ЕЛТАҢБА – ЕЛДІКТІҢ БЕЛГІСІ

Саясат
4 337 Views

Мемлекеттік рәміздер – бұл біздің мемлекетіміздің, біздің егемендігіміздің берік негізінің бір. Олар Тәуелсіздіктің қасиетті біріктіруші образын білдіреді.

Нұрсұлтан Әбішұлы НАЗАРБАЕВ,

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы.

Тәуелсіз де егемен еліміздің алғашқы қадамдарының бірі – өз Туын, Елтаңбасы мен Әнұранын таңдауы болды. Қазақстанның Мемлекеттік рәміздері – тек көркем образдар ғана емес, Мемлекеттік Тәуелсіздікті, демократия мен патриотизмді жүзеге асыру идеясының жаршылары. Ел рәміздері республиканың жүріп өткен тарихи жолын, қазіргі экономикалық, әлеуметтік және саяси өмірін бейнелейді. Қазақстанның Туы, Елтаңбасы мен Әнұраны бүгінде төрткүл әлемге танымал. Олар халқымызды біріктіріп, өз Отаны үшін мақтаныш сезімге бөлейді, жарқын болашаққа деген берік сенім мен үміт сезімдерін ұялатады.

Еліміз Тәуелсіздікке қол жеткізген тұстан Мемлекеттік рәміздеріміз қолға алына бастады. 1992 жылғы 4 маусымда «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы туралы», «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы туралы», «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранының музыкалық редакциясы туралы» тарихи Конституциялық заңдар қабылданған болатын. Кейіннен, дәлірегі 2007 жылдан бері бұл күн Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күні ретінде кеңінен тойланып келеді. Айтулы дата патриотизм мен бірліктің бүкілхалықтық мерекесіне айналған.

Осы тақырыптарға арналған мақалаларымызда жалпы Мемлекеттік рәміздердің тарихы мен сипатына қысқаша тоқталып, оны қастерлеп, тағылым ету жайының тәрбиелік мәніне көңіл бөлуді жөн көріп отырмыз. Мемлекеттік рәміздер дегеніміз – белгілі бір елдің өзіндік өмір салтын, тіршілік болмысын, арман-мұратын, көршілес елдермен қарым-қатынасын айқындайтын айрықша белгілер болып табылады. Мемлекеттің Тәуелсіздігі мен егемендігін паш ете отырып, жоғары отаншылдық сезімге баулитын әлеуметтік-саяси белгі, сурет пен сәулет өнерін, музыка мен поэзияны пайдалану арқылы жасалатын көркем туынды. Ол Конституция немесе арнайы заңмен бекітіліп, мемлекеттің Тәуелсіздігін білдіреді. Әртүрлі елдерде Мемлекеттік рәміздер қатарында Ту, Елтаңба, Әнұран тұрады. Мамандар әсіресе Елтаңбамыздың әлемдік тәжірибеде бұрын-соңды кездеспеген өзгеше болмысына өзгеше тәнтілік білдірді. Өткен ХХ ғасырдың тоқсаныншы жылдары Германияның Бонн қаласындағы Дүниежүзілік вексилология ғылыми-зерттеу институтының директоры Р. Климеш мырзаның ықыласымен Қазақстан Республикасының Туы әлемдік рәміздер каталогына еніп, Халықаралық қауымдастықта мойындалды.

Елтаңба (Герб) (herb – поляк тілінде, Erbe – неміс тілінде – мұра, енші деген мағынаны білдіреді) – мемлекеттік наградаларда, ақша бірліктерінде, мөрлерде, мемлекеттік органдардың бланкілерінде бейнеленетін мемлекеттік ресми эмблема. Махмұд Қашқаридың «Түрік тілдері сөздігінде» ол билеушінің айырым белгісі ретінде түсіндіріледі. Геральдика (heraldica) – гербтерді зерттейтін тарих ғылымының бір саласы. Геральдика термині латынның heraldus, яғни жаршы деген сөзінен шыққан. Ортағасырлық Еуропа корольдерінің сарайында гербтердің кімге тиесілі екенін анықтайтын, тіркейтін, жүйелейтін және жаңа гербтерді жасайтын арнайы адамдар – герольдтар болған.

Мөр – әлеуметтік даралау мен меншіктеу сипатындағы құбылыстарға куәлік ететін заттық белгі. Еуропадағы алғашқы мөр 1136 жылы жасалған. Ағылшынның әйгілі классик жазушысы Уильям Шекспирдің әулеттік елтаңбасында найзаның белгісі бар.

Қасиетті Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың да жеке мөрі болған. Шыңғыс ханның мөрі алқызыл түсті асыл яшмадан жасалған. Онда: «Аспанда – Алла тағала, жерде – Қаған құдіретті. Адамзат билеушісінің мөрі», – деген сөздер бар. Сайыпқыран Әмір Темір көрегеннің мөрінде бірінің үстіне бірі үштағандап орналастырылған үш қара сақина бейнеленген. Бұл белгі – оның туындағы және Самарқан қаласының елтаңбасындағы да негізгі нышан болып табылады.

XVIII-XIX ғасырдардa Ұлы Дала елінің қалалары мен облыстарының да өз елтаңбалары болған. Мысалы, Орынбор (1782), Қызылжар (қазіргі Петропавл, 1842), Омбы (1875), Верный (Алматы) қаласы мен Жетісу (Алматы) облысы, 1878), Орал қаласы мен облысы (1878), Торғай қаласы мен облысы (1878), Семей қаласы мен облысы (1878), Ақмола (қазіргі Нұр-Сүлтан) қаласы мен облысы (1878), Ақтөбе, Гурьев (Ақтау), Көкшетау, Қостанай, Өскемен, Павлодар, Тобыл, тағы басқа қалалар мен облыстардың да өз елтаңбалары болғаны тарихтан белгілі.

Кеңестік дәуірдегі (1920-1991) елтаңбаларға келсек, салыстырмалы түрде бір жүйеге түсірілгені айқын. Өзге одақтас республикалар сияқты Қазақ КСР-нің елтаңбасы да КСРО-ның елтаңбасына негізделіп, көшірме ретінде жасалған. 1937 жылы ақ пен қара түсті болса, 1939 және 1978 жылдары қызыл түске боялған. Оның кескіндемесінде қызыл түсті сәуледе орақ пен балға, айнала түскен жолақта қазақ және орыс тілдерінде «Барлық елдердің пролетарлары, бірігіңдер!» деген жазудан тұрды. Елтаңбаның жоғарғы жағында – бес бұрышты жұлдыз, ал төменгі жағында – «КССР» және «ҚССР» жазуы болған.

Мемлекеттік Елтаңба – мемлекеттік Тәуелсіздік пен егемендіктің заттық айғағы. Онда әдетте сурет пен сәулет өнері мүмкіндіктерін пайдалану арқылы елдің төл тарихи, рухани және саяси болмысынан туындайтын мемлекеттік идеяны беретін шартты белгілер жүйесі бедерленеді. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасында көгілдір түс аясында шаңырақ бейнеленген. Шаңырақты айнала күн сәулесіндей тарап уықтар шаншылған, оны аңыз әңгімелердегі пырақтар көмкеріп тұр. Елтаңбаның жоғарғы жағында бес бұрышты жұлдыз, ал төменгі жағында «Қазақстан» деген жазу бар. Бұл қазақстандықтардың құшағы барлық бес құрлық үшін ашық деген ойды білдіреді. Бес саны Ақиқат, әділдік және әділет Құдайы – Маат қолында деп есептелетін тағдыр ұғымын да берген. Бес – ақиқат пен әділдіктің ең жоғары өлшемі. Білімді бес балдық жүйемен бағалау дәстүрі осыдан шыққан. Бес бұрышты жұлдыз – таңмен бірге таласып туатын Шолпан жұлдызының белгісі. Таң жұлдызы қашанда ізгі армандардың жүзеге асуына жол ашып, игі мұраттарға жөн сілтейтін аспан шырағы ретінде адамзат санасында айрықша қастерлі орын иеленеді. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Елтаңбасының бейнесі екі: алтын және көгілдір түсті. Рәмізтану дәстүрі бойынша алтын – байлықтың, әділдік пен кеңдіктің белгісі. Қазіргі Мемлекеттік Елтаңбамыздағы ай мүйізді, алтын қанатты әбсаналық пырақтар – басты геральдикалық элемент болып табылады. Тұлпар бейнесі батырлықтың, адалдық пен күштің кейпі. Діни наным-сенімдер бойынша Әз Пайғамбар Хазіреті Мұхаммед (салаллаһу ғалейһи уа-с-салам) пейішке мініп баратын қасиетті пырағы да (Бурак) қанатты жылқы еді делінеді. Пырақтың қанаттары Қазақстанның көпұлтты, көпұлысты (140-қа жуық) халқының мықты әрі гүлденген мемлекет құрудағы сан ғасырлық арманын білдіреді. Олар асыл мұраттың, жақсылық пен жасампаздыққа құштарлықтың куәсі. Алтын қанаттары алтын масақтарды білдіреді және қазақстандықтардың еңбексүйгіштігі мен елдің материалдық әл-ауқатын бейнелейді.

Шаңырақ – пішіні аспан күмбезін білдіретін және Еуразиялық көшпенділердің дәстүрлі мәдениетінде өмір сүрудің басты белгісі болып табылатын киіз үйдің басты бөлігі. Мемлекеттік Елтаңбадағы шаңырақ бейнесі елімізде тұратын барлық ұлттар мен ұлыстар үшін ортақ үй, ортақ Отанның белгісі. Шаңырақтың орнықтылығы оның уықтарының беріктігіне байланысты болғандай, Қазақстанның да тұрақты дамуы әрбір азаматтың әл-ауқатының жоғарылығына байланысты екені даусыз.

Мемлекеттік Елтаңба бойынша жасалған 245 жобаның арасынан жеңімпаз атанған авторлар, бірі Өзбекстанға, екіншісі өз елімізге сәулет өнерінің талай тамаша туындыларын тарту еткен тұлғалар. Атап айтқанда, Жандарбек Мәлібеков – Астанадағы Лев Николаевич Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті сәулет кафедрасының профессоры, Өзбекстан және Қазақстан Сәулетшілер одақтарының мүшесі, Өзбекстанның еңбек сіңірген сәулетшісі, Қазақстанның Құрметті сәулетшісі, «Құрмет» орденінің иегері. Ол 1942 жылы 24 наурызда Қызылорда облысындағы Жаңақорған ауданының Екпінді ауылында теміржолшылар отбасында дүниеге келген. Ташкент политехникалық институтының сәулет өнері факультетін бітірген. Ташкенттегі бас ғылыми-инженерлік қала құрылысын жобалау институтында қала құрылысы шеберханасының жетекшісі, кейіннен жобалар жөніндегі бас сәулетшісі болып қызмет істеді. Ташкент, Нөкіс, Самарқан, Әндіжан, Наманган, Ферғана қалаларының орталықтарын абаттандыру мен безендіру бойынша өткізілген бәйгелерде жеңімпаз және жүлдегер атанды. Өзбекстан астанасындағы Үкімет қонақ үйі, драма театры, Орталық кітапхана, Төле бидің (Қарлығаш бидің) басына ортатылған мешіт, Қазақстан мен Қырғызстан елшіліктерінің ғимараттары, Самарқандағы облыстық әкімшілік үйі, Әндіжандағы әуежай, Ферғанадағы облыстық пошта, Самарқан, Ангрен, Ферғанадағы бірқатар тұрғын үйлер мен шағынаудандардың сәулет-құрылысын жобалауға қатысқан. 2001 жылы Қазақстанға көшіп келгеннен кейін еліміздің бірнеше қаласының жобалау жұмыстарына және Бас жоспарын жасауға қосалқы автор ретінде қатысқан. Олардың қатарында Астанадағы Қырғызстан елшілігінің ғимараты, «Нұр Астана» мешіті, «Алатау» тұрғын үй кешені, тағы басқа да нысандар бар. Зайыбы Ақшәйі екеуінің Серік, Нұрлан, Досжан есімді үш ұлынан оншақты сүп-сүйкімді немересі бар. Серік пен Досжан әкелерінің жолын жалғастырып келеді.

Ал Шота (азан шақырып қойған аты – Шот-Аман) Ыдырысұлы Уәлиханов –Қазақтың Абылайдан кейінгі ұлы ханы – Уәлидің ұрпағы, оның төрткүл әлем мойындаған ұлы ғалым Шоқанның інісі Мақыдан тарайтын, Қазақстанның еңбек сіңірген сәулетшісі (1978), Қазақстанның Құрметті сәулетшісі (2003), көрнекті қоғам қайраткері, көптеген ғылыми-танымдық еңбектердің авторы, Мемлекеттік (1970) және Тәуелсіз «Тарлан» (2001) сыйлықтарының және «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері. Ол 1932 жылы 26 сәуірде Көкшетау (қазіргі Ақмола) облысының Айыртау ауданындағы Сырымбет ауылында дүниеге келген. Орта мектепті күміс медальмен бітіргеннен кейін Мәскеу мемлекеттік сәулет институтына оқуға түскен.

Жоғары білімді жас маман өзінің еңбек жолын 1956 жылы Алматыдағы Қазақ қала құрылысын мемлекеттік жобалау институтында сәулетші болып бастаған. Кейіннен КСРО Сәулет және құрылыс академиясының Қазақ бөлімінде кіші ғылыми қызметкер (1959-1965), Алматы қаласы бас сәулетшісінің орынбасары, Қазақ өнеркәсіптік құрылысын жобалау ғылыми-зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері (1966-1967), республикалық тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау кеңесі төрағасының орынбасары (1971-1978), Қазақстан Сәулетшілер одағы басқармасының төрағасы (1973 жылдан), КСРО Сәулетшілер одағы басқармасының хатшысы (1975 жылдан), Қазақстан азаматтық ауыл құрылысын жобалау институтында бас сәулетші (1982-1990), Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты өнер және сәулет бөлімінің меңгерушісі (1990-1993), Қазақстан Тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау қоғамы Орталық кеңесінің төрағасы болды (1993 жылдан). Сонымен қатар Халықаралық Абылай хан қорының президенті қызметін де атқарды. Шота Уәлихановтың қазақ сәулет, сурет, монументальдық өнеріне қосқан үлесі үлкен. Негізгі шығармашылық жұмыстары: Шығыс Қазақстан облысының Қарауыл ауылындағы Абай Құнанбаев (1970), Алматыдағы Шоқан Уәлиханов (1969), Әліби Жангелдин (1975), Тоқаш Бокин (1977), Ғани Мұратбаев (1984) ескерткіштері, «Универсам» дүкені (1979), Қазақстан Коммунистік Партиясы Орталық Комитетінің ғимараты (қазіргі Алматы қаласы әкімдігінің ғимараты, 1980), «Казгипрозем» (қазіргі Жер кадастрының ғылыми-өндірістік орталығы, 1983), Фрунзе (қазіргі Медеу) ауданындағы сауда орталығын (1987) атауға болады. «Динамо» стадионы құрылысының (басқа сәулетшілер, мүсіншілер және инженерлермен бірлескен шығармашылық топ құрамында, 1958) жобасы мен Алматыдағы Тәуелсіздік монументі авторлар тобының жетекшісі (1996). Семейдегі ядролық сынақ полигонының жабылуына арнап салынған «Ажалдан да күшті» монументінің авторы. Рәміздік сипаттағы жұмыстар сериясы үшін (Қазақстан Республикасы Президентінің штандарттары, Қазақстан Ұлттық ғылым академиясы мен Тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау қоғамдарының эмблемалары) Қазақстан Сәулетшілер одағының алтын медалімен марапатталған. Шота Уәлиханов сәулетші, суретші мүсінші, жазушы, ақын, драматург, зерттеуші, аудармашы. Қазақстан Сәулетшілер, Суретшілер, Дизайнерлер, Жазушылар одақтарының мүшесі. Бұған қоса-қабат оның ғұлама ғалым, Әлемдік Шыңғыс хан академиясының Құрметті президенті, KAZGOR жобалау академиясының Құрметті академигі, Қазақстан әлеуметтік ғылымдар академиясының академигі, Халықаралық шығыс елдері сәулет өнері академиясының академигі, Қазақстан көркемөнер академиясының академигі, Мәскеу Халықаралық сәулет академиясының академигі, Халықаралық сәулет академиясының корреспондент-мүшесі, профессоры, Қазақстан мемлекеттік сәулет-құрылыс академиясының академиялық профессоры, Көкшетау мемлекеттік университетінің Құрметті профессоры екенін де біле жүріңіздер. Халықаралық Сәулетшілер одағының Мадрид (1975), Мехико (1978), Бейжің (1999), Берлин (2000) қалаларында өткен Бүкіләлемдік конгресіне қатысқан. Оның «Ойлар, ойлар! Жанға маза бермейді» атты жыр жинағы, Шоқан Уәлиханов туралы «Жас Шоқан» пьесасы кезінде Шымкент пен Көкшетау қалаларындағы облыстық драма театрларында қойылды. Оның «Кадет Шоқан», «Шоқанның ақ түні», «Сібірліктер», «Террор», «Ақнұр» (1982), «Тағдыр» (1984), «Нақақтан төгілген көз жасы» (2000) тәрізді драмалық туындылары мен Шоқан Уәлиханов туралы «Айтылмаған әңгіме», «Шоқан туралы бірер сөз», «Достық жыршысы», «Тағылым», «Абзал аға, өнегелі інілер», «Жаны сұлу жарқын бейне», «Халқының арман мұңын арқалаған», тағы басқа да зерттеу еңбектері, «Таспен жазылған симфония» атты хикаяты бар екенін біреу білсе, біреу білмес. «Айналдым, айналдым елімнен», «Жарық жұлдыз», «Көгілдір Көкше» деп аталатын өлеңдеріне Нұрғиса Тілендиев, Сыдық Мұхамеджанов, Ескендір Хасанғалиев секілді сазгерлер әсем әуезді ән жазған. «Зайыбы Зинаида жеңгей екеуі тәрбиелеп өсірген Гүлнат, Баян есімді қыздарынан алты немере мен бірнеше шөбере сүйіп отырған жағдайы бар.

Мемлекеттік рәміздер – ұлттық мақтанышымыз! Сол себепті егемен еліміздің әрбір азаматы Қазақстанның Туы, Елтаңбасы, Әнұранына қашанда құрметпен қарауы қажет.

Әбдісаттар ӘЛІП,

журналист, ақын, аудармашы, Қазақстан Журналистер және Халықаралық Жазушылар одақтарының мүшесі.

Шымкент қаласы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *