ОЙ САЛАР

Әдебиет
943 Views

Ағман Сабырханов – Қазақстан Республикасының Журналистер Одағының белді мүшесі. 1940 жылы 6 шілдеде Шардара ауданына қарасты «Ащыкөл»деген жерде дүниеге келген. Ол маңда мектеп болмағандықтан 1949 жылы «Көкиірім» деген жердегі бастауыш мектепке барған. Сол «Көк иірім» мектебінің 7-сыныбын 1956 жылы бітіріп, қазіргі Мақтаарал ауданына қарасты, бұрынғы Киров ауданындағы В.И.Ленин атындағы орта мектепке ауысқан. Бір жылдан кейін яғни8-сыныпты бітірген соң, тұрмыс жағдайына байланысты «Қызылқұм» совхозының қойынәкесі екеуі бағып күнелткен. Бір жылдан соң қайтадан сол мектепке барып оқып, 1960 жылы оныншы сыныпты жақсы оқып тәмамдаған. 2 жыл оқуға түсе алмай, бір жылқұрылысшы болып «Мақталы» совхозында, екінші жылы бастауыш мектепте сабақберіп, мұғалім болып абыройлы қызмет атқарған.

1962 жылы Қарағанды мемлекеттік медицина институтына оқуға түсіп, 1968 жылы жақсы бітіріп шыққан. Жол-дамамен Келес аудандық ауруханасында 3 жыл оташы-дәрігер болып қызмет атқарып, 1972 жылы Ташкент қаласында өткенОрта Азия және Қазақстан республикасының травматолог-ортопедтерінің съезіндежәне 1974 жылы Қарағанды қаласында өткен Қазақстан хирургтерінің біріншісъезінде Теміртау қаласынан делегат болып қатысып тәжірибесін кеңейткен.

1971-1974 жылдарда Теміртау қаласындағы Карметкомбинаттың үлкен ауруханасында оташы-дәрігер болып жұмыс жасаған. 1974-1982 жылдар аралығында қазіргі Мақтаарал ауданына қарасты «Мақталы» совхозының жаңа типті ауруханасында бас дәрігер және оташы болып қызмет істеп, 1982 жылдан Киров аудандық ауруханасында бас дәрігердің емдеу жөніндегі орынбасары болып, кейін жарақат бөлімінің меңгерушісі қызметіне ауысқан. Сол жерден құрметті зейнеткерлікке шыққан.

Қызмет барысында аудан басшылары-ның «Алғыс» хаттарымен, мадақтау қағаздарымен, облыстық денсаулық сақтау бөлімінің басшыларының «Құр-мет» мадақтаулары, алғыс хаттарымен марапатталып, еңбегі еленген азамат.

Мемлекет қайраткері Нұртас Оңдасыновтың 90 жылдық мерейтойына арналған Түркістан қаласында өткен ақындар мүшәйрасында, Мақтаарал ауданының 80 жылдық мерейтойында, белгілі ақын Шарапхан Кенжехановтың құрметіне арналған ақындар мүшәйра-сында жүлделі орындарды иемденген.

2001 жылы Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен шыққан «Оңтүстік шығармашыл зиялылары» атты үлкен жинаққа енген.

Қазақстан Республикасының Конституциясының 10 жылдық мерекесіне арналған медальмен марапатталған. 2007 жылы Мақтаарал ауданының «Құрметті азаматы» атағын алған. ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі.

Шығармалары аудандық, облыстық, республикалық басылымдарда жарық көрген. «Жетісай әуендері», «Аққулар ұшқан ауылым», «Көзайым» атты жинақтарға топтама өлеңдері енген.

«Қайран елім», «Пайғамбар жасындамын», «Заман айнасы» және «Әдеп пен Әдет», «Ой салар», «Жайсаңдармен жүздесу» атты жинақтары жарық көрген.

2017 жылы ҚР «Денсаулық саласына сіңірген елеулі еңбегі үшін» және

«Денсаулық саласына білікті шәкірттер тәрбиелегені үшін» және басқа да медальдармен марапатталған. «Алтын ата» ордені және «Тұлға тағылымы» 100 есім атты медальдарының, сондай-ақ «Еңбек даңқы» орденінің иегері.

Тұрмыс заңы: адам жасаған дүние адамға қалады, əке бастаған, істеген іс – балаға, бала бастаған іс, жасаған нəрсе – ұрпаққа мұра. Сол секілді Ағман Сабырхановтың шығармалары да, істеген істері, жазған, жариялаған мақалалары мен кітаптары да, айтқан дұрыс-бұрыс ой-пікірлері де – бəрі де қазіргі жаңа толқын жастарға, кейінгі ұрпаққа мұра, солардың асыл қазынасы. Осындай көмейінен жыр төгілген кемел ақын азаматтың тың туындыларын оқырман қауымға ұсынып отырмыз.

ОЙ САЛАР

1

Сырқат көп бой бермейтін дәріңізге,

Жаспенен кеңес бердім кәріңізге.

Берсін деп өз бағасын халық ертең,

Ұсындым «Ой салар»ды бәріңізге.

2

Жандар аз, жақсылықты жағалайтын,

Жылмаңдап ісі түссе ағалайтын.

Етсең де ақ ниетпен ерен еңбек,

Шенеунік табылмайды бағалайтын.

3

Топырақ шаша алмайсың жамағатқа,

Әрдайым жол ашып тұр қанағатқа.

Қаншама сақ жүрсек те, адамбыз ғой,

Бір күні ұшырарсың жаман атқа.

4

Құлақ сап, сөзін тыңда дана қартқа,

Жігіт боп жеткеннен соң балағатқа.

Тоқтамас өмір көші, алға жылжыр,

Көп иттер үріп-үріп қалар артта.

5

Жақсының шығар жері төр болады,

Батырдың алар жері өр болады.

Байқасаң өркөкірек зұлымдардың,

Қазылған кірер жері көр болады.

6

Пейілі жақсылардың көл болады,

Жаманның пейілі тар шөл болады.

Жемісі еңбекқордың көктемдегі,

Төрт түлік жайлаудағы төл болады.

7

Өмірдің келді айналып жазы міне,

Нәр алар адамзаттың азығы не?

Қинайсың адал жанды аямайсың,

Айт кәне, ол сорлының жазығы не?

8

Жылжиды өмір-керуен тоқтамайды,

Құяды дұшпандарың отқа майды.

Бәріне жасасаң да жақсылықты,

Сен өлсең іздеп ешкім жоқтамайды.

9

Арулар артта қалып күлімдескен,

Барады өмір өтіп білінбестен.

Байлығы асып-тасып шіренгеннің,

Кейбірі дуананың күйін кешкен.

10

Өмірден қайтпас қайсар ғашық өткен,

Ақ жолын адалдықтың басып өткен.

Шындық деп шырылдаған небір ердің,

Мұратына жете алмай басы кеткен.

11

Ата-ана шын жүректен аялайтын,

Екеуі бәйтерегің саялайтын.

Байқасаң бұл өмірде адамдар көп,

Қолына түскен жанды аямайтын.

12

Ақ пейіл, адал жандар зор болады,

Жалқаулық пен зұлымдық сор болады.

Уақытша тайраңдаған жемқорлардың,

Өмірі ақырында қор болады.

13

Көбейіп тұр тасадан ататындар,

Отанын да көз жұмып сататындар.

Жең ұшынан жалғасып еңбексіз-ақ,

Байлыққа белшесінен бататындар.

14

Еңбексіз мақсатыңа жете алмайсың,

Барлығын мәңгі мирас ете алмайсың.

Өмірде жиған-терген мал-мүлкіңді,

Өзіңмен бірге алып кете алмайсың.

15

Байлықсыз өтті өмірден кемеңгерлер,

Болмады бірақ оған теңелгендер.

Өмірін қорқынышпен өткізеді,

Еңбексіз ен байлыққа кенелгендер.

16

Айтарым құлақ салар жамағатқа,

Ерік бер ойыңдағы қанағатқа.

Жүргенмен ортасында ен байлықтың,

Қаласың ел аузында жаман атқа.

17

Тұрса да тұла бойың күш-ағыннан,

Кейбіреу бағаламай құса қылған.

Өзіңді байқаусызда мерт қылады,

Босатсаң дұшпаныңды құшағыңнан.

18

Оңбайды жамандық ой ойлағандар,

Үлкендер «қой» дегенде қоймағандар.

Соңында өмірінің аш қалады,

Кезінде қанағат қып тоймағандар.

19

Жемісін жақсылықтың тойлағандар,

Ел үшін жақсы тілек, ой бағамдар.

Халықтың құрметіне бөленеді,

Қадырлы қасиетін жоймағандар.

20

Десеңдер орындалсын шын армандар,

Алланы бір сәт естен шығармаңдар.

Барлығы айтқанының боп жатқанын,

Ойлансын жаны таза ұғар жандар.

21

Уайымсыз, қайғысыз жүрсең де тоқ,

Жанбайды, жанбайтын от үрлесең шоқ.

Шараптың жақсылығын айтып кеткен,

Омар Хайям сияқты бір пенде жоқ.

22

Жүруші ек жігіт кезде жата-қонып,

Ел сыйлап төрге шықтық «Ата» болып.

Әр жерден шапан киіп жүрміз бүгін,

Ақ тілек, береріміз бата болып.

23

Қайықтай шарап ішсең қалқытады,

Көңілді көкке сүйреп шалқытады.

Масаңдау кезде құшсаң сұлуларды,

Денеңді қорғасындай балқытады.

24

От болып жігіт кезде лапылдадық,

Көкпардай талайларды тақымдадық.

Бұрынғы қыз-келіншек кемпір болып,

Мәреге біз де міне жақындадық.

25

Жаманды жақсы ғой деп мақтамаңдар,

Біреудің ала жібін аттамаңдар.

Қалайша өмір сүрдім дей алады,

Өмірдің бал шырынын татпағандар.

26

Ән салып, би биледік, тайраңдадық,

Қыздармен таң атқанша сайрандадық.

Жалғаған таңды таңға жігіттік-ай,

Отырмын сол күндерге қайран қалып.

27

Арқалап келдік қанша жүгімізді,

Алдар деп ойламадық түбі бізді.

Сұлулар көзін сүзіп қарағанда,

Үзіп кете жаздаймыз жібімізді.

(Жалғасы бар).

Ағман САБЫРХАНОВ,

ҚР Журналистер одағының мүшесі.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *