«ЕҢ ТИІМДІСІ — ҮЙІРГЕЛІК ЖЕРЛЕРДІ ИГЕРУГЕ БАҒЫТТАЛҒАН БИЗНЕС ЖОБАЛАР»

Сұхбат
495 Views

Мұхтар ӘЖІҚАБЫЛОВ,

Мақтаарал аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының директоры:

«ЕҢ ТИІМДІСІ — ҮЙІРГЕЛІК ЖЕРЛЕРДІ ИГЕРУГЕ БАҒЫТТАЛҒАН БИЗНЕС ЖОБАЛАР»

Түркістан облысы, Мақтаарал ауданында ұлттық жоба бойынша жыл басынан бері төрт жарым мыңнан астам адамды жұмысқа тарту жоспарланған. Жүктелген жауапкершілік межесі қалай орындалуда? Бұл жөнінде төменде Мақтаарал аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Мұхтар Әжіқабыловпен әңгімелескен сұхбатымызды жариялаймыз.

  • Мақтаарал ауданы жұртшылығының әуелден еңбекқор, шаруаға бейім екені белгілі. Оның үстіне бүгінде кәсіп бастағысы келетін азаматтарға, оңтайлы жұмыс орындарына орналасуды көздейтін жастарға мемлекет тарапынан да қолдау орасан. Мұхтар Дүйсебайұлы, Мырзашөл халқы Үкіметтің осынау көмегін қаншалықты тиімді пайдалануда?
  • Иә, расында бүгінде мемлекет еңбекке жарамды тұрғындарды жұмыспен қамтуға, кәсіпкерлікке жол ашуға, дипломды жастарды қолдауға басымдық беріп отыр. Себебі, еліміздің экономикалық белсенді тобының арқасында мемлекет дамып, өркениетке қол жеткізеді. Бұл ретте Үкімет тарапынан көрсетіліп отырған қолдаудан Мақтаарал ауданы халқы да шет қалып отырған жоқ.

 Ауданымызда, ұлттық жоба бойынша жыл басынан бері төрт жарым мыңнан астам адамды жұмысқа тарту жоспарланған. Орталық қызметкерлеріне жыл басында осы межені орындауда нақты тапсырмалар жүктелді. Орталыққа жұмыспен қамту сұрақтарымен биыл 7 мыңнан аса адам жүгініпті. Аудан бойынша жалпы 5 мыңнан аса адамға жұмыспен қамту шаралары көрсетілген. Біз бірнеше бағытта жылдық жоспарды асыра орындадық. Жұмыспен қамту барысында ең алдымен отбасының әлеуметтік жағдайы ескеріледі. Мәселен, өздігінше жұмыс іздеп келген екі мыңға жуық тұрғынның ішінде аз уақыт ішінде жұмысқа орналасқандардың дені атаулы әлеуметтік көмек алатын мұқтаж отбасыларының мүшелері.

  • Жалпы, Мақтаарал ауданы кәсіпкерлікті дамытуға қолайлы өңірлерден саналады. Тұрғындардың бизнеске бет бұруына қолдау көрсету орталықтың басым бағыттардың бірі. Бұл ретте сіздердің тараптан қандай шаралар атқарылуда?
  • Кәсіпкерлікті дамыту жұмыспен қамту бағдарламасының ауқымды жобасынан саналады. Жалпы, ауданда биыл «Бастау-Бизнес» жобасы шеңберінде кәсіпкерлік негіздерінде оқуын аяқтаған және әлеуметтік мәртебесі осал топ қатарына жатқызылған азаматтарға жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін 214 адамға мемлекеттік гранттар беру жоспарланған.Қазіргі таңда 1 225 200 мың теңге көлеміндегі грантты 155 адамға үлестіру үшін 189 906,0 мың теңге қаржы қаралған. Қаражатты мақсатты жұмсау мақсатында төрт лекпен арнайы комиссия ұйымдастырылды. Комиссия отырысының шешімі бойынша жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға алдымен 18 адамға, кейін 30 адамға оң шешім шығарылып, кәсіпкерлікке бет бұруға қолдау көрсетілді. Осылайша 48 тұрғын мемлекеттік гранттардың арқасында көптен жоспарлап жүрген бизнестерін жүзеге асыруға мүмкіндік алып отыр.

Жалпы, ауданда кәсіпкерлікке қызығушылық білдірген тұрғындар баршылық. Жыл басынан бері «Business Enbek» электронды порталы арқылы «Бастау-Бизнес» жобасы шеңберінде кәсіпкерлік негіздеріне онлайн оқуға 700-ден астам азамат өтініш білдірген болса, оның жартысынан астамы бүгінде оқуларын аяқтады. Бұл нені көрсетеді? Бағдарламаның аудан халқының бизнеске бет бұруына орасан пайдасы зор екенін айқындайды.

  • Мәселен, кәсіпкерлікті қаржыландыруға келгенде, ауданның немесе қаланың ерекшелігі, сұранысы ескеріледі. Сіздер бизнес идеяларды қаржыландыруда қандай талаптарды ескеріп отырсыздар? Жалпы, гранттар қандай кәсіп түрлеріне берілді?
  • Жобаға қатысып, грантқа қол жеткізгендер түрлі бағытта бизнес-идеяларын ұсынған болатын. Атап айтқанда, қатысушылар полуфабрикат, кондитерлік өнімдерін өндіруге, тігін цехын ашуға, дәнекерлеу жұмыстарына жүргізуге қаражат алды. Мал, құс шаруашылығымен айналысқысы келетін азаматтар да өз жоспарларын комиссияға ұсынды. Жобалар әр алуан. Аудан әкімі бизнес идеялардың арасында үй іргелік жерлерді игеруге басымдық беруді тапсырған болатын. Жылыжай өнімдерімен айналысқысы келетін тұрғындардың мемлекет қолдауына қол жеткізуге мүмкіндігі мол. Себебі, бізге бос жатқан үй іргелік жерлерді игеруге ниет білдіретін 40 шақты адамның бизнес жоспарын қаржыландыруға тапсырма берілген. Сондықтан да аудан халқының жылыжай шаруашылығына ден қойып, түрлі көкөніс, жеміс-жидектерді өсіруге бейімделгені дұрыс.
  • Бұл айтылғандардың барлығы да кәсіпкерлікке икемді аудан азаматтарын қолдауға бағытталған шаралар болып табылады. Ал бұдан өзге тәжірибесі жоқ жас мамандарды жұмысқа орналастыруда, зейнеткерлікке жақындаған егде буынды еңбекке араластыру мақсатында да арнайы жобалар бар. Расында, осыған дейін дипломды жастардың оқуды аяқтаған соң тәжірибесі болмауының салдарынан жұмысқа тұрып кетуі, еңбекке қабылетті болса да жасы ұлғайған азаматтардың екі қолға бір күрек табуы қиындап кеткен болатын. Осыны ескерген Үкімет бірнеше тиімді шараларды қабылдады. Бұл бағыттың шарапатын Сіздің аудан тұрғындары қаншалықты сезініп отыр?
  • Иә, расында бұл жобалар дер кезінде қолға алынды. Бұл бағыттар бойынша да ауданда жүйелі жұмыстар атқарылуда. Жастар практикасы бойынша біздің ауданда жоспар бүгінде 500 адамды құрайды. Бекітілген жоспарға сәйкес 200-ге жуық жұмыс беруші мекемелермен келісім шартқа түздік. Осыған дейн 430 адам 12 ай мерзімге жастар практикасына жолданған, оның 10-ы тұрақты жұмысқа орналасуына байланысты жастар практикасын мерзімінен бұрын аяқтады. Осылайша, жылдық межені 86 пайызға орындадық.

 Соңғы жылдары қолға алынған «Алғашқы жұмыс орны» жобасы да жас буынды жұмыспен қамтуда өзінің жемісін беруде.Осының шеңберінде, жұмыс іздеп жүрген жоғары және орта арнаулы оқу орындарының түлектерін жұмысқа орналастыру бойынша жылдық жоспарға сай 30 адамды жолдау жоспарланған болатын. Жоспарға сәйкес 28 жұмыс беруші кәсіпорындар мен мекемеге 38 жұмыс тәжірибесі жоқ жұмыс іздеп жүрген жоғары және орта арнаулы оқу орындарын бітірген NEET жастар 18 ай мерзімге жұмысқа жолданды. Жылдық меже 127% орындалды.

Егде жастағы азаматтардың жұмыс табуы әрине, әлі де өзекті. Осы мәселені шешуде «Күміс жас» жобасының тиімділігін көріп отырмыз. Зейнеткерлік жасына жақындаған жұмыссыздарды жұмысқа орналастыруға 60 адамды жолдау жоспарланып отыр. Жоспарға сәйкес түрлі бағыттағы кәсіпорындар мен мекемелермен келісім шарт түзіліп зейнетке шығуына аз қалған жұмыссыз азаматтар 12 ай мерзімге жұмысқа жолданды. Бұл бағыттағы шаралар әлі де жалғасын табуда.

Осы ретте қоғамдық жұмысқа жолданған азаматтардың есебінен де ауданда жұмыссыздық мәселесінің оңтайлы шешіліп отырғанын айта кету керек. Биылғы жылы қоғамдық жұмысқа жолдау бойынша жылдық жоспармыңнан астам адамды құрап отыр. Қазірдің өзінде бұл бойынша жылдық жоспарды асыра орындап отырмыз.

— Мұхтар Дүйсебайұлы, жұмыссыздық проблемасын шешуге бағытталған бағдарламалардың бүгінде әбден жетілгенін, жүйеленгенін байқауға болады. Бұл жобалар екі қолға бір күрек іздеген жұмыссыздарды ғана қолдауға бағытталып отырған жоқ. Жұмыс беруші кәсіпкерлер мен мекемелер үшін де үлкен көмек болып отырғанын көріп отырмыз.

Ия, расында бұл реттебағдарламаны тиімді пайдаланып отырған кәсіпкерлер мен жұмыс берушілердің өз ризашылықтарын білдіріп отырғандарын да атап өткен жөн. Мәселен,кәсіпкерлердің қажеттіліктеріне қарай дағдыларды дамытубағыты бойыншабиыл жұмыс беруші кәсіпорындар мен кәсіпкерлердің сұранысына сәйкес кәсіптік мамандықтарға қайта даярлау және қысқа мерзімді кәсіптік оқу курстарына жолдауға 54 адамды, 23 адамды жұмыс орнында оқытуға, 150 адамды «Enbek.kz» платформасында сұранысқа ие дағдыларға онлайн оқытуға жолдау жоспарланған. Мұндағы шығындардың барлығы да жергілікті бюджет есебінен қаралауда.Аталған жоба шеңберінде жоспарға сай 54 адамды жұмыс берушінің өтініміне сәйкес қысқа мерзімді кәсіптік оқуға жолдау бойынша оқу ұйымдары арасында тиісті келісім-шарттар әзірленуде, ал 23 адамды лабарант мамандығына жұмыс орнында оқытуды ұйымдастыру бойынша ауданда орналасқан «Мырзакент» мақта зауыты басшылығымен келісім-шарттар түзілуде. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табуда. Ал жұмыс орындарын субсидиялауды ұйымдастыру арқылы кәсіпкерлікті қолдау бағыты бойыншаәлеуметтік жұмыс орнына 264 адам жоспарланған. Осыған дейін бұл жұмыс орындарына 363 адам он ай жұмыс мерзіміне жолданған, оның 47-і жұмыс орындарын ауысуына және отбасы жағдайларына, тұрақты жұмысқа орналасуына байланысты әлеуметтік жұмыс орындарын мерзімінен бұрын аяқтаған.

Биыл ауданда мемлекет қолдауымен жұмыс күші тапшы солтүстік өңірлерге көшіп барған азаматтар бар ма?

Жалпы орталық қызметкерлері еңбек ресурстарының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамыту бойынша халық арасында ұдайы түсіндіру жұмыстарын жүргізіп отырады. Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Қостанай облыстарынан келген делегаттардың қатысуымен көшуге ниет білдіруші отбасыларға және жұмыссыз азаматтарға арнайы жәрмеңкелер мен жиналыстар ұйымдастырылды. Жыл басынан бері Солтүстік өңірлерге ауданнан жалпы 11 отбасы, отбасы құрамы 56 адам қоныс аударды. Оның ішінде Павлодар облысына 4 отбасы 21адам және Солтүстік Қазақстан облысына 6 отбасы29 адам, Қостанай облысына бір отбасы6адам қоныс аударды. Біз көшіп барған отбасылармен ұдайы байланыстамыз. Қоныс аударған тұрғындар бүгінде тұрақты жұмыс орындарына орналасып, мал, егін шаруашылықтарын қолға алып отыр.

— Әңгімеңізге рахмет! Істеріңізге сәттілік тілейміз!

Сұхбаттасқан Меруерт МАҚАЖАН

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *