ДИХАНКӨЛДЕ САУМАЛ-САУЫҚТЫРУ ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ

Денсаулық Қоғам
781 Views

Елімізде кәсіп істеп, табыстың көзін табам деген адамға жақсы мүмкіндіктер жасалуда. «Балық берме, қармақ бер…» деген нақылдың астарына сүйенсек, бүгінде мүмкіндікті пайдаланып, әрекет еткен адам ұтады. Кәсіпкерлікті дамытуға арналған бағдарламалар сәтті жүзеге асырылып, нәтижесінде азаматтар жаңа кәсіп ашып немесе бұрынғы кәсіптерін дамытып жүргенін көзіміз көріп жүр.

“Кәсіпкерлік қырандары” жобасының қатысушысы Бағлан Рысбаев арманы асқақ, еңбексүйгіш азаматтардың бірі.

Ол зайыбымен ақылдасып, бизнес ашамыз деген шешімге тоқталды. «Атамекен кәсіпкерлер» палатасынан алған келелі кеңес, бағыт-бағдар оның өз ойын жүзеге асыруына әсерін тигізді. Сонымен, “Бизнестің жол картасы 2025 “ бағдарламасына әйелі Еспенбетова Эльмира қатысып, грант ұтып алды. Кәсібін ары қарай жетілдіруді мақсат еткен Рысбаевтар Төлеби өңірлік палатаға жоспарлаған кәсібін ұсынып, «Кәсіпкерлік қырандары» жобасына қатысты. Нәтижесінде ойлаған кәсіптерін ашуға мүмкіндік туып, қат-қабат жұмысқа кірісіп кетті. Бағлан мен Эльмира мемлекеттен берілген грантты тиімді пайдаланып, Диқанкөл ауылынан «Дихантау» саумалмен сауықтыру орнын ашып, тұрғындардың денсаулықтарын нығайтуларына үлестерін қосуда. Бұл шипалы сусынға үлкеннен де, кішіден де сұраныс мол. Кәсіптерін ашу барысында 4 адамды жұмыспен қамтыды.

Аталмыш саумалмен сауықтыру орталығы 15-20 адамға арналған. Келешекте кәсіптері дамып, жұмыс ауқымы кеңейіп, тұтынушы да, жұмыспен қамтылушының да саны артатына сенеді.

Ұсынылып отырған мемлекеттің мүмкіндіктерін тиімді пайдаланған жанда жұмыс та болады, ырзық-несібесі де арта түспек. Өзіне сенімді, тәуекелшіл, еңбекқор жандар орындарын табады. Тауып та жүр. Тауып қана қоймай, халыққа қызмет жасап, керегімен қамтамасыз етуде.

Ендеше, кәсіп істеуге бел буған жарандар! Талаптарыңа нұр жаусын, іске сәт!

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *