ЕРЛІК ПЕН ЕЛДІКТІ ӨСИЕТ ЕТКЕН

Әдебиет
709 Views

Жамбыл өлеңдерінің қуаты, құдіреті – оның өрнекті теңеу,ойлы тереңдігінде жатыр. Жыр жауһарынан ұлы мұхитты сапырған ұлы жырау жырларын оқыған сайын жаңа кендерге, асыл қазынаға жолығасың.

Сөзден інжу-маржан тізген Жәкеңнің сом-сом жарқыраған саф алтындай қайталанбас ұлы зергерлігіне таң қаласың.

Алдымен ақындық жайлы, сөз өнері туралы не айтады, қалай айтады? Байқап, ой түйіп қараңызшы.

«Аузыңды сөзбен кілттеймін», – дейді Жәкең айтысқа түскен ақынға. Мұндай тапқыр, ұтқырлыққа қайран қаласың. Кілттеген ауыз қайта ашылмайтыны ежелден ақиқат. Ол кезеңнің айтыскерлері бір ауыз сөзге жығылған, сөз қадірін жоғары бағалаған. Қалың жұрт мұндай кезде ду қошеметтеп, ақынды дүрілдеп қоштап, көтеріп әкеткен.

«Шын қызсам сөзім – жалын, домбырам – найза» – дейді аузымен құс тістеп, бұлттармен тілдескен әулие ақын арғы-бергіні толғай келіп, осылай сілтейді. Өлең – жалынға өртеніп, домбыра найза ұшына түйреліп қаласың дейді. Бір ауыз орамды сөзімен арқыраған қара дауыл тұрғызып, айтыстағы қарсыласын сең соққан балықтай есеңгіретіп тастайды, есін жиғызбайды.

Елім – бейбіт, жерім – құт,

Тілім – шырын, жырым – жент, – деп төгіледі қарт жырау. Елінің бейбіт, жерінің берекелі құт болуы – нағыз бақ пен бақыт қой. Ал, бүгіндер шырылдап жүрген ана тілімізді ең тәтті, ең ләззатты шекер шырынға, жырын жентке теңеуі де қайталанбас құбылыс. Ана тілі – ең тәтті, ең қымбат тіл.

Ұзаққа Жамбыл сілтеді

Өлеңнен ап көкпарды, – деп толғайды. Жыр додасында ол ешқашан да «өлеңнен алған көкпарын» ешкімге бермеді. ХІХ ғасырдың соңынан бастап ХХ ғасырда да ғұмыр бойы қазақ-қырғыздың бас ақыны атанды. Дәлел керек пе:

Көргенім жоқ өмірде,

Жел сөздің мен тапшысын.

Өлеңім асау теңіздей,

Өрге қарай шапшысын,

Толқындай сөзді сапырып.

Арыстандай ақырып,

Шығайын енді айтысқа.

Нажағайдай сөзімді,

Жарқылдатсам алдыңда.

Есің шығып адасып,

Біле алмассың әкеңнің,

Өлгендігін қай тұста.

Буырқанып, бусанып, асау тұлпардай арындаған ақын:

«Өлеңім алды теңіздей,

Өрге қарай шапшысын», – деп өлеңінен асау теңіз, сұрапыл дауыл туғызады.

Аузын ашса жыр гауһары төгілген ол ғұмыры өзі кір шалдырмай, тәңіріндей табынып өткен ақындық өнер жайлы жырдан ғажап ескерткіш тұрғызып кетті.

Жамбыл жырау толғанса,

Домбырасын қолға алса,

Пар келтірмес ешкімді.

Сүйінбай ақын ұстазым,

Сөз қанжарын суырып,

Дұшпанға осылай күш қылды.

Жамбыл, Жамбыл болғалы,

Жамбыл атқа қонғалы,

Жеңіліп намыс берген жоқ.

Еңбегім сіңіп еліме,

Ел ішінде еріме,

Сол үшін бағым сөнген жоқ.

Жәкең өзінің ұстазы Сүйінбай ақынды ғұмыр пір тұтып, аса қатты қадірледі. Ұлы ұстазының ақындық атқа қонғалы намысын ешкімге бермей, пар келтірмей, жырдың жарқыраған алдаспаны болғанын айтады.

Жамбыл түркі әлеміндегі, сондай-ақ шығыстың эпос, қисса, дастандарының бәрін дерлік жақсы білген, жасынан ел жұрт алдында таңды-таңға ұрып, мәнерлеп, нақышына келтіріп жырлап беріп отырған. Сол ғажап қисса-дастандардың кейбіреулерін кейде мазмұнын ғана қалдырып, өзінше түрлендіріп, жаңаша жырлап шыққан.

Туған жерін, Отанын әспеттеп, әсерлеп, ерекше ыстық ықыласпен мәнерлеп жырлаған Жәкең былай дейді:

Бұлақты таудан арна ақса,

Теңіз болар аяғы.

Көк жұлдызын қолға ұстап,

Түймесі етіп қадады.

Осыларды мадақтап,

Жамбыл жыры сондықтан,

Көктен күнді шалады,

Күркіреп жерді жарады!

Одағым бақыт ордасы,

Күнге тіккен туым бар.

Одағым маған тіл берді,

Шешен тілге жыр берді,

Бірлескен күнге арнаған,

Міне, осындай жырым бар!

Ұлы ақынның елжандылығы мен отансүйгіштігі ұланғайыр. Оның ғажап шексіз сүйіспеншілігі, шексіз ықыласы – ел-жұртына үлгі-өнеге.

Әсіресе, жау жағадан алған Ұлы Отан соғысы кезіндегі қысылтаяң күндердегі жүзге жақындаған қарт жырау даусы қыран құстай саңқылдап, бүкіл елдің намысын жаныды.

Автоматын кезеніп, сарбаз шықса жауына,

Домбырасын безеніп, Жамбыл шығар жауына, – демекші дүр сілкініп, ел қайғысын омыртқасы опырылып, қабырғасы қайысып, қайғыра отырып, намыстарын қайрап, жанып жеңіске үндеді.

Ел намысы дегенде,

Ерлер қашан оянды – деп ержүректілікке үндеп, жауды жеңіп, қайтыңдар деп аталық аманатын жырмен арнады.

Тұнжыраған күн туды,

Жау қолқаға ұмтылды,

Топыраққа теңемек

Ата мекен жұртыңды,

Аянатын не қалды?

Аяулыңды жау алды!

Ерлер қашан аянды!

Құтты қоныс көкорай –

Еліміздің бағындай;

Ата-баба мұрасы –

Көздің қара-ағындай!

Соларды жау шапқанда

Лауламас кім жалындай?!

Құтты қоныс – ата қоныс, қасиетті бабалар мекені үшін қасық қаны қалғанша жауға берілме, менің асыл қыран – ұландарым деп Алатаудан саңқылдап жар салды, құрыш жігер берді.

Қаһарланса халық шар болаттай бірлігі бекемдене түседі, алдаспандай жарқылдайды, кек оттай лаулайды. Баба сөзі – сарбаз ұлдарына дем береді, алға ұмтылдырады.

Соғыс кезіндегі жауынгерлерді, олардың құрыштай берік намысын қалай дәл суреттейді десеңші:

Адал туған ұлдарым!

Сендерде көз-құлағым.

Елестейді көзіме,

Қатты соғыс кезінде,

Қабағыңнан қар жауып,

Қала бағып тұрғаның.

Соғыс өтіндегі жауынгерлерге атақты батырлардай, аңыздағы қаһармандардай болып, жаудан қайтпас, туған еліне тек жеңіспен орал деп ақ батасын береді, намысқа оранған от-жырын жолдайды.

Ұлы Отан соғысының қаһарлы кезеңіндегі Жамбыл өлеңдерін қан-қасапта жүрген солдаттар да, ауылда қалған еңбеккерлер де ата батасы, абыз ақсақал өсиеті деп бойларына қуат, ойларына шуақ етті. Алатаудан ұрандаған Жамбыл дауысы Сталинград, Ленинград, Мәскеу және басқа да қалалары мен елді мекендердегі бүкіл майдан өтіндегі жүрген жауынгерлерді тасболаттай ширықтырды. Шинельдеріңнің етектері – төсек, жеңдері – жастық болып жүрсеңдер де қиындықтан қайыспаңдар деді ұлы баба.

Ризамын ерлерім,

Жауға намыс бермедің.

Батырларым ала көр,

Жауға кетсе ел кегін.

Басқан зілден серпілсін!

Қасиетті жерлерің!.. деп ерлікті, елдікті өсиет етті. Жәкең жеңісті көріп кетті. Оның екі ұлы – Алғадай мен Ізтілеу қан майданнан оралмады, қарт жырау осы қасіретті қайыспай көтерді. Даңқы әлемді шарлаған ұлы ақын өз балаларын соғысқа жібермей алып қалуға құдіреті жететін еді. Бірақ «Қарасай, Сұраншы, Саурықтай батыр болыңдар, жауды жеңбей қайтпаңдар» деп өзі қолымен аттандырды. Халықтың қайғы-қасіретімен бірге болды, елге, ерлерге қайтпас қайсар жігер берді.

Ел бірлігін сақтау қиын-қыстау кезеңде елжандылық, рух таныту – халықты серпілту Жамбылдай ұлы ақынның азаматтық ерекше болмысы, ақындығының биік шыңы.

Тәуелсіз елімізде асқақ патриотизм, ел мен жерге деген сүйіспеншілік, асыл құндылықтармызды бағалау бүгінгі күннің де басты мәселесі.

Жамбыл атамыз әлі де ақ күміс сақалы желбіреп, бізге ақ батасын беріп тұр емес пе:

Күллі халық көмегің,

Бақыт күні басында.

Менде жырмен қосылдым,

Жүзге ұласқан жасымда.

Жүз жыл жасап, екі ғасырдың бірдей куәсі болған ақын өз тағдырын туған халқымен тұтастырып, оның бар өмірін, биік мұратын, мұң-мүддесін жырына арқау етті. Дәстүрлі қазақ жырын жаңа заманның талап-тілектеріне ойластыра, жаңарта, жасарта білді. Отанға, халыққа деген сүйіспеншілік, бір сөзбен айтқанда, ынтымақ, бірлік – Жамбыл шығармаларының негізгі арқауы.

Ұрпағым іздеп келген бақытты жас,

Кімде-кім бірлік бұзса халыққа қас.

Бірліктің берік туы тек ынтымақ,

Өсиетім: сол үшін құшағыңды аш!

Өсиетім: шындықты, адалды сүй,

Ардақтаған халықты, адамды сүй!

Елдің тіккен іргесін игілікке,

Тап бүгінгі бақытты заманды сүй.

Отанды сүй, Отан сүйген көсемді сүй,

Соған айт әдемі жыр, сүйкімді күй! – деп жырлайды.

Жамбыл ақындық өнеріне адалдығын сақтап, ғұмыр бойы жырлаған қайырым-мейірім, туған жерге деген перзенттік махаббат, еңбек, бақытқа құштарлық секілді кемел мұраттарды жырға қосумен болды.

Оның поэзиясы тұнып тұрған ғибрат сөздерден тұрады, тәлімі мол ұшқыр ойға жетелейді. Ол замана туралы толғап, дәуірге сипаттама береді, өтіп жатқан уақиға – құбылыстарға өз бағасын айтады. Жамбыл поэзиясында жырауға тән нақылдық, афоризмдік сипат, ойшылдықтың абыздық нұсқалары, сөз өнерінің ерекше құдіреті табылады, нақыл сөз бен ақыл сөз өзара жарыса, қатарласа қолданылады:

Жер байлығы болмаса,

Жерден алтын шығар ма?

Ел қамын ойлар болмаса,

Ерден ақыл шығар ма?

Теңіз терең болмаса,

Түбінен інжу терер ме?

Көгінен күн тумаса,

Жарықты жұрт көрер ме?

Туып, өну болмаса,

Адам өрбіп, өсер ме?

Мұндай жыраулық үлгіде айтылған нақыл сөздер Жамбыл поэзиясында айтарлықтай көп. Олар ақынның әр түрлі шығармаларында құмдағы шашырап жатқан алтындай жарқырап көрінеді. Көре, тере білген кісіге зор қазына, тағылымы мол рухани байлық. Өзінің құрылымы мен ойлылығы жағынан бұл шумақтар Асан қайғының, Бұхар жыраудың толғауларына ұқсас. Мұнда ғасырлар бойы жинақталған өмірлік тәжірибені қорытып, соның негізінде айтылған ойлар ескірмейтін қанатты сөзге, мақал-мәтелге айналып кеткен.

Жамбылдың ғибрат сөздері – үлгі өнеге, тәлім-тәрбие мағынасында қолданылады. Ол атадан балаға, ұрпақтан-ұрпаққа тарайтын ұлағатты сөз, пәлсапалық толғам, қанатты тіркестер. Жамбылдың:

«Сөзімнің ғибрат ал сарасынан» – деуі сөз мәдениетінің тәлімдік-тәрбиелілік пәрменін аңғартады.

Асқар тау ғаріп емес пе?

Айдын көлі болмаса.

Ер жігіт ғаріп емес пе –

Белгілі елі болмаса.

Заман ғаріп емес пе –

Әділеттен аттаса.

Халық ғаріп емес пе –

Айтқаны іске аспаса.

Жігіт ғаріп емес пе –

Еңбегі алға баспаса – деп толғанады

Сөзді халық тудырса, оның жақсы үлгілерін кейінгі ұрпаққа құйма құлақ қарттар, тілінен балы тамған шешендер, ойы терең, ақылы дария, қара қылды қақ жарған билер, арқалы ақындар, көргенді көсемдер, атақты әншілер мен ақын-жыраулар жеткізген. Олар халқымыздың көне тарихын, көне мәдениетін ғасырлар бойы сөзбен жазған. «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деген асыл қағиданы арындай сақтаған. Сөз құдіретін жете түсінген ел еркесі – ақындарды әрқашан да ардақтаған. Олардың асыл сөздерін кейінгі ұрпағына таратып отырған.

Біз афоризмге айналған өлеңдерді Жамбылдың жырларынан көптеп табамыз, қай өлеңін алсақ та мақал-мәтелдей егіз жолдар, тұтас шумақтар жентек-жентегімен кездеседі.

Атаңнан бата ал, балам,

Арғымақ атқа мін, балам,

Абыройға ие бол,

Ағат баспа бір қадам.

Атақ берген атаңа,

Ел қадірін біл, балам!

Ел ерлігі, бірлігі.

Сынға түскен бұл заман!

Жамбыл афоризмдері ұран сөздеріндей естіледі, гимн сөздеріндей қабылданады, халықтың мақал-мәтелдерімен тамырлас келеді.

Мына бір өлеңі де жігерімізді жанып, қайрат береді емес пе:

Ақын деген бір бұлақ –

Көмілер көзін ашпаса.

Көзін ашар көпшілік

Сүйсіне тыңдай қоштаса,

Ер қадірін ер баққан –

Ерлер білер деген сөз.

Зер қадірін зер соққан –

Зергер білер деген сөз.

Өмір барда ескірмес

Бағасы құнды асыл сөз.

Жамбылды «халық поэзиясының алыбы, ХХ ғасырдың Гомері» деп атады. Бұл – оның ақындық еңбегіне берілген зор баға. Шетелдің алдыңғы қатарлы прогресшіл қайраткерлері мен көрнекті әлем жазушылары Жамбылдың көзі тірісінде де, одан кейін де ақын еңбегін зор құрметпен атады. Шын жүректен шыққан ұлылардың пікір–ойларын зерделеп көрейікші:

«Жамбыл ақыл-ойдың алғыры, өзгеге ұқсамайтын дара, оқшау, бет-бейнелі, аса зор алып тұлға. Оның бір өзі әрі эпик ақын, әрі айтыс ақыны, әрі азаматтық әуеннің де ақыны» – деген Мұхтар Әуезов сөзі Жамбыл тұлғасын бар ұлылығымен, өлмес өміршеңдігімен көрсетіп тұрғандай.

Жамбыл жырларының халықтар жүрегінен өшпес, өлмес орын алуы – оның ұлылығының белгісі. Сондықтан да армян ақыны А.Геворк:

« Сенің жырың – миллионның өз жыры,

Сенің тілің – миллионның өз тілі,

Сенің жырың жатталады

Бүкіл совет елінде.

Мәңгі-мәңгі сақталады

Бақытты Отан төрінде», – деп жазды.

«Жамбыл жүз жасаған адам, соның 85 жылы ақындықпен өтті. Ол әлеуметтік және жеке өміріндегі сөзінің көбін өлеңмен сөйлеген кісі» – (Сәбит Мұқанов).

«Ақын Жамбылдың екі рет туғаны да, түрлі заманда жасағаны да, өмірінің ең соңғы он жылында бүкіл дүние таныған атақ алуы да – феномен. Сирек кездесетін, себебін осы күнге дейін ғылым таба алмай қойған сыр. Әсіресе тоқсан жаспен жүздің арасындағы он жылда ақындық дарынның бұрынғысына қарағанда еселеп шарықтап кетуі дүниежүзілік даналардың өмірінен де кездескен емес. Жәкеңнің тоқсан жасында қайта туғаны феномен болса, ақындығының қайта шырқап кеткендігін Феникс арқылы түсінуге болады» (Ғабит Мүсірепов).

«Жамбыл жырлары теңіз түбінде шашылып жатқан маржан сықылды. Оны жинап алып, халқының қолына беру – біздің әрқайсымыздың азаматтық борышымыз» (Сәкен Сейфуллин).

«Жамбыл мейілінше күрделі құбылыс. Көпшіліктің көз алдында отырып, өлеңді суырып салу жұрттың айтатынындай, ең жоғары мәртебелі өнер. Жамбыл бір сәттегі ақындық үйлесімділіктің асқақ дарынын бойына жиған кісі. Міне, сондықтан да Жамбылдың сөздері ұрпақтан ұрпаққа мұра болып келеді» (Шыңғыс Айтматов).

Француздың атақты жазушысы Ромен Роллан Жамбылдың 75 жылдық ақындық қызметін тойлау күндерінде: «Батыс Альпінің жүрегінен қазақ халқының және жаңа адам баласының жыршысы, Қазақстан даласының жүрегі Жамбылға туысқандық сәлем жолдаймын», – деген жеделхат жіберген.

«Халқының жарық жұлдызындай ақыны Жамбылға Индия халқынан бауырластық сәлем. Ол өз халқының өмірін терең, толғана жырлаумен заманының ұлы ақыны болып қалады», – деп жазған ұлы үнді жазушысы Рабиндранат Тагор.

Тәжік ақыны Мирзо Турсын-Заде Жамбылдың туғанына 125 жыл толуына арналған кеште сөйлеген сөзінде: «Қазақ халқы ұлы жыршы Жамбылды дүниеге келтірді. Оның өлеңдерін оқыған кезде көз алдыңа Алатау елестейді. Жамбылдың поэзиясы ғасырлар бойы жасайды, әрқашан да өлмейді. Ең биік шың – адамның жаны, адамның жүрегі, Жамбыл өзінің поэзиясымен бұл шыңға жол таба білді және бұл шыңды бағындырды», – дейді. Иә, мұндай ыстық лебіздер көп, өте көп.

Бұл сөздер – ақын өмірі мен шығармашылығына, оның ғасыр жасаған, ерлікке толы поэзиясына берілген зор баға.

Ұлы ақын жыры – ғасырдан ғасырларға жасай береді.

Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ,

ЮНЕСКО қамқорлығындағы

Мәдениеттерді жақындастыру орталығының

бас ғылыми қызметкері, жазушы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *