КІТАППЕН ҚАНАТ ҚАҚҚАН ҚОС ДАРЫН

Мерей Әдебиет
29 Views

Бүгінгі таңда «Заманауи жастар неге кітап оқымайды?», «Технология дамыған сайын руханият кейінге сырғып бара жатқан жоқ па?» деген сұрақ жиі мазалайды. Жұртшылық «смартфонға телмірген буын» деп өкпе айтып жатқанда, Орал қаласынан шыққан 14 жастағы егіз ағайынды – Арлан мен Аслан Айтқалиевтер бұл пікірдің жаңсақ екенін өз істерімен дәлелдеп, балалар әдебиетіне ерекше құбылыс болып келді.

Мектеп қабырғасында оқитын жас өрендер құр бос сөзбен емес, нақты әрекетпен оқырман санасын оятуға бел байлаған. Олардың қиялынан туған «Гарольд және ЛараБель. Кітаптар патшалығы» атты ертегісі – жас буынды білім мен мейірімге, достық пен адамгершілікке шақыратын рухани темірқазық. Бір жылдан астам уақыт бойы ізденіс пен еңбектің нәтижесінде жарық көрген бұл тырнақалды туынды қазірдің өзінде отандық және халықаралық деңгейде «Балаларға арналған ең үздік кітап» атанып, оқырман сүйіспеншілігіне бөленуде.

Дарындылық аспаннан түспейді, ол – тәлім мен тәрбиенің жемісі. Арлан мен Асланның бойындағы кітапқа деген сүйіспеншілік отбасылық дәм-тұздың, үйдегі парасатты ортаның арқасында бүр жарды. Алты жасында әріп танып, әлем әдебиетінің кәусар бұлағынан сусындаған егіздер үшін кітап оқу күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналды.

Шығарманың сюжеті қазіргі қоғамдағы кітап оқуға деген қызығушылықтың бәсеңдеу мәселесін арқау етеді. Басты кейіпкерлер – Гарольд пен ЛараБель кітапханадан тапқан сиқырлы фолиант арқылы «Кітаптар патшалығына» тап болып, білім мен ізгілікті сақтап қалу жолында түрлі сынақтардан өтеді. Соның нәтижесінде кітаптарға қайта жан бітіріп, балаларға табиғатты қорғау, достыққа адал болу және ізденімпаздық сияқты асыл құндылықтарды дәріптейтін «Білім мен ізгілік мектебін» ашады. Осы арқылы авторлар әрбір ашылған кітаптың жаңа әлемге бастар жол екенін аңғартады.

Арлан мен Асланның еңбегі мазмұнымен ғана емес, заманауи үлгіде дайындалуымен де ерекшеленеді. Ертегі қазақ, орыс, ағылшын және неміс тілдерінде жарық көріп, QR-код арқылы аудионұсқасы мен сурдоаудармасы ұсынылған. Үлкен форматта, сапалы қағазға басылған кітап жарқын иллюстрациялармен безендіріліп, балалар кітапханалары мен жас оқырмандарға арналған құнды басылымға айналған.

Тырнақалды туынды әуелде 500 данамен жарық көргенімен, оның арыны қазірдің өзінде республика шекарасынан асып түсті. Жақында өткен Еуразиялық халықаралық кітап көрмесінде кеңінен таныстырылған кітап бүгінде Қазақстанның Ұлттық кітапханасында, отандық кітап дүкендерінде, сонымен қатар Италия мен басқа да шет елдердің қорында сақтаулы.

Жас авторлардың еңбегі бүгінде халықаралық деңгейде де жоғары бағаланып келеді. Арлан мен Аслан «Наш Андерсен» халықаралық байқауының лауреаты атанып, Goethe Institut ұйымдастырған халықаралық байқауда жүлдегер болды. Сондай-ақ Халықаралық жазушылар гильдиясының шақыртуымен Данияға жолдама алып, шетелдік оқырмандармен онлайн кездесулер арқылы кітап оқуды насихаттап жүр. Жақында Ақордада болып, Қазақстан Республикасы Президентінің жеке кітапханасына өз туындыларын тарту етуі – жас қаламгерлер еңбегіне көрсетілген зор құрмет пен сенімнің айқын белгісі.

Арлан мен Аслан әдебиетпен ғана шектелмейді. Олар кескіндемемен айналысады, гитарада ойнайды, спорттың бірнеше түрін меңгерген, ғылыми жобаларға қатысып, шет тілдерін терең меңгеруге ден қойған. Болашақта дипломат болуды мақсат еткен ағайындылар білім мен мәдениет арқылы елдер арасын жақындастыруды армандайды. Бұл жолда олар Шыңғыс Айтматовтың өмірі мен шығармашылығын өздеріне үлгі тұтады.

«Білекті бірді, білімді мыңды жығады» дейді халқымыз. Оралдық егіздердің бүгінгі жетістігі — кітаптың адам өміріндегі орнын дәлелдейтін жарқын мысал. Жас болса да ел руханиятына үлес қосып жүрген Арлан мен Асланның еңбегі өз қатарластарына өнеге, үлкендерге мақтаныш. Қазірдің өзінде жаңа шығармаларға кіріскен дарынды өрендердің болашағынан күтер үміт зор. Кітапқа деген сүйіспеншіліктен басталған бұл жолдың әлі талай биік белестерге бастайтынына сенім мол.

 

Асыл МЫРЗАҒАЛИЕВ,

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенті