БІРЛІК БАР ЖЕРДЕ ТІРЛІКБАР

Қоғам
605 Views

Бір ауыз сөзбен тентегін тиған қазақтың ара ағайындығын «Дәнекер» атқарып келеді

Осыдан 30 жыл бұрын ҚР Мемлекеттік Тәуелсіздігін жариялап, қазақ халқының ең асыл мұраты орындалды. Заман өзгерді, соған сәйкес мемлекеттік заңдарда өзгеріп, халыққа қызмет ете бастады. Сондай заңның бірі «Медиация туралы» заңы. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» туралы бағдарламалық мақаласында қоғамды жаңартуда «медиация заңының» рөлі маңызды екенін атап көрсеткен болатын.

Сол себепті «Медиация заңының» қоғамдағы қолданысын іске асыру мақсатында республикалық Ардагерлер Ұйымы қоғамдық бірлестігі мен Жоғарғы Сот арасында 19-шы ақпан 2019 жылы өзара ынтымақтастық туралы келісімге қол жеткізді.

Орталық кеңес «Дәнекер» пилоттық жобасын жасап, оның ережесі бекітілді.

«Дәнекер» жобасының мақсаты — «медиация заңын» басшылыққа алып, ұлттық құндылықтарымыздың бірі дау-жанжалды шешуде қазақ билерінің тәжірибесіне сүйеніп, елді бірлікке, ынтымаққа шақыру, ата-бабамыздан келе жатқан дәстүріміздің озық үлгілерін атадан балаға мирас етіп жеткізу. Дәл осы айқын басымдық — бүгінгі ардагерлеріміздің міндеті болып отыр.

Осы бағытта біршама жұмыстар атқарылды, атап көрсетсек 2019 жылы сәуір айының 26-29 аралығында «Медиация заңының аясында қоғамдық медиаторлардың және ардагерлердің бірлесіп іс жүргізу тәртібі» деген тақырыпта семинар кеңес өткізілді. Семинар жұмысына республикалық Ардагерлер Ұйымының орталық кеңесінің өкілдері, облыстар мен Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қаласының қоғамдық медиаторлары, зиялы қауым өкілдері қатысты.

Осы жиын аясында Ұлы дала даналары қазақ халқының Ұлы билері Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билердің Қазығұрт тауының баурайында орнатылған ескерткішінің ашылу салтанаты өтті.

Семинарда Ардагерлер Ұйымы республикалық қоғамдық бірлестігі мен Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты арасындағы өзара ынтымақтастық туралы келісімі таныстырылып, «Дәнекер» пилоттық жобасының мақсаты егжей-тегжейлі түсіндірілді.

Жаңа жобаның елге таңсық тұстары көп болғандықтан, жергілікті жерлердегі соттар, жобаға қатысушы ардагерлерді қажетті құқықтық кеңестер мен әдістемелік материалдармен уақытылы қамтамасыз етіп отыруға келісті.

Жамбыл облысы соттары мен жобаға қатысушы ардагерлердің арасында тығыз қарым қатынас орнап жұмыс жақсы жолға қойылған. Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот төрағасы Рүстембеков Жомарт Қауасұлы, осы соттың судьясы Әзіретқұлов Дінмұхаммед Аңқабекұлы ардагерлерінің дау-дамайды бітімгерлікпен шешу жолында үлкен көмек көрсетіп келеді. Облыстардың ішінде Жамбыл облысының іс-тәжірибесі өзге өңірлерге таратылуда. Қазіргі кезде, Ақмола, ШҚО, Қостанай, Алматы, Ақтөбе, Атырау, Түркістан, Қарағанды облыстарында, Шымкент қаласында жұмыстар қанағаттанарлық нәтиже көрсетуде. Жамбыл облысының 2020 жылғы 28 қазанда «Дау-дамайды шешудің баламалық тәсілдерді дамыту» жөніндегі Талас ауданының тәжірибесі туралы «Би — Елдің құты» атты облыстық семинар кеңеске Орталық кеңестен Жанат Адайханқызы қатысып келді.

Қазіргі уақытта, барлық өңірлерде ардагерлер кеңесі жанынан қоғамдық медиаторлар кабинеттері ашылып, олардың қатарында отставкадағы судьялар мен елге сыйлы, ардагерлер тартылған.

Кей жерлерде оларды жергілікті тұрғындар өздері ауыл биі деп те атайды екен. Дауласушы тараптарды бітімге келтіру үлкен еңбекті қажет етеді. Көп жерде кәсіби медиаторларға қарағанда, тәжірибелі, сөзге шешен, елге беделді, айналасына қадірлі ардагерлердің сөзі өтімді болып келеді.

«Қоғамда заңды түсінбеу, заңды білмеу — тәртіпсіздік тудырады. Кейбір кезде құқықтық органдарға жүгінбей медиаторлардың көмегімен шешуге болады. Әрине, кәсіби медиаторлар өз қызметін ақылы жүргізеді. «Дәнекер» жобасына қатысушы қоғамдық медиаторлар халықтан ақы алмай, тегін бітістіретін барлық кеңесі ақысыз.

Көп жағдайда тұрғындардың тұрмыс жағдайы ақылы көмек алуды көтермейді. 2019 жылдан бері «Дәнекер» жобасына қатысушы ардагерлердің араласуымен бүгінге дейін 218 дау бітімгершілікпен шешілсе, 3522 іс сотқа жетпей шешімін тапқан.

Мен бірнеше рет Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты төрағасы Жақып Асановтың қабылдауында болып сөйлескенде: «Ардагерлер ұйымы» Орталық кеңесі қолға алған «Дәнекер» пилоттық жобасы өңірлерде одан әрі дамытып, ел ішінде кеңінен насихаттау қажеттігін сөз қылдық. Әр нәрсенің насихаты келіссе, ол халыққа да ұғынықты, қоғамға да пайдалы болады. «Дәнекер» жобасына қатысушы ардагерлердің араласуымен көршілер арасындағы дау, отбасы жанжалдары, бұзақылық, ұрлық, жала жабу, шөп өртеу, автотұраққа таласу сияқты даулар бітімгерлікпен шешілуде. «Көш жүре түзеледі» деген. Сондықтан, осы дүниені халықаралық талапқа сай жетілдіре білгеніміз абзал. Бұл бізге керек жүйе, бірлесіп жұмыс жасаймыз», — деді.

Жаза басып жаңылған жандарды жаппай темір торға — түрмелерге тоғытудан құтқарып, екі тараптың келісіп-бітісуі арқылы дауды тоқтатуға мүмкіндік беретін бұл заң қоғамда жаппай қолдау тауып кету-кетпеуі халқымыздың құқықтық-саяси сауаттылығына да байланысты. Ардагерлерлер дауласушы екі тарапты татуластыруға барынша күш салуда. Біз көп ұлтты елміз. Әсіресе, ұлт аралық татулықты сақтаудың маңызы зор. Өткен жылы Жамбыл облысы Масанчи ауылында орын алған келеңсіз оқиғаға, Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Е.Солтыбаев, облыстағы «Дәнекер» жобасының басшысы Оңласын Есіркепов бастаған ардагерлер араласып, бітімгершілікпен шешілуіне үлкен үлес қосты. «Дәнекер» аты айтып тұрғандай дауласқан тараптарға ара ағайын болу. Жобаның маңыздылығын болашақта бұрынғыдан да кеңірек насихаттап дамыту қажет. Бұған бәріміз, зиялы қауым өкілдері бей-жай қарамай үлес қосуымыз керек. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы, «Ел ағалары бір ауыз сөзбен тентегін тиып, тектісін төрге оздырған» деген болатын. Орталық кеңес тоқсан сайын өңірлерден «Дәнекер» жобасының есебін алып тұрады. Соңғы кездегі статистика бойынша ұрлық, отбасы даулары жиілеген. Бұған пандемияның да кері әсері болған болар. Біздің аға буын, жастарымызды келеңсіздіктерден сақтандыру үшін, олардың қателіктерге жол бермеуінің алдын алу үшін өз көмектерімізді ақыл кеңестерімізді аямаймыз.

Бекет ТҰРҒАРАЕВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері — заңгері

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *