МҰХТАР ӘУЕЗОВ (Естелік-эссе)

Әдебиет
1 433 Views

(Соңы. Басы өткен сандарда).

1961 жыл – Мұқаң өмірінің соңғы жылы. Осы жылы Мұқаңды екі адамның қазасында көрдім. Ол Жұбан Молдағалиевтың анасы мен Жұмағали Саинның жерлеуіне қатысты. Жұмағалидің басында көзіне жас алды. Екеуі ауруханада бірге жатыпты. Жұбанның шешесін жерлегенде Мұқаң Кеңсай зиратына бірінші рет барыпты. Ол кезде зират жаңа басталған, көлемі шағын, қазіргі Шахмет Құсайнов жатқан төбенің маңында ғана болатын. Сол төбенің басына шығып тұрып, Мұқаңның :

– Апыр-ау, мынау қандай жақсы жер. Аяқ асты емес. Қала аяғының астында жатыр. Анау бір төбенің (қолымен нұсқап көрсеткені – қазіргі Сәбит Мұқанов жатқан төбе еді) басынан белгілі адамдарға арнап жай салса, қандай жақсы болар еді, – деп сөйлегенін бәріміз де тыңдағанбыз. Елдің көбі осы сөзді Мұқаң қайтыс болғанда еске алды. Әуелде комиссия Мұқаңды Кеңсайға апарып, өзі көрсеткен төбеге жерлеуді ұйғарды да. Бірақ республика басшылығына барғанда, ол кісілер: «Қайтесіңдер, Ташкент төңірегіндегі зиратқа қоя беріңдер», – депті.

Мұқаң жазушылық ұлылығына қарамастан, тіршілікке қарапайым, кішіпейіл адам еді. Менмендігі, астамшылығы болмайтын. Кейде алды тар, әңгімені еркін айтуға мүмкіндік бермей, адамды жасқап отыратын бір пенделер болады. Мұқаң олай емес-ті. Онымен еркін, қысылмай әңгімелесуге болатын еді. Ол кім болса да өзімен тең санап, тең сөйлесетін. Тек қытығына тиіп алмасаң болғаны. Қытығына тисе, мұрнын жұлқып, ашуланып, қап-қара боп түнеріп кететін, кейде қатты сөздер айтып тастауға да баратын. Елуінші жылдардың айтыс-тартыстарында оның мұндай мінезін де көрдік. Өзін сыйлай білгенге құшағы кең, мейірімі мол еді. Үйіне барғанда, есігін қиналмай ашып, «бәрекелді, жақсы келдің» деп қарсы алатын. Сөзге сенгіштігі сондай – кейде бала мінезді болатын. Кім бұрын барып айтса, соның айтқанына сеніп, кейін барған оның қарсыласына қырын қарап отыратын кезі де болатын. Бірақ жаны күймей қатты сөз айтпайтын. Сыпайы, мәдениетті, боқтау дегенді білмеген кісі. Ең қатты айтқаны (өзінің бір қарсыласы боқтағанда): «Өзіңнің барлық боқтық сөздеріңді өзіңе қайтардым», – дегенін естігенбіз.

Бір кеште қонақта көңілді күйдегі Мұқаң әріптестері мен келіншектерді мадақтап, мақтау сөздер айтып отырады. Солардың ішінде өзіне тете сыйлас С…нің әйелі Ж…ның атына да қошемет сөздер айтыпты.

Сөйтіп, мақталған келіншек оқыс бір сұрақ қойып, Мұқаңды ашуландырып алыпты. Мұқаң қап-қара боп түнеріп, кешікпей қайтып кетіпті. Бұған мазасындағы үй иесі ертеңіне таңертең телефон соғып Мұқаңның көңіл күйін сұрағанда, ол:

– Пәлі, ол – өзі бір дөкір, әйелдік сыпайылығы, нәзіктігі жоқ, еркек сияқты адам. Мұрт қойса, Әбдіғали Сариевтен (сондай да бір халық ақыны болған) аумай қалар еді, – депті.

Бұл да бала мінезді Мұқаңның сезімталдығын, тез өкпелегіш, тез жазылғыштығын көрсетеді.

Мейірімі мол Мұқаң қатар жүрген адамдардың орынсыз ренжімегенін қалайтын. Ондай бола қалса, жұбатуға әрекет жасайтын. Аққал Қалыбаева (Хасенова) докторлық диссертация қорғап, құлап қалғанда Ахмет Жұбанов бастаған бір топ адамдарды ертіп барып, жұбаныш айтқанын көргенбіз. Диссертация қорғау сәтсіз аяқталып, ел тарай бастағанда, Мұқаң біраз адамды тоқтатып:

– Жүріңдер, Аққалдың үйіне барайық. Жайған дастарқаны бар, өзін жалғыз жіберу әрі ұят әрі обал ғой, – деген.

Сол кеште ол:

– Қорғау деген де бір қара жарыс. Сен озып келдің. Бірақ бәйге бермеді, не істейсің, тағдыр солай, – деп сөз сөйлеген.

Шешен, тапқыр, ойлы сөйлейтін. Тіл заңын еркін меңгергені сондай, кейде сөз жасап тұратын. Орысшасы да сондай болатын.

Бірақ бүкіл ойлау жүйесімен қазақ еді. «Орысшасы жақсы білесіз, неге орысша жазбайсыз?» деген сұраққа:

– Пәлі, орысша жазу үшін орысша тіл білу жеткіліксіз. Орысша түс көру керек. Ылғи түсті қазақша көремін, – деп жауап берген.

Жай сөйлегеннің өзінде бейнелі сөздерді көп қолданатын.

Ғабитке бір ашуланғанда:

– Ой, сен өзің, бұзаулай алмай жатқан сиырша ыңыранасың да отырады екенсің, – деген.

Шәкен Аймановқа бір ренжігенде:

– Ой, сен өзің, бет-аузың өгіздің әукесіндей болып… – деген сөздері есінде.

1955 жылы қазақ жазушылары мен журналистерінің бір тобы шетелден келетін бір делегацияны қарсы алуға жиналды. Күн демалыс еді. Зейнолла Қабдолов («Әдебиет және искусство» журналының редакторы) екеуміз ( «Пионер» журналының редакторы) елуге толған Әбу Сәрсенбаевтың үйінен шығып бардық. Әуежайда Мұқаң бастаған біраз адамдар жүр екен. Шетел қонақтарын күту дәстүрі қалыптаса қоймаған кез ғой, неге екенін білмеймін, Мұқаңның қолына гүлдесте ұстатып қойыпты (кейін оны қыздар тапсыратын болды ғой). Мұқаң оны басын төмен салбыратып ұстап тұр екен. Кенет үкімет адамдары шыға келді. Басшысы– Қазақстан Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары Төлеген Тәжібаев. Төкең Мұқаңның қолында басы төмен салбырап тұрған гүлдестені көрді де:

– Мұқа, ұстап тұрғаныңыз сыпырғыш емес қой, – деп қатқылдау ескерту жасады.

Мұқаң шарт ете қалды.

– Ой, сен өзің,аузын шымшып буған қаптай тырсиясың да тұрады екенсің, – деді.

Төлеген де қатқылдау жауап беріп жатты. Мұқаңның образды сөзі көз алдымызда қалып қойды.

Мұқаңнаң қалған мұндай ұтымды сөздер көп. Бірде Мұқаң бір себептермен шақырған үйге кешігіңкіреп келеді. Келсе, төрдегі орынның бәріне ел отырып қойыпты. Қарапайым чиновниктер жазушы келді деп, ысырылып орын ұсынбапты. Мұқаң төмендеу отырып қалыпты. Үй иесі бұған қысылыңқырап:

– Мұқа, төмендеу отырып қалдыңыз-ау! – деп, бір жағы бұған, бір жағы қонақтарға қарап жалтақтағанын көрген Мұқаң:

– Уақасы жоқ, қарағым! Мен отырған жердің бәрі төр ғой, – деп жұбатыпты.

Бірге мезгілсіз қайтқан жас адамның үйіне барып отырып, әке-шешесіне:

– Өлім арсыз ғой. Көрінбей келіп ұрады. Жас адамды аямайды. Егер көзге көрінсе, қолыма түссе, мен оның осы арсыздығын айтып, бетін шиедей қылар едім, – деп көңіл айтқан.

Мұқаң – өмірі қанша күрделі, ауыр жағдайда өтсе де, бақытты өмір сүрген адам. Әсіресе, елуінші жылдардың екінші жартысынан бастап, бұрынғы қиындықтардың бәрі артта қалып, шалқып бір жүрді-ау жарықтық. Шығармалары шет ел тілдеріне аударылды. Өзіне сенім көрсетілді. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланды. Лениндік сыйлық алды. Мәскеуде Лениндік және Мемлекеттік сыйлықтар комитетінің тұрақты мүшесі болды. Шет елге шықты. Онда Кеңес жазушылары атынан сөз сөйледі. Өзі де шығармашылық бабында, шаршамай, қажырлықпен еңбек етті. Қазақстан ғылымы мен Жазушылар одағы Мұқаңа сүйенді, соның беделін пайдаланды, өзін алға ұстады.Ол әдебиеттің қамқоры бола білді. «Қазақ әдебиеті тарихының» көптомдығын дайындау, «Әдеби мұра және оны игеру» атты конференциялар Мұқаң бастамасымен, басқаруымен өтті. Азия, Африка жазушылар қозғалысына белсене қатысты. Қазіргі өз атындағы Әдебиет пен өнер институтын Тіл білімі институтынан бөліп алып, оның штатына шейін ойластырып еңбек етті. Жақсыға әсерленгіш жан еді, халық, ел сенімін ардақтады. Жүзі нұрға бөленіп, өмірден рахат тауып жүрген кейпі әлі де көз алдымызда. Оның мейірімі, адамға деген ықыласы, қолпаштау сөздері жалпақшешейлік емес, байсалды, ұстамды тілектестіктен туатын. Осылар оның адамдық келбетін де айқындады.

Ұлы жазушы біздің көз алдымызда Ұлы адам болып қала береді.

Серік ҚИРАБАЕВ,

әдебиет сыншысы, ғалым, филология ғылымының

докторы, профессор, академик, Қазақстанның

еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *