ондағы саумал мен «Ақсақал» қымызын ішкен жандардан байқалды
Әйгілі «Ақсақал» қымызы Алматы қаласы, облысы ғана емес, мұқым Қазақстанда белгілі. Оны биыл 11-12 шілде аралығында Астанада «Қазанат» ипподромында өткен BaiQymyz-2026 халықаралық ауқымды қымыз гастрофестивалі кезінде байқадық. Жүлде қоры 45 миллион теңгені құраған ауқымды шарада 60-тан астам еліміздің үздік қымыз өндірушілері қонақтарға 56 тоннаға жуық өз өнімдерін ұсынды. Гастрофестивальда «Үздік қымыз» байқауы, ұлттық спорт түрлері мен ұлттық ойындар, жәрмеңкелер, аукциондар және көрмелер ұйымдастырылып, еліміздің түкпір-түкпірінен, шет елдерден келген қонақтар назарына ұсынылды.
Екі күнге созылған іс-шараға 70 мыңнан астам қонақ келуінің өзі ел тұрғындарының ата дәмге қызығушылығын айқын аңғартты. Ал ұйымдастырушылардың айтуынша, фестивальдің басты мақсаты – қымыз өндірісін дамыту, ұлттық тағам мәдениетін насихаттау және отандық өндірушілерді қолдау.
Дәмдода барысында қатысушылар қымыздың сапасы, дәмі, дайындалу ерекшелігі мен ұлттық дәстүрге сәйкестігі бойынша сынға түсіп, екінші күні «BaiQymyz» халықаралық фестивалі аясында ұлттық сусын — қымызды дәріптеуге арналған ауқымды байқауы қорытындыланды.
Солардың ішінде мыңдаған адамдарды тамсантқан «Ақсақал» қымызына сонау Америкадан келген 2 турист ерекше тәнті болды. Олар әртүрлі қымызды ішіп көргендігін, алайда «Ақсақалдың» дәмі ешқайсысына ұқсамайтындығына назар аударды. Айтса айтқандай, дәмдода соңындағы салиқалы жюридің шешімімен «Ақсақал» қымызы ең маңызды «Дәм шебері» номинациясы бойынша Жүлдегер атанып, 500 мың теңге сыйлығын жеңіп алды. Бұл марапат қымыздың ашытылу бабына, дәмінің ерекше теңгеріміне және дәстүрлі технологияны бұзбай дайындалуын қамтамасыз еткені үшін берілген.
«Ақсақал» қымызы ежелгі қазақ ата-бабаларымыздың саба мен күбіде пісу әдісін қолдана отырып, тобылғымен немесе қайың қабығымен ыстау (ыс беру) технологиясын сақтап дайындалған. Оның дәміндегі өзіндік жұмсақтық пен соңғы тұщы ноталары дәл осы табиғи өңдеу мен Алматы өңірінің таулы шөптерінің құнарынан келгені анықталған. Қанша ішсең де келесі кесеге қалай қол созғаныңызды байқамай қаласыз. Оның технологиясын, баптау шеберлігін ойлап тапқан азамат – Құрманғали Мақсұтұлы Жұмағұлов. Ол «Ақсақал» қымыз брендінің авторы әрі Алматы облысындағы «Saumal Deluxe» компаниясының жетекшісі. Алматы облысының Талғар ауданына қарасты Белбұлақ ауылында арнайы саумал терапиясымен айналысатын Құрманғали Мақсұтұлының өзімен әңгімелескенімізде ол бұл өнімнің Қазақ тағамтану академиясы мекемесінен тексеруден өтіп, жоғары бағаға ие болғандығын әрі тиісті сынақтардан сәтті өткендігін айтты. Қазір тиісті құжаттар, сертификаттар компания төрінде ілулі тұрғанын өз көзімізбен көрдік.
Сондай-ақ бренд иесінің түсіндіруінше, саумал-терапия – жаңа сауылған бие сүтін, яғни саумалды белгілі бір жүйемен тұрақты түрде қабылдауға негізделген емдік-сауықтыру әдісі. Бұл әдістің негізгі мақсаты – аурудың жекелеген белгілерін ғана жеңілдету емес, ағзаның жалпы жағдайын жақсартуға, оның табиғи қалпына келу үдерістерін қолдауға бағытталған. Саумал ағзаға жеңіл сіңеді және аллергиялық реакция тудырмайды. Сондықтан оны балаларға да, егде жастағы адамдарға да тұтынуға болады. Сондай-ақ саумал иммундық жүйенің қызметін жұмсақ қолдаушы табиғи иммуномодулятор ретінде сипатталады. Әсіресе ауыр сырқаттардан кейін ағзаны қалпына келтіру кезеңінде оның маңызы зор екенін атап өтті.
«Ақсақалдың», «Saumal Deluxe» орталығындағы саумалдың керемет қасиеттері мен бал татыған дәмі, денсаулыққа тигізген ерекше шипасы туралы осында болып, емделіп, жағдайын жақсартқан жандар мен нақты маманның әңгімелеріне құлақ түрейік.
Амалжол Мелдеханұлы Ақаев, зейнеткер, емделуші: Біреулерден естіп, осындай саумалы жақсы бар деп жолдасым екеуміз келдік. Өте жақсы әсер етті… Содан бері мінеки қазір 3-ші рет келіп отырмын. Бұл жердің саумалы өте жақсы, ерекше әсер еткенін байқадым. Аурудың бәрі терімен шығатынына көз жеткіздім. Осы жердегі ем-домның арқасында жүгіретін дәрежеге жеттім. Өздері жұртқа беретін саумал мөлшері бар ғой: таңертең, түсте, кешке. Сол көлемді ғана қолданам, артық ішпеймін. Жан дүниеме әл беріп, әсер етіп жатқанын байқап отырам. Мен атомдық су асты қайығында қызмет етіп, ракеташылардың бір бөлімін басқардым. Қазір дербес пенсионермін. Алматыда жайлы үй кешенінде тұрамын.
Павел Лебедев, емделуші: Ауруханада бауырымды емдеген кезде қолданылған дәрілердің салдарынан бүйрегіме кері әсері тиіп, оның жұмысы нашарлап кетті. Мені емдеу мүмкіндігі жоқ екенін айтып, ауруханадан шығарып тастады. Қан талдауындағы креатинин көрсеткіші өте жоғары болды. Бұл – бүйрек қызметін бағалауда маңызды көрсеткіштердің бірі. Кейін осы жерден ем алғаннан соң, екі аптадан кейін қан талдауын тапсырдым. Нәтижесінде креатинин көрсеткіші қалыпты деңгейге түсті. Бүйрегімнің жұмысы да қалпына келе бастады. Екі аптаның ішінде бүйрегімнің көрсеткіштері өте жақсарғанын талдау нәтижелерінен көрдім.
Дүйсембаев Кенесхан Идырысұлы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, емделуші: Мамандығым – жылқы шаруашылығы, нақтырақ айтқанда, жылқы өсіру саласы. Ғылыми диссертациямды да қымыз тақырыбы негізінде қорғадым. Алматы қаласында тұрамын. Аграрлық университеттен келдім. Мұнда ем қабылдағанға дейінгі және кейінгі жағдайымды салыстыратын болсам, қазір атқа мініп, шауып жүре аламын. Шынын айтсам, мұның әсері өте жоғары. Мұндай өнімді басқа жерден табу қиын. Өзім айтқандай, бие сүті ана сүтіне, әсіресе жаңа сауылған сүтке өте жақын. Құрамы жағынан 99 пайызға дейін ұқсас. Сондықтан оның ағзаға беретін пайдасы зор деп есептеймін. Қазір, Құдайға шүкір, атқа мініп, шауып жүрміз.
Иә, атқа мініп серуендеймін. Мұнда арнайы үлкен айналма жол бар, сол жерде атпен жүремін. Бір-екі азаматпен бірге тауға да көтерілдік. Жалпы, бұл өнімнің әсері жақсы. Бізде бір кемшілік бар: жалқаулыққа салынып, көбіне қимылсыз отырғанды жақсы көреміз. Ал атқа міну – өз алдына бір гимнастика, дене жаттығуы. Ат үстінде жүру адамның денесін шынықтырып, қозғалысын арттырады.
Қымыз бен саумалдың қасиетіне келсек, оны тұтынудың өзіндік ерекшелігі бар. Бұған дейін де айтқанымдай, ең жоғары әсері – жаңа сауылған, яғни бие сүтінің табиғи, саумал күйінде болған кезінде байқалады. Өйткені бие сүті сауылғаннан кейін шамамен үш сағат өткен соң аши бастайды. Ашыған кезде оның бастапқы қасиеттері өзгереді. Ашыған сүт бастапқы саумал күйінде болмайды. Сондықтан саумалды мүмкіндігінше жаңа сауылған күйінде ішкен дұрыс.
Бие сүтінің дәміне келетін болсақ, оның өзіндік ерекшелігі бар. Аздап тілмен қозғап көргенде, дәмі қоюлау, сәл кермек әрі тәттілеу сезіледі. Мұның себебі – бие сүтінің құрамында лактозаның мөлшері жоғары. Лактоза табиғатта сүттің құрамында кездеседі. Ол түйе, бие, ешкі және қой сүтінде болады. Алайда лактозаның мөлшері ең жоғары сүт – бие сүті, әсіресе жаңа сауылған саумал. Сондықтан оның дәмі де, құрамы да басқа сүт түрлерінен ерекшеленеді.
Эльмира Балабекқызы Атантаева, С.Д.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінің Жүйке аурулары кафедрасының доценті, медицина ғылымдарының кандидаты: Жеке өзім Саумалға пандемия кезінде қызығушылық таныттым. Пандемия дәуірінде, басқа өңірлерде қалай болғанын білмеймін, бірақ Алматыда саумал мен қымыз үшін үлкен кезектер болатын. Өйткені дәл сол кезде саумал арқылы ковидтің өзімен ғана емес, салдарымен күресу, тіпті өткір жағдайлардың өзінен жол табу өте тиімді болып шықты. Кейіннен мен көптеген адамдар жаңа саумал ішу үшін арнайы келіп демалатын «Саумал Делюкс» сауықтыру кешеніне бардым.
Біз зерттеулер жүргіздік, ол еңбегіміз балғын (табиғи) саумалдың адам денсаулығына, атап айтқанда жүйке жүйесіне қалай әсер ететінін зерттеуге арналды. Мен невролог болғандықтан, әрине, жүйке жүйесі ерекше қызықтырды. Белгілі философ Эмерсон: «Жалғыз ғана құрмет бар – көмек көрсету құрметі. Жалғыз ғана күш бар – көмекке келу күші» деген екен. Ал көмектесу үшін біз, әрине, біртұтас тәсілді қолдануымыз керек. Платон дәрігерлер рух дәрігерлері және тән дәрігерлері болып бөлініп кеткенін айтқанда, істің кейін неге айналатынын әлі елестете алмаған еді.
Бүгінгі таңда медицина саласында 300 мамандық бар, олардың әрқайсысы өз ауруын емдейді. Әрқайсысы бір-бірін түсінуді тоқтатты. Сондықтан бізге өз ғұламаларымызға бағдар жасау керек. Мысалы, Гиппократ «Дәрігер ауруды емес, науқасты емдеуі тиіс» деп айтқан. Ол тағы бір сөзінде: «Тағамыңыз дәріңізге айналсын. Біз не жесек, сомыз». Аллаға шүкір, қазір дәрігерлер адамды жекелеген ағзалар түрінде емес, психо-анатомиялық тұтастық, био-психо-әлеуметтік модель ретінде қарастырады.
Емдеу, осы элементтердің әрқайсына бағытталуы тиіс. Яғни, қазір біртұтас, мультидисциплинарлық тәсіл қолданылады. Жақында мен Италияда амилоидозды және атап айтканға амилоидты полинейропатияны емдеудің ең жаңа әдістері туралы семинарда болдым, Павия қаласында, олар да мультидисциплинарлық тәсілді қолданады. Бір пациентті қаншама маман зерттейтініне назар аударыңызшы, бұл тізімге нутрициологтар мен диетологтар да енеді. Сондықтан қазіргі таңда біздің инсульт орталықтарымызда да логопедтер, кинезиологтар, диетологтар және т.б. кіретін тұтас мультидисциплинарлық бригадалар жұмыс істейтінін айтқым келеді.
Барлығы адамды қалпына келтіруге бағытталған. Заманауи неврологияда осы мультидисциплинарлық тәсіл қолданылады. Ал саумал, негізінен, энергетикалық және нейротрофикалық факторларды қалпына келтіруге бағытталған. Бұрын жүйке жасушалары қалпына келмейді деп саналғаны есіңізде шығар, бірақ кейін бәрімізде нейротрофикалық фактор бар екені ашылды. Жаратушы мұны бәрімізге салып қойған. Осы нейротрофикалық фактордың арқасында біз қалпына келе аламыз. Ағзамызда сауығып кету үшін барлық нәрсе бар.
Жаратушы бізді кем дегенде 150 жыл өмір сүретіндей етіп жаратқан. Жалғыз мәселе – қалай дұрыс өмір сүру керектігін білмейміз, сондықтан 150 жылға дейін өмір сүрмейміз. Алайда ғылымның, молекулярлық нейробиологияның дамуы арқасында біз бұл нейротрофикалық факторды қалпына келтірудің көптеген мүмкіндіктері барын білеміз. Саумал да осы нейротрофикалық фактордың жұмыс істеуіне бағытталғаны белгілі.
Мен бұл мәселеге қызығушылық танытқан кезде, осы бағытта – саумалдың неврологияға, жүйке жүйесіне қалай әсер ететіні туралы зерттеулер мен әдебиеттер өте аз екенін байқадым. Сондықтан біз резиденттерімізбен және интерндерімізбен бірге саумалдың жүйке жүйесіне қалай әсер ететіні туралы зерттеу жүргізуді жөн көрдік.
Саумалдың неден тұратыны, қандай минералдар, витаминдер, аминоқышқылдар бар екендігі және басқа сүт түрлерінен айырмашылығы туралы көп айтуға болады. Бүгінгі таңда саумал адам үшін ең пайдалы және ең қауіпсіз екені белгілі. Неліктен? Себебі саумал құрамы бойынша ананың сүтіне өте ұқсайды.
Саумалдың әсерлері қандай? Қабынуға қарсы, бауыр жағдайын жақсарту, антиоксиданттық қасиеттер, иммунитетті қолдау, ісікке қарсы әсерлер. Зерттеушілер қазір микробиом туралы көп айтып жүр. Шын мәнінде, ішек, микробиота және ми – бұл орталық жүйке жүйесін, асқазан-ішек жолдарын және ішек микробиотасын біріктіретін кешенді биологиялық жүйе. Микробиота нейротрансмиттерлерді синтездеуге қатысады. Мысалы, серотониннің 90%-ға жуығы ішекте синтезделеді. Бактериялардың тіршілік өнімдері (қысқа тізбекті май қышқылдары SCFA) қан-ми барьерінің өткізгіштігіне және иммундық жасушалардың белсенділігіне әсер етеді. Стресс өз кезегінде миға әсер ететін жүйелі қабынуға ықпал етіп, ішектің өткізгіштігін жоғарылатып, микробтық балансты бұзуы мүмкін. Бұл осьтің бұзылуы депрессиямен, мазасыздық бұзылыстарымен, нейродегенерациямен және тіпті аутизммен байланысты.
Саумалдың құрамына тағы да назар аударыңызшы: ағзаға қажетті 40-тан астам пайдалы заттар, дәрумендер, аминоқышқылдар, майлар, ферменттер, лизоцим, амилаза, микроэлементтер және т.б. бар.
Бізге дәрумендер не үшін керек? Жүйке жүйесі үшін дәрумендер, әсіресе В тобындағы дәрумендер нейротрофикалық факторды, барлық нейротрансмиттерлерді толтырады, бұл – жүйке жүйесі үшін нан іспеттес. Саумалда көрсетілген аминоқышқылдар неврологияда үлкен рөл атқарады. Саумалда өте маңызды аминоқышқыл – триптофан бар. Ағза триптофанды ниацин (В3 дәрумені), серотонин, эндорфиндер, энкефалиндер (бақыт гормондары) және мелатонин өндіру үшін пайдаланады. Ниацин көмірсулар, майлар мен ақуыздарды энергияға айналдыру үшін қажет. Серотонин көңіл-күйді, тәбетті реттеуге қатысады, ал мелатонин ұйқы мен тәуліктік ырғақты реттейді. Триптофан мазасыздықпен, стресспен, ұйқысыздықпен және депрессиямен күресуге көмектеседі.
«Saumal Deluxe» орталығында болған пациенттер: «Ой, таңғаларлық жайт, ішкеннен кейін өзімді соншалықты жақсы сезінемін, неліктен?» дейді. Бұл саумалда бар аминоқышқылдардың арқасында бақыт гормондары осындай әсер тудырады екен.
Биолактоза. Бие сүтінің лактозасы, ана сүті сияқты, сиыр сүтінен айырмашылығы, іс жүзінде бірдей мөлшерде бета-лактозадан тұрады. Жіңішке ішекте бета-лактозаның гидролизденуі глюкоза мен галактозаның түзілуіне әкеледі, ал галактоза орталық жүйке жүйесінің дамуы үшін қажетті галактолипидтердің құрамдас бөлігі болып табылады.
Зерттеуіміздің мақсаты неврологиялық науқастарды кешенді емдеуде саумалтерапияның тиімділігін анықтау болды. Біз науқастарды басқа жақтан іздеген жоқпыз, олар «Саумал Делюкске» келіп, биеден жаңа сауылып әкелінген балғын саумал ішкен демалушылар еді. Онда қарқынды терапия тәжірибесі қолданылады, яғни диетаның орнына тәулігіне 6 рет тек саумал қолданылады.
Біз не істедік? Пациенттер 30 күн бойы күн сайын саумал қабылдады, негізгі терапия өзгеріссіз қалды, ал бақылау тексерулері 1-ші және 30-шы күндері жүргізілді. Өткізілген жері: Алматы маңындағы Талғар ауданы («Саумал Делюкс» қонақ үйі). Тау аясындағы табиғаты өте әсем жер.
Материалдар мен әдістер: Қатысу критерийлері – 18 жастан асқандар, созылмалы неврологиялық аурулардың диагнозы (неврония, мидың созылмалы ишемиясы, созылмалы ауырсыну синдромы, вегето-тамырлық дистония, созылмалы шаршау синдромы), соматикалық аурудың тұрақты ағымы және пациенттің ақпараттандырылған келісімі. Декомпенсацияланған науқастар болмады.
Неврологиялық тексеру, мазасыздық деңгейін бағалайтын Гамильтон мазасыздық шкаласы, когнитивті қабілеттерді (жады, зейін) бағалайтын МОКА шкаласы, астенияның көрініс дәрежесін өлшейтін астениялық жағдай шкаласы қолданылды. Зерттеуге 35 пен 65 жас аралығындағы 15 пациент (12 әйел, 3 ер адам) қатысты. Оларда мазасыздықтың жоғарылауы, жадының нашарлауы, астения шағымдары болды.
Нәтижесінде не алдық? Астениялық жағдай шкаласының көрсеткіштері айтарлықтай жақсарды. Гамильтонның мазасыздық шкаласы да керемет жақсарды – пациенттерде мазасыздық деңгейі едәуір төмендеді. МОКА шкаласы бойынша когнитивті функциялар жоғарылады. Жалпы әлсіздікке, шаршағыштыққа, бас ауруына шағымдар азайды, ұйқы жақсарды, ояну жеңілдеді, қорқыныштар мен кернеу деңгейі төмендеді. «Ең жаманын күту» үмітпен алмасты. Соматикалық көріністер де психологиялық көріністер сияқты азайды. Жады мен зейін жақсарды, артық салмақ төмендеді, артериалды қысым қалыпқа келді және жалпы денсаулық жағдайы жақсарды.
Қорытынды: Саумалтерапия неврологиялық жағдайларды кешенді емдеуде жоғары клиникалық тиімділігін көрсетті. Бұл бағыттағы зерттеулерді жалғастыру және кеңейту қажет. Бие сүті және оның негізіндегі өнімдер негізгі препараттармен қатар әр түрлі аурулар мен жағдайларды емдеуде базалық құрал ретінде кеңінен қолданылуы тиіс. Бие сүтінің пайдалы қасиеттерін зерттеудің перспективасы зор және ол тәжірибелік денсаулық сақтау мен медицина ғылымының әр саласында әрі қарай зерделеуді қажет ететін пән болып табылады.
ЖОҒАРЫДА ой-пікірлерін, нақты нәтижелері мен ғылыми қорытындыны айтқан жандардың сөздерінен көрінгеніндей, «Saumal Deluxe» орталығының саумалы мен «Ақсақал» қымызы жоғары технологиялар мен қазақы дәстүрді терең зерттеулердің жемісі. Бұл технологияны растайтын ресми құжат оның авторы Құрманғали Мақсұтұлы Жұмағұловтың қолында тұр. Осы өнімді жасаудың қыр-сырларын ұзақ жылдар бойы зерттеген ол қазіргі таңда өз өнімдерін қолдана отырып, жақпамай, сабын, құрт, ірімшік және басқа өнімдерді шығаруда. Бір қызығы, бұл өнімдер өз елімізде ғана емес, шетелдерде де сұранысқа ие болған. Қазір бірнеше Оңтүстік Корея кәсіпкері «Saumal Deluxe» компаниясының бірқатар өнімдеріне тұрақты түрде тапсырыстар беріп келеді. Бұл – сапаны мойындау, өнімдердің жоғары деңгейін әділ бағалау. Уақыт өте келе орталықтың өнімдері ҮЛКЕН СҰРАНЫСТАРҒА ие болатынына еш күдік жоқ. Әлемдегі ірі компаниялардың көбі осы жолдан өткен.
Ендігі басты әңгіме мыңдаған жандардың ыстық ықыласы мен құрметіне ие болған осынау ғажап өнімдердің мұқым жұртшылыққа жетуіне мұрындық болу. Бұл орайда жоғары билік өкілдері елең етіп, тиісті ірі қорлар қолдау көрсетсе, қаншама сырқат жандардың дәрісіз-ақ емделуіне сара жол ашылар еді. «Saumal Deluxe» компаниясына мемлекет тарапынан нақты қолдау, көмек керек. Құрманғали Мақсұтұлы Жұмағұловпен әңгімелескенімізде, егер оған атқарушы билік тарапынан нақты қолдау болса, түркі әлемінің дүние жүзіне даңқын шығаратын ұлттық колориттегі ауқымды жобалары бар екенін әңгімелеп берді. Оның үстіне бұл іскер азаматтың елдегі ірі компанияларда менеджер, маркетолог болып жұмыс істеп, жинаған мол тәжірибесі бар БІЛІКТІ МАМАН екендігін ескерген абзал. Егер оның ой-армандары жүзеге асырылып, ұлт қамы жолындағы САЛИҚАЛЫ ЖОБАЛАРЫ ІСКЕ АСЫРЫЛСА қазақ ұлтының даңқы әлемді дүр сілкіндіретініне сеніміміз зор. Әзірге Құрманғали Мақсұтұлына сәттілік серік болсын демекпіз.
Мұратбек ТОҚТАҒАЗИН,
Қазақстанның Бас редакторлар клубының бірінші вице-президенті,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры




