немесе ұлық ұстаз немере-шәкірт көзімен
Мен Темірбек Қожакеевтің көзін көрмедім. Бірақ оның дәрісін «тыңдадым». Дәлірек айтсам, оның шәкірттерінен дәріс алдым. Сондықтан өзімді кейде Темірбек Қожакеев ұстаздың «қашықтан оқыған» шәкіртіндей сезінемін. Өйткені аудиторияда айтылған әрбір естелік, әрбір мысал, әрбір ұстаздық тәмсіл Темірбек Қожакеевтің рухымен үндесіп жататын.
Журналистикадағы ұстаздарымыздан: «Темірдей тәртіп орнатқан Темірбек Қожакеев еді» – дегенді көп естідік. Сол сөздің салмағын біз кейін ұқтық. Бұл жай ғана қаталдық емес, бұл – журналистикаға қойылған биік талап, мамандыққа деген жауапкершілік, сөзге деген адалдық екен.
Естеліктерге назар салсақ, аңызға айналған аудитория. Темірбек Қожакеев дәріс оқыған аудитория аңызға айналған кеңістік. Ол жерден бос күлкі, бейқам отырыс, салғырт көзқарас өтпеген. Әр студент өзін ертең ел алдында жауап беретін журналист ретінде сезінген. Ұстаздарымыздың айтуынша, Қожакеевтің сабағына кешігу үлкен әбестік саналған. Оның алдында жалған сөйлеу кәсіби ар-ожданға жасалған қиянатпен тең деп есептелген. Ол журналистиканы жеңіл кәсіпке айналдыруға жол бермеген. Біз Қожакеев шәкірттерінен – біздің ұстаздарымыздан сол тәртіптің рухын көреміз. Темірбек Қожакеевтің өзі болмаса да бүгін оның мектебі бар. Ол мектепте жалқаулық жоқ. Ол мектепте артық сөйлеу кешірілмейді. Ол мектепте ұлтқа қызмет ету басты қағида. Қожакеев ұстаздар арқылы ұлағаты бізге жеткен ұлы ұстаз. Менің ұстаздарым Темкеңді ерекше құрметпен еске алатын. Журналистикадағы ұстаздарым Қайрат Сақ, Мұратбек Тоқтағазин әрқашан Қожекеев жайлы естеліктерін бөлісуден жалыққан емес. Мұратбек ағай: «Мен факультеттің комсомол комитетінің мүшесі болдым, республикалық газеттерге мақалаларым жарыққа шыққанда Темірбек ұстазым қуанып жүретін», — деп тебірене еске алады.
Темірбек ұстаз жайлы айтылатын әзіл-қалжың естеліктердің өзінен оның биік болмысы сезілетін. Бір қарасаң қатал, бір қарасаң әкелік мейірімі мол, бірақ қай жағдайда да әділдік пен шындықтан айнымайтын тұлға ретінде сипаттайтын. Олар Темкеңнен қорықпайтын, бірақ қатты сыйлайтын. Өйткені ол қорқытып емес, ұялтып тәрбиелейтін. Намысына тиіп емес, намысын оятып өсіретін.
Біз сол әңгімелерді тыңдай отырып, өзімізге сұрақ қоятынбыз: «Біз сондай ұстаздың сенімін ақтай алар ма едік?», «Біз сондай талапқа төтеп бере алар ма едік?».
Сол сұрақтар бізді өсірді. Темірдей тәртіптің түп негізі. Темірбек Қожакеев орнатқан тәртіп – қағаздағы ереже емес, сананың заңы еді. Ол журналистиканы жеңіл кәсіпке айналдырмады. Сөзді ойыншық қылғандарға кешіріммен қарамады. Ол үшін журналист – елдің айнасы. Ол үшін қалам – қару. Ол үшін шындық – басты өлшем. Сондықтан да ол шәкірттеріне ең алдымен адам болуды үйретті. Ар-ұятты биік қойды. Елдік мүддені бәрінен жоғары санады. Темірдей тәртіптің артында темірдей ерік-жігер, темірдей ұстаным, темірдей сенім жатты. Біз Темірбек Қожакеевті көрмедік. Бірақ оның рухын көрдік. Оның мінезін көрдік. Оның талабын көрдік. Оның журналистикаға қойған өлшемін көрдік. Бізге сабақ берген ұстаздардың әр ескертуінен, әр талапшыл сөзінен Темкеңнің көлеңкесі сезіліп тұратын. «Осыны Темірбек ағаларың көрсе не дер еді?» «Темкең мұндайға жол бермес еді» деген сөздер бізге кәсіби бағдар болатын. Сөйтіп біз бір адамды көрмей-ақ, бір тұлғаның мектебінен өттік. Ұстаздан қалған ұлы жол.
Темірбек Қожакеев бір университеттің ғана емес, тұтас қазақ журналистикасының ұстазы. Ол қалыптастырған мектеп әлі күнге дейін өмір сүріп келеді. Оның аты – талап. Оның аты – тәртіп. Оның аты – адалдық. Мен Темірбек Қожакеевтің көзін көрмесем де, оның мектебінен өттім. Оның рухани дәрісін тыңдадым. Оның темірдей тәртібінің тәрбиесін алдым. Бұл – ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан ұстаздық аманат. Темірбек Қожакеев салған жол – бүгінгі журналистер үшін де, ертеңгі буын үшін де темірқазық болып қала береді. Биыл Темірбек Қожекеевтің 100 жылдығы. Ұстаздың есімі ұмытылған емес. «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» деген осы болар.
Біз, ЕҰУ-нің Баспасөз және баспа ісі кафедрасының оқу бағдарламаларын игеру барысында Т.Қожакеев сынды ұлық ұстаздың шәкірттерінен дәріс тыңдай жүріп, ол кісінің айтқандарын өз құлағымызбен естідік. Шынайы дарынның темірдей тәртіпке бағына отырып, әр білім алушының журналистика шыңына қалай көтерілуге болатындығы хақында ғажап ақпараттарға қанықтық. Біз – Темірбек атаның немере шәкірттеріміз. Ол кісінің айтқандары мен жазғандары – біз үшін қастерлі дәріс, қасиетті өсиет.
Гүлшекер СҮЛЕЙМЕНОВА,
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті
Журналистика және әлеуметтік ғылымдар
жоғары мектебінің 4 курс студенті