«ЕЛІМ-АЙ» – НАМЫСТЫҢ ЖЫРЫ

Руханият Тарих
377 Views

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысының негізінде мәдениет және спорт министрінің №60 бұйрығына сәйкес «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» деп атанған «Елім-ай» дастанының 300 жылдығына байланысты республика көлемінде іс-шаралар қолға алынды. Қасиетті Түркістан облысының әкімдігі қарт Қаратаудың қойнауында «Елім-ай» дастанының 300 жылдығын атап өтуді жоспарлап отыр. «Жеті жарғы және Қожаберген жырау» қайырымдылық қоры да ақындардың жазба мүшайрасын жариялап, мерейтой мерейін көтеруге шешім қабылдады және Қаратаудың беласуына мәңгілік ескерткіш ретінде тұғыртас орнатып, «Елім-ай»-дың естен кетпес тарихына шолу жасап, болашаққа мәңгілік ескерткіш орнатпақ. Бұл тарихи тағылымы мол іс-шара салтанатты жиын аясында ғылыми конференцияға жалғаспақ. Өтетін орны – Түркістан облысы, Бәйдібек ауданы, Бәйдібек ауылында, Қаратаудың қойнауында маусымның 2-сі және 3-і күндеріне белгіленген.

Осы мерейтойды атап өту үшін Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі де іс-шаралар қарастырып, ақын жырау Қожаберген Толыбайұлының туған жерінде кең көлемде іс-шараларды белгілеп «Елім-ай» дастанының 300 жылдығын абыройлы атап өтпек, бүгін назарларыңызға Солтүстік Қазақстан Облысының әкімі Айдарбек Сапаровтың «Елім-ай» намыс жыры деген мақаласын ұсынуды жөн көрдік.

Қасиетті Қызылжар топырағы – ел басына күн туғанда, етігімен су кешкен небір даңқты батырларды, сайын даланың сайыпқыранына айналған саңлақтарды, Алаш туы астында күн сөнгенше сөнбеуге серттескен аяулы перзенттерді құндақтаған қасиетті мекен. Солардың арасында атақты қолбасшы, жырау, ақын, батыр қара қылды қақ жарған шешен, ұлтымыздың ауыр да азалы кезеңін жырлайтын атақты “Елім-ай” жырының авторы Қожаберген Толыбайұлы да бар. Жыраудың өміріне терең бойлаған атақты ғалым, академик Манаш Қозыбаев: «Қожаберген бабамыз көп батырлардың бірі ғана емес. Ол 1688-1710 жылдары 22-23 жасында қазақ, ноғай, қарақалпақ халықтарының біріккен жасағына қолбасшылық жасаған сардарбек, ордабасы, Орталық Азия деңгейіндегі әскери қайраткер! “Ақтабан шұбырындыдан” кейін Қожаберген – ұлы жеңісті шыңдаған стратег» десе, жезкиік ақын, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, жерлесіміз Кәкімбек Салықов: «Қожаберген жырау өзінің әйгілі еңбектерінде зар заманға талдау, зерттеу жасап, өз көргенін хаттап кетті. Оның ақындық, жыраулық өнері де ар-намыстың айғақтарына толы қаһармандық ақиқатшылдықтан туып отыр. Ол тарихи шындықты бейнелеудің жазба түрін ұлттық поэзиямызда сирек кездесетін ұлы дәстүрдің үлгісі етіп жасап кетті», деп жазды.

Биыл осы дара тұлғаның туғанына — 360, ал ол жазған атақты «Елім-ай» дастанына – 300 жыл толғалы отыр. Үкімет қаулысына сәйкес Қожаберген жырау Толыбайұлының «Елім-ай» дастан-жырының 300 жылдығы ел көлемінде аталып өтілетін болды. Бұл – біздің тарихымыздағы елеулі белес, бүгінгі және болашақ ұрпақ үшін саяси-тәрбиелік мәні зор оқиға. Өйткені «Біздің тарих қалың тарих, оқулығы жұп-жұқа» деп ақын Қадыр Мырза Әлі жырға қосқандай, екі жүз жылдай отарлық боданда, жетпіс жылдан астам кеңестік тоталитарлық жүйеде өмір сүріп, басымызда бостандық, қолымызда билік болмағандықтан тарихымызды тереңнен танып, өткен-кеткенімізді, қазақтың бақ жұлдызын жарқыратқан алыптарымызды түгендей алмадық. Кешегі Кеңес өкіметінің тұсында: «Қаратаудың басынан көш келеді, Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді. Ел-жұртынан айырылған жаман екен, Екі көзден мөлтілдеп жас келеді, – деп басталатын «Елім-ай!» әні халықтың әні деп айтылып жүрді. Тек егеменді ел, тәуелсіз мемлекет болғаннан кейін ғана халық ауыз әдебиетінің мұраларын жинаушылардың, әдебиетші және тарихшы ғалымдардың ыждаһатты зерттеулерінің нәтижесінде оның авторы XVII-XVIII ғасырларда өмір сүрген Қожаберген жырау Толыбайұлы екені белгілі болды.

​Бүгінге дейін Қожаберген жырауды рухани жағынан тірілту, артында қалған әдеби мұраларын қайта жарыққа шығару, есімін ұлықтау бағытында бірқатар іс-шаралар атқарылды десек, олардың бір шоғырының туған жері Қызылжарда ұйымдастырылғанын айту ләзім. Бұл ретте алдымен 2000 жылғы желтоқсанда тарланбоз тарихшы Манаш Қозыбаев ұйытқы болып, Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының ұйымдастыруымен Петропавл қаласында елімізде алғаш рет «Қожаберген жырау Толыбайсыншыұлының Отан тарихы мен қазақ поэзиясында алатын орны» деген тақырыпта республикалық ғылыми-теориялық конференция өткізілгенін атап өткен жөн. Ондай алқалы жиын 2010 жылы «Өлке тарихы, тұлғалар тағдыры» деп аталып, екінші рет өткізілді. Онда көзі тірісінде ұлттың намысы атанған, қазақ заңгерлерінің абыз ақсақалы болған, академик ғалым Салық Зиманов сөз сөйлеп: «Қожаберген – біздің тарихымыздағы тұтас құбылыс, бүкіл ғұмырын қазақ халқының тәуелсіздігі жолындағы күреске арнаған ұлы тұлға» деген баға берді.

Бір топ зиялы азаматтар құрған «Жеті жарғы және Қожаберген жырау» халықаралық қайырымдылық қорының бастамасымен Қожаберген жыраудың туған жеріндегі қорымда жерлестері тарапынан оған арнап күмбез орнатылды, құран бағышталып, ас берілді. Жамбыл ауданының орталығы Пресновка ауылындағы қазақ мектебінің алдындағы алаң Қожаберген атымен аталып, ескерткіш бюсті орнатылды, мектепте мұражайы ашылды. Ал Петропавл қаласындағы №6 қазақ орта мектебі де ұлы жыраудың есімімен аталады. Бертін Петропавлдың Астана жақтан кіреберіс қақпасына Қожаберген Толыбайұлының алып ескерткіші орнатылды. Өңірімізде жыл сайын Қожаберген оқуларын өткізу де дәстүрге айналды.

Халқымыздың аяулы ұлдарының бірі, батыр – қаламгер Бауыржан Момышұлы «Елім-ай» дастаны жайлы: «Қожаберген жыраудай бұрын-соңды өмір сүрген қазақ ақындарының бірде-біреуі қазақ жұрты жерінің көлемін, шекарасын айқындап берген емес. Ол кісінің «Елім-ай» жыры – әскери дастан! Жас бала кезімде оны әншілердің аузынан талай рет естіп едім. Шіркін, сол әскери дастан қайда бар екен?» – деп жазған екен. Иә, шерлі шежіре тілімен жазылған «Елім-ай» – намыс жыры. Ұлттық рух пен идеяның қайнар көзі, ол бүгінгі ұрпақты ел бірлігін нығайтуға, алауыздықтан арылуға, рушылдық, жүзшілдіктен тазаруға үндейді. Алаш баласына қалған аманат еңбек бізге сонысымен де қымбат!

Айдарбек САПАРОВ,

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *