БАТЫРЛАРДЫҢ ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫНДАҒЫ РӨЛІ МЕН ОРНЫ

Тарих
11 007 Views

Ортағасырлардағы көшпелілер қоғамының әлеуметтік-саяси ұйымдасуының мәселелерін сөз еткенде оның өзіне тән ерекшеліктерін қарастыру назардан тыс қалып келеді. Сондықтан, әсіресе бұрынғы посткеңестік кеңістікте тарихты зерттеудіңтеориялық-методологиялық ұстанымдарын түбірлі түрде қайта қарастыру мәселесікүн тәртібінен түспей тұр. Дегенмен, жаңашыл зерттеулерге қарамастан, көптегенпроблемалар өз шешімін тапты деп айтуға болмайды. Солардың бірі ортағасырлықЕурази көшпелілерінің бүгінгі мұрагерлері – қазақтар қоғамындағы батырлардыңорны мен рөлін, олардың әлеуметтік-саяси институт ретіндегі қызметін бағалаумәселесіне де қатысты болып отыр. Соңғы жылдардағы зерттеулерде батырларинституты ұғымы қолданылып келе жатқанымен, ол әлі күнге дейін дәстүрлі қазаққоғамының саяси-әлеуметтік құрылымының ажырамас бөлігі ретінде толыққарастырылып отырған жоқ. Мәселен, көптеген зерттеушілер қазақ тарихындағы жекелеген батырлардың қызметімен өмір дерегін баяндаумен ғана шектелуде. Бүгінгі тарих ғылымына жалаңдеректерді баяндап қана қою аздық етеді. Керісінше осы оқиғалардың туусебептерін, салдары мен  нәтижелерін,өзіндік ерекшеліктерін анықтауға баса назар аударылуы тиіс. Сондықтан батырларда қазақ қоғамындағы өзіндік ерекшелігі бар жеке әлеуметтік  категория ретінде зерттелуі тиіс. Сонда ғанақазақ қоғамының жалпы сипатын, мәнін, маңызын, одан әрі жалпы қоғамныңмәдени-рухани дамуының негіздерін түсінуге қол жеткіземіз.

Мысалы, көптеген, орыс зерттеушілері мен саяхатшыларының ХIХ ғасырдағы отаршылдық езгінің салдарынан құлдырауға ұшыраған қазақ қоғамын дәстүрлі қоғам ретінде көрсетуін біз бүгінге дейін қабылдап келеміз. Сондықтан, қазақ халқы жалқау, бей-берекетсіз, қамсыз, тағы басқа жағымсыз мінездемеге ие болып, тіпті бұл біздің ұлттық ерекшелігіміз ретінде көрсетіліп жүрген жайы да бар. Керісінше, біз келешек ұрпақты  халқымыздың жауынгерлік рухы мен ерлік тарихы негізінде тәрбиелеуіміз қажет. Бұл тек дәстүрлі қазақ қоғамының саяси-әлеуметтік ұйымдасуының ерекшеліктерін дұрыс түсінгенде, соның ішінде әсіресе батырлардың рөлін  қайта қарастырғанда ғана мүмкін болмақ.

Көшпелі халықтардың тарихи-мәдени дамуының өзіндік ерекшеліктеріне байланысты елдің қауіпсіздігін, мемлекеттің тәуелсіздігін, ел ішіндегі қоғамдық тәртіпті сақтау қажеттілігі көшпелі қоғамда да әскери іспен кәсіби тұрғыда айналысатын адамдардың пайда болуын, олардың осы қоғамдық функцияларды атқаруды өз міндетіне алу барысында жеке әлеуметтік жік ретінде қалыптасуына әкелді.

Сондықтан, дәстүрлі қазақ қоғамына тән батырлар институтының қалыптасуының қайнар көздері ежелгі замандардан бастау алады. Геродот,  тағы басқа ежелгі авторлардың басым көпшілігі өз шығармаларында көшпелі халықтардың жауынгерлігі мен ержүректілігін баса назар аударады. Шетелдік зерттеушілер де көшпелі халықтардың жауынгерлік рухының  мықтылығы мен әскери өнерінің ерекше қуаттылығын талай рет тамсана жазған.

Батырлар институты өзінің қалыптасу кезеңдерінде көшпелілер қоғамына тән тағы басқа да әлеуметтік институттармен бірге дамыды. Тіпті бір замандарда олар белгілі бір әлеуметтік-қоғамдық функцияларды бірдей атқара да берді. Сондықтан, қазақ қоғамындағы батырлар әрі би, әрі жырау, әрі елші, әрі ру басшысы қызметін қоса атқара беруімен ерекшеленеді. Зерттеуші А.И. Перщиц көшпелі халықтардың саяси құрылымының ерекшеліктерімен, атап айтқанда, көшпелілердегі тайпа көсемдерінің рулық және ішкі рулық құрылымдардың басшыларымен салыстырғанда негізінен әскери көсемдер болғандығымен түсіндіреді. В.Я. Владимирцев моңғол нояндары өз биліктеріне рудың ақсақалдары емес, негізінен күшті, епті дала жыртқышы, батыр ретінде қол жеткізгенін атап өтеді.

С.М. Абрамзон да алғашында тек соғыс кезінде ғана ерекше рөлге ие қырғыздың әскербасы-батырлардың бірте-бірте ру ақсақалдарын екінші қатарға ығыстырғанын туралы жазады. Түркімендерде «сәтті аламандардың басшылары Хиуа мемлекетінде ірі санаовник, тайпа көсемдері» дәрежесіне көтерілгендері белгілі. Сондықтан, қазақ қоғамындағы батырлардың институциялануы олардың тек қана жеке батыр ретінде ғана емес, би, шешен, жырау, ұлыс, ру билеушісі  ретіндегі фунцияларды бір қолға жинақтауынан келіп туындағанын көреміз.  Белгілі зерттеуші Е.Бекмаханов XIII-XIV ғасырлардағы батырлар мен XVIII-XIX ғасырлардағы батырларды бірдей қарастыруға болмайтынын атап көрсеткен еді.

Ал, қазақ хандығы саяси құрылымының басты ерекшелігі оның ру-тайпалық құрылымымен тығыз байланысты. Қоғамдық-саяси өмірді генологиялық тұрғыдан реттеу жалпы көшпелілер қоғамына өте ерте кезден тән құбылыс. Белгілі бір өзіндік ерекшелгі бар ру-тайпалық қарым-қатынастар қазақ қоғамының потестарлы билікті негіздеп берді. Тарихи қалыптасқан жағдай көшпелінің барлық өмірін әскерилендіруге әкеліп соқты. XVII ғасырдың аяғы — XVIII ғасырдың басындағы қазақ қоғамының ішкі және сыртқы саясатының даму ерекшеліктері батырлар институтының ықпалының артуын туғызды. Осы кезеңнен бастап батырлар жеке әлеуметтік-саяси институт ретінде  қалыптасты. Дәстүрлі қазақ қоғамына тән батырлар институтының саяси-әлеуметік күш ретінде қалыптасуы қазақ қоғамының әлеуметтік ұйымдасуынан келіп туындайтын саяси жүйесіндегі ерекшеліктерімен байланысты болды.

П. Рычков қазақ даласындағы «үкіметті негізінен демократиялық деп атауға лайық» дей келе рулар мен тайпа көсемдерінің, соның ішінде би, батырлардың ықпалының жоғарылығын атап өтеді. П. Паллас та әр рудың немесе аймақ басшыларының дербес шешім қабылдау еркінің басымдығын атап көрсетеді.

XVIII ғасырдағы қазақ қоғамының ел басқару жүйесі туралы сөз еткенде ең алдымен аймақтарды сұлтандар, одан кейін билер, ұсақ рулар мен оның тармақтарын қара сүйектерден шыққан өз аталастары билейді деген пікір басым айтылады.  Бұған қарап, қазақ қоғамындағы би, батырлардың билігі шексіз болған деген пікір туындамауы қажет.  Олар белгілі бір аймақ, ұлыс немесе ру-тайпа басшысы ретінде билігі хан тарапынан бекітілуі тиіс болды. Сондықтан, беделді батырдың билігі оның хан тарапынан мойындалып, белгілі сый-құрметке ие болуымен тығыз байланысты. Дегенмен, мәселенің екінші жағынан алып қарағанда хан-сұлтандар да өз кезегінде халықтан шыққан тұлғалардың, соның ішінде батырлардың қолдауына ие болғанда ғана ел алдында мерейі үстем, билігі мықты бола түсетін еді.

Көшпелілер өміріндегі соғыстың орны мен олардың жалпы өмірінің әскерилену ерекшелігі олардың психологиясы мен идеологиясына өз әсерін тигізген. Сондықтан, дәстүрлі қазақ қоғамындағы батырлардың өздеріне тән ар-намыс  кодексі, жауынгерлік этикасы мен дәстүрі де қалыптасты. Олар ерлік пен ізгілікті мұрат тұтты. Батырдың басты міндеті елі мен жерін жаудан қорғау, сонымен қатар нағыз батыр жүрегі ізгілік пен мейірімге толы, достыққа адал, сертке берік, елге тұтқа әрі пана бола білетін тұлға болды. Сондықтан батырлардың рухани-моральдік бет-бейнесі мен негізгі қызметін халқымыздың этномәдени жүйесінің ажырамас бөлігі ретінде қарастыруға тиіспіз.

Батырлық қазақ қоғамында ежелден өмір салты ретінде қалыптасты. Сондықтан, әрбір жас жеткіншек батыр атағын иелену үшін сол әлеуметтік ортаның талаптарына сай болуы керектігін түсініп өсті. Батырлар жырында осы бір далалық салттың мәдени идеалы жасалған. Жырлардың көпшілігінде болашақ батырдың дүниеге келуінің өзі үлкен оқиға ретінде суреттеледі. Оның есімі де ерекше қойылады, өзіне лайық тұлпары, қару-жарағы, сүйікті жары, досы, қолдап-қоршап жүретін пірі де болады.

XIX ғасырдың екінші жартысынан бастап батырлар институты бірте-бірте өзінің маңызынан айырылып, жойылуымен қазақ халқының тән құндылықтары да бірге жойыла бастады. Патша өкіметінің отарлау саясатының нәтижесінде дәстүрлі қазақ қоғамына тән барлық әлеуметтік институттармен қатар оларға байланысты халықтың рухани таным-түсінігімен біте қайнасып кеткен ұғымдар да күйрей бастады.  Осы орайда кезінде әлемді бағындырған, өзінің батырлық дәстүрі мен жауынгерлік рухының күштілігімен тамсандырған көшпелілер ұрпақтары өздерінің батырлық рухы мен идеалынан айырылып қалды.  Сондықтан, бүгінгі таңда қазақ қоғамының саяси-әлеуметтік құрылымында, мәдени-рухани жүйесінде  өзіндік орны болған батырлардың рөлі мен қызметін қайта зерделеу, оны жас ұрпақ арасында дәріптеу кезек күттірмес мәселе болып табылады.

Сүйінбай ақын мен қырғыз жырауы Қатағанмен айтысында:

«…Одан да ары Сіргелі,

Ол да бір жұртым іргелі.

Батырлары шетінен,

Теке жәуміт мінгені.

Дүниенің қызығы,

Тамаша дәурен сүргені, – деп жырлаған Ұлы Жүздің іргелі руларының бірі Сіргеліден шыққан Жабай Қазыбекұлы бабамыздың да ерлік жолы мен өмірін зерттеу отандық тарих ғылымының ақтаңдақ беттерін айқындауда амңызды орын алмақ.

Сіргелі Жабай батырдың өмір сүрген жылдары (1728-1810) қазақ халқының жоңғар шапқыншылығына қарсы азаттық күресінің соңғы кезеңімен тұспа тұса келеді.

Себебі, тарихтан білетініміздей, 1730 жылы тамыз айының аяғында Іле өзенінің Аңырақай ағысының тұсында қазақ жасағы жауды жеңіп, Ұлы Жеңіске жетеді. Ел мен жердің азаттығы үшін атқа қонып, беліне қару асынған батыр бабаларымыздың Аңырақай шайқасынан кейінгі өмірінің екінші кезеңі басталады. Осы кезеңдегі қазақ батырларының көпшілігі  мемлекеттік істерге араласып, өздерін шебер дипломат ретінде де көрсете білді. Дегенмен, батырлар ат үстінен түспеді, қаруын қамшымен толық алмастырған жоқ. Аңырақай шайқасындағы Ұлы Жеңіс жоңғар қаупін түпкілікті жоймағаны белгілі. Мұның үстіне жоңғардан басқа да «етектен тартқан бөрідей» анталаған жау, ағайын арасындағы түрлі дау бір сәт те толастамаған еді. Қазақтың кең-байтақ даласының әрбір аймағында, мәселен, Жайық, Ойыл, Жем өзендері бойы мен Ерейментау, Қарқаралы, Аягөз, Түркістан, Шу бойы, Жетісу өңірі, түрлі шайқастар орын алып жатты. 1756-1758 жылдары Шығыс Түркістан жеріне аяқ басқан қытай әскерімен атақты  Талқы соғысы орын алды. Осындай заманда Бұхар жыраудың тілімен айтсақ:

«…Жиырма жасқа жеткен соң,

Алтын тұғыр үстінде.

Ақ сұңқар құстай түлеген».

Абылай хан қазақ халқының жоңғарларға қарсы азаттық күресін ұйымдастырудың басты тұлғасына айналады. Балалық шағы жоңғарға қарсы күрестің ең бір айтулы, күрделі кезеңімен тұспа тұс келген Сіргелі Жабай батыр ХVІІІ ғасырдың 30-40-жылдарынан бастап қазақ даласын жоңғарлардан азат ету, туған елдің ішкі, сыртқы жағдайын ретке келтіру ісінде көзге түсіп, жеке-дара жарып шыққан Абылай ханның көрнекті батырларының біріне айналады.

Сол кезеңдегі белгілі батырлар мен билер, жыраулар Абылайды елдің тұтастығы мен елдігін сақтап қалатын тұлға ретінде қолдап, көмек көрсетті. Жас Жабай батыр ел тұтастығына қайта қауіп төндірген 1740-1741 жылдары, екіншісі, «Ақтабан шұбырынды» оқиғасын ұйымдастырып, қазақ даласы мен еліне көзін алартқан жоңғар қонтайшысы Қалдан Церен әскерімен болған шайқастардың рухында қалыптасты.

Абылай ханның ұлтты ұйыстыру жолындағы саясатын қолдап, тек сыртқы жауларға қарсы азаттық күресті ұйымдастырушылардың бірі ғана емес, ел ағасы ретінде оның ішкі, сыртқы жағдайына алаңдаған халықтың бейбіт өмірі мәселелерінің түрлі түйткілдерін шешуге де қатысқаны жөнінде ел ішінде көптеген мәліметтер сақталған. Сондықтан, шоқтығы биік қазақ батырларының ішіндегі көрнекті батыр баба Сіргелі Жабай батыр мұрасын зерттеу ісі жемісті болары сөзсіз.

Меңдігүл НОҒАЙБАЕВА,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ тарих, археология және этнология факультетінің деканы, тарих ғылымдарының кандидаты, қауым. профессор.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *