«ТАРИХТЫ БІЛМЕЙ, БОЛАШАҚҚА БОЙ СОЗУ НӘТИЖЕСІЗ»

Руханият Тарих
313 Views

Биыл 2023 жылы Қожаберген Толыбайұлының «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деп тарихқа таңбаланып енген «Елім-ай» дастанының 300 жылдығы аталып өткелі отыр. Қожабергентану ғылымына алғаш түрен салып, 2000 жылдың 19-21 желтоқсан күндері ҚР ҰҒА-ның ұйымдастыруымен, көрнекті тарихшы ғалым, академик Манаш Қозыбаевтың ұйытқы болуымен Қызылжар өңірінде, Петропавл қаласында «Қожаберген жырау Толыбайұлының Отан тарихы мен қазақ поэзиясында алатын орыны» деген тақырыпта тұңғыш рет республикалық ғылыми-теориялық конференция өткізілген. Одан кейін 2010 жылы маусымда Қызылжар өңірінде, Петропавл қаласында «Өлке тарихы, тұлғалар тағдыры» деген тақырыпта халықаралық «Жеті жарғы және Қожаберген жырау» қоғамдық қайырымдылық қорының бастамасымен халықаралық ғылыми конференция өтті. Конференция қорытындысы бойынша Қожаберген жыраудың жатқан жерінде басына айшықты күмбез орнатылып, Жамбыл ауданының орталығы, Пресновка селосындағы қазақ мектебінің алдындағы алаң Қожаберген атымен аталып, ескерткіш бюсті орнатылды, мектепте мұражайы ашылып, Петропавл қаласындағы № 6-шы қазақ орта мектебі ұлы жыраудың есімімен аталған. Арада жылдар өткенде облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың қолдауымен Петропавл қаласының кіреберіс алаңына Қожаберген жыраудың ат үстіндегі айбынды ескерткіші орнатылды.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 25 желтоқсанда арнайы қабылданған қаулысына сәйкес 2013 жылы маусым айының 20-21 күндері Қожаберген жырау Толыбайұлының 350 жылдық мерейтойы республика көлемінде кеңінен аталып өтті. Содан бері Қожабергентану ғылымына елеулі үлес қосылып, оның еңбектері ел арасында кеңінен насихатталып халыққа жеткізіліп келеді. Қожабергентану ғылымын кең насихаттау барысында «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деп тарихқа енген атақты «Елім-ай» дастаны бірнеше рет баспадан қайталап шығарылып, халыққа кеңінен таратылды. Осы дастаннан өткен өміріміздің қилы кезеңдерін еске түсіре отырып, ұлтымыздың жер бетінен жойылып кетпей, бүгінгі күнге келіп жеткеніне ой жүгірте отырып, болашағымызды жарқын ету үшін тарихымыздан тағлым алып, ұрпақ санасына ұлт тарихын жеткізіп отыруымыз керек. Өткен тарихымызды білмей, болашаққа бой созуымыз нәтижесіз екенін еске алуымыз қажет.

Осы кітаптың беташар алғы сөзіне Қожабергентану ғылымының негізін қалаушы, академик Манаш Қозыбаевтың «Дауылпаз баба — Қожаберген» деген ғылыми баяндамасын ұсынуды жөн көрдік. Кітап қазақ хандығының 550 жылдығына көпшілік оқырманның сұрануы бойынша 4-ші рет басылған болса, бұл 5-ші рет шығарылым «Елім-ай» дастан жырының 300 жылдығына орай, қалың оқырманның  сұранымына орай шығарылып отыр.

Елім деген Ерлердің есімдерін естен шығармас үшін, тарихи туындыны заман талабына қарай халық сұранысын ескеріп шығарып отыру, Мемлекет пен қоғамдық қорлардың парызы.

Бекет ТҰРҒАРАЕВ,

«Жеті жарғы және Қожаберген жырау» халықаралық

қоғамдық қайырымдылық қорының төрағасы,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *