МАРАПАТ ИЕСІН ТАПСА – МЕРЕКЕ, АДАСЫП КЕТСЕ – КЕЛЕКЕ!

Қоғам
85 Views

Бүгінде ала жаздай еткен еңбек қорытындыланып, қамбаның толуына, ел экономикасының еселенуіне үлес қосқандар қал-қадірінше марапатталып жатыр. Бірақ осынау марапат пен қошемет мәселесіне келгенде қоғамдық пікір қақ айырылып тұр. Бірі: «Елді еңбекке ынталандыру үшін марапат берген дұрыс» десе, енді бірі: «Не керегі бар, ала қойды бөле қырыққандай, ел ішіне сына қағады», – деп жатады. Біздіңше, марапат керек! Бірақ, қандай да бір мадақ-марапат өз иесін тауып жатса мереке, адасып кетіп жатса келеке болатынын да ұмытпауымыз керек.
Жуырда Жетісай қаласының 55 жылдық мерейтойы мен «Алтын күз – 2024» мерекесі қатар тойланып, біраз азаматтардың қанжығасы майланып қалды. Бір қызығы, кейбір атаққұмар пенделер үшін арман болған атақ-марапаттан ашықтан ашық бас тартып жатқандар да болды. Алғашқыда, әлдебір себептермен марапат иесі келмей қалған шығар дестік. Сөйтсек, аты аталған азаматтардың бірі қасқайып қарап тұр. Бұл көрініс іс-шараны ұйымдастырушыларға ыңғайсыздық тудырғаны сонша, кейіннен неге олай еткенін білмек болып «кейіпкерді» сөзге тарттық. «Маған марапат берілетіні алдын ала ескертілген жоқ. Егер ескертілгенде, мен оған өзімнің орныма лайық азаматтарды ұсынған болар едім. Жетісайдың өркендеп-өсуіне өлшеусіз үлес қосқан ардагерлер бар, олардың алдың кесіп кетуге ұялдым», – деді ол.
Иә, шынында да құрметті атақтың құрметін түсіретіндей-ақ болған екен. Мұндай келеңсіздікке қалай жол берілді екен? Қандай да бір іс-шара ұйымдастырылатын болса, оның арнайы комиссиясы құрылып, жоспары бекітіледі емес пе?! Жетісайдың атқамінерлері марапат үлестірерде кіммен ақылдасқанын қайдам, мерекелік шараны ұйымдастыру жоспары мен оған басшылық еткен азаматтардың тізімін сұратып ала алмадық. Соған қарағанда, бұл жерде бір шикіліктің болғаны ғой.
Айтпақшы, аудан орталығының мерейтойына бір кәсіпкер екі трактор, екі жүк көлік, бір мотоцикл сыйлапты. Көрменің көрігін қыздырып, тізіліп тұрған су жаңа техникаларға әуесің келеді. Жетісайдың осындай жаны жомарт азаматтарын ел алдына шығарып, құрмет көрсетсек, жастарға үлгі-өнеге болады емес пе?! Өкінішке қарай, іс-шара барысында бас демеушінің есімі аталмай қалды. Сондай-ақ, сол күні сахнада «Жәннат мекенім – Жетісай» деген әсем ән орындалды. Көпшіліктің көңілінен шыққан кереметтей туындының авторларына да лайықты құрмет көрсеткен ләзім. Оны да байқай қоймадық. Әсілі, мұндай мерекелік іс-шаралар елдің есінде өнегелі тұстарымен есте қалатындай болуы керек емес пе еді?!
Ұзақ жылдар бедерінде мемлекеттік қызмет атқарған ақын, Жетісай ауданының құрметті азаматы Пердеш Есенбектің айтуынша, Жетісай қаласының 20 жылдық мерейтойын өткізгенде алыс-жақын облыстарды айтпағанда, бауырлас Украинадан да арнайы қонақтар келген екен. Айтыскер ақын Әселхан Қалыбекова Жетісайдың еңбек ардагерлері мен жақсы-жайсаңдарын жырға қосып, елдің мәртебесін асқақтатқаны әлі күнге дейін айтылады екен. Тағы 45 жылдан кейін Жетісайдың бүгінгі күндерін қалай еске алады екенбіз? «Жетісайдың 55 жылдығына 55 құлаш кәуап пісіріліп еді» десек, кейінгі ұрпақ, бір түрлі, күлмей ме?! Әлде, мерекеге емес, келекеге бастайтын марапаттарын айтып мақтанамыз ба екен?

Аман ЖАЙЫМБЕТОВ.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *