МАЛ АЗЫҒЫ БАҒАСЫН НЕГІЗСІЗ ӨСІРУГЕ ЖОЛ БЕРІЛМЕЙДІ

Экономика Қоғам
740 Views

Түркістан облысы елімізде алғаш болып астық жинауға кірісті. Өңірдегі малбасына қажетті 4 млн.тоннаға жуық мал азығы 100 % жиналады. Мал азығы қорынмолайтып, мал басын сақтап қалу мақсатында облыстағы мал азығы жағдайына талдау жасалды. Бұл туралы Қазығұрт ауданында өткен «Мал аздығымен қамтамасыз ету жәнеастық ору барысы» туралы көшпелі мәжілісте мәлімдеген облыс әкімі ӨмірзақШөкеев мәселені шешуге аймақтардың толықтай мүмкіншіліктері бар екендігін жеткізді. Барлық аудан, қала әкімдері мен шаруалардың басын қосқан жиын

Қызылқия ауылдық округіндегі «Қараша-Агро» ЖШС-нде өтті. Облыс басшысы жаңбырлатып суару әдісін пайдаланып, жоңышқа егумен айналысатын шаруа қожалығының жұмысымен танысты. Биылғы қуаңшылық Түркістан облысында шаруалардың жыл сайын табиғи шөп оратын алқаптарына да әсер етіп, Келес, Сарыағаш аудандарында табиғи шөп бітік шықпады. Жиында мұндай жағдайда мал азығына сұраныс артып, алып-сатарлар арқылы бағаның негізсіз көтерілетіні жайлы айтылды. Бүгінгі жағдай тұрақты. Бірқатар аудандар өздеріне қажетті жем-шөп мөлшерін 100% -ға жинап үлгерген.

«Облыста мал азығын сататын агроқұрылымдардың тізімі жасақталып, тікелей шаруалармен байланыс орнату жұмыстары жүргізілуде.Сондай-ақ, алдағы уақытта мал азығы тапшылығы тәуекелділігінің алдын-алу, бағасын тұрақтандыру мақсатында Қарағанды облысының Ұлытау ауданындағы орман қорындағы, босалқы және жайылым жерлерінен табиғи шөптерін жинап алу жөнінде 2 облыс әкімдіктері арасында меморандум жасалды. Бұдан бөлек, облыстағы орман қорының жерлерінен табиғи шөптерді орып алу ұйымдастырылуда және Бәйдібек, Созақ, Шардара аудандарының жайылымдарын пайдалануға тапсырма берілді»,- деді облыс әкімі.

Бұл іс-шаралар облыс агроқұрылымдарын қол жетімді мал азығымен қамтамасыз етіп, мал шаруашылығының даму қарқынын арттыруға жол ашады. Өмірзақ Естайұлы мәселені ушықтырмай, уақытылы шешуді жеткізді. Өңірдегі жалпы мал азығы көлемін арттырып, егістікті әртараптандыруды жалғастырып, жоңышқа өсіруді дамыту туралы тапсырма берді. Басқосуда айтылғандай, бастапқыда батыс өңірлеріндегі жағдайдан үрейленіп, әр бума пресс жоңышқаның бағасы 1200 — 1400 теңгеге дейін көтерілсе, қазір облыста егістік алқап басынан табиғи шөптер прессі 400-500 теңге, жоңышқа 700-800 теңгеден сатылуда.

«Мақтаарал ауданында жем — шөп бағасы қымбаттаған деген әңгіме дұрыс емес. Бізде мал азығы жеткілікті. Біз нарықты қадағалап отырамыз. Жоспарға сәйкес жұмыстар жүргізіліп жатыр. Кей жерлерде қымбаттатылған бағамен жоңышқа сатылып жатқаны жайлы естідік. Бірақ бұл жекелеген кәсіпкерлердің ісі», — деді Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов.

Ағымдағы жылы ауыл шаруашылығы дақылдары 845 мың гектарға орналастырылып, толығымен аяқталды.

Ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру шеңберінде биыл мал азықтық дақылдардың көлемі 4,1 мың гектарға артып 217 мың гектарға егілді.

Егіс науқанына 20 мыңнан астам ауыл шаруашылығы техникалары тартылды. «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ы тарапынан дала жұмыстарына 900-ден астам агроқұрылымға 4,6 млрд. теңге несие берілді.

Ауыспалы егін егу тәсілін сақтай отырып, жаңа нөлдік технологиямен өнім алуды Түркістан облысында дамыту қажет. Қазығұрт ауданы, Шарбұлақ ауыл округі, «Сапа-2002» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің егін ору науқанымен танысқан облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев осылай деді. Ауыспалы егіс – топырақ құнарын сақтау және арттыру, тұрақты мол өнім алу мақсатында дақылдарды және танаптарды алмастырып отыру жүйесі.

Дақылдар алмастырылып егілгенде, өнім көрсеткіштері жақсарады, жердің құнарлылығы артады, топырақ эрозиясы төмендейді, егістіктің ластануы, зиянкестер мен ауру қоздырғыштардың көбеюі азаяды. Қазығұрт ауданында жалпы егістік көлемі 100 мың гектардан асады. Көктемгі дала қорытындысымен меже 100 пайызға орындалып, аудан толығымен астық тұқымдарымен қамтамасыз етілген.

ӨМІРЗАҚ ШӨКЕЕВ ШАРУАЛАРМЕН ТҮЙТКІЛДІ МӘСЕЛЕЛЕРДІ ТАЛҚЫЛАДЫ

Мақтаарал ауданының диқандары 1 гектар жерден 20 тоннаға дейін қауын-қарбыз жинауда. Тамшылатып суару технологиясын қолдану арқылы бақша дақылдарын өсіретін «Физули» шаруа қожалығының қауын алқабында болған облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев жергілікті шаруалармен кездесіп, түйткілді мәселелерді жан — жақты талқылады. Мақтаарал ауданында жұмыс сапарымен барған облыс басшысымен жүздескен диқандар мақта өсіруден бақша дақылдарын егуге бет бұрып, жаңа кәсіпті тұрақты табыс көзіне айналдырып үлгергендерін жеткізді. Облыс басшысы аудандағы мал азығы мәселесіне де тоқталды. Жем — шөп қоры жеткілікті жиналған Мақтааралда мал азығы жетпеген жағдайда өзіндік жем-шөппен қамту көлемі 6 есеге дейін жоғары Шардара секілді аудандардың есебінен мәселені шеше алады. Ал, жайылымы тапшы аймақтарға орман қоры есебіндегі жерлерден мал жайылымына уақытша жер беру және орман шөбін оруға рұқсат беруді жүзеге асыратын болады. Аудан басшылығы облыс әкіміне жеке қолдағы К-20 каналын мемлекет меншігіне қайтару, ол үшін 12 жылға бөліп төлеу негізінде сатып алу туралы мәселе көтерді. Мәселені шешу жолдары талқыланды. Облыс әкімі бір алқаптан 2-3 өнім алу бойынша «Сабыр» шаруа қожалығында болып, Жамбыл ауылдық округі, Көкпарсай ауылындағы «С.Оспанов» шаруа қожалығының мал азығына қажетті егілген жоңышқалық алқаптың жағдайымен танысты. Сондай-ақ аудан басшысы табиғи газ жүргізу жұмыстарымен мен жөндеуден өтетін

жолдардың жағдайы жайлы баяндады. Өмірзақ Естайұлы барлық мәселелер бойынша жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар берді

ТҮРКІСТАНДА ЕЛБАСЫ Н.НАЗАРБАЕВҚА ЕСКЕРТКІШ ҚОЙЫЛДЫ

Түркістанда ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа ескерткіш қойылды. Еңселі ескерткіштің биіктігі – 4 метр, тұтастай қоладан құйылған мүсіннің авторы – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Суретшілер одағының мүшесі Тілеуберді Бинаш.

Ескерткіш ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың егіс алқабында түскен фотосуретіне қарап жасалған. Түркістандағы жаңа әкімшілік-іскерлік орталығында орнатылған мүсіннің композициясында «Ұлы Даланың Ұлы» атты Елбасы ескерткішінде қарт Қаратаудың сұлбасы бейнеленген. Автор Елбасының Қаратау жазығында шексіз далаға байыппен қараған сәтін суреттеген.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа ескерткіш қою туралы бастаманы кәсіпкер Болатбек Алиев көтеріп, аталған идеяға түркістандық ардагер-ақсақалдар, зиялы қауым өкілдері, мәслихат депутаттары мен кәсіпкерлер, қоғамдық ұйым өкілдері қолдау білдірген болатын. Облыс әкіміне үндеу жазған тұрғындардың өтініш-тілектері Орталық мемлекеттік органдар келісімімен жүзеге асты.

Бұдан бөлек, Түркістан қаласының әкімдігі тарапынан аталған бастамаға қатысты жергілікті тұрғындар арасында сауалнама жүргізілді. Сауалнамаға 1000 респондент қатысып, олардың 93% бастаманы қолдайтындарын білдірген болса, респонденттердің 4,5% қарсы, 2,5% бейтарап позицияны ұстанған.

Демеушінің қаржысына орнатылған еңселі ескерткіштің салтанатты ашылуына Қазақстан халық әртісі, Мемлекет және қоғам қайраткері Асанәлі Әшімов, «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Өмірзақ Озғанбаев, Қазақстан Ұлттық Ғылым Академиясының Президенті, академик, химия ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Жұрынов, Қазақстан Республикасы мемлекеттік Елтаңбасының авторы Жандарбек Мәлібеков, Жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Мархабат Байғұт, Қаламгер, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, қоғам қайраткері Көпен Әмірбек, Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің депутаты Дархан Мыңбай, Түркістан облысы «Ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов қатысты.

Шарада сөз алған Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Өмірзақ Озғанбаев осындай елеулі сәттің куәсі болғанына қуанышты екенін жеткізді.

«Түркістан өңірінің халқының өтінішімен, кәсіпкерлердің бастамасымен көне шаһарға жаңа леп әкелген, түркі интеграциясының іске асыру идеясына мұрындық болған, Түркістанға тарихи мәртебесін қайтарған Елбасының ерен еңбегін жоғары бағалай отырып, облыс орталығы Түркістанда Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ескерткіші ашылды. Бұл – тәуелсіз елдің шекарасын шегендеп, Қазақ елінде тыныштық пен берекені негіз еткен Елбасына алғыс ретінде және түркі елдерінің басын қосуға мүдделі болған түркі әлемінің дана ақсақалына деген ерекше құрмет», – деді қоғам қайраткері.

«ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ҰЛЫ» ЕСКЕРТКІШІ – ЕЛ ЫҚЫЛАСЫ

Түркістан қаласында орнатылған еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа арналған «Ұлы даланың ұлы» монументі – ел ықыласынан туындаған дүние. Салтанатты ашылу рәсімге қатысқан зиялы қауым өкілдерінің айтуынша, Елбасы ескерткішінің Түркістанда қойылуының символдық мәні зор және бастамаға деген елдің ыстық ықыласы ерекше.

«Бүкіл мұсылман қауымы үшін екінші Мекке саналатын тарихи қала енді туристік бағытта дамиды. Жаңадан ашылған нысандар соның бастамасы. Сонымен қатар, бұл қасиетті мекенде қаншама ұлыларымыздың, хандар мен билеріміздің сүйегі жатыр. Түркістан ескерткіштер қаласы болуы керек. Әбу-Насыр әл-Фарабиден бастап барлық тұлғаларымыз бір-бірін толықтырып, жалғастырып тұруы тиіс. Әрқайсысын таныстырғанда халықтың тарихы жалғасып жатуы керек. Терең ойлау керек. Елбасының барлық жерге қатысы бар. Тарих солай, Қазақ елі бай, жері кең», – деді Қазақстан халық әртісі, мемлекет және қоғам қайраткері Асанәлі Әшімов ашылу салтанатында.

Қазақстан Ұлттық Ғылым Академиясының Президенті, академик, профессор Мұрат Жұрынов: «Түркістан өзгеріп кетіпті. Елбасының осында ескерткіші салынып, қолтаңба қалдыруы келісімді мәселе. Қазақстанның Тәуелсіздігін алған, соны дамытқан Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаевтың ескерткіші осы қалада болуы жөн деп санаймын. Түркістанда ескерткіш орнату туралы ұсынысты осы өңірдің ақсақалдары көтерді. Бұл бастама түркістандықтардың шынайы алғысынан туындағаны анық» деді өз сөзінде.

Түркістан қаласында Елбасына ескерткіш орнату туралы бастаманы мамыр айында өткен «Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы: интеграциялық және ынтымақтастық перспективалары» атты халықаралық конференцияда сөз сөйлеген ТҮРКСОЙ ұйымының Бас хатшы орынбасары доцент, доктор Билаль Чакыджы мырза да көтерген болатын. Конференцияға қатысушылар Елбасының күллі түркі әлемі үшін жасаған елеулі еңбегіне ризашылықтарын білдіре отырып, шетелдік ғалымның ұсынысын бір ауыздан қолдады.

Ескерткіштің ашылуына арнайы келіп қатысқан Билаль Чакыджы: «Түркі әлемінің рухани астанасы – Түркістанның дамуына, Қазақстанның дамуына елеулі үлес қосқан Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың орны ерекше. Түркістан қаласынан ескерткіш орнату – тәуелсіз елдің шекарасын шегендеп, Қазақ елінде тыныштық пен берекені негіз еткен Елбасына алғыс ретінде және түркі елдерінің басын қосуға мүдделі болған түркі әлемінің дана ақсақалына деген ерекше құрметтен туындаған ой» деді.

«Мен өз басым халықтың көтерген бастамасын құптаймын. «Халық айтса, қалып айтпайды». Әртүрлі пікірлер болуы мүмкін және сол пікірлерді әдейі жасауы да мүмкін. Жалпы, Елбасымыздың өзі жасаған жұмыстарының қай саласын алсақ та, мәселен, Астананың құрылысы және Түркістанның гүлденуі сондай-ақ, Қазақстанның дамуы осы Елбасымыздың еңбегінің арқасы деп ойлаймын. Тәуелсіздік алған жылдарға дейін қазақ даласында мұндай қарқынды құрылыстар жүргізілмеген. Қазақстанның қарыштап, дамуы осы Елбасының арқасы деп білемін. Сондықтан, мен мұны ескерткіш деп қарамас едім. Бұл біздің Тәуелсіздік алған 30 жыл ішінде жеткен еңбегіміз, жемісіміз деп қарағанымыз жөн. Қандай ескерткіш орнатсақ та, қадірлеп, қастерлеуіміз керек. Ол кісіге деген құрметіміз болуы қажет», – деді Қазақстан Республикасы мемлекеттік Елтаңба авторы Жандарбек Мәлібеков.

«XX ғасырдың соңы мен XXI ғасырдың басындағы ұлы даладағы ұлы оқиғалардың бірі де бірегейі бұл – Елорданың еңсе көтеріп, асқақтауы. Бүгінгі Нұр-Сұлтан қаласының. Елорда – Елбасының ерен ерлігі дейміз. Түркістан – кемел көрегендігі дейміз. Астана – бүкіл байтағымыздың, Қазақстанымыздың жүрегі, Түркістан – рухани тірегі, Шырайлы Шымкент – шұғылалы реңі дейміз. Сондықтан, 3 жыл ішінде адам танымастай өзгерген, көркейген, әсем ғимараттар бой көтеріп, аспанға асқақтаған Түркістанға Елбасының, Тұңғыш Президентіміздің ескерткішінің орнатылуы өте орынды. Қуана білгенге құт қонады, бағалай білгенге бақ болады. Ескерткіштің өнер туындысы екені білініп тұр. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Суретшілер одағының мүшесі Тілеуберді Бинаш, шардаралық мүсінші жасаған екен. Біздің Елбасымыз «Ұлы даланың ұлы» деген аты да өте жарасымды. Терең мән-мағынасы бар. Туған жерге еркелеп, нымшасының етегін жел тербеп, туған жер алақанына салып, еркелетіп тұрған секілді әдемі емін-еркін өнер туындысы болып шыққан. Құтты болсын! Келешекте бағаланатын, елді еңселендіретін ескерткіш деп ойлаймын», – деді өз сөзінде жазушы, Түркістан облысының Құрметті азаматы Мархабат Байғұт.

Елбасына ескерткіш қою туралы бастаманы кәсіпкер Болатбек Алиев көтеріп, түр-кістандық ардагер-ақсақалдар, зиялы қауым өкілдері, мәслихат депутаттары мен кәсіпкерлер, қоғамдық ұйым өкілдері қолдау білдірді. Облыс әкіміне үндеу жазған тұрғындардың өтініш-тілектері Орталық мемлекеттік органдар келісімімен жүзеге асты.

ТӨЛЕБИДЕ ШАҒЫН СҮТ ФЕРМАСЫ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

Төлеби ауданындағы шаруа қожалықтар қазіргі кезде сүтті және етті бағыттағы ірі қара мал санын өсіруді қолға алған. Аймақта сүт өнімі үлкен сұранысқа ие болғандықтан, сүтті бағыттағы сиырлар көбейіп келеді. Оған мемлекет тарапынан қаржылай қолжау көрсетіледі. Бұл мақсатта «Сыбаға» бағдарламасы жұмыс істейді. Бағдарлама аясында «Агрофинанс» қаржылай қолдау қоры арқылы Тасарық ауылдық округі тұрғыны жеке кәсіпкер Ерболат Есенәлі 12 бас асыл тұқымды «Гольштейн» сиырын 12 млн теңгеге сатып алған. Ірі қаралардың әрқайсысынан күніне 25 литр сүт алып, жалпы 300 литр сүтті өндіріп отыр. Шағын жанұялық сүт фермасының иесі дайын өнімді «Фуд Мастер» компаниясына өткізіп отыр.

Жас кәсіпкер бүгінде ауылдың 3 тұрғынын тұрақты жұмыспен қамтып, тиісті жалақысын төлейді.

«Осыдан екі жыл бұрын алып келінген аналық бас сиырлардың барлығы төлдеді. Алдағы уақытта қора-жайды кеңейтіп, мал басын көбейтуді жоспарлап отырмын. Шағын сүт фермасының жұмысын жандандырып, ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтуды мақсат етіп отырмын»,- дейді кәсіпкер.

КЕЛЕС АУДАНЫНДА БАЛЫҚ ӨСІРУ ІСІ ДАМУДА

Түркістан облысында балық шаруашылығы облыс экономикасының маңызды саласына айналды. Өркендеу жолына түскен іргелі салада атқарылған жұмыстар да, алдағы міндеттер де ауқымды. балық шаруашылығын дамыту ісі Келес ауданында да жолға қойылған. Мұнда 4 ірі кәсіпорын өзен-көлдерде балық түрлерін көбейтіп, кәсібін дөңгелетіп отыр. Бұдан бөлек, балықты жылыжай ішінде көбейтіп, өсіруге бет бұрғандар бар. Келес балығына сыртқы нарықта сұраныс жоғары.

Ауданда балық шаруашылығын алғашқылардың бірі болып бастаған «Жанель» шаруа қожалығы 2015 жылдан бері жұмыс істейді. Шаруа қожалығының жалпы аумағы 2 гектарды құрайды. Оның басшысы Бақытжан Каюповтың айтуынша, өндіру қуаттылығы жылына 50 тоннаны құрайды.

Ауданда балық өсіру және балық етін өндіру жұмысын жандандырған «Көшім» шаруа қожалығы 2019 жылдан бастап Ақтөбе ауылдық округі аумағынан 100 гектар жерде балық өсіруде. Жылына 400 тонна өнім алатын шаруа қожалығының иесі Райс Тастановтың мәліметінше, жоба толыққанды іске қосылса, тағы 20 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.

Бүгінде жаңа кәсіпті игерген шаруаларға мемлекет тарапынан қолдау бар. Аудандағы қожалықтарда балыққа берілетін жемнің 50 пайызы мемлекет тарапынансубсидияланады.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *