға не нәрсе келеді өзі? Алдымен Президентімізге жүгінейік. «Мемлекеттік қызметшілер сөзі мен ісі үйлесетін, тиянақты, тәртіпті әрі арлы адам болуы шарт», – дейді Мемлекет басшысы. Сонымен қатар, «Ел бірлігін нығайту үшін қызмет ету – жауапты әрі сауапты іс», – деп тұжырымдайды. Сондай-ақ «Мемлекеттік қызмет – жеке бастың бақ-дәулетін арттыратын орын емес», – деп ескертеді. Міне, осы қастерлі қағиданың бәрі де мемлекеттік қызметтің барлық буынынан өткен, кеше ғана арамыздан алыстаған Бердібек Сапарбаевтың тек-табиғатына толық сай келетін еді. Сөзі мен ісі үйлесті. Жауапты әрі сауапты міндет атқарды. Бақ-дәулетке қызыға қоймады.

Жалпы, Бекеңнің бойында нағыз мемлекеттік қызметшіге лайық бірнеше қасиет болды. Енді соны санамалап көрейік.

Біріншіден, оның жеке басы өте өнегелі еді. Бүкіл бастаманы алдымен жүрегінен өткізетін. Іс тетігін табудың жолын өзі көрсететін. Мемлекеттік қызметтегі ұл-қыз соған қарап бой түзейтін. Бердібек Сапарбаевтың тек-тұлғасын өрісті өнегенің өлшемі деуге болар.

Екіншіден, ол жастарды жұмысқа тартты. Өзі жас кезінде де сөйтетін. Небәрі қырық екі жасында Қызылорда облысының әкімі боп тағайындалды. Келді де университеттің ректоры Бақберген Досманбетовті қаланың әкімдігіне бекітті. Оның проректоры боп жүрген біз де ректорымызға ілесіп, мемлекеттік қызметке келдік. Сөйтіп, Бердібек Сапарбаевтың берекелі командасына кірдік. «Жақсылы-жаманды, Жинап алдым команды», – деп бір ақын айтқандай, Бекең Сыр өңірін өркендетуге құлшына кірісті. Жігерлі басшымыздың алапат екпініне ілесе алмай, кейде шарықтап, кейде шалықтап, ал кейде шатқаяқтап, шапқыладық та жүрдік.

Үшіншіден, жұртты жұмысқа жаппай жұмылдыра білді. Ұйымдастыру қабілеті орасан зор еді. Өзіне де, өзгелерге де тыным таптырмады. Қалыпты еңбек ырғағын бір сәтке де бәсеңсіткен жоқ. Сартылдап соғып тұрған сағат секілді ырғағынан жаңылмайтын ол тоқтаусыз тер төкті. Соны көрген ел-жұрт өзінен-өзі ортақ іске жегілді.

Төртіншіден, ол өңкей бір өміршең идеяларды алға тартты. Оның ұстанымдары бүгінгі күнмен шектелмейді. Алдағы жиырма-отыз жылға азық болатын бастамалардың негізін қалады. «Черчилль өз заманының өнімі болды. Бірақ оның идеялары мен әрекеттері әлі күнге дейін қазіргі дәуірге ықпал етіп келеді», – деп әлемге әйгілі саясаткердің ғұмырнамасын зерттеген, шеберлігі таңдай қақтыратын ширақ черчилльтанушылар айтқандай, Бекеңнің де ой-пікірлері өте өзекті. Мұның бәрін басқару мектебінің әдістемесі ретінде қай кезде де кәдеге жаратуға әбден болады.

Бесіншіден, ылғи да шаруашылық жайы қиындай түскен кезеңде басшы болды. Проблемасы жетіп артылатын өңірлерді өрге шығарды. Етігімен су кешті. «Қу толағай бастанбай, Темір қазық жастанбай», – деп толғаған Махамбетше шамырқанып, тек қана алға жылжыды. Бұл жағынан «Әрқашан да қиын жолды таңдаңдар. Сонда бәсекелестерің жолыңда тұрмайды», – деген Шарль де Голльдің дәстүрін ұстанды. Ол, әрине қиын жолды таңдайын деп таңдаған жоқ. Маңдайына солай жазылыпты. Бәсекелес қайдан болсын? Шынында да мұндай жанкешті жұмысқа Бекеңнен басқа кім тәуекел етпек?!

Алтыншыдан, жалпақ жұртпен сыйласудан жаңылмады. Тентекпен де, телімен де талай рет бетпе-бет келді. Бірақ үнемі келісім жолын қалады. Даудан да, жаудан да аулағырақ жүрді. «Бір күн майдандасқанша он жыл келіссөз жүргізген жақсы», – деген даңқты дипломат Андрей Громыконың түйінді тұжырымына ден қойды.

Жетіншіден, көпке жақын болды. Жұрттың көңілін тапты. Ешқашан елдің ортасынан ұзамады. Бұл тұрғыдан алғанда, қала академиктерінің де, дала академиктерінің де пайдалы пікіріне құлақ асты. Мәселен, «Өнімді еңбек атқарам десең, көпке сүйен. Соның тілін тауып, соған қызмет қыла біл», – деген даңғайыр дихан Ыбырай Жақаевтың салмақты сөзін қаперге алды.

Сөйтіп, бес өңірді басқарған Бердібек Сапарбаев мәртебелі мемлекеттік қызметшінің эталоны болды. Енді оның ғибратты ғұмырнамасын бүгінгі мемлекеттік қызметшілерге үлгі етуіміз керек.

Бердібек ағаның Кеңсайдағы бейітінің басында:

 

Адал болды антына,

Берік болды салтына.

Алғыс алып жұртынан,

Тұлға болды халқына!

 

Еңбегімен еленді,

Жер-бесікке бөленді.

Ұлтын сүйген перзентін,

Ұмытпайды ел енді! –

 

деген жазу бар. Мұны эпитафия дейді. Дұрыс айтылған! Ол шынында да тұлға болды.

Бүкіл өмірі жұмыспен өтті. Бір ауық тыныс алуды білген жоқ. Бес өңірде ізі қалды. Бәрібір жалған дүние бес-ақ күндік екен. Жанкешті жұмыспен жетілген Бердібек ағам да бақиға аттанды. «Арғымаққа айдай таға қақтырған» азамат еді. Тәрбиесін көрдік. Тағылымын алдық. Тәжірибесін түйсіндік. Бақ қонған бәйтерек-ті. Биік еді. Бөлек еді. Саялы еді. Аялы еді… Біздің Әубәкір Смайыловтың «Қайран Мұқаң, қара өлеңнің шынары, Шынар ғана шынарларша сынады», – деген жыр жолдары бар-ды. Ширақ жүрген Бердібек ағам да шынарларша шарт сынды. «Шамырқансам, шатынап сынар болатпын» деген Махамбет ақын…

Неге шамырқандыңыз екен, Бердібек аға?!

Бауыржан ОМАРҰЛЫ